Сенбі, 21 желтоқсан, 21:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Жанқожа батыр» жырының нұсқалары туралы

08.11.2024

2700 0

Бүгін Арал Аудандық мәдениет үйінде өткен  ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толу мерейтойына арналған «Ел қорғаны Жанқожа» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда 60 жас мерейтой иесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филилогия факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов «Жанқожа батыр» жырының нұсқалары туралы тақырыбында баяндама жасады. Назарларыңызға баяндаманың толық мәтінін ұсынып отырмыз.
«Жанқожа батыр» жырының нұсқалары туралы
Жанқожа батыр жайында 10-нан аса тарихи жыр-дастандар шығарылып, ел арасына кең тараған. Солардың арасында Мұсабай, Лұқпан, Жөкей, Қарман, Нұрсұлтан, Орнықбай сынды ақын-жыраулардың туындыларын ерекше атаймыз. Жанқожа жайындағы тарихи жырды Н.Г.Веселовскийден бері қарай С.Сейфуллин, Т.Шонанұлы, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, Б.Шалабаев, Н.Төреқұлов, С.Садырбаев, Ж.Тілепов, Б.Жүсіпов, т.б. ғалым-әдебиетшілер зерттеді.

Қалай болғанда да Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар мен аңыз әңгімелер Сыр бойы халқының жүрегінен өшпес орын алғаны анық. Енді осы кітапқа енген батыр жайындағы  жыр нұсқаларының ғылыми сипаттамасына тоқталайық.
Мұсабай жырау нұсқасы. Кеңес үкіметіне дейінгі дәуірде, одан бергі кезеңде де ауыз әдебиеті мен фольклорда біраз зерттеліп, сөз болған батыр туралы бірден-бір тарихи жыр мәтіні осы нұсқа екені белгілі. Жырды алғаш жазып алушы XIX ғасырдың соңғы жылдарында Қазалы қаласындағы орыс әскери бекінісінің штабында қызмет атқарған офицер И.В.Аничков өзінің Жанқожа батырдың өмірі мен ерліктерін баяндаған тарихи очеркінде мынадай мәлімет келтірген: «Мен ол деректерді екі жерден жинадым. Оның біріншісі, қазір Қазалы қаласы деп аталатын № 1 форттың коменданттық басқармасының архиві… Екінші бір көз – кейде қиял-ғажайып ертегі сықылды көрінгенімен аса қызықты, батырдың өмірі жайында ел арасында ауызша тарап жүрген аңыз әңгімелер еді. Мен мұның көбін Жанқожаның сарбазы болған, онымен бірге Созаққа дейін бірге барған, 1847 жылғы тамыз айының 21-і күні Жаңақала үшін болған шайқасқа қатысқан, 1850 жылы Қоқан қамалы Қосқорғанды (қазіргі № 2 форт) басып алу кезінде орыс әскерлерінің сапында болған қазақ қолының санатына кірген, кейіннен Жанқожа көтерілісіне қатысамын деп, сол бүлікті басу кезінде жараланған, баяғы бір ат арқасында жүрген шағының белгісі ретінде ақ найзасын қара үйдің іргесіне шаншып қойып, бүгіндері Жаңаарықтағы өз аулында тіршілік кешіп жатқан қарт батыр Байжанұлы Ізтілеудің аузынан естідім.

Енді бір әңгімені Жанқожаның інісі Бектің баласы Жұмабайдың қолында отырған батырдың бір әйелінен жазып алдым. Ең көбін батыр туралы әңгіме-аңызды төкпей-шашпай сақтай білген, оның ең жақын туысы боп келетін, барлық айтушылардың әр түрлі нұсқаларын түгелге жуық жинаған, Майдан аталығынан тараған атақты Мұсабай жыраудан есіттім»…
«Мұсабай жыраудың толғауы» деп аталатын бұл жыр алғаш И.В.Аничковтың ұсынуымен Петербургте Н.Веселовский бастырған жинақта және сол жылы Қазан университетінің хабарларында жарияланды. Яғни, 1894 жылы осы шаһарда зерттеушінің «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты тарихи очеркі жарық көргені мәлім.
Мұнан соң аталған тарихи жыр 1926 жылы «Жаңа мектеп»журналының № 5 санында аздаған қысқартумен жарық көрді. Басты себебі, Мұсабай жырында орыс басқыншыларын қатты айыптаумен бірге мұнда әрі Орта Азия мұсылмандарының ғазауат тақырыбындағы жыр-қиссаларында ерекше дәріптелетін Араб-Ислам халифатының IV әділетті билеушісі, Мұхаммед пайғамбардың /с.ғ.с/ күйеу баласы – әзіреті Әлидің есімі бірнеше рет аталған-ды.

Жыр – толғаудағы: «Қамыстың торғай қонар жел басына, // Ау, орыс, өлем десең, кел қасыма!» деп келетін біраз тармақтар да Кеңестің шовинистік әрі коммунистік саясатына еш үйлеспеді. Осыдан барып, Жанқожа батыр туралы әдепкі эпос ұзақ уақыт жарияланбай назардан тыс қала берді. Т.Шойынбаевтан өзге қазақ тарихшылары да Сыр бойы егіншілерінің азаттық күресінің көсемі Жанқожа батыр қозғалысын реакцияшыл, феодал, билердің жетекшілігімен өтті деп бағалады.
Қазақ әдебиеті мен фольклортануда батыр жайындағы жырлар тек өткен ғасырдың 60-жылдарынан кейін ғана зерттеле бастады. Атап айтсақ, Б.Шалабаевтың содан соң Е.Тұрсынов, С.Қасқабасовтардың зерттеулерінде Жанқожа батыр жайындағы тарихи жырлар алғаш рет ғылыми нысанға айналды. Б.Шалабаев жырды әдеби тұрғыдан қарастырса, соңғы екі ғалым Мұсабай нұсқасын аралық жанрға жатқыза келе, мұнда тарихи жыр мен дәстүрлі эпостың және тұрмыс-салт өлеңдерінің де белгілері сақталғанын айтқан.
Көрнекті фольклортанушы С.Қасқабасовтың: «Оқиға болып жатқан кезде, немесе соның артынша туған тарихи өлеңдер бірте-бірте, араға біраз уақыт салып барып шоғырланып, белгілі бір циклге топталып, жырға айнала бастайды. Оны жырға айналдырушылар – сол оқиғаның ішінде болған, немесе оны жақсы білетін өте қабылетті ақын-жыршылар», – деген ғылыми тұжырымдарының Жанқожа батыр жөніндегі тарихи жырларға, оның ішінде Мұсабай жыраудың вариантына да қатысты айтудың қисыны бар.
Жанқожа батыр туралы тарихи жырлардың біразының сюжеттік ерекшелігін Н.Төреқұловтың зерттеуінен табуға болады. Мұнда ол Мұсабаймен қатар Лұқпан Кенже ұлы, Жөкей Шаңғытбаев және жыршысы белгісіз тағы бір нұсқаны талдап, бұл шығармалардың әлі де зерттеле түсу қажеттігін жазған.
Ал белгілі әдебиет тарихшысы Ж.Тілеповтің еңбектерінде «Жанқожа батырдың толғауы» да арнайы сөз болған. Зерттеуші Мұсабай жырлаған нұсқаның сюжеттік үш арқауына назар аудара отырып, олардың тарихи сипатына тереңдей талдау жасаған. Атап айтқанда, Жанқожаның Хиуа хандығына қарсы соғысы, Ресей басқыншыларымен арадағы шайқас және батырдың қапыда қаза болуы сынды оқиғаларды ғалым егжей-тегжейлі, салыстыра зерттей отырып, Мұсабайдың жыраулық деңгейін жоғары бағалайды.
Сондай-ақ, Ж.Тілепов Мұсабай нұсқасының екі бірдей ерекшелігін атап көрсеткен. Зерттеушінің пікірінше, «Мұсабай – әдеби мұрасы өткен ақырында-ақ орыс және қазақ тілдерінде алғаш жарияланған автор ретінде назар аудартатын кісі». Екіншіден, Мұсабай жырында Иван Иванович атты орыс кейіпкердің болуын ғалым «революцияға дейінгі жыраулық поэзияның алғашқы да соңғы орыс кейіпкері» деп санай отырып, аталған кейіпкердің шынында өмірде болғандығын тарихи деректермен дәйектейді.

«Жанқожа батырдың толғауы» атты тарихи жыр жөнінде кезіндегі С.Мұқановтың әдеби очеркінде және Т.Қоңыратбаевтың зерттеулерінде де бағалы ой-пікірлер бар. Жырдың Қазан қаласында жарияланған тұңғыш басылымынан өзге бірнеше нұсқалары ҚР БҒМ ОҒК Сирек қорында сақталған1.
Лұқпан Кенжеұлы нұсқасы.Едәуір көлемді жырдың бұл нұсқасын 1946 жылы жыршының немере інісі Қаражан Рүстемов жазып алып, Алматыдағы Тіл-әдебиет институтының қолжазба қорына өткізген. Қолжазбадағы деректерге қарағанда Л.Кенжеұлы 1898 жылы Қазалы ауданына қарасты кейінгі Амангелді ауылында туған. Арабша-орысша сауаты мол болған. 20 жасынан бастап, қаладағы халық сотының хатшысы болып қызмет атқара жүріп, елдегі қарт кісілерден Жанқожа батыр жайындағы аңыз-әңгімелерді жинап, үлкен қисса, жыр жазуды мақсат еткен. Алайда небәрі 32 жасында өмірден өткен Лұқпан бұл арманын толық бітіре алмаса да, соңына ардақты батырдың бірнеше ерлік істерін баяндайтын бас-аяғы бүтін, тілі өрнекті, кейінгі ұрпаққа өнегелі жыр нұсқасын қалдырған.
Лұқпан нұсқасында Жанқожа батырдың қарақалпақ Тықы, Хиуа бегі Бабажан сарт, түрікпен Әйімбет батырларды жеңіп, Жаңкент, Қазалы төңірегін жаудан тазартумен бірге Сырдың ортаңғы бөлігіндегі Созақ, Қосқорған, Сайрам қамалдарын қиратып, жергілікті қазақтарды Қоқан езгісінен құтқарған жанкешті жорықтары өте әсерлі жырланған. Мұнда жыршы, әсіресе, Жанқожаның түрікпен Әйімбет батырмен жекпе-жегіне және батырдың Кенесары ханмен бірлесіп Созақ бекінісін алу кезіндегі ерлік істеріне ерекше тоқталып, соғыс суретін барынша қызықты әрі шебер тілмен асқақ эпикалық екпінде сомдаған. Осындағы батырдың жорық күйін орындайтын ұраншысы Төремұрат жыраудың бейнесі өте сәтті шыққан. Оның бекініске шабуылдың алдында Шекті батырларын жігерлендірген ұран-жыры көптеген әдебиет, фольклор зерттеушілерінің назарын аударғанын білеміз.

Екі жүзді семсердің

Балдағы қолда қалғанша,

Ат басындай сұм жүрек

От болып қаулап жанғанша,

Мөлдіреген екі көз

Жұмылып қанға толғанша.

Тыным алып, ас ішпей,

Ат баурынан қан кешпей,

Бас кесіліп, ат босап,

Ел бетін көрмес күн бүгін! – деп толғаған жырау

Кіші жүз батырларының есімдеріне мақтау айтып, жеңіс жолына жалынды тілек, батасын беріп аттандырады.

ОҒК сирек қорында Лұқпан Кенжеұлы нұсқасының бірнеше көшірмелері сақталған. Олардың араб және қазіргі қазақ харпінде жазылған біреуін ел аузынан жазып алып тапсырушы – Нағымбек Қарабатыров болса, екіншісін Жанқожаның шөбересі Күрегеннің ұлы Қобылан өткізген».

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: