Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өту жиынына қатысты

22.10.2021

1983 0

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және барлық облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы елдігімізді айшықтап, бірлігімізді көрсететін айтулы оқиға екенін, алдағы жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу қажеттігін айтты.

– Ақынның мерейтойы жас ұрпақты тәрбиелейтін, ұлтымызды ұйыстыратын, жұртшылыққа ой салатын тағылымы мол, тәлімі зор, тәрбиелік мәні бай шара болуы тиіс, – деді Қырымбек Көшербаев.

Комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ақын мерейтойын атап өтуге қатысты жоспардың орындалу барысы жөнінде баяндады.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарды орындау жөніндегі жұмысты жалғастыруды және белгіленген іс-шаралардың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, Қызылорда облысында ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік іс- шаралар жоспары бекітіліп, жыл көлемінде 130 іс-шара өткізілді. Оның ішінде 100-і онлайн, 30-ы офлайн форматта ұйымдастырылды.

Мәдениет ұйымдарында ғасыр жасаған тұлғаның шығармашылығын насихаттауға бағытталған шаралар ағымдағы жылдың ақпан айында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жыры әлемді шарлаған – Жамбыл» атты кең көлемді кітап көрмесімен ашылып, жыл көлемінде «Ұлы даланың жыршысы» тақырыптарында кітап көрмелері, «Әлемге аян жырлары», «Жырлансын, Жамбыл жырлары», «Тыңда, дала Жамбылды», «Жыр алыбы – Жамбыл» атты дәстүрлі орындаушылардың концерттері мен жыршы-термешілердің фестивалі, «Жүз жасаған бәйтерек» атты облыстық эссе жазу байқауы мен ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайыстар, «Жамбыл – ғасыр ақыны», «Ұлы дала Жамбылы» атты әдеби кештер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Сыр елі жыршы-жырауларының қатысуымен өткен «Жырлансын, Жамбыл жырлары» атты жыр кешінде Жамбыл жырлары cыр мақамдары арқылы дәріптелді.

Сондай-ақ, «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты Алматы облысындағы Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің Қызылорда қаласында жылжымалы көрмесі ұйымдастырылып, облыс жұртшылығы ақынның ұстап-тұтқан жеке заттары мен шапанын, домбырасын, кітаптарын көруге мүмкіндік алды. Шараға ақынның немересі мен шөбересі қатысты.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында «Жамбыл Жабаев–Ұлы Даланың алып жыршысы» атты оқушылар айтысы, «Жамбыл болып менде сөйлейін, Жамбыл боп өлең өрейін» атты жыр мүшәйрасы, «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбында көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Жамбыл мұраларын жаңаша бағалау–ұлттық рухани жаңғырудың өзекті мәселесі» тақырыбында онлайн форматта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай 2021 жылдың қазан айында Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дидар» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі жүлделі үшінші орынды иеленіп, аймақ мерейін асқақтатты.

Бүгінде облыс бойынша Ж.Жабаевтың есімі берілген 2 мектеп, 30 көше бар. 2021 жылдың 27 ақпаны күні ақынның туған күні қарсаңында аталған білім ұйымдарында іс-шаралар өткізіліп, мектеп оқушылары жыр алыбының жалынды жырларын дәріптеді.

Ақынның өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: