Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, Алла бір қауымның халін, олар өздері өзгертпейінше өзгертпейді» («Рағд» сүресі, 11-аят) деп баян етеді. Бұл аяттан түсінетініміз – қоғамның өркендеуі де, құлдырауы да әрбір адамның рухани ахуалына байланысты. Қандай да бір елдің дамуы тек материалдық игіліктермен өлшенбейді, оның шынайы қуаты – имандылықта, бірлікте, рухани құндылықтарда.
Жаһандану заманында адамдардың көбі дүние-мүлік пен пайда табуды алдыңғы орынға шығарып, жүрек тазалығы мен рухани байлықты кейінге ысырып жатады. Мұндай жағдайда қоғамның тұрақтылығы мен болашағы әлсіреп, адамдар арасындағы мейірім, сенім және сыйластық азаяды. Сондықтан да рухани құндылықтарды дәріптеу – әрбіріміз үшін ең маңызды міндет.
Рухани құндылық дегеніміз – адамның жүрегін тазартып, өміріне бағыт-бағдар беретін, қоғамға пайдасын тигізетін қасиеттер. Олардың негізін Құран мен Сүннет құрайды.
Атап айтқанда:
– Иман – Аллаға сенім, аманатқа адалдық, ақиқатқа берік болу.
– Адалдық – әрбір істі әділдікпен атқару, арамнан сақтану.
– Мейірім мен бауырмалдық – бір-біріне жәрдемдесу, қиындықта қолдау көрсету.
– Сабыр мен қанағат – сынақтарда төзімділік танытып, барға шүкір ету.
– Құрмет пен ізет – ата-анаға, ұстазға, үлкенге ізгілік көрсету, кішіні аялау.
Осы асыл құндылықтар отбасының тыныштығын, қоғамның татулығын және елдің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Енді отбасындағы, жастар арасындағы, қоғамдағы рухани құндылықтарға жекелей тоқталып өтсек.
Отбасындағы рухани құндылықтар
Отбасы – қоғамның кішкентай үлгісі. Егер әр шаңырақ берекелі болса, тұтас елдің де жағдайы жақсы болады. Отбасында балаларға имандылықты, адалдықты, еңбексүйгіштікті үйрету – ең үлкен тәрбие.
Алла Елшісі (с.ғ.с): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарым-қатынаста болғандарың» деген. Демек, рухани құндылықтарды насихаттау алдымен үйден басталуы тиіс. Әке – отбасының тірегі, ана – шаңырақтың берекесі, бала – сол отбасының болашағы.
Жастар тәрбиесіндегі маңызы
Жастар – елдің ертеңі. Қазіргі таңда жастарды түрлі теріс ағымдар, жат мәдениеттер өз ықпалына тартуға тырысуда. Бұған қарсы тұратын күш – рухани тәрбие.
Жастарға Құран мен хадистерден өнеге көрсету, ата-баба дәстүрімен сусындату – олардың жүрегіне имандылық дәнін себеді. Жас ұрпақ рухани құндылықтарды бойына сіңірсе, ол ертеңгі күні әділетті басшы да, адал азамат та, мейірімді ата-ана да бола алады.
Қоғамдық татулық пен рухани құндылықтар
Ислам діні – бейбітшілік пен татулықтың діні. Алла Тағала Құранда: «Бәрің бірдей Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деп әмір етеді.
Бірлік – берекенің бастауы. Қоғамда әділеттілік орнап, адамдар бір-біріне сеніммен қараса, әрбір салада ілгерілеу болады. Ал рухани құндылықтарды ұмытқан қоғамда алауыздық, әділетсіздік және мейірімсіздік белең алады.
Ұлттық дәстүр мен руханият
Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам құндылықтарын өз дәстүрімен сабақтастырып, салт-санасына сіңіре білді. Үлкенді құрметтеу, жетімге қамқор болу, қонақжайлық, адал еңбек ету – бәрі де Құран мен Сүннеттегі қағидалармен үндеседі.
Сондықтан рухани құндылықтарды насихаттау – тек дінге қатысты міндет қана емес, ұлттың болмысын сақтап қалудың жолы.
Рухани құндылықтарды насихаттауда имамдардың рөлі
Рухани құндылықтарды насихаттауда мешіт пен дін қызметкерлері де үлкен рөл атқарады. Мешіт – рухани тәрбие мен насихаттың ордасы. Имамдардың міндеті – жамағатқа тек құлшылық амалдарын үйрету емес, сонымен бірге қоғамға өнеге көрсетіп, имандылыққа бастау. Әрбір жұма уағызы, әрбір діни сабақ – халықты ізгілікке үндейтін үлкен мүмкіндік.
Рухани құндылықтарды насихаттау – бүгінгі қоғам үшін ауадай қажет. Егер әрбіріміз жүрегімізді тазартып, бір-бірімізге мейірімділікпен қарасақ, қоғамымыздың да іргесі мығым болмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адамдардың ең қайырлысы – өзгелерге пайдасы тигендер» деген. Ендеше, баршамыз айналамызға имандылық пен ізгілік нұрын шашайық.
Алла Тағала елімізді тыныш, жерімізді берекелі, ұрпағымызды иманды етсін!
Асхат АСҚАРҰЛЫ,
Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің имамы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!