Сейсенбі, 24 желтоқсан, 23:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ислам және ізгі қоғам: Қайырымдылық асыл қасиет

10.04.2023

4921 0

Биыл мұсылман қауымы үшін ерекше жыл болмақ. Себебі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны атқару міндеті тұр. Соның біріқайырымдылық деп білемін.

Қайырымдылық – адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі, ізгіліктің анық көрінісі. Қасиетті Құран Кәрімде: «Шамаларың келгенше Алладан именіңдер. Оның айтқанына бойұсыныңдар, Алла жолында мал-мүліктеріңді жұмсаңдар. Бұл өздерің үшін қайырлы. Кімде-кім нәпсі сараңдығынан сақтанса, ол мақсатына жетуші. Егер Аллаға жақсылап қарыз берсеңдер (садақа берсеңдер), Алла оның сауабын еселеп қайтарады. Сендерді жарылқайды. Алла береген (аз жақсылыққа, көп сауап беруші) кеңпейіл, жазалауға асықпайды. Ол құпияны да, әшкерені де білуші. Ол аса үстем хикмет иесі» делінген.

Ата-бабамыз қай уақытта өмір сүрсе де өздерінің тұрмыс-тіршілігін ислам дінінің негіздерімен ұштастыра білген. «Кең болсаң кем болмайсың» деген қағиданы ұстанған дана халқымыз маңайындағы мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қол ұшын созып көмек көрсетуді өсиет еткен. Біздің жасаған қандайда бір жақсы істердің қайырсыз кетпейтіндігі жайында Қасиетті Құранда: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» деп баяндалады.

Қасиетті рамазан айының құрметі үшін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы республика бойынша «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысып, көпбалалы отбасыға сый-сияпат жасады. Азық-түлікке толы «Рамазан қоржыны» атты игі іс Сыр елінде де жалғасын табуда.

<strong>Ислам және ізгі қоғам: Қайырымдылық асыл қасиет</strong>

Жақында жаназадағы дастархан мәзіріне байланысты мақала әзірлеу үшін облыстың бас имамы Болатбек Ұласқанұлына хабарласқан болатынмын. Сол кезде аудандарды аралап, қайырымдылық жасап жүргенін жеткізді. Арада екі күн өтті. Мақала барысымен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіне барғанымда бас имам аудандарды аралап болып, қаладағы көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап жүргенін естіп, іштей қуанып қалдым. Себебі қайырымды адамдардың қайырымдылық жасағаны – үлкен сауапты іс.

Жүз теңге немесе «ауырма» сөзі

Көктемгі шуақты күннің бірі. Адамдардың бәрі асығыс. Біреуі базардан керегін алуға келеді, енді бірі саудасын жасауға асығып барады. Соларды көзбен шығарып салып, базар маңындағы Тоқмағамбетов көшесінің жиегінде арбасының дөңгелегін дұрыстап қойып, бір ер кісі отыр.

Оның да өз тірлігі бар. Әрі-бері өткен адамдарға жәудірей қарап, қолын созып, алақанын жайып қояды. Еркектік намысты ысырып, солай несібесін табуда. Егер он екі мүшесі сау болса, мүмкін басқаша тірлік жасар ма еді деп ойлайсыз, еріксіз… Бірақ өзім көбіне сол жерден өткендіктен әлгі кісіге садақамды беріп кетуді әдетке айналдырдым.

Бір күні құрбым екеуміз келеміз. Арбадағы аға алақанын жайып отыр екен. Ол да күнделікті менің садақа беретінімді біліп алғандай, таныс адамдай жымия қарап, «Алла разы болсын, ауырма» деген тілегін жаудыра бастады. Ауырма дегені өзі арбада отырған соң денсаулықтың қадірін біледі. Содан да болар, айналасындағыларға ауырма деп отырады. Ол кісіге тиын-тебен берсеңіз, сіз де осы сөзді естисіз. Содан мен де әдеттегідей жүз теңгемді бере қойдым. Оны көрген құрбым:

– Бес-он теңге бере салуға болмады ма? Неменеге жүз теңге бердің?, – деп таңдана қарады.

– Мен үнемі жүз теңге беремін. Ақшам мол болса одан да көп бергім келеді. Неге жүз теңге десең? Берген садақам ең құрығанда бір бөлке нанына жетсе екен деп ойлаймын, – деп жауап бердім. Расында, нан алып жесе екен. Қарны аш болмаса екен. Өз қазағымыз ғой деп алаңдайтыным бар. Қолдан келгенше қайырымдылық жасауды мен анамнан үйрендім. Көшеде қайыр сұраған жан кездессе болды, анам қалтасындағы тиындарының бәрін санамастан береді. Жүрегінің жұмсақтығы сондай тіпті көшедегі үйсіз қалып, әр жерде түнеген, түрі қашқан жандар мазасы болмай, алақанын жайып жүретіндердің өздеріне де садақасын беріп жүреді. «Бөліп-жарып қарағым келмейді. Ол да өзіміз секілді пенде ғой. Тағдыры сондай болғаны да қайтсін енді» деп жанашырлық танытып қоятыны тағы бар. Әлі күнге дейін солай… Кейде оның осы ұстанымына іштей риза болып қараймын.

<strong>Ислам және ізгі қоғам: Қайырымдылық асыл қасиет</strong>

Баланы қуантуға асықтым

Анам айтқандай, менде адамдарды «бөліп-жарып қарағым келмейді». Өйткені ол қандай жан болмасын, ол да Алланың жаратқан адамы. Айналып келгенде бәріміз бірдейміз.

Жақында тағы ескі базарға бардым. Әр барған сайын балмұздақтың коктейлін ішкенді ұнатамын. Сол әдетім бойынша коктейль сатып алуға кезекке тұрдым. Сатып алушылар арасынан бір кішкентай баланы көзім шалды. Қап-қара көз жанары әлгі коктейлге қызыға қарап тұрды. Өзіміздің қазақтың баласы емес, қайыр сұрап жүрген тәжіктің баласы екені байқалды.

Шынымды айтсам, баланың көңілін қимадым.

– Коктейль ішесің бе?, – деп сұрадым. Кішкентай тәжік қазақша сөйлемесе де түсінеді екен. Жылы сөйлегенімді сезді ме, күлімдеп қарап, «иә» дегендей басын изеді. Содан сатушы қызға «ақшасын мен төлеймін. Тағы бір коктейль дайындаңызшы», – дедім. Әлгі бала жанымда коктейлі дайын болғанша күтіп тұрды. Оны байқаған айналамдағылар маған әртүрлі көзқараспен қарағандары да болды. Бірі «жарайсың» десе, енді бірі «тәжіктің баласын жарылқағаны несі» деп те айтылды. Бірақ мән бермедім. Маған оның ұлты маңызды болмады. Бастысы, оны қуантуға асықтым.

Қолына коктейлін алып, маған жәудіреген көзімен «рохмат» деді қуана. Содан коктейлін ұстаған күйі аспалы көпір жанында отырған анасына қарай жүгіре жөнелді. Сол кезде оның қуанғаны өзіме ерекше әсер етті. Үлкен іс тындырмасам да кішкентай балаға сәл болса да қуаныш сыйлағаныма риза болдым. Қолына ақша ұстата салуға болар еді. Бірақ бала болып, ол да бір коктейлдің тәтті дәмін татсыншы дедім.

Ең сауапты іс

Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де шынайы ықыласпен берілуі қажет. Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан. Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек: мұқтаж жанға беру, Алла разылығы үшін берілуі, берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс.

Садақа – қайырымдылық істердің бастауы. Бұл жақсылықты жасай отырып, біз Алладан еселенген сауаптар аламыз. Пайғамбарымыз: «Садақа – мал дүниені кемітпейді, керісінше оны молайтады», – деген.

<strong>Ислам және ізгі қоғам: Қайырымдылық асыл қасиет</strong>

Өміріңізді ұзартады

Жалпы «Садақа бәлені қайтарады және өмірді ұзартады» дейді. Ол туралы мынадай аңыз, Құраннан келтірілген бір оқиға бар:

Бір күні Иса алейһиссалам асхабымен бір жерге бара жатқанда жолда кір жуып жатқан адамды көріп, сәлем беріп өтеді. Ол жерден біраз алыстағаннан кейін Иса алейһиссалам:

– Қайтарда бұл адамның жаназасына дайын болыңдар, – дейді. Кейін қайтар жолда әлгі адамның тірі екенін көреді. Бұған таң қалған Иса алейһиссалам Жәбірейіл алейһиссаламнан:

– Уа, Жәбірейіл, бұл адамның өлетіні маған білдірілген еді. Алайда өлмепті. Себебі не?, – деп сұрайды. Сонда Жәбірейіл алейһиссалам:

– Иса, ол адамды жуылған кірлерінің арасында жатқан қара жылан шағып өлтіруі керек еді. Бірақ ол адам садақа берген екен. Сонысы қабыл болып, өмірі ұзартылды, – деп жауап берді. Осы сөзден кейін әлгі адам кірлерінің арасын қарағанда қап-қара өліп қалған жыланды көреді.

Қорыта айтқанда, қабыл болған дұға және садақа келе жатқан бәлені қайтарады. Келген бәлелердің кетуіне, өмірдің ұзаруына себеп болады екен.

Пайдасын білесіз бе?

         Садақаның сауабы мол. Көбіміз садақа береміз. Бірақ оның қандай адам баласына қандай пайдасы бар екенін білеміз бе? Кеңірек тоқсалсақ, осы дүниедегі 5 пайдасына мыналар жатады: мал-дүниені тазартады, күнәларды өшіреді, ауру мен апаттан сақтайды, мұқтаж жанды қуантады, ризықты арттырып, табысты берекелі етеді.

Ал ақыреттегі 5 пайдасы: қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады, тозақтан құтқарады, таразыда сауабы басым болады, сират көпірінен өтуі мен дүниесінің есебін беруді жеңілдетеді.

Садақа беруде миллиондаған қаржың болуы шарт емес

Дәл осылай деп өз пікірін білдірді, Қызылорда облысының дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Жеңісбек Дәрібаев:

– Қазіргі қоғамда мұқтаж жандарға қол ұшын созып мүмкіндігінше көмек беріп жатқан жомарт жандарды естіп те, көріп те жүрміз. Сондай-ақ еріктілер әлеуметтік желіде көмекке зәру болған жандарды жариялап елдің назарын аударту арқылы көпшілікпен мұқтаж адамдардың қажетін өтеп жатқандығы да кездеседі. Жалпы садақа дегеніміз не?

Оны не нәрсемен жасалады? Деген сауалдар болуы мүмкін. Араб сөзінен енген садақа сөзі қазақ тіліне сөзбе-сөз аударсаңыз, «Шын ықыласпен сыйлау» дегенге саяды. Садақаны тек ақшалай ғана емес, оны кез келген заттармен өтеуге болады. Оның белгілі мөлшері жоқ. Яғни кез келген адам мұқтаж адамдарға өзінің шамасы келгенше көмек қолын ұсына алады деген сөз. Мысалы, еріктілер не белгілі қайырымдылық қор әлеуметтік жағдайы төмен отбасының үйге зәру екенін әлеуметтік желіге жариялап, көпшіліктің берген ақшасымен үй алып беріп жатыр. Соған өзіңіздің шамаңыз келгенше үлесіңізді қоссаңыз сауапты іс болар еді. Садақа беруде миллиондаған қаржың болуы шарт емес.

Осындай игі істерге қоғам болып атсалысқаны абзал. Қазақта жылу жинау, асар сияқты дәстүрлер бар. Негізінен бұл да садақадан бөлек емес. Өйткені мұқтаж адамға ақашалай не заттай қол ұшын берген адамды дінде садақа беруші деп түсінсе, қазақ мәдениетінде жылу жинау деп түсінеміз. Сайып келгенде атауы екі түрлі болғанымен мақсаты бір қайырымдылық іс, – деді Ж.Дәрібаев.

Тілші түйіні:

Расында, садақаның сауабы мол. Өз басымнан өткен бірғана мысал келтірсем, өткенде науқастанып, емге қатынайтын болдым. Содан арбадағы ағаның «Алла разы болсын, ауырма» деген сөзі үшін күнделікті садақа беруді шын көңіліммен қалап, қолға алдым. Сенесіз бе, алған емім шипа болып, тез сауығып кеттім. Сол кезде Аллаға шүкірімді айтып, әлгі ағаға садақа беруімді одан сайын жиілете түстім.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Ағаның «ауырма» деген сөзінің өзі қаншалықты құдіретті болып тұрғанын біле беріңіз. Міне, садақа сыйы деген осы. Иә, ислами ізгі қоғамда жүрегі кең, қолы ашық, қайырымды жандар көбейіп, бір-біріне қолдан келгенше көмектессе, жылы сөйлесе, тіпті күлімдеп қараса, айнала мейірімділікке, әдемілікке айналар еді. Себебі Алла Тағаланың өзі жақсылықты жақсы көреді емес пе…    

#ислам_ізгіқоғам #aqmeshit_kz

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: