Бейсенбі, 09 сәуiр, 15:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№25 (2237)
07.04.2026
PDF мұрағаты

Экстремистік идеялар қалай таралады? Оларды қайтіп тоқтатуға болады?

09.04.2026

22 0

Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпарат ағыны бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен таралып, адам санасына әсер етудің жаңа кеңістігін қалыптастырды. Бұл – бір жағынан прогресс пен дамудың белгісі болса, екінші жағынан, қоғам үшін күрделі сын-қатерлерді де қатар ала келді. Солардың бірі – экстремистік идеялардың жасырын әрі жылдам таралу қаупі. Экстремизм енді тек саяси не діни құбылыс ретінде ғана емес, ол әлеуметтік тұрақтылыққа сызат түсіріп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп, жеке тұлғаның еркін дамуына кедергі келтіретін көпқырлы құбылысқа айналды. Сондықтан бұл мәселені терең әрі ғылыми тұрғыдан зерделеу – уақыт талабы.

Экстремистік идеологияның таралу арналары сан алуан, әрі олар заман ағымына сай үнемі өзгеріп отырады. Ең алдымен, интернет пен әлеуметтік желілерді атап өткен жөн. Цифрлық кеңістік шекарасыз әрі бақылауға қиын орта ретінде радикалды идеялардың таралуына қолайлы жағдай жасайды. Жабық топтар, анонимді платформалар мен мессенджерлер арқылы сананы улап үлгереді. Олар пайдаланушыны қызықтыратын контентті ұсына отырып, біртіндеп балама көзқарастардан алыстатады.

Екінші маңызды фактор – әлеуметтік теңсіздік пен маргинализация. Қоғамдағы жұмыссыздық, кедейлік, білім деңгейінің төмендігі немесе өзін шеттетілгендей сезіну адамдарды осал күйге түсіреді. Осындай жағдайда экстремистік топтар «қолдау» мен «әділет» ұранын алға тартып, оларды өз ықпалына тартуға тырысады.

Үшіншіден, идеологиялық және психологиялық ықпал ерекше рөл атқарады. Радикалды топтар күрделі мәселелерді қарапайым әрі эмоциялық тұрғыдан түсіндіріп, «әділетсіздікке қарсы күрес» идеясын тартымды етіп көрсетеді. Бұл әсіресе өмірлік ұстанымы толық қалыптаспаған жастарға қатты әсер етеді.

Сонымен қатар, тұлғалық дағдарыстар да маңызды себептердің бірі. Өмірлік мақсаттың болмауы, өзін-өзі таба алмау немесе ішкі күйзелістер адамды түрлі ықпалдарға бейім етеді. Осындай сәттерде радикалды идеялар «жауап» ретінде ұсынылып, адамды өзіне тартып алады. Экстремизммен күрес тек күштік шаралармен шектелмеуі тиіс. Ол кешенді, көпдеңгейлі тәсілді қажет етеді. Ең тиімді құрал – білім беру. Жастарға тек білім беріп қана қоймай, оларды сыни ойлауға, ақпаратты талдауға, жалған мен шындықты ажырата білуге үйрету аса маңызды. Саналы әрі ойлай алатын ұрпақ – кез келген радикалды идеяға қарсы ең мықты қорған.

Ақпараттық қауіпсіздік те назардан тыс қалмауы керек. Мемлекеттер интернет кеңістігіндегі заңсыз контентті бақылап, қауіпті материалдардың таралуына тосқауыл қоюы тиіс. Қоғамдық диалог пен толеранттылықты дамыту да ерекше маңызға ие. Әртүрлі пікірлерге, мәдениетке құрметпен қарау, ашық әңгімелесу қоғамның ішкі бірлігін нығайтады. Ал бірлік бар жерде экстремизмге орын аз.

Соңдықтан радикалды көзқарасқа берілген адамдармен жеке жұмыс жүргізу, оларды қоғамға бейімдеу – күрделі, әрі маңызды міндет. Бұл – тек бір адамның тағдырын ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігін сақтауға бағытталған қадам.

Нұрдәулет Бауыржан

теолог

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: