Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Журналист мәртебесін көтереміз!

05.07.2021

3891 0

28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні. Төл мерекемізге орай, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жас журналистерге арналған шеберлік сағатын өткізді. Жиынға журналистермен қатар, танымал медиа сарапшылар, қазақ журналистикасының ардагерлері қатысты. Жас тілшілерге арналған ашық сабақта қазақ журналистикасының қайраткері, Парламент Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өзекті мәселе көтеріп, салмақты ой өрбітті.

XV ғасырда кітап шыққан. XVI ғасырда газет шыққан. XVII ғасырда журнал жарық көрсе, XX ғасырда радио мен телевизия ақпарат кеңістігінде қанат жайды. XXI ғасырда коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстыратын интернет пайда болды. Германиядағы бір басылымының редакторы «Интернет жақсы журналисті ұшпаққа шығарады, жаман журналисті шыңырауға құлатады» депті.

Өте дұрыс айтылған. Интернетте көп нәрсе бар. Қазір жаңа медиа мен дәстүрлі медиа туралы салыстырмалы сөз көп. Біреулер екі медианың арасында тартыс бар дейді, біреулер бәсекелестік дейді, біреулер дәстүрлі медианы жаңа медиа жұтып қояды дейді. Көптеген әңгіме бар. «Газеттің күні бітті, күні санаулы, енді 10-20 жылдың ішінде қағаз газет құритын шығар» деген әңгіме де айтылады. «Өлетін» мамандықтың иелері ретінде, бізге мұндайды есту өте ауыр, жанымызға батады. Ойланамын. Жарайды, жаңа технология келді, смартфон қолымызда тұр. Бірақ газеттің орны бөлек.

Айтпақшы, қайсыңыз күнде таңертең газет оқисыздар? «Қазправданың» ұзақ жыл Бас редакторы болған Александр Тараков «Газетте бір иіс бар. Ондай иіс телевидениеде, радиода, интернетте де жоқ» дейді. Сол айтқандай, газеттің өзінің бір құдіреті бар еді. Газеттің адамзат баласындағы орны мен қазақ қоғамындағы өзіндік орны бар еді. Газет оқу мәдениеті қалыптасқан ел едік. Қазір теледидардың «жұлдыздары» көп. Олар қаншама хабар жүргізеді. Қаншама бағдарлама жасайды. Оны смартфон арқылы көресіздер, Инстаграм және Youtube, Фейсбук арқылы қарайсыздар. Бірақ газет оқымағандарыңыз біздің жанымызға батады. Газетті серік етпегендеріңіз біз сияқты алдыңғы буын аға журналистердің жүрегіне ауыр салмақ. Бәлкім, уақыт жетпейтін шығар. Бәлкім, газет-журнал ескіліктің ақпарат құралына айналған шығар. Солай ойлайын десең, технологиясы дамып кеткен Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Америка көз алдымызда тұр. Бәрі жаңа технологияны қолданады. Бірақ оларда газет шығып жатыр. Жапонияда таңертең, кешке екі рет шығатын газеттер бар. 90 мың тиражбен таралады. Солар газет оқып отыр. Сонда олар ескіліктің адамы ма? Ескілікте жүр дейін десең, олар газет оқиды. Жапондар ғана емес, корей мен орыстар да газет оқиды. Еуропалықтар да жаппай газет оқиды. Түркия да солай. Қазақстан ғана газет оқымайды. Сонда осы газеттің ешкімге керегі болмай қалғаны ма? Әлде, шынымен, өз тілімізді өлтіруге өзіміз жұмыс істеп жатырмыз ба? Әрине, бұлай жалғасып кете берсе, газет тығырыққа тіреліп, тұншығып қалатын кезге де келеді.

«Жас Алаштың» редакторы болған кезімде, бір әкімге хат жазып, тиражға көмектес деп айтқан емеспін. 6 мың таралымды 87 мың тиражға жеткіздім. Жұрт оқыды. Қазір де «Жас Алашты» оқиды. «Жас Алашты» пандемия кезінде де, картоп, сәбіз қымбаттағанда да, оны оқитын оқырман сатып алып оқиды. «Жас Алаштың» өзінің оқитын категориясы бар. Тым болмағанда, 7 мың адам соңғы көйлегін, болмаса, шапанын сатса да, оқиды. Қалыптасқан дәстүрлі оқырманы бар. Олар өліп, олардың орнына баласы немесе немересі қалса да, газет оқиды. Өйткені олар атасының газет оқып отырғанын көрген, сондықтан газет оқитын шығар деп ойлаймын. Бәлкім, қателесуім де мүмкін. Алаш арыстары газет шығарды. Егер олар келте ойласа, газет шығармас еді. Бәлкім, ол заманда интернет болмағандықтан, газетке деген тәуелділік болған шығар? Интернет дамып тұрған күннің өзінде озып кеткен мемлекеттер қағаз газет оқиды да, озған елдердің қатарына қосылайық деп талпынып отырған Қазақстан ғана газет оқымайды. Неге? Менде осындай сұрақтар бар. Мұның жауабын іздедім, бірақ таба алмадым. Әлемде ең соңғы газет қалғанша, қағаз газет шыға береді деп ойлаймын.

Бір жаңалық оқыдым. Теледидарда жұлдыз болып жүргендер көп. Аттары дүрілдеп тұр. Бұдан кейін телеарнаға робот жүргізушілер келеді екен. Ал не істейсіңдер? Газет те қалады. Оны поштамен жеткізуі мүмкін. Болмаса, тойда ет орауға жарайтын шығар. Әйтеуір, бір кәдеге асады. Ең жедел хабар таратады деген радионың өзі арнайы сайт ашып жатыр. Мұның бәрі жаңа технологияның «жемісі».

Бұрын бір үйде бір «домашний» телефон деген болатын. Қазір сіздерде бар ма? Сол телефонмен сөйлесесіздер ме? Талай үйлерде сол телефон өзімен-өзі тұр. Бәлкім, біреу телефон соғып қалатын шығар деген үмітпен ғана қозғамаймыз. Ол да ағымнан қалып барады. Теледидарды үйде емес, түзде жүріп көре беретін жағдайға келдік. Оған арнайы пакет сатып алып, жүйеге қосып, ақшасын төлемей-ақ, өзіңіздің телефонынан әлемнің барлық жаңалығын көретін жағдайға жеттік. Демек теледидардың да күні санаулы. Күндердің бір күні осылардың ортасынан басқа бір медиа пайда болады. Сол кезде бәріміз жұмыссыз қалатын шығармыз.

Газеттің электронды нұсқасы – газет емес, ол – сайт. Газетті қолға алып, астын сызып, қиып алып, сақтап оқиды. Бұл – нағыз оқырманның ісі. Батыс Қазақстан облысында тұратын бір кісімен таныстым. Үйінде «Жас Алаштың» ғана емес, бүкіл қазақ газеттерінің тігіндісі бар екен. Ол кітапхана қызметкері емес, қарапайым оқырман. Бүкіл тарих сол жерде сақтаулы тұр. Кітапханаға барамын. Бұрынғы шыққан жақсы газеттерді оқиын десең, мақалаларды студенттер қиып алып кеткен. Кейде өзімнің мақалаларымды таппай қаламын. Әлгі Оралдағы кісінің үйінде Қазақстанда шығатын барлық басылым тұр. Мен соған риза болдым.

Газет керек емес шығар деп ойласам, жақында Жамбыл облысы мен Түркістан облысында бірнеше аудандық газетті сатылымға шығарды. Оны кім сатып алады? Кімге керек «өлейін» деп жатқан басылым? Осыған ақша салатындар жынды ма деп ойладым. Сөйтсем, пышақ үстінде сатылып кетіпті. Жеке меншіктің қолына өтті. Мен ойлаймын, ақшасы бар адамдар ақымақ емес. Пайдасы бар жерге ғана қаржы салады. Әлеуметтік желінің желі кеулеп тұр қазір. Онда түрлі ақпарат беріледі. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде небір порнографиялық кассета тарады ғой. Халық соны алатын. Барлығы көрді. Сөйтсек, ол да уақытша дүние екен. Қазір әлеуметтік желі де сол сияқты уақытша құбылыс. Онда тілдің тазалығы сақталмайды. Қалай болса солай қолданады. Бір жолы телефоныма «каксың?» деген хабарлама келді. Әлгінің не жазба екенін түсіне алмадым. Сөйтсем, «қалыңыз қалай?» дегенді білдіреді екен. Содан «Каксың?» дегенге «Такпын» деп жауап жазып жібердім. Біз бұдан да өтеміз. Мәдени деңгейге көтерілеміз. Өйткені біз – сауатты халықпыз. Дегенмен қазақтың тілін бұзу әлі талай жыл жалғасады. Өйткені газет оқымаған сайын, газеттің тілін бұзатындар көбейеді. Алдағы уақытта журналист мәртебесі туралы Парламентте мәселе көтеретін боламыз. Олардың әлеуметтік жағдайын, тұрғын үй мәселесін қозғаймыз. Заң жобасы тек депутаттардың жұмысы емес, журналистер де талқылап, өз ойларын ұсынуы керек. Қазір Сенатта да, Парламентте де бірнеше журналист бар, солармен ақылдасып, осы мәселені шешуді қарастырып жатырмыз. Жан-жақтан ұсынысты төпелеп тастасаңыздар, біз мұны халық шулап жатыр деп көтереміз. Журналист деген қастерлі мамандықтың мәртебесін биіктетіп алуға барлығымыз бірге атсалысайық!

Нұртөре Жүсіп,

Сенат депутаты

Jas qazaq

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: