Сейсенбі, 13 қаңтар, 12:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

Зайырлылық – дінсіздік пе әлде бейтараптық па?

13.01.2026

56 0

Сурет ашық дереккөзден

     Қазіргі қоғамда зайырлылық ұғымына қатысты түсінбеушіліктер жиі кездеседі. Әсіресе, дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа қатысты пікірталастар бұл тақырыптың өзектілігін арттыра түсуде. Зайырлылықты дінсіздік деп қабылдау – кең таралған қате түсініктердің бірі. Шын мәнінде, зайырлылықтың негізі – мемлекет тарапынан діни нанымдарға бейтарап көзқарас қалыптастыру, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету және қоғамдағы құқықтық тәртіп пен теңдікті сақтау.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекетімізді зайырлы деп айқындай отырып, әрбір азаматтың діни сеніміне құрмет көрсетуді міндеттейді. Бұл модель діннің қоғамдағы рөлін жоққа шығармайды; керісінше, оны қоғамдық қатынастардың маңызды мәдени-рухани бөлігі ретінде қабылдайды. Зайырлы мемлекетте ешбір дін ресми немесе артықшылықты мәртебеге ие болмайды, ал барлық азаматтар діни сенімі мен көзқарасына қарамастан заң алдында тең деп танылады.

      Зайырлылықтың дінсіздікке қатысы жоқ, себебі оның басты мақсаты – діни сенімдерді қоғамдық басқарудан бөле отырып, тұлғаның діни еркіндігін қорғау. Бұл принцип қоғамдағы діни әртүрлілік жағдайында тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Егер мемлекет белгілі бір дінді қолдаса немесе керісінше, оған қарсы саясат жүргізсе, азаматтардың құқықтары бұзылып, әлеуметтік шиеленіс күшейер еді. Сондықтан зайырлылық – дін мен мемлекеттің тепе-теңдігін сақтайтын құқықтық және мәдени тетік.

     Дін мәселелерін зерттеу орталықтары қоғамдағы діни ахуалды ғылыми талдау арқылы зайырлылықтың мәнін ашуда, халыққа дұрыс түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, жастар арасында зайырлы қағидаттардың маңызын дәріптеу, радикалдық ағымдардың дінді саясиландыру әрекеттерінің алдын алу – қазіргі кезеңнің басты міндеттерінің бірі.

     Қорытындылай келе, зайырлылық – дінді жоққа шығару емес, керісінше, діни сенім бостандығы мен қоғамдық келісімді қамтамасыз ететін бейтараптық қағидаты. Бұл – демократиялық қоғамның негізгі тіректерінің бірі әрі Қазақстандағы конфессияаралық татулықтың басты кепілі.

Назкерімсұлу ӘУБӘКІР

«Қызылорда облысы Дін істері басқармасы» Дін мәселелерін зерттеу орталығының журналист маманы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: