Жұма, 26 сәуiр, 07:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сегіз қырлы, бір сырлы Сары жырау

19.01.2021

9129 0

«Сыр – Алаштың анасы». Бұл – көненің көзі, мәдени мұралардың асыл көмбесі, талай тарихты қойнауына бүккен, көптеген тарланды қанаттандырған қасиетті мекен. Сондай-ақ Сыр елі – жыр сүлейлері шыққан киелі өңір. Сол себепті де «Сыр елі – жыр елі» деп айтылады.

Олай болса «Сыр сүлейі» айдары бойынша біз оқырмандарымызға Сары жырау жайлы мақаланы ұсынғанды жөн көрдік. Жалпы Сары жырау кім болған, қалай жырау атанған? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…

Сары жырау Қанатұлы 1873 жылы Сыр бойындағы Қамбаш көлімен жалғасқан Қаязды көлі маңындағы Қаязды аталған елді мекенде дүниеге келген. Ол Асан батырдан тарайтын ұрпақтар болып саналады. Мысалы, Асан батырдан – Шеру, одан Мырзағұл – Айдау, Қойбағар, Қанат, одан Жансүгір – Мұса, Шамшадин, Ерпайыз тараған. Ал Қанаттан – Айсүгір, Жансүгір, Күнсүгір атты бала болса, үшеуі де ержеткенде елінің мақтанышына айналған азамат болыпты.

Айсүгір – зергер. Бізінің ізі білінбейтін етікші. Ағаштан түйін түйген, сүйектен домбыра жасайтын ұста болса, Жансүгір өнерімен елге танылған. Өзі әнші, сазгер, күйші, жыршы, ақын болған. Үшінші баласы Күнсүгір – Көкілташ, Түркия, Иран медреселерінде білім алып, ахун дәрежесіне жеткен ғұлама, тақуа адам болыпты. Ағайынды үш жігіттің үшеуі де өз дәуірінде халқының құрмет тұтар мақтаныштарына айналыпты.

Жыраудың шын аты кім?

Ендігі әңгімеміз Жансүгір жайлы болмақ. 2016 жылы шыққан облыстық «Сыр бойы» газетінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шыңғыс Айбосыновтың мақаласында: «Жансүгір Қанатұлы Сыр бойындағы Қамбаш көлімен жалғасқан Қаязды көлінің жағасындағы Қаязды елді мекенінде дүниеге келген. Осы өңірде 1873-1927 жылдары өмір кешкен. Бүгінде Қаязды көлі кеуіп кеткендіктен ондағы мекендеген халық басқа жерге қоныс аударған. Мұнда төмпешік боп ескі үйлер мен бейіт орны ғана қалған екен» деп келтірілген.

Жастайынан сезімтал Жансүгір өнегелі әңгімеге жаны құмар, ән айтқан жиын-тойлардан қалмайтын, ауылға келген әнші-жыршыларды жалықпай тыңдайтын ерекше бала болып көзге түсе бастайды. Сөйтіп ән қуып, басқа ауылға кетіп қалуды да шығарды. Өзі де ән айтатын, жыр жырлайтын дәрежеге жетті. Күй тарту өнерін де меңгеріп, күйші атанады. Аты ауыл арасынан алыстап ұзай берді. Сөйтіп Жансүгірдің айтқан әні, жырлаған жыры, тартқан күйі ел арасына кең тарады. Өзі ақын, әнші жігіт қай жерге барсада ортамен тез тіл табысып, елдің қадірлейтін өнерпазына айналды.

Иығында жолбарысы бар

Жансүгірдің інісі Күнсүгір мешіт ұстап, елді имандылыққа тәрбиелеген үлкен ғұлама болғанын әңгімеміздің басында айтқан едік. Сол кезде ел арасында Күнсүгірге «өзің мешітте діни өкілсің, ал ағаң болса айналасына жастарды жинап алып домбыра тартып, ән айтып ауыл-ауылды жағалап жүр» деген сияқты әңгімелер айтыла бастайды. Мұны естіген Күнсүгір ағасына домбыраңды таста деп айтуға бара жатады. Содан алдынан шығып оған жақындай бергенде ағасының екі иығында екі жолбарыстың отырғаны көзіне елестейді. Қанша айтқанмен ғұламаның көзі қарақты екені белгілі. Сөйтіп Күнсүгір ағасының тегін адам емес екенін аңғарады.

Оны ағасы Жансүгір де сезсе керек. Содан кейін інісі «ағам тегін адам емес. Бір құдірет бары анық. Домбыраңды, жыраулық өнеріңді таста деп айтпайын, одан да өнеріңді елден тыс жерге барып көрсет дейін» деген тоқтамға келеді. Күнсүгірдің бұл ойын білген Жансүгір елден кетіп, Жайық бойында, одан кейін Сарыарқада ұзақ уақыт жүріп, елмен араласып серілік жасап, өнерімен халықтың ықыласына бөленеді. Міне, солай Сары жырау атаныпты.

Тақиясы меңіне тірелген

Тумысынан өңі сары, сұлу да сымбатты болып өскен Жансүгір ержеткенде кеуделі де қапсағай келген қыр мұрынды, кімді де болса көрген кезде өзіне назарын аудартатын сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болыпты. Сары жырау ән айтқанда даусы жағымды, әуені мың бұралып алысқа шырқалып кетеді екен. Ол көптеген әндермен қатар бірнеше күй шығарған. Шығармашылық өнерінің көп уақыты елден тысқары жерде өткендіктен, туған жерінде көп сақталмаған.

Білетіндердің айтуы бойынша, Сары жырау өзінің жақтастарымен біраз уақыт Жайық бойындағы Бескүрек деген жерде сауық-сайран құрып жүрген көрінеді. Жайық бойында жарты патша атанған Дербісалы деген аса ауқатты бай адам болған. Баласы Петербургте оқыған сол заманның сауатты азаматы болса керек. Әкесі баласына соңғы патша Николайдың ағасы Александрдың қызын алып беріп, Жайық бойында ат шаптырып үлкен той жасапты. Сол тойдың бас-аяғында өнер көрсеткен Сары жырауға бүкіл жиналған жұрт риза болып тарқасыпты дегенді көнекөз қариялар кешеге дейін айтып отырады.

Ол өзінің Жайық бойында бол­ғандығын:

– Мен бардым Бескүрекке

жыр жырлауға

Алған соң домбыраны омырауға.

Қанат бітіп қалықтап кетуші едім,

Дауысым келуші еді мың бұрауға.

Өз атым –  Жансүгір түсім – Сары,

Сондықтан Сары жырау дейді

жұрттың бәрі,

Құбылтып әуеніме салғанымда,

Тыңдаушы еді жалықпастан

жас пен кәрі, –

деп жырға қосқан.

Сары жыраудың шашы мен маңдай тұсының қосылған жерінде үлкен қал тәріздес меңі болыпты. Жыр жырлап отырғанда басындағы тақиясы жыр ырғағымен қозғалып, төмен түсіп, әлгі меңге ілініп тұрады екен. Сары жырау өз заманында Орынбор, Ташкент қалаларына барып та жыр жырлаған деген әңгіме бар.

Жалпы Сары жыраудың бірінші әйелінен Мұса, Иса есімді балалары, екінші некеден Жампоз, Жанкелді, Жайберген деген үш баласы болыпты. Бұл үш баланың үшеуі де Ұлы Отан соғысына қатысып, майданда ерлікпен қаза тапқан. Ал Мұсадан Молдабай, Шамшадин, Рахима есімді ұрпақ өрбіді. Исадан ұрпақ жоқ көрінеді. Әйткенмен бүгінде Сары жыраудай асылдың ұрпақтары жалғасуда. Міне, ұрпағы барда оның есімі ел ішінде ұмытылмайды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: