Сәрсенбі, 01 мамыр, 05:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Әжем және Құдайға құлшылық

05.04.2023

3493 0

«Ислам және ізгі қоғам» байқауына

Әже деген сөздің өзі жылы естілетіні заңдылық. Немерелерін ыстық құшағына қысып, аялы алақанында мәпелейтін осы бір жан ізгілік пен жылылықтың айнымас келбетіне айналған. Әженің мектебінен өткен әр бала бойына ең ізгі қасиеттерді жинап, шұғылалы істерімен шуақ шашары анық. Сондықтан әрбір әженіңбаласының бағы бар. Бұл тұста менің бағым екі есе.

«Әже-еу» деп еміренгенде құшағын айқара ашып, жылы да жұмсақ алақанымен маңдайыңды сипағанда өзіңді жердегі жұмақты тапқандай сезінесің. Әр айтқан сөзінде даналық пен қасиет бар бұл жан жақсылыққа жол сілтеуден аянған емес. Менің әжем де сондай.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Гүлзада әжемнің менің балалық шағымды бақыт пен шаттыққа толтырып, тәрбиенің тал бесігінде тұлға етіп тәрбиелеуде еткен еңбегі күні кешегідей есімде. Мен ес білгелі, жоқ, мен бұл дүниеге келмей тұрып-ақ бес уақыт парызын орындап, Құдайдың алдында құлшылық етуді бір сәтке тоқтатпаған әжем бізді талай жақсыға тәрбиеледі. Балғын бала кезімізде оның не істеп жатқанын түсінбесек те, қасына тұра қалып, намаз «оқитынбыз». Оның әр қимылын қайталап, ішімізден пыш-пыш етіп тұрамыз. Біз үшін басында бұл жай ермек болатын. Бір күні бұл міндетімізге айналды.

…Ойын баласымыз. Кешқұрым ала шаңнан үсті-басымызды тазартып, беті-қолымызды жуып үйге кіреміз. Үйдің бір бұрышында отырып, өзінің сүйікті Құран кітабын парақтап әжем отыр. Бұл кітап оның ең сүйікті кітабы екенін күнделікті қолынан тастамай оқитынынан аңғарғанбыз. Біздің келгенімізді байқаған асыл әжем:

– Ә-ә, келдіңдер ме? Келіңдер қасыма отырыңдар, – деп жанына шақырды. Тағы да біз үшін қызықты әрі пайдалы әңгіме айтатынын біліп тұрған немерелері ойланбастан жанына отыра қалдық.

– Қазір мен намаз оқимын. Сол кезде сендер де менің істегенімді қайталайсыңдар ғой?.. Міне, сонда тек менің іс-әрекетімді ғана емес сөздерімді де қайталаңдар. Құдайдан бүгін істеген қателіктерің үшін кешірім сұраңдар. Ертеңгі күндеріңнің қызықты өтуін тілеңдер, – деп тапсырма берді әжем.

Құдайдың бізді қашанда бақылап тұратыны, сол үшін жақсы сөйлеу, тәрбиелі болу керектігін бізге мұның алдында түсіндірген-ді. Енді бүгін жаңа тапсырма жүктеді. Жастары 4-5 шамасындағы біздер мұны мүдірместен орындайтынымыз анық. Межелі уақыт келіп, әжемнің айтқанын істедік.

– Ал, Құдайдан не тілеп, не үшін кешірім сұрадыңдар? – деді әжем. Бұл сөзден кейін біз де кезекпен тілек-кешірімімізді тізбектеп бердік.

– Мен бүгін көрші Нариман атаның алма ағашынан алма ұрлап жедім. Сол үшін Құдайдан кешірім сұрадым, – деймін мен.

– Міне, дұрыс. Ұрлағаның дұрыс емес, әрине. Бірақ, қатеңді түсініп, Құдайдан кешірім сұрағаның дұрыс. Құдай өте мейірімді, ол барлығын кешіреді. Тек шын жүректен тілеу, сұрау керек. Ал, ұрланған алмаға келсек, ол алма саған харам, яғни жаман. Сенің оған қарның тоймайды, тіпті, ол алмадан ішің ауырып қалуы мүмкін. Егер сен сол алманы Нариман атаңның рұқсатын алып жесең саған пайдалы болар еді. Ешкімнің затын рұқсатсыз алуға болмайды. Ұрлықтың түбі – қорлық, – деп түсіндірді әжем. Бұл кезде мен өзімнің қылығыма біресе ұялып, сосын жақсы мен жаманды түсініп үлгерген едім.

Бірде әжеммен еріп, ауызашарға бардым. Сол күні күндіз әжем жанына отырғызып, оразаның не екенін түсіндірген еді. Ауызашар ұйымдастырған үйге келгенде барлығы өзара: «Ниетіңіз қабыл болсын!» деген жылы сөздерін жеткізіп жатыр. Бір кезде бәрі дастарқан басына жақындап отыра қалды. Үй иесі келіп: «Ал, ағайын, ауыз ашатын уақыт болды» дегенде, барлығы алақандарын жайып, дұға тілеп жатқан. Оның сөзін тура мағынада түсінген мен:

– Сендер де қатырасыңдар! Манадан ауыздарыңды ашып, сөйлеп жүрсіңдер ғой. Оразада ауызды ашып жүре беруге, сөйлеуге болады. Тек тамақ ішуге болмайды, – деп қойып қалдым. Менің былдырлаған бала тілімнен шыққан бұл сөздерге дастарқан басындағылар мырс етіп күліп жіберген.

Ауыз ашқан жұрт намаз оқып болып, дастарқан басына қайта жиналғанда әжем мені алдына отырғызып алып, тәттілерді алдыма тосып, әңгімесін айтты:

– Ораза – тек тамақтан тыйылу емес. Иә, сен дұрыс айттың, сөйлеуге болады. Бірақ ғайбат сөйлеуге, біреуді жамандауға, боқтық сөз айтуға болмайды. Сен – әжесінің баласысың. Саған жаман сөйлеуге тіпті болмайды. Ал, ораза ұстау – ол жамандықтан тыйылу. Күні бойы аузына бір тілім нан түгіл бір ұрттам су ішпей жүреді адамдар. Осылай олар жамандықтан тазарады. Ертең өскенде сен де ораза ұстап, ауыз бекітесің, – деп оразаның не екенін түсіндіріп берді.

– Өй, апа-ау, ол әлі кішкентай бала ғой, қайтесіз. Өскен соң өзі-ақ түсінеді, – деген үй иесі бұл сөзінде қателескен еді. Себебі, қашанда не нәрсенің дұрыс-бұрыстығын айтып отыратын әжемнің әрбір сөзін біз түсініп, жадымызда сақтап қалатынбыз. Өйткені, ол бар мейіріп-шапағатын төгіп, аса жұмсақтық және сабырлықпен түсіндіретін.

Бақытты балалық кездің сан-мың күнін бастан кештік. Соның ішінде әжемнің жанында өткізген әр уақыт біз үшін пайдалы да қызықты өткені жасырын емес. Оның әр ақылы біздің жадымызда мәңгіге сақталып қалады және ұмытылмайтыны анық. Өзгенің баласы тақпақ айтып жарысқанда, Гүлзаданың немерелері бата жаттап, Құран бағыштауды үйреніп жүретін. Тіпті, таң намазынан бұрын оянып, әжесіне дәрет суын дайындауға кезекшілік ұйымдастыратын. Бала болса да, осындай ізгі амал жасайтын Гүлзаданың балаларына ел-жұрт сүйсініп-ақ қарайтын. Жазғы демалыстың бар күнін әженің ауылында, оның жанында өткізуге дайын болған біздің бүгінгі әр жетістігімізде ол кісінің үлесі сансыз.

Бұл күндері тоқсанға таяп қалған әжемнің денсаулығы сыр беріп жүргені көңіл құлазытады. Жанына ертіп алып аяғын алшаң басқан асыл жанның қазір асықпай жүргенін көрудің өзі қиын. «Сендерді арқалау үшін осылай жүремін» деп ішегі қатып күлетін белінің бүкірі де бүгінде бізге күлкілі емес. Бірақ, осы бір асыл жанның Құдайға құлшылық етуін ұмытпайтынына, жасына қарамастан сәждеге жығылып жүргеніне еріксіз қуанамыз. Бізден кейінгі бауырларымыз да асыл әжеміздің «мектебінде» тәлім алып, жамандықтан жиреніп, жақсылықты үйреніп жүргенін көзбен көріп те жүрміз.

– Амансың ба, балам? Ұстаған оразаң қабыл болсын! Ауызашар бермек ниетім бар. Жұмысыңды қойып, келіп кет. Өзіңді сағынып та қалдым, – дейді әжем телефонныңар жағынан. Біздің саналы адам болған тұсымызда сапалы өмір сүруге ұмтылып жүргенімізге сенетін ол: «Ауыз бекіттің бе?» деп сұрамайды да. Шынымен өз баласы болсақ ораза ұстап, ниет ететінімізге сенеді. Күйбең тірліктің құрсауында жүрген мен әжемнің биыл да ниет еткеніне және жақын арада ауылға барып, асыл жанның жанында демалып қайтатыныма іштей қуанып қалдым. Оның бұл барғанда айтар әңгімесі иманымызды арттыра түсетіні шүбәсіз.

… Исламды дәріптеген ізгі қоғамды қалыптастыруға бірден бір себепші болып келе жатқан менің әжем секілді асыл адамдардың күннен күнге қатары сиреп бара жатқаны өкінішті…

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

#ислам_ізгіқоғам #aqmeshit_kz

Сурет ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: