Дүйсенбі, 19 қаңтар, 19:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№4 (2216)
17.01.2026
PDF мұрағаты

Жастар діни манипуляцияға қалай беріледі?

19.01.2026

46 0

Қазіргі уақытта жастар дінге бұрынғыдан да көп қызыға бастады. Бұл – жақсы құбылыс. Бірақ сол қызығушылықты кейбір адамдар теріс бағытта пайдаланып кетіп жатыр. Олар дінді сылтау етіп, жастардың санасын өздеріне бағындыруға тырысады. Мұны діни манипуляция деп атаймыз.

Діни манипуляция – адамның сенімін пайдаланып, оны дұрыс емес жолға бағыттау. Көбіне мұндай жағдайға өмірлік тәжірибесі аз, бағыт-бағдары әлі толық қалыптаспаған жастар тез түсіп қалады. Жастар неге діни манипуляцияға тез беріледі? Біріншіден – өмірлік тәжірибенің аздығы. Жас адам көп нәрсені көріп, бастан кешірмегендіктен:

  • айтылған сөзге тез сенеді;
  • беделді көрінген адамға ереді;
  • әр ақпаратты тексеріп үлгермейді. Осыны пайдаланған кейбір «уағызшылар» өздерін өте діндар, бәрін білетін адам етіп көрсетеді. Екіншіден – өмірдің мәнін іздеу. Жастық шақта адам: «Мен кіммін?», «Өмірдің мақсаты не?», «Жұрт айтқан арғы өмір бар ма?» деген сияқты сұрақтарға өз бетінше жауап іздей бастайды. Осындай сәтті пайдаланған көлденең көк аттылар: «Тек біз ғана тура жолдамыз» десе, әлі буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жас жеткіншек соған сеніп қалуы бек мүмкін. Үшіншіден – әділетсіздікке наразылық көп. Қоғамда:

  •         жұмыс табу қиын,

  •         табыс аз,                 

  •         болашаққа сенім төмен. Осыны кейбіреулер: «Мұның бәрі діннен, Құдайдан алыстағандықтан» деп, ашу мен ренішті дінмен байланыстырып жібереді.

Діни манипуляция қалай жүргізіледі? Оның бірнеше жолдары бар. Діни ағымдардың ең басты методикасының бірі – бүкіл әлемдегі адамдарды «Біз және олар» деп екіге бөлу. Манипуляция жасаушылар: «біз – дұрыс жолдамыз», «басқалар – адасқандар» деп үйретеді. Нәтижесінде жас адам ата-анасын тыңдамай, қоғамнан алыстап, тек сол топтың сөзіне ғана сенеді. Ал кейбіреулері дінді қорқыту құралы ретінде пайдаланып бағындыруды көздейді. Мысалы, тек тозақ жайлы, тек азаптану мен қорқыныш арқылы түсіндіреді. Сонда жастар сұрақ қоюдан қорқып, қоғамдағы кейбір өз бетінше жасалатын амалдарды «күнә болады» деп, бұйрық берушіге ғана бағынады. Дінді бір жақты түсіндіру манипуляциясы:

  •         аяттар мен хадистерді толық түсіндірмейді;

  •         тек өзіне тиімді жағын ғана айтады;

  •         салт-дәстүрді жоққа шығарады. Ал бұл аталғандар қазақ қоғамы үшін өте қауіпті.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта манипуляция көбіне:

  •         TikTok,

  •         YouTube,

  •         Telegram әлеуметтік желілері арқылы арқылы жүріп жатыр. Манипуляция жасаушы топ қысқа, әсерлі, эмоцияға толы видеолар арқылы жас адамның эмоциясына тез әсер етіп, «мынау дұрыс адам екен» деген ой қалыптастырады. Ал оның білімі, мақсаты, қай жақтан екені тексерілмейді.

Жастарды осындай діни арбап-алдаудан қорғаудың басты аспабы, ол әрине – отбасы. Егер отбасында:

  •         дін жайлы дұрыс әңгіме болмаса;

  •         бала сұрақ қоя алмаса;

  •         тек тыйым мен ұрыс болса – онда жас бала жауапты сырттан іздейді. Өкінішке қарай, осындай жағдайлардың көбі қазіргі таңда арты қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырып жатыр. Сол үшін ұрпағы мен елінің болашағына алаңдаған әрбір жас жеткіншектің миына: біріншіден – базалық деңгейде діни сауаттылық, екіншіден – жақындарымен ашық әңгімелесуден қысылмау, үшіншіден – ұлттық тәрбие мен қазақи құндылықтар бірге қондырылуы тиіс.

Қорытындылай келе, жастардың діни манипуляцияға берілуі – олардың жаман ниетінен емес, дұрыс бағыттың жоқтығынан болып жатқаны деп айта аламыз. Сондықтан да, егер біз жастарға дұрыс түсіндіре білсек, өзі қызығатын діни тақырыпта сөйлесе алсақ, өзіміздің салт-дәстүріміз бен ырым-тыйымдарымызды толықтай айшықтап ұғындырып, сол арқылы қазақтың құндылықтарында да дінге негізделген түсініктерді сауатты түрде көрсете алсақ олар ешқандай теріс ағымға ермейді деп сенеміз!

Бақберген Сарсенбайұлы

Қызылорда облысы, Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

аға  маманы, теолог

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: