Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Шырақшысы Нартайдың бұл Арзекең

17.08.2021

2215 0

Нартай Бекежанов Сыр сүлейлерінің ішіндегі ең қадірлілерінің қатарына қосылатын болса, сол Нарекеңнің ізін жалғап, орындаушылық дәстүрі мен әндерін халыққа жеткізушілердің ішіндегі ардақтысы саналатын Арзулла Молжігітов. Ол – Нартай Бекежановтың батасын алған, тәлімін үйінде жүріп үйренген шәкірті. Өмірінің соңына дейін Нартайдың әндерін нақышына келтіре орындап, мұраларын кейінгі ұрпаққа насихаттап өтті. Арзулланың «Ұстазым Нартай еді нар тұлғалы» атты өлеңінен де көп жайтқа қанығуға болады. Арзулла ақын:

– Пендеміз адам еге есіміне,

Алланың ризамыз кесіміне.

Жерде нұр, аспанда күн, жанды-жансыз,

Қосылмақ топыраққа нәсіліне.

Пейілі ашық сақи еді, кім келсе де,

Дос-жардай сыйлаушы еді бір көрсе де.

Тапқанын мейман сыйлап, сарп етуші еді,

Қарамай бала-шаға сыр берсе де.

Жан еді жаны жомарт маңайына,

Кем-кетік, жетім-жесір ағайынға.

Шекпенін Ақмырзаға шешіп берді,

Түрмеден келген кезде май айында.

Қасына алды нар көңілін қалдырса да,

Жол салып тектіліктің шырайына.

Өзіне лайықпен қойып қойды,

Артистік қызметтің орайында.

Осындай азаматтың мәрттігіне,

Болмайды көрген көңіл қалай ырза.

Соншама таршылық кез болса-дағы,

Осыны көзім көрді баяғыда.

Бір мінез Нарекеңнің қанындағы,

Жаны қас жағымпазға жанындағы.

Кісінің жөн емес деп отырушы еді,

Көңілі мән-мән ойға бағынбағы.

Айтыста қара сырнай алса қолға-ай,

Көп ақын күйбеңдеген шауып зорға-ай.

Қарағанды жүйрігі Қазанқапты,

Шаңына ілестірмеді жырмен толғай.

Арқаның ардагері Нұрлыбекті,

Аударып аламанда салды оңғай-ай.

Үмбетәлі жеңіліп екі айтыста,

Атанды Нартай ақын «дара жорға-ай»,

Ақынның майталманы Майасар да.

Жеңілістің құйқасын татқан ол да-ай,

Оңдырмай Орынбайын оңтүстіктің.

Қалдырған Кененді де орта жолда-ай.

«О, Нартай, шешен таңдай нарымсың» деп,

Жамбыл қарт айтпас бекер қағып таңдай.

Жүйрігі заманында топтан озған,

Алдына отырушы еді қара салмай.

Ақынның болды атақты ардагері,

Қарсы алған қошеметпен барған елі.

Алланың ерекше бір құбылысындай,

Үлгі боп кейінгіге қалған еді.

Аударып жақсылыққа заман өңін,

Тойдан-той куәгермін оған өзім.

Қуанып, гармонымды қолға алдым,

Уа, Нәке, әлпештеген балаң едім, – деп жырлау арқылы жүректегі сырын айтып, Нартайдың шығармашылығына бір тоқтап, өзін ізбасар шәкірті екенін атап көрсеткен.

Арзекең Нартайдың қолында тұрып оқыған, білім алған, оның әндерін өзінен тікелей үйренген, сол арқылы Нартай мектебінің негізін қалыптастырушы бола білді. Есімі халық сүйіспеншілігіне кеңінен бөленген Арзулла Молжігітов 1929 жылы Шиелі ауданының Керделі елді мекенінің маңындағы Ұста тамында туған. 1936 жылы «Еңбекші» бастауыш мектебінде оқып, оны 1942 жылы аяқтаған. 1943-1946 жылдары Шиелі ауданындағы қазақ орта мектебінде білім алған. А.Молжігітов 1948 жылы сол кездегі «Жиделіарық» орталау мектебінің бастауыш сыныбында мұғалім болып орналасады. 1949 жылы «Еңбекші» жеті жылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. 1955 жылдан бастап Мәдениет саласына қызметке ауысып, «Қызыл отау» меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1959-1981 жылдар аралығында «Коммунизм» колхозының (қазіргі Нартай ауылы) клуб меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1981 жылдан 1988 жылдың желтоқсан айына дейін колхоз мәдениет үйінің әдіскері, 1988 жылдың желтоқсан айынан бастап 1990 жылға дейін Ы.Жақаев музейінде ғылыми қызметкер, 1990 жылдан өмірінің соңына дейін Нартай Бекежанов музейінде ғылыми қызметкер болды.

Арзулла «Нартай сазын» сырнайға қосып орындаушылардың ішінде сирек кездесетін талантты өнер иесі. Ширек ғасырға жуық уақыт мәдениет пен өнерге жасаған еңбегі бағаланып, ол 30-ға тарта мақтау қағаз, дипломға қол жеткізіп және дүниежүзілік, халықаралық фестивальдердің лауреаты болған.

Арзулла Молжігітов Нартай мұраларын насихаттаумен қатар, аймақтық айтыс өнерінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан айтыскер ақын. Оның 1982 жылы Есіркеп Қоңқабаев, 1984 жылы Әмір Мәжитов, 1985 жылы Айдар Достияров, Оразкүл Алтынбекова, Жалғас Таспанбетов, 1987 жылы Бибігүл Жаппасбаева, Замеддин Ибадуллаевпен айтысып, көбіне жүлделі орынға ие болғаны белгілі. Жастайынан Нартаймен ауылдас болып, оның орындаушылық өнеріне тәнті болып өскен Арзулланың бұл өлеңге деген, жырға деген құмарлығын сезген Нартай одан өзінің ықыласын аямаған. Мектепке барғаннан бастап Нартайдың үйінде жатып оқып, оның жыраулық, ақындық мектебіне ден қойып өскен өнерпаз. Облыстағы Нартайдың шәкірттерінің ішіндегі Нартай дәстүрін жалғастырушы. Арзулланың бұл өнерін кешегі өткен жырау Балхашбай Жүсіпов, Тұрсынкүл Баяханова, Ақмырза Тұяқбаев, Фатима Төлегеновалар ерекше бағалаған еді. Өмірінің соңғы күніне дейін Нартай мұражайында бас қор сақтаушы болып қызмет атқарған. Нартайдың шәкірті болған Арзекең 2002 жылы дүниеден озды.

Ұстазы Нартай ақынның 1952 жылы шығарған:

– Бір сабақ, балам саған, ей, Арзулла,

Үмітсің жолымды ұстар өз ауылымда.

Әкең де қара жаяу емес мынау,

Өлеңмен үйір жүрді «базарлығы».

Ұстаның әулеті деп мәлім болған,

Туысың, ата-тегің көз алдымда.

Басыңды кір шалдырмай күтіп ұста,

Жастықтың желікпелі базарында.

Жігітке жүз өнер де аздық етер,

Оза шап, қамшы басып қадамыңа.

Айтушы – әкең Нартай есте тұт деп,

Қыр, Сырдың аты мәшһүр қазағына, – деп толғаған «Арзулла балам» атты өлең жолдары алдағы уақытта шәкіртіне деген зор сенімді жүктегендей болады.

Бір сәт естелікке көз жіберсек: 1945 жылдың қараша айының аяқ кезі. Қазіргі қалалық демалыс паркінің орнында облыстық оқушылар олимпиадасы өтіп жатқан кезең еді. Театр алдында республикаға белгілі атақты Нартай Бекежанов пен Қуаныш Баймағанбетов кездесіп қалғанда, екі ақынның қолын алып, кошемет көрсетіп жатты.

– Жас ақындарға шығармашылық табыс тілеймін, Арзулла балам, әлі бала, сарыуыз балапан ғой, – дей келе, Нартай шәкірті Арзулланың иығына шапанын жауып, басына бөркін кигізіп, белбеуін тағып, күмістелген өз сырнайын беріп, Сырдарияның Есмағзам деген ақынымен айтыстырды. Осы кезде хабарлаушы сахнаға шығып: «Ендігі кезекте Шиелі ауданының жас бала ақыны мен сырдариялық айтыскер ақын Есмағзам Қоразов айтысады», – деді. Арзулла сахнаға гармонын құйқылжыта ойнап шыға кел-генде Есмағзам домбырасын әніне келтіре қағып-қағып, одан бұрын бастап жібереді.

Есмағзам:

– Аман ба, шыққан ақын сырнайменен?

Бар ма еді көрінгенің мұндай жерден?

Шыққан соң топ алдына айтысуға,

Айтарсың тауып сөйлеп ыңғайлы өлең.

Байқаймын айтар сөзден тайынбайсың,

Менің де ретім жоқ уайымдайтын.

Сыртыңнан есітеміз, қызығамыз,

Нәкеңнің үкілеген тайындайсың.

Арзуллла:

– Ұстазым – елге мәлім Нартай ақын,

Көтерген Орта Азия, Сырдың даңқын.

Мінеки, сырнайменен топқа түстім,

Айтулы ұстазымның қуып салтын.

Емеспін қатарымнан сөзге нашар,

Жайым бар әдемі әнмен көңіл ашар.

Нартайдың шапаны мен бөркін кидім,

Болам деп келешекте орынбасар.

Есмағзам:

– Ауылыңда Ворошилов мектебінен,

Су ағып төбесінен кеткенімен.

Балалар бүрсең қағып, сабақ оқып,

Көк жөтел күркілдеген шеттерінен.

Ауылында көп ақындар өлең бағып,

Оқып жүр облыста топты жарып.

Газеттен оқығанда мен ұялдым,

Ақыным, сен көрмейсің оны не қылып?

Арзулла:

– Ақыным, тызылдақсың шыға шапқан,

Бар екен қалайда да бақай тартпаң.

Өткен жыл ақ жауыннан ескі мектеп,

Төбесіне сорғалап ылғал аққан.

Көрген соң ондай жайды ата-аналар,

Өздері-ақ бір бөлмені қайта жапқан.

Есмағзам:

– Мен айтам кемшілікті жалықпастан,

Бір әдет ауданыңда қалыптасқан.

Әбішев бір мектептің директоры,

Қалайша оқушысын алып қашқан.

Дәл сондай қара ниет қалайша жүр,

Халықтың қарғысына шалдықпастан,

Жүр дейді Түркістанда сайран салып,

Бойына ешбір жаза дарытпастан.

Арзулла:

– Есмағзам, бұрын айтыс көргенім жоқ,

Бүгін де айтысам деп келгенім жоқ,

Басқаның жақсы жағын көрмей-тұғын,

Айтсайшы, кінә тергіш пендемін деп.

Көргенше өзің тұрып, өзге мінді,

Өзіңді айт, ісің қалай өзгерілді.

Басқаның артық-кемін ақтарғанша,

Алдымен жөндеп алсай өз жөніңді.

Есмағзам:

– Арзулла, уәжіңді құп аламын,

Қабыл ал айтқанын да бұл ағаңның.

Аулыңда бір барғанда жақсы ісіңді,

Газетке өлеңдетіп шығарамын.

