Сейсенбі, 03 желтоқсан, 21:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Сен аман бол, қазағым!

11.09.2021

2424 0

Қазақ елі үшін осы аптадағы ең жағымды жаңалықтың бірі ретінде тәліптердің құрсауында қалған Ауған жерінен қандастарды елге әкелу болғанын айтуға болады. Жүрегінде елге, туған жерге деген титтей де болса сүйіспеншілігі бар адам бұл хабарды аса зор ілтипатпен қабылдағаны анық.

Ауған жеріндегі қандастардың елге келгенін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлаған болатын. «Кабулдан Алматыға арнайы рейспен 35 қандасымыз, 4 Қазақстан азаматы және БҰҰ-ның 1 қызметкері жеткізілді. Президент дипломаттарымызға және игі істі ұйымдастыруға атсалысқан барлық ведомство қызметкерлеріне алғыс айтты», – делінген хабарламада.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Кабулдан Алматы қаласының әуежайына Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы 41 жолаушымен ұшып келген. Олардың ішінде Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған бар. Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланғаны айтылады.

«Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі қалыпты режимде жұмыс істейді және Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста. Өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстары жалғасып жатыр», – делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Бұған дейін ауған жеріндегі қазақтар бейнежазба арқылы тарихи отандарына қайтқылары келетінін айтып, бірнеше рет көмек сұрады. Олардың Қазақстандағы туыстары да әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысынан жәрдем беруін өтінді. Қазақстан Президенті Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстандағы этникалық қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл тапсырмасы арқылы планетамыздың қай қиырында жүрсе де қазақтарға көмектесуге дайын екенін білдірді. Президент пәрменімен елге 35 қандасымыз оралды. Бұл оқиғаны ел тұрғындары қуанышпен қабылдады. Тіпті төрткүл дүние Қазақстан деген мемлекеттің әрбір азаматын қорғай алатын, қауқарлы ел екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді десек, артық айтқандық емес.

Осының өзі Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде әлемдік саяси аренада өзіндік орны бар, айтары бар, жұрт санасатын мемлекет екенін көрсетеді.

Осы ретте тәуелсіздік туы желбіреген отыз жыл ішінде жеткен жетістіктерді саралап өткенді жөн көрдік.

Тәуелсіздік жемісі ретінде Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Нұр-Сұлтан қаласының орны ерек. Ел мақтанышы болған еңселі елорда әлемде 56 елдің басын қосатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, 60-қа тарта мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымы секілді Қазақстан төрағалық еткен беделі биік басқосулардың ордасына айналды. Ордалы отыз жылдағы жетістіктің бірі ретінде Семей полигонының жабылуын айтуға болады. Тоқсаныншы жылдардың басында ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдерістің жаңа кезеңі басталды. Ядролық қауіпсіздік біздің мемлекет үшін сыртқы және ішкі саясатта негізгі бағыттың бірі болып қала бермек.

Әлем картасындағы тоғызыншы территорияны иеленіп жатқан осынау ұлан-байтақ елімізде жер бетінде алғашқылардың бірі болып соғылған «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан. Оның тарихы, қалыптасуы, дамуы түгел кеңестік кезеңде жүрді. Адамзат баласының алғашқы ғарышкері де осы жерден аспан әлеміне сапар шекті. Тәуелсіздік алып, егемендікті еншілегеннен кейін өзімізден шыққан ұшқышты ғарышқа ұшыру бақыты да туды. Бұл абыройлы міндет Тоқтар Әубәкіровке тапсырылды. Сөйтіп, Тоқтар Әубәкіров азаматын шыққан алғашқы ғарышкер атанды. Тоқтар ағамыз аспан әлемін шарлап, Байқоңырдан ғарышқа ұшқанда бар қазақ көзіне жас алып еді. Өз жерінде тұрған айлақтан жетпіс жыл бойы бір де бір азаматты ғарышқа ұшыра алмаған қазақ тәуелсіздік дегеннің шын мәнінде не екенін өзгелерге қарағанда жақсы білетін. Әр ісі мен сөзі үшін Мәскеу жаққа алаңдап, жалтақтап ғұмыр кешкен аға буын өкілдері тәуелсіздіктің әр сәтін құр жібермей келер ұрпаққа саналы түрде аманаттап кету керектігін жақсы түсінді. Есік қаласынан табылған Алтын адамның бейнесін жасағанда ғарышкер Тоқтар

Әубәкіровтің бет-пішіні пайдаланылды. Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа салған сара жолын Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов жалғады.

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында Қазақстан алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды. Төрткүл дүние көз тіккен айтулы шара – ЭКСПО-ны өткізген Қазақстан рухани жаңғыруға ден қойған ел ретінде өзін әлемге мойындатып үлгерді.

Тәуелсіздік жылдарында Тараз қаласының 2000 жылдығы, Түркістан қаласыныың 1500 жылдығы Юнеско көлемінде аталды. «Халық жауы» болып кеткен талай боздақ ақталды. Спортшыларымыз олимпиада ойындарында, түрлі әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарып, қыран бедерлі көк туымызды самғатып, Әнұранымызды шырқатып жатыр. Қазір Қазақстанмен әлемнің мықты алпауыт мемлекеттерінің өздері санасатын болды. Біздің елде ЕҚЫҰ-ң саммиті, қысқы Азия ойындары, әлемдегі діндер мен конфессиялардың бас қосуы өткізілді. Қазақстан 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың мекеніне, қасиетті Отанына айналды. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылды. Посткеңестік мемлекеттер арасында да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламаның арқасында бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің санатына кірді. Осы жылдар ішінде еліміз жүріп өткен жол әлем назарынан тыс қалған емес. Жалпы шетелдік ақпарат құралдарында Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет ретінде айтылады. Тіпті Сириядағы теріс бағыттағы діни ағымдардың арбауына түскен отандастарымызды құтқарған «Жусан» оқиғасынан кейін Қазақстан өзін әлемге әскери қуаты дамыған ел ретінде де әйгіледі. Бұл оқиғаға күллі Қазақстан халқына жігер берді. Ауған жерінен қандастарымызды елге әкелу де халықтың мемлекетке деген сенімін еселей түсетіні анық. Ең бастысы, ел тұрғындары мемлекет өздерін қорғайтынына тағы бір мәрте көз жеткізді. Дүниенің қай қиырында жүрсе де қазақ аман болсын!

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: