Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 175 жыл. Мерекені тойлау республика көлемінде басталған еді. Соның бірі Қарауылтөбе ауылдық округіндегі №179 Айтбай Хангелдин атындағы орта мектепте Жамбыл Жабаев апталығы басталды. Білім ордасы «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты оқушылар айтысын ұйымдастырды. Сөз бәйгесі Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналды.
Жыр додасында қаланың әр түкпірінен келген өнерлі өрендер өз ойларын өлеңмен өріп, сөз сайысында өзара тартысқа түсті.
Көпшіліктің көңілінен шыққан балғын айтыскерлер балаға тән бал тілімен айтыс өнерінің шоғыры биік екендігін көрсетіп бақты. Сахнаға шыққан жұптар сүбелі сөз саптап, сергек ой танытты. Табан асты қойылған сауалға жауап қайтарып, бойында суырыпсалмалықтың бар екендігін танытқан таланттар да жоқ емес.
– Жамбыл – қазақ жырының алдаспаны. Бүгінгі додада бақ сынаған өрендер биік деңгейде өнер көрсетті, тақырыпты жан-жақты аша білді. Ұлы бабаларының рухына жырмен ескерткіш қойды. Талаптың оты арындаған жас таланттар қазақ айтысының болашақ жұлдыздарына айналады деп сенеміз, – деді №179 Айтбай Хангелдин атындағы орта мектептің директоры Асқар Садықов.
Суырып салма айтыскерлермен қатар жазба ақындар да өнерін ортаға салды. Өлеңдеріне ақынды арқау еткен оқушылар толғаныстарын мәнерлеп оқып, келген қонақтардың жүрегіне жеткізе білді. Сүбелі сөздің мән мағынасына мән берген қазылар айтыс қатысушыларын дипломдармен марапаттады.
Қазылар алқасы сайысқа қатысушылардың сөз қолданыстарын, ой жүйелігі мен тереңдігін, көркемдік ерекшелігін, дауыс мәнері мен тіл тазалығын, сахна әдебін басты назарға алып сайыстың жүйріктерін анықтады. Нәтижесінде оқушылар айтысының бас бәйгесін №187 орта мектептен келген Нұржігіт Бихожа алды. Жүлделі I орынды №179 Айтбай Хангелдин атындағы орта мектептің шәкірті Айткүл Мырзабай иемденсе, II орын №144 орта мектептің оқушысы Әлімжан Оңабайға бұйырса, ал III орынды Жамбыл Сүлеев олжалады.
Мұнан бөлек білім ордасында «Жамбыл Жабаев – Ұлы дала жыршысы» атты оқушылар арасында мәнерлеп оқу сайысы өтті.
Суретті түсірген
Нұрболат Нұржаубай
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!