Осы айтыста халықтың бәрі қол соғып, жұрт Арзекеңе «кішкентай Нартай» деп риза болған екен. Нартай ақынның шапаны мен бөркін киіп, айтыстың додасына түскен Арзулла ақын шын мәнінде ұстазының шәкірті бола білген жан. Ұстазы мирас етіп қалдырған әр сөзді нақышына келтіре орындаған, сол арқылы өнердің өлмейтінін дәлелдеген тұлға. Ел ішінде Н.Бекежановтың өнерін насихаттау арқылы кісілік келбеттің биік шыңына шығады. Шиелі ауданының орталығынан Нартай өнер мектебін ашқан Құрманбек Бекпейіс те Арзулланы ұстаз тұтты. Құрманбек ағамен көзінің

тірісінде Арзулла Молжігітов жайлы пікірлескен едім. Құрекең Нартайдың әндерін орындауды Арзулла ақыннан үйренгенін, әр әнді үйренген сайын ұстазының ойынан шыға білу үшін барын салғанын жүрген жерінде айтып жүрді. Арзулла жайлы Құрманбек аға әңгімеге тартқанымызда ұстазы Шиеліден шыққан ақын-жыраулардың мұрасын жинауды аманат еткенін, өзі басқарған Нартай өнер мектебі осы іспен де шұғылданып жатқанын әңгімеге өзек етті. Арзулладай ұстазының жақсы қасиеттерін тілге тиек ете отырып:

– Кемеңгер пейіл, жомарт жүрек дарасың,

Мәңгілік жайға жол түсіп, міне, барасың.

Алланың берген аманатын табыстап,

Айқындап аштың пәни мен бақи арасын,

Ескегін есіп өнерлі өзен ағында,

Шайқалтпаушы едің дөп басып қиял

шарасын.

Қайырлап шығып қайығың қалды-ау жағада,

Ағымды өзен алыстау салып жағасын.

Өнерге өлшем өрнегің қалды мұрадай,

Сан тарау жолға әндерің ғажап салатын.

Даналығың да, ағалығың да – қазына,

Біле де бермес көп адам бұның бағасын.

Сақылығыңа серілігің базына,

Жігітке үлгі, қыздарға сұлу ағасың.

Өзіңе қонған өлеңнің қимас киесін,

Әруақ болып енді кімге тағасың?

Жүрегімде менің ұстазым болып қаласың,

Ұмытар, бәлкім, ұмытпас, бәлкім, алашым.

Исламның нұры иллаһи шашсын шапағын,

Иманмен ашсаң бақидың қақпа қаласын.

Нартайдан қалған үлесіңді алдым ән құрып,

Жоғалтпаспын, жар болсын Алла, ағашым, –

деген Арзекеңнің қазасына арнаған көңіл қосын да сырнайға қосып орындап берген еді жарықтық.

Арзулла Молжігітов өзі де ақындар әулетінен туған дарын. Оның әкесі Молжігіт те өлең-сөзге шебер, ақын болған кісі екен. Қан арқылы берілген дәстүрді, ақындық ізді бүгінде есімі елге белгілі ақын, Арзулланың інісінің баласы, қолында оқып, білім алған Рахметулла Жолтаев жалғап келеді. Рахметулланы Нартайдың әндерін орындаушы ретінде де атауға болады. Мақаланың басында Арзулла Молжігітов туралы сөз бастағанда оны Нартай әндерінің бүгінгі күнге жетуіне себепші болғанын, келешек ұрпаққа насихаттағанын, «Нартай Бекежанов» атындағы мемориалдық өнер музейінде жұмыс істеп, оның мұраларын сақтай білгенін тілге тиек еткен болатынбыз. Сол Арзулла жұмыс жасаған музей бүгінгі күні де сол баяғы орнында, бәз баяғы қалпында тұр. Мұражайдың бір бұрышы Арзуллаға арналып, оны танимын, білемін, оқимын дегендерге де жағдай жасалған. Нартай ақынның шырақшысындай болған Арзулла Молжігітов хақындағы айтылар сөздің мұнымен бітпесі анық.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: