Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сыр өңірінен шыққан қазақ басылымдары

01.02.2021

9896 0

Бүгінгі таңда халқымыз өткен тарихи жолдарды саралау, оның ұлттық құндылықтарын бағамдау мақсатында Елбасымыздың тікелей басшылығымен Үкімет қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының маңызы аса зор болды. Ал ұлттық мерзімді басылымдар, яғни баспасөз, оның ішінде Елбасы айтқандай „Сыр-Алаштың анасы“ атанған Қызылорда өңірінде шыққан басылымдар өз тарихымызды саралауда басты тарихи дереккөз болып табылатыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та „Тәуелсіздік бәрінен қымбат“ атты мақаласында тарихты қайта саралау қажеттігін назарға салған болатын. 1925-1929 жылдары Қызылорда Қазақстанның астанасы болған уақыт Сыр өңірінің мерзімді ұлттық басылымдарының қалыптасқан, шыңдалған кезі болды.

1925 жылы Астананың Орынбордан Қызылордаға көшiрiлуi халықтың рухани өмiрiнде оның алдына жаңа мiндеттер қойды. Ең бастысы, бәрiн де жаңадан бастау керек болды. Содан 1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана – Қызылордаға  көшірілді. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатындағы 141-қор, 1-тізбе 367-іс 20-парақтағы деректерде қаржылық қиыншылыққа қарамастан Қазақстанда шығарылган газеттердің саны 31-ге жеткені айтылған. Архив құжаттарында сол 31 газеттің 13-і қазақ тілінде жарық көргені де жазылған. Бүгін Қызылорда астана болған кездегі Сыр өңірінен шыққан қазақ тіліндегі мерзімді басылымдар туралы сөз қозғамақпыз.

Сыр өңірінен шыққан қазақ басылымдары

«Ауыл тілі» газеті. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатындағы 141-қор, 1-тізбе, 998-іс, 110-парақтағы мәліметтерде бұл басылымның өлкенің партия комитеті, кәсіпшілер одағының және Сырдария губерниясының атқару комитетінің 1926 жылдың 20-шілдесінен 1929 жылдың 12-ақпанына дейін Қызылорда қаласында шығып тұрған апталық шаруа газеті болғаны көрсетілген.

Біз сілтеме жасап отырған Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің мұрағатында сақталған де­ректерге сүйенсек бұл – ауыл шаруашылығына арналған тұңғыш салалық газет. Осы мұрағаттағы 141-қор, 1-тізбе 1562-іс, 443-парақта: ««Ауыл тілі» газеті 1926 жылы қазан айында берген есебінде, газеттің 4 беттен, 1500 данамен тара­лып, редакторлық қызметті Жалау Мыңбаев атқара­тындығын, газет редакциясында түрақты партия қатарында бар Б.Байтоғаев, С.Мұқанов, Б.Майлин сияқты қызметкерлер еңбек ететіндігін білдірсе, 1928 жылы газеттің тиражы тамыз айында 263 болса, қарашада 1256-ға дейін көтерілген» – деп жазылған. 1926 жылы партиялық тексеріс нәтижесінде газеттің №1 санында «Қазақ тіліне шағым», «Бөртешілердің арманы» деген мақалалар жарияланып, онда партия-кеңестің қоғамдық жұмысындағы кейбір кемшін тұстары сынға алынған. «Газет партияның ұлтаралық саясаты мәселесін мүлде көтермеді. Шаруа басылымы болса да оның көпшілік мате­риал­дары 1916 жылға арналды» делінді тексеру есебінде. Бұл газетте қызмет ететін 52 ауылдық тілші болған. М.Дулатов «Ауыл тілі» газетінің белді қызметкерінің бірі болды. Қазақстан Баспа комитетінің баспасөз бөліміне жазған хатында «Мен «Ауыл тілінде» қызмет еткенде газеттің тіліне ажарлық (кейбір хаттарды түзеу), газеттерден керекті хабарлар теріп алу, орысша жарлық-үндеуді аудару… қызметтерін атқардым, мақала жаздым», – деп келтіреді.

Сыр өңірінен шыққан қазақ басылымдары

Голощекиндік «Кіші Октябрь» саясаты аясында 1926 жылы 25-30 қарашасында өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті мен өлкелік бақылау комис­сиясының біріккен пленумында ауылды кеңестендіруде партия ұйымдарын құрудан, ауыл коммунистерінің мәдени-саяси деңгейін көтеру, ауылдық кеңестерге басшылық жасау, кедейлерді «Қосшы» одағына және батырақтарды Егіншілік және орман қызметкерлері кәсіптік одағына (Рабземлес) ұйымдастыру, бұқаралық науқандар өткізу сияқты шараларды жүзеге асыруды мін­деттеді. Осы тұста «Ауыл тілі» газеті де партияның кеңестендіру саясатының күші ретінде құрылған «Қосшы» ұйымының жұмысын назардан тыс қал­дырмай, ұйымның маңызын оқырмандарға түсін­діруге тырысты. 1926 жылғы 2 санында жария­лаған «Қосшы» ұйымы қандай ұйым?» деп ата­­латын мақалада кедей шаруа, батырақ, малайлар мен орташаларды біріктіретін, соларды жуан жұды­рықтылардан қорғайтын, жұмыстарының іргелі басуына басшылық жасап, жөн сілтейтін ұйым екендігі түсіндірілді.

«Ауыл тілі» газеті сол кезеңдегі барлық басы­лымдар сияқты оқу, денсаулық, ауылды кеңес­тендіру, қазақ байларын тәркілеу, индустрияландыру мәселелерін көтерді.

Газет бетіне «Шаруа күні», «Бұрын қазақта той көп болатын», «Мал аурулары» сияқты ауыл тілшілерінің және Алтайдың «Қазақ инженері Сәтбайұлы Қаныш», Ж.Аймауытовтың «Құтыру», Ғ.Мүсіреповтің «Үлгі боларлық ауыл», С.Сейфуллиннің «Ауыл байғұс мінекей» мақалалары, С.Мұқановтың «Қысқы кіреші» өлең­дері, Б.Майлиннің «Рахиланың көк тұсағы» әңгімесі, І.Жансүгіровтің «Қонақтар мен қожайын» сықағы ең алғаш осы газетте жарияланды. «Ауыл тілінің» сол кезде «Еңбекші қазақ» газеті жазғандай, «Ауыл тілі»  ауыл шаруасына арналған жаңа газет болды.

«Ауыл тілі» газеті ауылды кеңестендіру күре­сінде өзіне жүктелген міндетін абыроймен орындап, 1929 жылы 12-ақпанда 129 нөмірінен кейін өзінің шығуын тоқтатты.

Сыр өңірінен шыққан қазақ басылымдары

«Әйел теңдігі» журналы. «Әйел теңдігі» жур­налы БК(б)П-нің Қазақ өлкелік комитетінің әйелдер бөлімінің органы ретінде Қызылорда қаласында шығып тұрды. Оның редакторлық қызметін Сара Есова атқарды. Журнал 1925 жылдың 5 мамырында өлкелік партия комитетінің жанындағы әйелдер бөлімінің газеті ретінде «Теңдік» деген атпен Орынборда шығарылған. 1926 жылдың шілдесінен бастап Қызылорда қаласында «Теңдік» газеті журналға айналып, «Әйел теңдігі» деп аталды. Журналдың редакторлық қызметін 1925-1932 жыл­дары Сара Есова, 1932-1934 жж. Нұржамал Сәнәлиева, Нағима Арықовалар атқарды. Кейіннен журнал аты бірнеше өзгеріске үшырады. Қазірде «Қазақстан әйелдері» деген атпен шығады. Журналда Нағима Арықова, Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаева, Әмина Кемелова, Зейнеп Тоқберлина және тағы басқа қыздар қызмет етіп, қазақ әйелдерін жаңа өмір ағысына, қоғам ісіне тарта білді.

«Әйел теңдігі» журналына жарияланған М.Дулатовтың «Қазақ әйелі» деп аталатын мақа­ласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыруы бесіктен басталатындығы, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атас­тыратындығы, бұл «қарғы бау» деп аталатын­дығы келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны «әмеңгерлік» жолмен ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шал екең алмайды, мал екең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді.

Журнал редакторы Сара Есова басылымның бүкіл Қазақстан әйелдеріне таратуда губерниядағы, уездегі әйелдер бөлімі арқылы насихаттау қажет деп көрсетті. Журнал ауылды жерлерге бар­майтындығын, тіпті ауылдан әйел жазушылардың жоқтығын, қазақ әйелдеріне журналдың тигізетін маңыздылығы зор екендігін баса жазды. Қоғам өміріне белсене араласып, теңдік жолында күресіп жүрген әйелдер турасында журналға қысқаша болса да жариялап отырды. Бұл бір жағынан, қызметке араласып жүрген қазақ әйелдерінің рухын көтерсе, екіншіден, әлі ескілік шырмауынан шыға алмай отырған қазақ әйел, қыздарының арасында қызығушылық тудыратындығын көрсетті. Сара Есова «Әйел теңдігі» журналының 1926 жылғы №12-13 санына жариялаған «Қатарымыз көбейіп келеді» деген мақаласында: «Осы кезде кеңестің төменгі құрылысында қазақ әйелдері де көріне бастады. Бұл әйелдердің ішінде қызметі, еңбегімен танылған жақсы, жігерлі әйелдер бар. Теңдік іздеп, оқу-білім қуып, ауылдан келген әйелдер оқу ордамызда да көбейе бастады», – деп жаза келе, олардың қатарына Ағжан Аман келінін, Қамаш Жарылқамысқызын, Қайша Омартбайқызын, Меруерт Қоянбайқызын атайды.

Журнал тілші болғанның өзінде журналға не жазылуын білуі абзал екендігін де ескертті. Мәселен, «Тілшілер не жазу керек?» атты мақалада тілшілердің газет пен журнал айырмасын білудің қажеттігін келтірді. Оған маңызын жоғалтпайтын мақалалар жариялануы керектігін атайды. Жур­налдың түпкі мақсаты – қазақ әйелдерінің сана-сезімін ояту, оларға саясат тәрбиесін беру екендігін де естеріне салады. Бұл ақпарат Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатындағы 141-қордың 1-тізіліміндегі 2234- 58-парақтағы мәлі­меттерде тұр. 

«Әйел теңдігі» журналының «Жалпы бөлімінде» әйел бөлімдерінің алдына қойылған аса маңызды мәселелер мен олардың орындалу барысы, әйелдер бөліміне жүктелетін міндеттер, қальңмал мәселесі, сауатсыздықты жою барысына қатысты жүргізіліп жатқан шаралар, қызыл отау жұмысы және тағы басқа әйелдерге аса қажетті өткір деген мәселелер көтерілді. Қазақ әйелдерінің Қазан төңкерісіне дейінгі ауыр жағдайы, мал есебінде сатылып кетуі, ал Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бұрындары үйден шықпайтын қазақ әйелдерінің еңбекшілер қатарына қосылуы журналдың басты тақырыбына айналды. Журналдың «Әдебиет бөлімінде» әйел тақырыбына арналған әңгімелер мен қазақ қыздарының өлеңдері жариялана бастады. Ә.Бөкейхановтың «Қыр қазағы» деген бүркеншік атпен жазған «Ақсақ кемпір» атты әңгімесі («Әйел теңдігі».-1927.-№10-11.-109-112б), Бейімбет Майлиннің өлең, әңгімелері, атап айтқанда, «Раушан коммунист», («Әйел теңдiгi».- 1927.-N10-11.- 88-104 б.;N12.- 48-58 б.;1928.- N2.-50-55 б.;N4.-70-82 б), Малай деген бүркеншік атпен жарияланған «Айымкүл»,(«Әйел теңдiгi».- 1926.-N1.- 35-37 б. «Ел күйеуi» сол сияқты, «Ерлiк құрбаны», «Әже», «Некеқияр»,  Ж.Аймауытовтың «Ақ білек», Қошке Кемеңгеровтың «Назиқа», Шолпан Иманбаеваның теңдік, бостандық жолында жазылған «Жалшы әйелдер аузынан», «Октябрь мей­рамы» сияқты әдеби туындылары жарияланған.

Ал «Дені саудың – жаны сау» айдарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Сара Қапакелінінің отбасылық тазалық, бала мен әйел күтімі, жұқпалы аурулармен күресу барысы турасында дәрігерлердің кеңес берген мақалалары басылып, оқырмандарын салауатты өмір сүруге шақырды. Партияның саясатына байланысты журналда қандай тақырыпта мақала жарияланса да оның мазмұнында үкімет пен партия саясатын қолдау және насихаттау, партия бағытынан ауытқушыларға қарсы күрес жүргізу сияқты мәселелер жиі қозғалып отырды. Әйтсе да журнал 20-30-жылдардагы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерге қазақ әйелдерінің қатысу барысын айқындауда көп көмек тигізеді.

Журнал 1934 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің қаулысы бойынша жабылып, оның редак­циясы «Ауыл коммунисі» журналымен қосылды.

«Денсаулық жолы» журналы. 1929-1932 жыл­дары Қызылордада денсаулық сақтау мәселелеріне арналып, қазақ тілінде шығып тұрған журнал. Оның 1929 жылы тамызда жарық көрген 1-санының 36 беті араб әріптерімен, 4 беті латын әріптерімен теріліп, 4 мың данасы тарады. «Денсаулық жолының» жарыққа шығуына игі ықпал еткен Қазақстан Денсаулық сақтау халық комиссары М.Тәтімов алғашқы жылдары бас редактор (1929–30) қызметін қоса атқарған. 1930–32 жылдары Б.Әбдірахманов пен С.Аспандияров бас редактор болды. Х.Досмұхамедұлының мақалалары журналда жиі жарияланып тұрды.

«Денсаулық жолында» әйел гигиенасы, тазалық мәселесі мерзімді басылымдардың бір тақырыбы болды. Бүндай тақырыппен көбіне дәрігерлер мақалалар жазып, әйелдерге ақыл-кеңес беріп отыр­ған. Мәселен, Аққағаз Досжанова «Денсаулық жолы» журналдарына мақала жариялап, тазалық, тәрбие жүкті әйелге қалай керектігін айта отырып, жас баланы қалай тәрбиелеу, күту жөнінде ақыл-кеңес берсе, ал Мағрипа Қойайдарқызы үйдің тазалығын сақтау, киімді таза кию, жұқпалы аурудан сақтау жөнінде ақыл-кеңес берген. Рахия Ермеккеліні де босанатын жүкті әйелдер мен жас баланы қалай күту жөніндегі ой-пікірін аталмыш журналға жа­риялап, оқырмандарымен бөліседі. «Денсаулық жолы» журналының тарихына қызыққан адам бұл мәліметтерді аталған басылымның 1929-№2 санынан оқи алады.

Журналға мал дәрігерлігі саласы бойынша М.Титақұлының «Аурудан өлген малдың өлексесі және олардың зияны» атты малшаруашылығына, санитарлық тазалыққа  байланысты келелі мақаласы жарияланды («Денсаулық жолы»1931-№5-13-16бб). Осы журналдың 1931жылғы №1 санына С.Асфендияровтың «Денсаулық сақтау майданын жетілдіру керек» деген мақаласы жарияланды. Мақалада сол кездегі жергілікті халық арасында өлім-жітім көптігін, елдегі құрт ауруы, безгек, сүзек және тағы басқа жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі нақты ұсыныстар айтылған. Сол сияқ­ты, Ж.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі», А.Сейітовтің «Ел ішіндегі науқастар және денсау­лық қорғау жұмысы», Ж.Аймауытовтың «Құтыру: (Аурудың белгілері және оны танудың жолдары)»  және т.б. мақалалары жарияланып тұрды.

Журнал 1932 жылы жұмысын тоқтатты. 1990 жылы «Денсаулық» деген атпен қайта шыға бастады.

«Жаңа әдебиет» журналы. Қазақстан партия ұйымының көмегімен  жазушылар ұйымы 1928 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бұрынғы бірер рет шыққан «Жыл құсы» деген жинақтың орнына дербес журнал шығарды. Журнал 1928-1932 жылдары Қызылорда қаласында, кейін Алматы қаласында шығып тұрды. Оны сол дәуірге сай «Жаңа әдебиет» деп атаса, осы күнгі журнал «Жұлдыз» деп аталады.

«Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы 1-ші саны көркем туындыдан сол кездегі жас ақын Т.Жароковтың «Аэроплан»  дейтін әйгілі өлеңімен ашылған.

«Жаңа әдебиет» журналы 5 бөлімнен тұрды: әдебиет бөлімі, сын бөлімі, халық әдебиеті бөлімі, үйрету-үйрену бөлімі, күлкі-сықақ бөлімі. Мәселен, журналдың 1928 жылғы №10 нөмірінде 1-бөлімде – Ілиястың «Қос аяқ», Әлкейдің «Кезген күндер», Жүсіпбектің «Күнекейдің жазығы», М.Көшекұлының «Қыз анасы» әңгімелері, 2- бөлімде М.Горькийдің «Мен жазуды қалай үйрендім» әңгімесінен Ильястың аудармасы, 3-бө­лімде Абдулланың «Асаубай тақпағы», 4-бөлімде Ақылдың «Қалай жазу керек», Малайбайұлының «Қуларды кеңестен қуу» пьесасы, 5-бөлімде- Мағзымның «Не қызық?», Бүргенің «Кім күшен­шек?» сықақ әңгімелері жарық көрген. Байқап отыр­ғанымыздай журналда авторлардың көпші­лігінің бүркеншек есімдері қолданылған.

Журнал беттеріне тарихи, танымдық зерттеулер көптеп жарияланды. 1929 жылдың №1 санында «Жаңа әдебиет» журналына жарияланған «Әзірет Сұлтан» атты көлемді мақаланың авторы Ж.Аймауытов Қожа Ахмет Ясауидің неліктен «Әзірет Сүлтан» аталуының мәнісін бірнеше ғылыми зерттеулерге сүйене, айқындауға тырысты. Әмір Темірдің өмірі мен қызметіне арналған ирандық Шарафатдин Әли Иаздидің «Зафарнамасында» Қожа Ахмет туралы мағлұматтар барлығы жөнінде, бұл кітаптың Түркістан қаласына 35 шақырым «Ясы» деген қалада жазылғандығын келтіре отырып, Қожа Ахметтің «әулие» атануының себебін анықтайды. Оның ойынша, Қожа Ахметтің «әулие» атануы төңіректегі елге би болып, әділдігіне мұсылман түгіл христиан дініндегі адамдар іздеп келіп бітім айтқызғандығынан. Тарихта қатыгез атанған Ақсақ Темірдің тарихи образын сомдауда               Ж.Аймауытов оны жақсы қырларымен танытпаққа тырысады. Оның мәдениет орнатуға қам қылып, араб, парсы, үнді мемлекеттерінен ғалымдар мен өнерпаздар алдырып, мектеп-медресе салдырып, оларға дәріс оқытқызғандығын, ең бастысы Қожа Ахмет Ясауиға арнап өшпес белгі ретінде мешіт салғызуын үлгілі іс санайды. Мақалада көрсетілгендей, Әмір Темір Қожа Ахмет Яассауидің мешітін жер жүзінде жоқ, аса керемет қылып салмаққа бекінген. Бұл мешіт үлкендігімен, сұлулығымен, айбындығымен ерекшеленіп, жабайы елдерге мешітті көргенде үрейленетіндей әсер қалдыруы тиіс болған. Мешітті салдыруға Ақсақ Темір парсы шебері Хүсейін Ширазиды алдырған. Автордың жазуынша, Ақсақ Темір ол мұратына жетпеген. 1397 жылы басталған мешіт құрылысы оның қайтыс болуына байланысты бітпей қалады.

Ж.Аймауытов бұл мешітті аяқтамақ болған Ғабдолла хан турасында да мәліметтер келтіреді. Хан Ақсақ Темірдің жобасын 4 есе кішірейтіп, биіктігін де жеткізе алмаған, күмбезін де бүрістіріп жіберген дейді. Мешіттің сыртына Қоқан хандары биік қорған соғып, мылтық ататын арнайы тесіктер жасатқан.

Сондай-ақ ол Әзірет Сұлтан мешітіне жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы туралы түрік, парсы журналдарына жарияланғандығын айтып, өз жерімізде мешіт қүрылысының не болып жатқандығын білу үшін мерзімді басылымдарға жариялау, оған үкімет жәрдем берсе деген ұсыныс айтады.

1920 жылдарда Абай және оның ақындығы туралы әдебиетшілер арасындағы тартысқа байланысты журналдың 1928 жылғы 3-5 санында С.Мұқановтың «Әркім өзінше» ойлайды» деген материалы жарияланған. Бұл мақаласында С.Мұқанов  Ы.Мүстамбаевтың «Қызыл Қазақстан» журналыңда жарияланған мақаласына жауап жазып, өзінің «Абай – байшыл ақын» деген тұжырымын тағы да «дәлелдеп» шығады. Осыған байланысты журналдың сол жылғы 7-8 сандарыңда Ы.Мұстамбаевтың «Абай» деген көлемді мақаласы жарияланған. Бұл мақаласында автор Абай шығармаларына тек қана таптық тұрғыдан қарамау керектігін айтып, оның ақындық шеберлігін нақты мысалдармен дәлелдеуге әрекет жасайды. Журналда Б.Майлиннің «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры»,  «Көктеректiң бауырында», «Қанды кек», «Қара шелек» секілді әңгімелері, Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесі және тағы басқа ұлт зиялыларының шығармалары мен әлем классиктері шығармаларының аудармалары жарияланып отырды. 

«Жаңа мектеп» журналы. Қазақстан халық ағарту комиссариятының органы «Жаңа мектеп»  журналы 1925-29 жылдары Қызылорда қаласынан шығып тұрды. Журналдың қалыптасуына А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Әуезовтер ат салысты. Дәуір талабына, заман ағымына карай, журнал әртүрлі аталды. 1933-1934 жылдары  «Политехникалық мектеп», 1934-1939 жылдары «Ауыл мұғалімі», 1939-1960 жылдары «Халық мұғалімі» делінсе, 1961 жылдан қазіргі атауы «Қазақстан мектебі» болып шығады.

«Жаңа мектеп» журналының 1926-1929 жыл­дардағы беттерінен сол кездегі оқу-ағарту жайын көруге болады. Ол айына бір рет шығып тұратын ғылыми-педагогикалық журнал болды. Оның ғы­лыми педагогика, аймақтану, жалпы білім, әдебиет бөлімі, ресми бөлімдері болды. Басылым беттерінде Әуезовтің қолтаңбасы сайрап жатыр. 1927-1928 жылдары жас Мұхтардың әйгілі «Қараш-Қараш оқиғасы» кітап болып шықпай тұрып, үзбей журналда басылды. Сондай-ақ жазушы журналдың әдебиет бөліміне қызу араласып, бірқатар зерттеу мақала жазды.

Аймақтану бөлімінде Қазақстанды Ресейдің отар­лауы, ел ішінде көтерілістер жайында бірқатар мақалалар жарияланып отырды. Соның бірі – Исатай мен Махамбет көтерілісі. А.Мамытұлының «Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №1 санында «Исатай мен Махамбет» атты мақаласында қызықты мәліметтер келтірілген. Мақалада көрсетілгендей, ел аузында айтылып жүрген сөздерге қарағанда, Исатай батыр Тайман баласы ер көрінеді, от ауызды, орақ тілті адам болған. Анау-мынау адамға ашылмайтын хан Жәңгірдің есігі Исатайға қашан келсе де ашық болған. Ханның үйіне кіргенде отырған билерді баса, жанша сөйлей кіріп, олардың меселін қайтарып тастап отырған.

Мақалада Исатайдың «Хан ұлына қаспын, қара ұлына баспын» деп ұран салып Жәңгір ханды шабамын дегені қара халықты жұмыла оның артына еруге алып келіп, Орданың күншығыс жағындағы 150-160 шақырымдай жерде қол жиналып, бұл ең ірі көтеріліске айналды деп келтірілді.

Журналдың 1926 жылғы №1 санында Патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы Сыр өңірі қазақтарының көтерілісі жайында «Жанқожа батыр Нұрмағамбет баласы» атты мақала жарияланған. XIX ғасырдың 50 жылдары Хиуа хандығының агрессивтік саясатына, орыс отаршылдығына қарсы Сырдария бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмағамбетұлының қолбасшылығымен болған күрес барысы, Жанқожаның жорықтарына да қыс­қаша тоқталады. Оның Хиуа, Қоқан, Бұхара хан­дарына қарсы күрес барысы да жан-жақты талданады.

Бұл мақала біріншіден, Жанқожаның шыққан тегін нақтылап берсе, екіншіден, оның қазақ арасында батырлығының таралуының себептерін ашып көрсетеді. Батырдың даңқының үш жүзге тарауы, оның батыл қимылы қазақ халқының отаршыларға қарсы азаттық күресін жандандырды деген тоқтам жасаған.

«Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы №11-12-13 сандарында «Торғай уезіндегі 1916 жыл уа­қиғасы» атты «Торғайлық» деген бүркеншік атпен М.Дулатовтың көлемді мақаласы жарияланды. Оның мақаласының басы «Татыр соғысы» деп аталып, онда маусым жарлығына қарсы келгендерді басуға Торғай уезі басшысы Ткаченконың бас­шылығымен 80 ша­малы атты казактардың шығып, елді дүрліктіріп, ұсталғандарды ұрып-соққандығы айтылады.

«Жаңа мектеп» журналы мектеп, оқу-тәрбие жұмысы, сауатсыздықты жою туралы халық ағарту мекемелері қызметкерлерінің, мұғалімдердің хат-хабарын және мақсаттарын жариялап отырды. Сонымен бірге журнал ауыл мұғалімінің саяси-идеялық білімін, ұстаздың шеберлігін арттыруға көмектесті. Онда методика мәселелері, тәлім-тәрбие жұмыстары, жаңа алфавит туралы көлемді консультациялық мақалалар мен тәжірбие алмасу материалдары басылды.

 Журналдың мектептердегі оқу бағдарламасынан басқа танымдық тақырыптарда да сабақтар өткізу мәселесі көтерілді. Жастарға «Дүние қалай жаратылған?», «Жаңбырды қолдан жаудыру», «Ауа кемесінің ұшу тарихы», «Ми қалай құрылған?», «Табиғат жаратылысы», «Адам баласының жара­тылысы» және тағы басқа тақырыптарда қосымша сабақтар өткізіп, мерзімді басылымдарда осындай тақырыптарда мақалалар жарияланып отырды. Көптеген ұстаздар «Жаңа мектеп» журналы арқылы оқу жүйесін жақсартудың өз жолдарын ұсынды. Мәселен, журналдың 1926 жылғы №7-8 сандарында Емберген Табынбайұлы «Сауатсыздықты жою туралы» деген мақаласында сауатсыздықты жою саяси ағарту жолындағы негізгі істердің бірі екендігін, үкімет бұл жолда бірнеше шараларды жүзеге асырып отырғандығын 5-6 ай мерзімінде жоюға болатындығын, ол үшін басты үш нәрсені: білімді ана тілінде оқыту, есеп үйрету, саяси сауаттандыруды қажет санады.

Зерттеуші Қ.Аллабергеннің «Тарих және бас­пасөз» атты еңбегінің екінші кітабында  «Жаңа мектеп» журналының әдебиет бөлімінде С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І. Жансүгіровтің және басқа да ақын-жазушылардың жас буындар үшін тәрбиелік маңызы зор шығармалары жария­ланғаны жазылған. Сондай-ақ жаңа кітаптар мен оқу құралдары туралы сын-библиография, мектепте оқылатын пәндердің терминологиялық сөздіктері болды. Журналдың редакторы міндетін М.Жолдыбаев, кейін біраз уақыт І.Қабылов атқарды.

«Жаршы» журналы. 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті призидиумы мен Халық Комиссарлар кеңесі жаңа әліппе туралы қаулы шығарды. Халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналын шығару туралы шешім қабылданды. «Жаршы» журналын 1929 жылдан бастап Т.Жүргенов бастаған редакция алқасы шығарды. Редакторы I.Қабылов болды. Журнал 1929-1931 жылдары Қызылорда қаласында ұлттық қоғамдық-саяси журнал ретінде шығарылды. Басылым латын әліпбиіне көшу барысындағы жетістіктерді насихаттауды, сыни, сықақ материалдарды жариялауды мақсат тұтты. 1930 жылы журналдың редакторлығын Б.Майлин атқарса, ал редакциялық алқасында Ж.Ағамалыұлы, О.Жандосов, Т.Рысқұлов, Ж.Рахымбаев, О.Әлиев, Н.Төреқұлов мүше болды. Журналдың кейбір нөмірлерінде Ғ.Мүсірепов, А.Тұрмағамбетов, I.Жансүгіров кезектесе редактор болған.

1920-шы жылдардың аяғында Қазақстанның кен байлықтары, оны өндіру барысындағы істеліп жатқан жұмыстар баспасөзде үнемі көтеріліп отыр­ды. Көмір, мыс, алтын, темір кендерінің зерттелуі және оларды өндірудегі материалдық-техникалық жағдай, жұмысшылардың рөлін айқындау мәсе­лелері тілшілердің басты тақырыбына айналды. Мәселен,  Баянауылдағы Семізбүғы өндірісінде асылтас өндірісінің барысы «Жаршы» журналының 1931 жылғы №1 санында егжей-тегжей жазылды. Бұл өндіріс орны Баян ауданынан 95 км қа­шықта жатқандықтан, әлі теміржол қатынасы салынбағандығы, тіпті телеграф бағандарының жоқтығы ашық айтыла келе, осыған қарамастан, 1928-29 жж. жобаланған жоспар бойынша 5500 тонна құрыш тастары қазып алынғандығы, өндірісте істейтін жұмысшылардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы, атап айтқанда, 1929-30 жж. 400 жұмысшы болса, бұл көрсеткіш 1930-31 жж. бірнеше есеге өсіп, онда 1300-ге таяу жұмысшы жүмыс істеп, алда 15 мың тонна кен қазып алуды жоспарлап отырғандығы келтірілді.

Жалпы Одақтық V  І кеңестер съезіндегі «Одақ­тың табысы – біздің табысымыз» атты баяндама­сында Ораз Исаев Қазақстан Кеңестер Одағындағы түсті металл кәсібінің қоры екендігін, Қоңырат, Успенск және басқа аудандар Кеңес Одағы түгіл, кен зерттеу басқармасының соңғы мәліметіне қараған­да бүкіл жержүзіндегі түсті металға бай аудандар деп айта келе, бұл жерді ірі өндіріс орындары­на айналдыру үшін теміржол салу, жергілікті халық­тың әл-ауқатын арттыру қажет деген ұсыныс жасайды. Оның бұл баяндамасы «Жаршы» журналының 1931 жылғы №4 санында жарияланды.

Қ.Ысқақұлының «Жаршы» журналының 1931 жылғы №5 санына жарияланған «Ауыл шаруасын колхоздандыру жолында» атты мақаласында Қазақстан­да колхоздастыру жұмысы үлкен қар­қынмен жүргізіліп отырылғандығы, 1927 жылы совхоз-колхоздарға үкі­мет тарапынан 35 миллион астық, ал 1929 жылы 130 миллион пұт астық берілгендігін айта отырып, колхоздастыру мәселесі жалғыз ұйымдастырумен бітпейтіндігін, құрылған колхоздардың жұмысын жандандыру керектігін айтты.

Журнал беттерінде жергілікті халық ара­сында сауатсыздықты жою және басқа да маңыз­ды мәселелер кеңінен сөз болды. Мәселен, бай­ланыс саласы бойынша Телжан Шонановтың «Қазақша телеграмма беру туралы», әдебиеттен Ж.Аймауытовтың «Тәубе қылды», Б.Майлиннің «Колхоз қорасында», «Таңба», «Әлiштiң пырағы», «Арыстанбайдың Мұқашы», «Бейсекеңнiң үйiнде», «Ұшқын» сияқты әңгімелері жарық көрді.

«Жаршы» журналы республика мәдениетінің өркендеуіне елеулі үлес қосты.

 «Жыл құсы» журналы (альманахы). 1925 жылы Қызылордада Ресей пролетариат жазушылар қауым­дастығының негізінде қазақ пролетарлық жазушылар қауымдастығы құрылды. 20-шы жыл­дардың аяғында қалың еңбекші бұқараға ар­налған кітаптарды шығару ісін дұрыс жолға қою міндеттері алға қойылды. Бұл міндеттер Қазақстан жазушыларының ұйымына жүктелді. Сөйтіп, 1927 жылдың жазында Қызылордада «Жыл құсы» атты әдеби журнал (альманах) дүниеге келді.

«…«Жыл құсы» халыққа тез тарады, тіпті жетпей қалды. ҚазАПП басқармасында Риддер зауытының жұмыскері Шыныбайұлы Қасымның: «Жыл құсы» деген кітапты тез жіберуіңізді өтінемін, неге десеңіз, мұндағы, жұмыскер бауырларыңыз әрқашан сон­дай кітаптан сусап тұрады. Біз, алыста, қараңғы түпкірде жатқан өңкей жұмыскерлер көзімізді ашсақ, осындай кітаппен, басқа кеңес өкіметінің тәрбиесімен ашамыз. Сондықтан кітап керек», – деуі қазақ әдебиетінде жаңа процестің туғандығына оқушы мен жазушының арасында байланыс жасала бастағандығына, демек, әдебиеттің өмірмен қоян-қолтықтығының күшейе түскендігіне нақты дәлел болмақ деп жазды Т.Кәкішев «Дәуір дидары» атты еңбегінің 61-бетінде. Бейімбет Майлиннің «Жыл құсының» 1927 жылғы 1 санына «Тайбек» атты әңгімесі жарық көрді. Ал С.Сейфуллин 1927 – 28 жылы «Жыл құсы» альманахын ұйымдастыруға, оны шығаруға белсене қатысты.

1927 жылы қазақ әдебиеті саласындағы айтыс-тартыс көтерілді. Әдебиет саласындағы бағыттарды айқындай түсуде ақын-жазушылар арасындағы айтыс айрықша өріс алғаны сонша, жеке басты мұқату-кекету, арғы шыққан тегін қазбалауға орын берілді. Сол жылдардағы С.Мұқанов пен І.Жансүгіров арасындағы айтыстар «Жыл құсында» да жарық көрді. Партия ұйымы қазақ зиялыларының арасындағы айтыс-тартысты бақылауға алып, өзіне тиімді бағытқа бұрып отырды.

Ғалым Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер» атты кітабында: «1927 жылы «Жыл құсының» бірінші саны 4000 дана болып басылды. Алайда альманахтың екі ғана саны шығып, тоқтап қалды» деген дерек келтіреді. Ғалым альманахтың 1928 жылдан бастап ай сайын шығатын «Жаңа әдебиет» журналына айналғанын айтады.

«Жұмысшы» газеті. 1928 жылы 1 мамырда Қызылорда өлкелік партия комитеті мен кәсіподақ советінің атынан «Жұмысшы» газеті шыға бастады. «Жұмысшы» газеті көлемі үлкен форматты, төрт бет болып «Еңбекші қазақ» газетінің жанынан шығарылды.

«Жұмысшы» газеті еңбекшілердің қамын ой­лап, оларға шын жөн сілтеуші, кеңесші болуды мақсат етті. Адамдардың ұжымдық еңбекке бірігуіне, партия қатарына өтуіне көп көңіл бөлді. Жергілікті жерлерде кәсіподақ еңбек шарттарының орындалуын қадағалап, кеңес орындарының жұмысына көмектесті.

Газет қазақ жұмысшыларының санасын оятып, білім көтеру мақсатымен «Сұрақ-жауаптар» бөлі­мін ашты. Онда жұмысшылардың білгісі келген жайларына жауап-түсінік беріп отырды. Кәсіпшілер одағы деген не, оған мүше болу жайы қалай екенін үнемі насихаттап отырды.

«Жұмысшы» газеті өзінің бірінші бетінде шетелдердегі жұмысшылар қозғалысын, екінші бетінде жергілікті жерлердегі жұмысшылардың ісін, жай-күйін баяндады. Үшінші беттегі «Хабар-ошар» бөлімінде Кеңес елінде болып жатқан жаңалықтарды үзбей жазып отырды. Ал «Денсаулық жайы» деген бөлімінде газет түрлі аурулар, одан сақтану, оны емдеу жолдары жөнінде консультациялар ұйымдастырылды. Газеттің бір үлкен бөлімі «Жастар тұрмысынан» деп аталды.

Темірбек Қожекеевтің «Жұмысшы шаруа газеттері» атты еңбегінде «Жұмысшы» газеті қазақ, орыс жұмысшыларының арасында достық қатынас орнату үшін белсене күрес жүргізгені айтылған.

Қ.Аллабергеннің «Тарих және баспасөз» атты кітабында «Жұмысшы» газеті Қызылордада 1930 жылға дейін шығып тұрғаны жазылған. Бұл уақыт­тың ішінде ол бұрын өнеркәсібі болмаған Қазақстанда жаңа өнеркәсіп салаларының көптеп ашылуына, онда қазақ жұмысшыларының санының көбеюіне байланысты, олардың мәдени-білім дәре­же­сінің өсуіне ат салысты. Республикамызда маман жұмысшы кадрларының даярлауға қолқабыс етті.

«Еңбекші Қазақ» –  (қазіргі «Егемен Қазақстан») РК(б)П Қазақ облысы комитеті мен Қазақ ОАК, кейін РК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті мен ауткомының органы. Газет 1925-1929 жылдары Қызылорда қаласында шығып тұрды. С.Сәдуақасов редактор болғанға дейін газеттің «Кеңестік Қазақстанда», «Германияда», «Шаруашылық бө­лімі», «Құлақтандыру», «Әртүрлі хабарлар» деген айдарлары болса, С.Сәдуақасұлы басқарған жылдары «Еңбекші қазақтың» мәдениеті өсті. Газет тек ресми материалдарды жарияламай, танымдық, ғылыми, рухани дүниелерді де басты. 1925 жылы 24 қаңтарда С. Сәдуақасовтың «Еңбекші қазақ» газетіне жариялаған «Қазақ… тарихынан!?» атты мақаласында: «Тарих халықтың өткен өмірін көрсетеді. Тарихты оқып, біз баяғыдағы ата-бабамыздың істерімен танысамыз. Тарихты біліп, бұрынғы дәуірге баға береміз, мін айтамыз. Тарих халықтың өмірін жазады. Халықтың өткен өмірі – қазіргі тұрмысқа сабақ, болашаққа әпсана. Өткеннің жақсылығы да, жамандығы да сабақ. Жақсылығын көріп, қазіргіге өнеге қыламыз. Жамандығын біліп, бұдан былай сақ болуға тәжірибе аламыз. Бұл екеуін сақтап отырып, қазіргінің халімен салыстырып, алдағымызды болжаймыз», – деп жазды.

«Еңбекші Қазақтың» 1926 жылғы №219 нөмі­рінде XIX ғасырдың 30-40 жылдары бүкіл Қазақстан территориясын қамтыған Кенесары көтерілісі жайында Жақан Сыздықұлының «Кенесары» деп аталатын мақаласы жарияланды. Мақалада автор Кенесарыны «қазақ ұлтының басшысы», «халықты бірлікке шақырушы», патша саясатына қарсы шыққан ірі тұлға ретінде көрсетті. Автор Кенесарының көтерілісі жайындағы деректердің көптігін, Омбы архивінде сақталған көптеген еңбектердің ілгеріде әлі де болса басқа архивтерден де табылатындығын және бұл көтеріліс жайында еңбектердің жазылатындығын да атап өтеді. Тағы бір қызықты, әрі тарихи танымды қалыптастыратын мақала «Ақмешіттің тарихы» деп аталады. Бұл мақала А.Р. деген автордың қолтаңбасымен «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы №319 санында жарияланған.  Мақалада Ресей мемлекетінің қазақ даласын қалай отарлағаны жөнінде айтылады. Мақала авторының жазуынша, Ақмешіттің мықты қорғаны болған, оның қабырғасының қалыңдығы 4 кез жарым, ал биіктігі 4 жарым саржан болып, оған мықты қаруланған 400-дей күзет қойылған. Орыстар қалаға кіру үшін қабырғаның астына дәрі қойып атып, қорғанды бұзған. «Қорғанды сақтаушылардың бәрі аянбай соғыс қылып, бірі қалмай қырылады. Сонан кейін Ақмешіт Перовск порты деп аталған.

Газет беттеріне сол сияқты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және 1917 жылғы қос төңкеріс кезеңі туралы мақалалар да жиі жарияланып тұрды. «Еңбекші қазақ» 1926 жылы 8 шілдедегі №145 санын толықтай 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығына арнады. 1926 жылдан бастап республикада діни мейрам деген желеумен Наурызды тойлауға тыйым салынды. Дінге қарсы атеистік идеология қарқын алып, осы бағытта іс-шаралар жүргізіле бастады. Бұл мейрамды дін мейрамы ретінде санаудың қателігін дәлелдеген «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланған «Наурыз туралы» атты мақала авторы, қазақ қайраткерлерінің бірі С.Қожанов: «Наурыз – жыл басы, наурыз күн мен түннің теңеліп, күннің асып кетіп бара жатқан уағына дәл келетін мейрам. Наурыз – мұсылмандықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің өмірі, тіршілігі тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, мал жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы төлдеп қорасы малға көбейіп жатқан, өздері егін шаруасына қам қылып, қасиетті жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шаруасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруасының талабы қозған, ең көңілді уақыты көктем. Сол көктемнің басы – наурыз. Ел шаруасының наурызды мейрамдататын себебі осы», – дей келе, наурыз мейрамының коммунистерге еш кедергі келтірмейтіндігін, орыстарда Иса пайғамбардың туған және қайтыс болған күнін мейрам қылып жүргенде, тұрмыс салтынан туындап отырған халықтың салтына, ел шаруаларының қуаныш күніне коммунистердің қарсы келуін надандық санайды.

Газет беттерінде сол сияқты оқу орындарында Абай шығармаларын оқыту мәселесі кеңінен сөз болды. Ә.Тәжібаев «Қазақ әдебиетін оқыту туралы» мақаласын жариялай отырып, ақын шығармаларының шеберлігі мен олардың тақы­рыбы мен идеясына, Абайдың дінге қатысы, әлеуметтік көзқарасы, өлеңдерінің таптық сипатына байланысты жиырмасыншы жылдарда өріс алған айтысқа белсене араласты. «Еңбекші қазақ» газетінде 1926 жылы Қ.Кемеңгеров пен С. Мұқанов, Ә.Байділдин арасында «Көркем әдебиет туралы» айтыс болып, оған қорытынды пікірді  М.Әуезов пен Ж.Аймауытов «Екеу» деген бүркеншек атпен мақала жазды. Қазақтың ұлы ақыны Абай мұраларын қорғап, жалған тапшылдық саяси айыптаулардан арашалауға атсалысқан партия қайраткерлерi С.Қо­жанов, Ы.Мұстабайұлы, Н.Төреқұлов ақын-жазушылар Ж.Аймауытов, I.Жансүгiров, К.Ке­мең­герұлы, М.Әуезов, М.Жұмабаев және тағы басқа­лармен пiкiрлес болған С.Сәдуақасов «Әдебиет әңгiмелерi» деген мақаласында: «Абай да – ескi мұра, бiрақ Абайдан қалған мұра ескiрген жоқ. Әлi де қазақ ақындары Абайдан шеберлiкті үйренуi керек», – деп жазып, Абай еңбектерiне үлкен баға бердi. Қайраткердің бұл мақаласы «Еңбекші қазақ» газеті 1927 жылғы 15 ақпанда басылған.

 Газетке сол сияқты Б.Майлиннің әңгімелері, А.Байтұрсыновтың, Таймінер деген бүркеншек атпен М.Дулатовтың мақалалары мен М.Жұмабаев­тың өлеңдері жарияланып тұрды.

«Лениншіл жас» газеті. Газет тарихы 1922 жылы қазанда  Ташкентте шыққан «Жас қайраттан» басталады. Жетісу, Сырдария облыстары Қазақстан­ға қосылғаннан кейін  «Еңбекші қазақтың» бір бетін алып  келген «Лениншіл жас» 1925 жылы 3 ақпаннан бастап «Жас қайрат» газеті болып,  әуелі Орынборда, сол жылдың  мамыр айында Қызылорда қаласында жетісіне бір рет шыға бастады. Оның редакторы Е.Алдоңғаров, секретары Ахмет Елшібеков болды. Ал сол кездегі жастар өмірінің жаңа талаптарына байланысты «Лениншіл жас» журналы 1927 жыл­дың қыркүйегінен газет болып шықты. Газеттің бір ашылып, бір жабылуының астарында алашшыл ұлттық мұраттан әлі де күдер үзе қоймаған қазақ жастарының баспасөзі мен большевиктік биліктің арасындағы астыртын идеялық тартыс жатыр еді. Сондықтан 1927 жылы «Лениншіл жастың» жарық көруін большевиктердің біржола жеңісінің бір көрінісі деуге болады.

Газет сол кездің өзінде жастардың дене шынықтыру ісіне ерекше көңіл бөлген. Әбділда Тәжібаевтың 1927 жылы осы  газетте басылған «Дене тәрбиесіне науқан жүргізілсін» деген мақаласында жастарды түрлі спорт үйірмелеріне ұйымдастыру, дене шынықтыру жөнінде орыс тілінде шыққан кітаптарды қазақшаға аудару, қазақ жастарынан спорт нұсқаушыларын даярлау туралы проблемалық мәселелер көтерген. «Лениншіл жас­та» жұмыс істеген Асқар Тоқмағанбетов өз естелігінде: «Газеттің соншалықты қиындықпен шығатынына үйрене келе,  кейін көзім жетті. Біріншіден, жазудың бәрі қолмен жазылады екен. Онда машинканың жоқ кезі, бар болса да өте  аз.  Бізге «Еңбекші қазақ» газетінің жанынан бір бөлменің бұрышы тиді. Ол бөлмеде редактор Жұмабай Орманбаев, Сара Есова  («Әйел теңдігі» журналының редакторы), Бейімбет Майлин («Ауыл тілі» газеті редакторының  орынбасары) отырады екен. Қай жер,  қай орын бос болса біздікі сол, тып етіп отыра қаламыз. Газеттің белсенді тілшісі, әрі шығару жағын басқаратын Әуеш Қошмұқамбетов деген жігіт екен, қай мақаланы  қайда қоярын, әріптердің ірісі мен майдасын да сол белгілеп қойып отырды» деп еске алады.

Редактор Асқарға жастарды өз газетіне жазылуға шақыратын бір ауыз өлең жазуды тапсырады. Ол ертеңінде мынадай өлең жазып әкеледі:

Тоқта! Жолдас!

Жазылғаның жоқ па жолдас?

Жазылмасаң – жазыл,

Өз газетің «Лениншіл жас!»

Мұның сәтті шыққаны сонша, ертеңіне бәрі жатқа айтып кетті – дейді Асқар. Ақынның бұл естелігі Х.Бекқожиннің «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты кітабына басылған.

Газетте 20-шы жылдардың аяғындағы әдебиет­тегі сын майданындағы талас-тартыстар да жарияланып отырды. Әсіресе, Мағжан ақын шығармашылығы төңірегіндегі дау дамай осы уақытта барлық қазақ басылымдарында жалғасын тапты. Жүсіпбек Аймауытов газеттің 1925 жылғы №4 санына басылған «Мағжанның ақындығы туралы» деген мақаласында «Қазақ әдебиеті көгерсін, гүлденсін десек, жалаң тап көзімен не саясат көзімен қарап, сыңаржақ кетпей, Маркс көзімен қарау керек» деген ой айта отырып, сынға ұшыраған Мағжан Жұмабаевтың ақындығын дәлелдеп шығады.

Алғашқы уақытта газетте небәрі үш-ақ адам істеген. Материалды қорытатын да, көшіретін де, корректор да, тілшілерге жауап жазатын да солар.  Бірақ олар газетті уақытынан кешіктірмеген. Газетке үзбей жазып көмектесіп отыратын бір топ жастар болған. Олар: Ерғали Алдоңғаров, Бейсембай Кенжебаев, Мұстафа Қайыпназаров, Ахмет Елшібеков, Садық Нұрпейісұлы, Аманғали Сегізбаев, кейіннен қосылған Сақтаған Бәйішев, Мұстафа Көшекбаев, Жүсіпбек Арыстанов, Өтебай Тұрманжанов тағы басқалар. Газет өзіне бір топ ақын жігіттерді де тарта бастады. Бейімбет, Сәкен, Сәбиттерді айтпағанда, Қалмақан, Асқар, кейінірек Әбділда, Тайыр, тағы басқалар өлеңдерін бастырып тұрды.

«Қызыл Қазақстан» журналы. «Қызыл Қазақстан» бұрынғы «Қазақстан коммунисі», қазіргі «Ақиқат» журналы. Журнал  Қазақстандағы большевиктік партия ұйымының органы ретінде 1921-25 жылдар аралығында Орынбор қаласында, 1925-1929 жылдар аралығында Қызылордада шығып тұрды. Алғашқы редакторы  болып  белгілі  қоғам қайраткері А.Асылбеков сайланды.

Х.Бекхожин «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» атты кітабында: «Қызыл Қазақстан» журналы   жалпы  қоғамдық-саяси, шаруашылық және  мәдениет мәселелерін  қамтитын басылым    болды.  Журнал компартияның   қаулы-қарарлары мен шешімдерін, үкіметтің қабылданған   жоспар­ларының маңызын  насихаттап,  мақалалар барлығы дерлік  кеңестік  идеология  негізінде  жазылуы тиіс еді. Мәселен, «Кеңес мектептері туралы»,  «Ауыл  шарушылығы ұйымдары», «Ауыл шаруасы  һәм кооперациясы», «Октябрь  төңкерісі һәм қазақ  әйелі», «Қазақстанның шаруа  кәсібі», «Октябрь һәм  жастар», «Халық һәм  әдебиет» және  т.б. Мұндай  мақалалар арқылы  кеңес өкіметі  өзінің жүргізіп  отырған  саясатының  дұрыс  екендігіне  қазақтың  көзін  жеткізуге  тырысты. Журнал «Кеңес өкіметінің нағыз  халықтық өкімет екенін, оның  жұмысшы-шаруа одағы  және халықтар  ынтымағы  негізінде құрылғанын, пролетариат диктатурасын, пролетариялық интернационализм идеясын түсін­дірді» деп басылымның бағыты туралы ойын жеткізеді.

«Қызыл Қазақстан»  журналына әр  жылдарда Абдолла  Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Әбдірахман Байділдин, Ерғали Алдоңғаров басшылық етті.

Қазақ баспасөз тарихында «Қызыл Қазақстан»   «Айқаптан» кейінгі қазақтың маңдайына  біткен  екінші  журнал  болуымен  құнды. Журнал кеңестік саясатты ғана насихаттап қойған жоқ, ол халықты  жаһандық мәдениетке үндеді, публицистері  қазақ қоғамын   оқу-білімге  шақырды. Сауатсыздықпен күресу науқанында  насихаттаушы бірден-бір ақпарат құралы болып, қазақтың  білімге деген ынта-ықыласын күшейту ісіне белсене атсалысты. Журналдың  «Саясат», «Оқу-білім» атты бөлім­дері оқу-білім  мәселесіне қатысты партия ұйым­дарының жүргізіп отырған іс-шаралары жөнінде мақалалар және осы мәселеге қатысты түрлі ұсыныстар жарияланып тұрды. Бұл әсіресе журналдың қызыл­ордалық кезеңіндегі сандарында жақсы байқалады. 

Журнал ұлттық әдебиетке, мәдениетке аса на­зар аударып, көпшіліктің әдеби шығарма­лармен  таныс  болуына  ықпал  етті.  Басылым бетінде   Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешулерінен» үзінділер, «Айша», «Қыр балалары», «Қашқынның  ауылы», «Сырын білмей артыңа сенбе», «Біздің  ұлан», «Ақсақ киік» секілді  көркем шығармалары  да  жарық  көрді. Сәкеннің қазақ театрының мәселелері жайында жазған «Ұлт театры туралы» атты көлемді мақаласы да осы журналдың 1926 жылғы №11-14 сандарына жарияланды. Әдебиет тақырыбында  жазылған  «Әдебиет һәм  оның  бағыттары», «Әдебиет һәм оның  ағымдары»  деген мақалалары басылды. Сәбит Мұқановтың «Сынға сын» деген мақаласы және  басқа ақын-жазушылардың шығармалары жарияланды.

Журналдың 1927 жылғы 2 санында Ы.Мұстан­баев­тың «Көркем әдебиет туралы» және 1928 жылғы 5 санында «Біздің таластарымыз» деген мақалалары жарияланды.

«Қызыл Қазақстанның» құндылығы  сонда, журнал  тарихи  мақалаларға  өте  бай болды.   Қазақ тарихын жазу мәселесі ХХ ғасырдың 20 жылдары бірнеше рет мерзімді басылымдарда ашық түрде көтеріліп, қазақ зиялылары халықтың ұмыт болып бара жатқан тарихын, келешек ұрпаққа жазып қалдыруға шақырды. Осы  уақытта   қазақ  тарихшылары   өз  еңбектерін  «Қызыл Қазақстанға»  жариялап,  қазақтың  шежіресін, оның түп-төр­кінін, қазақ тарихындағы   екіұшты  мәселелерді  зерттеп,  халың  оқырманға  мазмұнды дүние  бере  білді.   Қатаң  саясатқа  қарамастан  халқымыздың  асыл  құндылығы – шежірелер, оның  жазбаша  нұсқасы өз  жалғасын тапты. Ұлтымыздың баға  жетпес  қазынасын  келешекке  жазып  қалдыруға  тырысты.   Кейінгі  тарихшыларға  да  өте  құнды  дерек  көзі  болды.   М. Дулатовтың «Қызыл Қазақстан» журналына шыққан «Қазақ-қырғыз тарихы ту­ралы»,  «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы»   атты  мақалаларында  қазақ пен  қырғыздардың  ұқсас тайпалар  болмағанменен, екеуі   екі  бөлек этнос  екендігін, тарихы мен  мәдениетінде,  тілінде  ал­шақтық  көп екендігі  атап  көрсетілді. Бұл мәлі­мет Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының жаршысында  2007 жылғы №1(14) санына жарияланған.

1926 жылғы 1916 жылғы ұлт-азаттық қоз­ға­лыс­тың 10 жылдығына орай журналға  атал­мыш  көтеріліске байланысты қыруар мақала бастырылды.  Қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Т.Рысқұлов, Т.Жүргенов, С.Сей­фуллин, С.Меңдешев және тағы басқалар баспасөз арқылы 1916 жылғы көтерілістің шығу себептері мен өрбу барысын ашып көрсетуге шақырды. Мәселен, Т.Рысқұловтың 1916 жылғы көтеріліске байланысты «Қызыл Қазақстанның» 1926 жылғы №15-18 нөмірлерінде де жариялаған «1916 жыл­ғы қазақ, қырғыз көтерілісі» деп аталатын кө­лемді ғылыми мақаласында Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің патша жарлығы бойынша Түркістан өлкесінің облыстарынан қара жұмысқа алынатындардың нақты санын жариялауы, елдің ішінде патша жарлығына әлі де болса жете түсінбей, «бұл алыпқашты сөз екен, мұсылмандардан алынбайтын болыпты» деп бірін-бірі сендіріп, тыныштана бастаған халықты тағы да дүр сілкіндіруінің себебін айқындап береді. Ол халықтың қара жұмысқа бармауға қарсы көтерілуінің бір себебі оларға аталған патша жарлығының дұрыс түсіндірілмеуінен де болды дейді.

Сондай-ақ журналдың С.Мұқанов, Ғ.Тоғжанов, Ә.Байділдин, Н.Құлжанова  секілді қаламы  ұшқыр  авторлары болған. 

Жалпы алғанда, ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдарындағы өзектi проблемаларын кө­тере бiлген қазақ баспасөзi біріншіден, қа­зақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікі­рін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалып­тастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті, Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз – халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек», – деген аталы сөзінің үдесінен шыға білді, екінші жағынан, қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары осы газет-журналдар арқылы қарапайым халық­қа өз шығармашылықтарын насихаттай біл­ді. Мәселен, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Т.Шонанов, С.Сейфуллин және тағы басқа қазақ зиялылары елдің саяси, шаруа­шылық, мәдени өміріне қатысты ғылыми және әдеби еңбектерін осы баспасөздерде жариялады. Сондықтан көпшілік қауым оларды осы мерзімді басылымдар арқылы танып білді, үшіншіден, ұлттық басылымдар өз заманына байланысты мемлекеттің күшті идеологиялық құралына айналды.

Сағат ТАЙМАН,

тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: