Сенбі, 04 мамыр, 16:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Солтүстікке көш: жұмыс та бар, үй де дайын

22.04.2023

760 0

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында елімізде бірнеше жылдан бері жұмыс күші жетпейтін солтүстік өңірлерге оңтүстік халқын көшіру шарасы жүзеге асып келеді. Бұл биыл да жалғасын таппақ.

Өңірлік коммуникация орталығында бағ­дарламаның жүзеге асу барысы, солтүстік өңірлерге көшкендерге берілетін жеңілдіктер жайы айтылды. Брифингке облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орын­басары Жанар Дәулетбаева, Ұлытау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ләззат Амангелдина, Абай облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Мерхат Қабдешов, Қостанай облысы, Первомайский ауылдық округінің әкімі Нұрбол Қосанов, Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрдан Әшімов қатысты.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау, Абай облыстары оңтүстік өңірлерден көшіп келгендерді қабылдауға дайын. Яғни жұмыс орны да, тұрғын үй-жайы да бар. Бағдарлама аясында солтүстікке көшкендерге қандай жағдай жасалатыны туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орын­басары Жанар Дәулетбаева айтты.

– Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға және оның әрбір отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алуға үй құнының 50 пайызын, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын сомада қаржы беріледі. Тағы бір жеңілдік – бір жыл бойы үй жалдауға, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге мате­риалдық көмек беріледі. Мамандығына қарай жұмысқа орналастыру мәселесі де шешімін тапқан, – дейді ол.

Солтүстік өңірлерге көшу жайын халыққа түсіндіру мақсатында бірнеше облыстан келген арнайы өкілдер өз аймақтарында қандай бос жұмыс орны бар екенін мәлімдеп, бірнеше күн бойы сырбойылықтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуге дайын екендіктерін жеткізді.

Мәселен,  Ұлытау облысы жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ләззат Амангелдина Ұлытау өңірі қазір 26 отбасын қабылдауға дайын екенін, өңірде негізінен дәрігер, мұғалім, инженерлер жетіспейтінін мәлімдеді. Ал Абай облысынан келген өкіл Мерхат Қабдешов биыл 147 отбасын қабылдауға дайын екендіктерін, Абай өңірінде де жұмысқа орналасуға мүмкіндік көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, Абай облысына кен байыту орындарында жұмыс істейтін мамандар, дәрігер, мұғалім және ауыл шаруашылығы саласының мамандарына жұмыс еш қиындықсыз табылады. Қостанай облысынан ат арытып келген өкіл Нұрбол Қосанов өткен жылы да Сыр өңіріне келіп, өзімен бірге 6 отбасын ала кеткенін айтты.

– Көшіп келгендерге «өз күніңді өзің көр» деген түсінік жоқ. Барынша орналасып, жұ­мысқа тұрып, әбден үйренісіп кеткенше, тіпті күн сайын барып жағдай сұрап тұрамыз. Өткен жылы көшіп барғандар осындай шешім қабылдағанына риза. Еңбек етем деген адамға мүмкіндік мол, – дейді ол.

Ал Павлодар облысында көшіп келушілерге аяғынан тұрып кетем дегенше уақытша орна­ласатын жатақхана дайын екен. Тіпті алдын ала жағдайды көріп, өңірмен танысам дегендерге осы жатақханадан орын беріледі. Көшіп келушілерге жұмысқа орналасуға мүмкіндік көп екенін, тіпті кәсіп бастағандарға қолдау болатыны да айтылды.

Бір сөзбен айтқанда, көш басын солтүстікке бұрам дегендерге қолдау бар. Жұмыс та, баспана да, тіпті көмек те беріледі.  Ең бастысы, елдің қай түкпірінде жүрсек те, Отанымыз бір екені белгілі. Бүгінгі брифинг түйіні осындай.

Гүлмира Мағлұмқызы

Сурет: Тurkystan.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: