Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 13:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Газет оқу да мәдениет

14.06.2022

4118 0

Жалпы адамзат тарихында жазу өнері ерте замандардан басталған деген дерек айтылады. Ал ақын Шаһизада Әбдікәрімов «Журналистика – ежелгі жанр» болуы мүмкін дейді. Ойланып көрсең осы сөздердің астарында үлкен мән жатқан секілді. Сөз дегеннен шығады. Сөз – құдірет иесі. Сөз сүйектен өтеді. Ал сол сүбелі сөздер ойдың тұнығынан құралады. Асан қайғы бабамыздың «Таза мінсіз асыл сөз, ой түбінде жатады… Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» дейтіні сондықтан болар.

Әлқисса…

Адамзат баласы әуелде жаратылғаннан сөз арқылы тәрбиеленіп жетілді. Оның киесін ұғынып, қадірін бойына сіңірді. «Жақсы сөз – жан азығы» деп осындайда айтылса керекті. Осы сөз арқылы өзімізді де, өзгені де түзету үшін не істемек керек? Оны қайдан, кімнен алмақ жөн? Ендеше мен айтайын! Сіз іздеген ізгі ой мен көркем сөз баспасөз бетінде. Жалпы мерзімді басылымның міндеті – оқырманға ойлы мақала ұсыну. Мұны біздің тірі жәдігеріміз десе де болады. Кешегі қазақ даласының ділмарлары мен шешен тілді шайырлардың шежіре дастаны, ақын, батырларымыздың архив­на­масы, тарихи құнды дүниелері газет бетінде үздіксіз жарияланып тұрады. Бұл тұрғыдан алғанда газет-журналдарда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалуда. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айдар таққан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жалынды сөзі бар. Халыққа қажетті дүниелерді дер кезінде ұсынып отыру ұтымды әрекет. Бұл – ең алдымен оқырманның олжасы.

Қазір қоғамда баспасөзге байланысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Әлеуметтік желіде отырғандардың басым бөлігі желігі басылмаған жасөспірімдер. Ненің ақ, ненің қара екенін ашып айта алмайды. Сөйте тұра сын жазуға келгенде алдына жан салмайды. Бүгінгідей технология дамыған заманда ақпараттар ағыны толастар емес. Оның рас-өтірігін айыру тіптен қиын­дап кеткен сыңайлы. Өйткені әркім ойына келгенін жазады. Оны қадағалап отырған ешкім жоқ. Сол интернетке түскен жаңалық әрі кетсе үш күн оқылар содан соң ғайып болады, яки болмаса қызығушылық төмендейді. Ал газетке жазылған мақала қанша қолдан өтіп, ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп барып жарияланады.

Жақсы газет шығару үшін не істеу керек?

Бұл сұрақтың жауабын табу үшін Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіпке хабарласып, баспасөздің бүгіні мен болашағы жайлы пікірін біліп, «Жақсы газет шығару үшін не істеу керек?» деген сауал бойынша ойын сұрадық.

– Журналистің басты мақсаты – қоғамдық ойды жан-жақты қаузап, оқырманға ойлы мақала жеткізуді ойластыру. Бір тақырып қозғағанда әр саланың мамандарын сөйлету керек. Мәселен, қалалық газет қала ішіндегі ең өзекті дегендерді жазу қажет. Міне, ол сонда сұранысқа ие болады.  Сондықтан журналист дайындықпен жазуы керек. Сол тақырыпқа орайластырып жанама, тікелей, нақты пікірлерді жинақтап жазу журналистің қолтаңбасын қалыптас­тырады. Журналистік шеберлік – бұл бөлек ғылым. Қазіргі кезеңге қарап отырсақ журналистік шеберлікті мойын­дай бермейтін сияқты. Жанрлар си­патын баспасөз бетінде көбейту керек. Балаларға арналған бұрыш ашу қажет. Әлеуметтік сауалнама жүргізу керек. Кешкілік бір мезгіл ардагерлер есік алдарында отырады. Міне, солар кезінде елдің өсіп өркендеуі жолында еңбек еткен сала ардагерлері. Солардың ойын біліп, суретімен шығарсаң келесіде өздері барып саған жазылады. Қазір ел ішінде орын алып жатқан күнделікті ақпаратты газетке шығарып ұтпайсың. Ол онсыз да интернетте өріп жүр. Одан да оның орнын ойландыратын, толғандыратын тақырыпта оқылатын мақала жаз. Міне сенің ұтатын тұсың. АҚШ-тың қалаларында журналист ақпарат сұрап хабарласқанда газетінің атауын айтады. Өз есімін таныстырмайды. Ал ол ана адамның есінде сақталып қалады. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, ұжым ауызбіршілігі үлкен рөл ойнайды. Жаза алмайтын адам болмайды. Мектеп оқу­шысы да берген үй тапсырмасын жазып келеді. Тәжірибе адамда он немесе жиырма жылда қалыптаспайды. Ол – өмір бойы жиналатын біліктілік. Қазіргі журналистиканың мүмкіндігі зор. Сон­дықтан баспасөзде қоғамда сілкініс туғызатын талдамалық материалдарды көбейту керек. Қазір қаралым, оқылым деген заманауи талапты да ескеру керек. Әлемдегі немесе астанадағы жаңалықты жұртшылық онсыз да көріп, біліп отыр. Ол оларға маңызды емес. Одан да өздерінің мәселесін газет бетінен көргісі келеді. Осыған жұмыс жасалса елдің іздеп жүріп оқитын басылымына айналары анық. Газеттің халыққа бергенінен берері көп, – дейді Нұртөре Жүсіп.

Мұндай қабырғалы қаламгердің орамды ойы жалпақ жұртшылықтың жүрегінен орын табары анық. Расымен, әрбір саланың мың қатпарлы иірімдері мен маңызды мәселелері, дәстүрлер сабақтастығы назардан тыс қалған емес. Дегенмен әлі де жетілдіре түсу керек. Халықтың ортасында жүріп, ойындағысын жазу журналистің түпкі ұстанымы екені хақ. Замана ағымын тамыршыдай тап басып, жастарды білім­ге баулып, ізгілікке үндейтіні сондықтан.

Заман алғырлықты талап етеді

– Дамыған елдердегі газеттің жайы қалай? Олар қалай әрекет етуде. Бұл туралы Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтып берді.

– Материал өткір болса неге ел оқы­масқа? Даму перспективалары әлде­­қайда алда кеткен АҚШ, Еуропа, Жапония мемлекеттерінде баспасөзге сұраныс жоғары. Ол елдерде интернет жоқ деп кім айтты? Керсінше, әлеу­меттік желі белсінділігі жоғары көрсеткішке ие. Ал бірақ халықтың газетке көзқарасы басқаша. Ол жақта тілшілік тіршілікті жанына серік еткен жалпы журналист қауымы өте белсенді жұмыс істейді. Жапонияның республикалық басылымы күніне үш мәрте  жарық көреді. Міне, жыл­дамдық! Журналист ел ішіндегі елеулі жаңалықтарды елеп екшеп, уақытылы ұтымды жеткізе білсе жаһан­дану үдерісіне ілесе алады. Заман салғырттықты емес алғырлықты талап етеді, – дейді ҚР Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Газет – рухани діңгегіміздің негізі

Газет баспаханадан шыққан сәттен енесіне еміренген құлындай елге жетуге асық тұрады. Оқырмандар үшін бізде барлық мүмкіндіктер молынан қарастырылған. Газет тек қағаз жүзінде емес, интернеттегі электрондық нұс­қа­лармен де шығарылуда. Соның арқасында баспасөз өнімдері бүгінде бүкіл дүниежүзіне таралып жатыр. Былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Дегенмен газеттің ішкі аудиториясының да өзіндік қиыншылықтары мен қы­зықшылықтары бар. Мақала тақы­рыбына үлкен мән беріледі. Себебі ол басылымның бөркі іспетті. Қай материалдың қай жерге орналасуы редактор біліктілігіне тығыз байла­нысты. Редактор көліктің жүргізушісі секілді. Тура тегіс жолмен жүруін қадағалап отырады. Сөйлемдегі бір әріптің маңыздылығын тілшілерден артық ешкім түсіне бермес, десем артық айтқандық емес. Әйгілі француз қолбасшысы Наполеон Бонапарт «Төрт дивизияң болғанша, төрт газетің болсын» деген екен. Сәл өткенге көз жіберсек ұлт зиялылары өз дәуірлерінде баспасөз арқылы халық санасын оятуға бағытталған дала қоңыраушысындай болып, елдік санаға әсер етті.

– Қашанда мерзімді басылымның мәртебесі үстем. Онда ойдың тұны­ғы, сөздің құндысы жазылады. Руха­ни діңгегіміздің негізі. Газет – сауат­тылық пен эстетиканың жар­шысы. Тіл ұстартып, тәрбие беруші құрал. Бұл тұрғыдан алғанда оның бәсі биік. Өткенде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесуімде аймақ бас­шысы ақпарат құралдарының мате­риалын, әлеуметік желі жазба­ларын жиі қарап отыратынын айтты. Ол би­ліктің баспасөзбен санасатынын білдіреді. Газет ел ішіндегі кемшілікті де, жетістікті де жаза білу, жариялай білу керек. Жата қалып жапсыра мақтай беруге мүлде болмайды. Орынды айтылған сын орын­далады деп есептеймін. Салмақты сала­ларды қамтитын төл газеттің әрбір саны танымдық материалдармен толығып тұрса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев.

Газетте ақиқаты жазылады

Ақиқатында, газет те адам секілді. Дүниеге келеді, өседі, ер жетеді. Бірақ қартаймайды. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген даналық сөз осындайда айтылса керек-ті. Ол – өмір айнасы. Заман ағымына сай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жаңарып, жасарып отырады. Газет – тарих. Онда жазылған әрбір мақала өміршең. Себебі сиямен жазғанды, балталап өшіре алмайсың. Ал ел болашағы жалынды жастардың сырласына айналса, мәңгіліктің муза­сына таңбаланғанын аңғартады. «Кітап құрттары» ұйымының жетекшісі Талғат Меңдібаевтың сөзінен осыны аңғардық.

– Жалпы газет оқу қазір ешкімге құпия емес қой. Бұрын әуежайда немесе пойызжолда күтуде отырған адамдар кәдімгідей кітап, газет оқып отырған. Бірақ газеттің оқу мәдениетін жоғарылату керек деп есептеймін. Себебі тек нақты ақпарат газетте. Әлеуметтік желіден оқыған хабырымыз ол біреудің арандату мақсатында жазылғаны болуы мүмкін. Газетте нақты зерттерліп, анық-қанығы айқындалған ақпарат жарияланады. Ал блогер кеше пайда болған дүние. Газет оқу мәдениетін қайта қалыптастырған дұрыс. Бірақ қазір цифрлық технология заманы бол­ғандықтан газеттің сайт форматына мақалалардың өтуіде заңдылық. Газет редакциялары тұтынушының талабына сәйкес жұмыс істеу керек сияқты деп есептеймін, – дейді «Кітап құрттары» ұйымының жетекшісі Талғат Меңдібаев.

Тілші түйіні

Газет – бойы ұлтпен қатар жасасып келе жатқан руханият діңгегі.  Бұл қазаққа ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бастап берген жол. Оның көркем тілі жастарды отансүйгіштікке баулып, елді бірлікке үндейді. Қажет кезде бұқара базынасын билікке жеткізеде біледі. Кезінде алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтардың қолтаңбасы қалған қазақ баспасөзі ұрпақтар сабақтастығымен жасай бермек. Оқырманның әдеби талғамы биік болған сайын баспасөздің рөлі беки түсіп, тынысы кеңи бермек.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: