Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Табаққа сәлем салуда не мағына бар?

08.11.2022

3840 0

сурет ашық дереккөзден алынды

Сәлем салу – қазақтың бойына сіңген дәстүр. Сондықтан үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілік осы арқылы көрініс тауып, ұлтымыздың тұрмысында ерекше орын алған. Жөні бөлек бұл дәстүр тек әйел адамына, оның ішінде келіндерге тән.

Босаға аттап, келін атанған күннен бастап үлкендерге иіліп сәлем салуы – басты міндет. Бұл келіннің оларға деген құрметі, ізеттілігі, сыйластығы саналады. Осы тұста келіннің тек үлкендерге емес дастархандағы табаққа да сәлем салатын әдемі үрдіс бар. Үлкен ас ішіліп, бата қайырған соң дастархан үстіндегі табақты сәлем салмай алу әдепсіздік саналады. Халқымыздың қайсыбір салт-дәстүрін алсақ та, оның астарында терең мағына жатады. Ал табаққа сәлем салуда не мағына бар?

Этнограф ғалымдар мұны сый­ластықтың белгісі дейді. Ет асып, табақ тартқаннан кейін дастархан басындағы үлкен кісілердің де жауапты міндеті болған. Мәселен, бас табақ тартылған кісі дастархан басындағыларға сол табақтан сыба­ғасын үлестірген. Бұл ретте үйдегі кішкентай балаға дейін назарға алынып, жөн-жо­ралғысын жаса­ған. Ал ас ішілген соң келін­дерді табақ алуға ша­қырады. Мұндай кезде олар иліп сә­лем салып табақ­ты алады. Бұл келін­нің табақты бер­ген кісіге де­ген сыйластығы ретінде көрініс та­бады. Өз кезегінде үлкен ақсақал, қа­рия­лар оған «Ұл тап», «бақытты бол» деген сынды тілек, батасын ай­тады. Осылайша тұрмыс салтымыздағы келіннің ибалығы, құрметі, әулет үлкендерінің де оған деген қамқорлығы бір ғана іс-әрекеттен көрінген.

– Дастарханды, ондағы асты сыйлау жұрты­мыздың ежелден қалыптасқан қағидасы. Көбіне үлкен ас берілгенде (ет тағамы) келіндер табаққа сәлем салады. Қонақтың қамын жасап, ас үйдің тірлігінен қолы қалт кетпейтін келінге қамқорлық ретінде үлкен кісілер табақ ішінде оның сыбағасын қалдырған. Сол сыбағасын беру үшін келінді табақ алуға шақырады. Мұндай сәтте ол да әдептілік танытып, табақты сәлем салып алады. Үлкендер батасын беріп, ізгі тілегін білдіреді. Сырт көзге қалыпты дүние көрін­генімен астарында мәні бар дәстүріміз ғой. Отбасындағы сыйластық, асқа құрмет, келіннің тәрбиелілігі, үлкеннің қамқорлығы жатыр. Сондай-ақ жиын-той, ас бергенде дас­тархан үстіндегі табақтарды келіндер өз кезе­гімен сәлем салып алады. Келіннің алған та­бағындағы ас оның сыбағасы. Сондықтан ол сол табақтан ауыз тиеді не үйіне салып алуына болады, – дейді көпті көрген Базаркүл  апа.

Қайсыбір істі даналықпен саралаған хал­қымыз кей жағдайда келінге салем салдырмаған. Мәселен, жесір әйелден бөлек аяғы ауыр келіншекте бұл жоралғыдан босатылған. Соны­мен қатар келін қонаққа келген әкесінің ал­дындағы табақты алмайды, сәлем салмайды. Бұл тек келіндерге тән салт болғандықтан қыз баласының әкесінің алдындағы табақты сәлем салып алуына тыйым салған.

– Иә, бұл келіндер жасайтын жоралғы ғой. Қазақта қыз баласы тек босағасын аттаған әулетіне сәлем салады. Бұл оның келіндік міндетін, жауапкершілігін, өзіндік орнын ай­қындаса керек. Сол себепті келін үйге келген әкесіне тартылған табақты алмайды. Бірақ бұл оның табақ сы­бағасынан құр қалғанын білдірмейді. Дастарқан үстіндегі басқа табақты әулет­тің үлкеніне не шаңыраққа сәлем салу арқылы алады, – дейді әз-ана.

Отбасы құндылығына баса мән берген бабаларымыз осындай өнегелі қағидалар­ды тұрмыс салтына енгізген. Тәрбие тағылымын осы­лайша ұқ­тыруды жөн санаған. Бай­қасаңыз, табақ­қа сәлем салып алу келіндер үшін де мәртебелі жоралғы. Әулет үлкендерінің келінге деген ақ батасы, ізгі тілегі іштей мейірім­ділікті, сүйіспеншілікті сездіреді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: