Жұма, 26 сәуiр, 10:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Әкім сайлауға дайынбыз ба?

10.07.2021

1604 0

Сайлау болады. Бұл жолы халық ауыл әкімдерін сайлайды. Тұрғындар үшін ауыл әкімінің мәртебесі биік.  Себебі ауыл түтінінің түзу болмағы  да әкімге байланысты. Ауыл халқының айтар шағымы болса, ең алдымен маңдай тірейтіні де – ауыл әкімі. Сол себепті де бұл сайлаудың жөні бөлек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлаудың маңызды екенін атап айтты. «Осы оқиғаны еліміздің тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Негізі бұл біз үшін стратегиялық мәні айрықша міндет. Азаматтарымыз тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болмақ. Біз бұған біртіндеп, жоспарлы түрде келдік», – деген Президент халықтың 40 проценттен астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара ең алдымен ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді. Бір айта кетерлігі халық сайлаған әкімдерге артылар жауапкершілік жүгі де жеңіл болмайды. «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан тарихында алғаш рет тікелей дауыс беру арқылы әкімдер сайлауы шілденің соңғы он күндігінде өтпек. Елде 700-ден аса ауылдық округ әкімі, ал аймақта 40 ауылдық округ әкімі тұңғыш рет халық сайлаған әкім ретінде тәуелсіз ел тарихында қалмақ. Әрине, ең бастысы, сайлаудың нәтижелі болып, сайланған әкімдердің ел сенімін ақтағаны маңызды.

Жалпы сайлау тәртібі қалай? Әкім болғысы келгендерге қойылар талап қандай? Сайлау заңында атап көрсетілгендей, әкім сайлауына жасы 25-тен асқан, жоғары білімі және кемі бір жыл мемлекеттік қызмет атқарған немесе мемлекеттік органға жатпайтын ұйымда кемі екі жыл жетекші болып істеген азамат қатыса алады. Заңға сәйкес, үміткерлерді ұсынудың үш түрлі жолы көрсетілген. Бірінші, саяси партия ұсынады. Партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екінші, дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 процентінен қол жинау арқылы өзін-өзі ұсынуға болады. Үшінші, ұсыну аяқталатын күні екіден кем кандидат ұсынылса, аудан әкімі ұсына алады.

Жалпы ауыл әкімін сайлауға қоғам қаншалықты дайын? Қо­ғамдық саяси зерттеу инс­титутының жүргізген сауал­намасына қатыс­қандардың 60 проценті сайлау­ға баруға дайын екенін білдірсе, 23 проценті әлі нақты шешім қабылдамағанын айтқан. Сауал­намаға елдегі 134 ауылдан 2936 тұрғын қатысқан.

Әкімді халық сайлау мәсе­лесіне  саясаткерлердің пікірі қандай?  Саясаттанушы Айдос Сарым әкім сайлауы қоғам үшін қажет екенін айтады.  Сайлау барысында аймақтық ерекшеліктер, басқа да көзқарастардың болмай қалмай­тынын айтқан саясаттанушы осы­ның бәрінен қоғам өту керектігін, осы сайлаудан кейін кем-кетікті ескеріп, заңнаманы да түзетуге болатынын айтқан.

Орайы келгенде саясаткер Дос Көшімнің пікірін білу үшін арнайы хабарластық.

– Бұған дейін ауыл әкімдерін халықтың атынан жергілікті мәслихат сайлады. Әрине, енді тікелей халықтың сайлауы алға басқан қадам екені даусыз. Дегенмен мәселе де жоқ емес. Мен ауыл әкімін сайлағаннан гөрі, жергілікті өзін-өзі басқару қажеттігін 2003-тен бері айтып келемін. Әр ауылда жергілікті өзін-өзі басқару болса, бұл мәселе өз-өзінен шешімін табар еді. Ауылды басқаратын бір адам емес, бір топ керек. Жергілікті басқарудың да тиімділігі осы. Тағы бір мәселе ауылдарда жергілікті бюджет жоқ есебі. Қаржысы жоқ әкім ұзаққа бара алмайтыны белгілі. Келесі мәсе­ле – ха­лықтың сайлауға деген сенімі. Ауыл азаматтары өзін-өзі ұсынбай қалар ма екен деген қаупім бар. Тағы бір айта ке­терлік мәселе – үміткерлерге қойылған талапқа қарсымын. Үміткердің жасы, білімі, мемлекеттік қызметте кемі бір жыл жұмыс істеу талабы қойылмау керек еді. Мұндай талап ешбір елдің тәжірибесінде жоқ. Осындай талап болса, электрик  Лех Валенса Польшаның президенті болмас еді. Халық кімді сайлайтынын өзі шешу керек еді. Бұл талап жаңа есімдердің келуіне кедергі болады, – дейді.

Ал «Nur Otan» партиясының  Қызылорда облыстық филиал төрағасы Ләйлә Төрешова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңін айғақтайтын өте маңызды бастаманы алғаш рет Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтқан болатын. Осыған орай ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мақсатында 2020 жылғы жалпыұлттық жоспар шеңберінде сайлауға қатысты бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол өзгертулер мен түзетулер «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға, «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға қатысты болды. Заңнамалардың жаңашылдығы – тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы ауыл әкімдерін сайлау. Бұрын жанама түрде сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтап, ендігі әкімдер тікелей сайлау арқылы таңдалады. Бұл тұрғыда ауыл әкімдігіне үміткерлерді саяси партиялар арқылы ұсыну немесе кандидаттың өзін-өзі ұсынуға мүмкіндігі бар. Бұл да еліміздің саяси дамуындағы үлкен бір айтулы оқиға, жаңа бір кезең. Ауыл тұрғындары өз әкімдерін тікелей сайлап, сол арқылы өздерінің саяси құқықтарын кең ауқымда жүзеге асырудың тағы бір қосымша мүмкіндігіне ие болады» деп пікір білдіріпті.

Саяси ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиев ауыл әкімдерін сайлауға қоғам дайын деп есептейді.

– Ауыл әкімдерін сайлау бүгін немесе кеше пайда болған мәселе емес.  Себебі демократиялық мемлекет болғандықтан билік басына сайлау арқылы келу қалыпты жағдай.  Бұл  саяси өзгеріс, жаңашылдық әкеледі деген сенімдемін.  Ауыл халқы өзінің ойында жүрген, ауылда туып-өскен,  ауыл проблемасын шешуге ынталы азаматты сайлауы – демократиялық сатыға көтерілудің жаңа қадамы. Бұған дейін сайлауға қатысып, таңдау жасап жүрген қоғам әкім сайлауына да дайын деп есептеймін. Дегенмен бір ескеретін жағдай – сайлау талабы. Сайлау талабы бойынша үміткердің мемлекеттік қызметте тәжірибесі болуы кейбір мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген іскер ауыл азаматтарының бағын сынауға кедергі болайын деп тұр. Екінші мәселе – бюджетке тіреледі. Ауыл әкімі  өзінің автономды бюджеті болғанын қалайды. Әр ауылдың проблемасы бар.  Сол түйткілді орталық арқылы емес, ауылдың өз бюджеті арқылы шешуге бел буып жатады. Сондықтан осы мәселелер алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамын. Бұл сайлау қоғамға жаңа өзгеріс әкеледі. Тіпті сайлау нәтижелі болып жатса, келешекте аудан әкімін, облыс әкімін сайлау күн тәртібіне шығуы мүмкін. Бұл еліміздің дамуына үлкен тәжірибе. Сондықтан бұл әкімдер сайлауы оң нәтижесін береді деген ойдамын, – деді.

 Саясаткерлердің қай-қайсысы да атап өткендей, сайлау талабындағы кейбір мәселелер тәжірибеде сыналмақ.

Бүгінде аудандық сайлау комиссиялары әкім сайлауын өткізуге сақадай сай деуге негіз бар. Жалағаш аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Садық Әлиев сайлау өткізуге дайындық барлық талапқа сай жүргізіліп жатқанын айтты.

– ҚР «Сайлау туралы» заңына толықтырулар мен өзгерістердің күшіне енуіне орай аудандық бағыныстағы қала, кент, ауылдық округ әкімдерін төте сайлау өткізуге байланысты үстіміздегі жылдың 25 шілдесінде аудандағы 4 ауылдық округ әкімдерін сайлау жөніндегі шешім қабылданып белгіленді. Ауданда 4 сайлау округі құрылды. Ол бес елді  мекенді қамтиды. Яғни 4 сайлау округінде 1 аймақтық комиссия, 5 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамында барлығы 42 адам бар. Аудандық сайлау комиссиясының ауылдық округ әкімдерін сайлау бойынша құрылған сайлау учаскелері жұмысқа кірісті. Ауылдық округ әкіміне кандидаттар ұсыну осы жылдың 9 шілдесіне дейін, ал оларды тіркеу 14 шілдеге дейін белгіленген. Бұл жөнінде аудандық газетте жарияланып, аудан халқы түгел хабардар болды. Аудандағы Қаракеткен, Бұқарбай батыр, Аққыр, Аламесек ауылдық округ әкімдіктеріне кандидаттарды өзін-өзі ұсыну жолымен ұсыныс түсіп жатыр.  9 шілде күнгі сағат 12-00-ге дейінгі мәлімет бойынша барлығы 12 кандидат ұсынылса, оның 4-і партиядан, қалғаны өзін-өзі ұсын­ғандар. Сайлау науқанының басталуына орай арнайы күнтізбелік жоспар белгіленген. Күнтізбелік жоспарға сәйкес барлық жұмыстар атқарылуда. Сайлау қарсаңында заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында екі рет семинар-кеңес өткізілсе, 30 маусым күні нақты сайлау өтетін учаскелердің комиссия мүшелері үшін семинар-кеңестер ұйымдастырылды. Қазір барлық сайлау учаскелері жұмыс істеуде, заң талаптарына сәйкес жабдықталды. Сайлау кезінде елдегі жағдайға байланысты барлық сақтық шаралары сақталады. Сайлау ұйымшылдықпен өтеді деп жоспарлаудамыз, – дейді ол.

Әкім болсам деп едім…

9 шілде – кандидаттарды ұсынудың соңғы күні. Әкім болғысы келетіндердің жайын білмек мақсатта облыстық сайлау комиссиясына хабарластық. Түске дейінгі мәлімет бойынша барлығы 144 кандидат ұсынылыпты. Оның 53-і партиядан, қалғаны өзін-өзі ұсынғандар. Әкім болуға үміткер 144-тің ішінен 93 үміткер талапқа сәйкес деп танылған. Бүгінгі күнге дейін олардың 39-ы тіркелген. Тіркелгендердің 34-і партиядан, 5-і өзін-өзі ұсынғандар.

Әкім болудан үмітті, ұсынылған кандидаттардың арасында 8-і әйел. Үміткерлердің ең жасы 25-те, ең үлкені 62 жаста. Әкім болудан үміттілердің арасында мұғалімдер көш бастап тұр. Атап айтқанда ұсынылған кандидаттардың 34-і мұғалім, 32-і заңгер, 31-і экономика, қаржы саласының мамандары, 19-ы инженер-технолог, 2 агроном, 2 ІТ сала­сының маманы, 6 ветеринар, 5 жергілікті өзін-өзі басқару мамандығын игерген, 15-і түрлі мамандық иесі.

P.S. Сайлау бір күнде-ақ бітеді. Ең бастысы, бұл сайлаудың ауылдың бағын ашатын, жанашыр, білімді де білікті әкім таңдауы.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: