Жұма, 29 наурыз, 06:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Балайым КЕСЕБАЕВА, ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары: «Дамыған елдерде «Әлеуметтік кодекс» әр адамның үстелінде тұратын кітапқа айналған»

05.02.2022

1930 0

«Әрбір депутат қаралатын заң жобаларының сапасы мен нақтылығы үшін ерекше жауапкершілікті сезінетіні сөзсіз», – дейді бүгінгі сұхбат кейіпкері. Шынында, әрбір қабылданған заң жай ғана құжат емес, мемлекеттің, халықтың тағдыры. Парламент қабырғасында жауапкершілік жүгін арқалаған ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Кесебаева Балайым Туғанбайқызымен сұхбатқа жаңа Қазақстанға қажет заңдар, ел көкейіндегі сауалдар және қоғамдағы бірқатар мәселелер арқау болды.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11-інші қаңтарда өткен Парламент Мәжілісінің отырысында қоғам көкейінде жүрген көп мәселені ашық айтты. Депутат ретінде және елдің қарапайым азаматы ретінде қай мәселеге ерекше назар аудардыңыз?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кешенді және жүйелі сипаттағы көптеген мәселе көтерді. Бірінші кезекте – ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық және әлеуметтік салаға қатысты мәселелер. Сонымен қатар депутаттық сауалдар аясында осы салалардағы көптеген сұрақтар бірнеше рет көтерілгенін атап өту қажет, заң жобаларын әзірлеу кезінде жұмыс жалғасатын болады.

Біріншіден, Президент ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл жүйесін түбегейлі қайта құру стратегиялық міндетін қойды. Бұл мәселеде Қарулы Күштердің, құқық қорғау құрылымдарының, ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау органдарының жұмысын реформалау қажет.

Екіншіден, Мемлекет басшысы өз сөзінде әл-ауқат пен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Бірақ оның басты мазмұны – нақты істер жүзеге асырылуы керек. Осы тұрғыда әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналастыру, жастар саясатын жетілдіру сынды басқа да мәселелер көтерілді.

Бұл бағытта Қазақстанды ұзақ мерзімді дамытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеу және ең алдымен «Жаңа Қазақстан» жаңа саяси бағытын құру тұрғысынан қолданыстағы жүйелерді қайта қарау қажет сияқты. Бұл мәселелерді шешу барлық мемлекеттік органдар тарапынан айтарлықтай күш-жігерді талап етеді.

– Мәселені көтеру бар да, орындалуы бар. Шыны керек, көп мәселе айтылғанымен, орындалуы кейде кешігіп, нәтиже бермейді. Президент көтерген мәселелер мен аталған тапсырма орындалуы үшін не істеу керек?

– Президент жүйелі проблемаларды атап айтты, ал оларды шешу кешенді тәсілдерді талап етеді. Ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне және мемлекеттік органдардың ведомствоаралық үйлестіруін күшейтуге қатысты тиісті тапсырмалар берілді. Қазақстанда белгіленген реформалардың жалпы мәні – бұл алдын алу шараларына және құқық қорғау органдарының жазалаушы моделінен сервистік модельге көшуге баса назар аудару.

Президент көтерген мəселелер мен берілген тапсырманың ел мүддесіне сай орындалуы үшін Парламент пен Үкімет, құқық қорғау органдары, барлық мемлекеттік мекемелер өз құзыреттері шегінде жұмыстарын адал атқаруы керек. Тек мемлекеттік органдар мен мекемелер ғана емес, әрбір сектор, ұйым, әрбір жеке тұлға өзінің міндетін заңнамалар аясында орындауы тиіс.

Қазіргі таңда Президент тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, Үкімет пен уәкілетті органдар жұмысқа кірісіп кетті.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары Үкіметпен бірлесіп Президенттің 11 заңнамалық шаралар қабылдау қажет тап-сырмаларын орындауға бағытталған жұмыстар жүргізуде. Қабылданған шаралар қоғам мен мемлекет мүддесі үшін барлық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

– Жаңа Қазақстанды құру туралы айта бастады. Жаңа Қазақстанға қандай заңдар қажет?

– Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларын жүзеге асыру үшін Парламентке, соның ішінде Мәжіліске үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан біздің депутаттық корпус барлық бастамаларды жедел, тиісті заңдармен қамтамасыз ету жұмысына кірісеміз.

Бұл жолда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы, сонымен бірге еліміздің қауіпсіздігін қорғауға, оның ішінде қару-жарақ айналымын реттеуді күшейту, күштік құрылымдардың дербестігін, басшыларының жауапкершілік деңгейін арттыру тұр-ғындардың қажеттілігін ескере отырып, аймақтар арасындағы теңсіздікті төмендету мақсатында бюджетаралық қарым-қатынастарды түбегейлі және кешенді реформалауға, кәсіпкерлікті қолдауға, әсіресе ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға, халықтың табысын арттыруға және білімді күшейтуге ерекше назар аударатын боламыз.

Сонымен қатар әлемнің көптеген дамыған елдерінде Әлеуметтік кодекс әр адамның үстелінде тұратын кітапқа айналған, өйткені ол құжат әрбір адамның әлеуметтік саладағы құқықтары мен міндеттерін қарастырады.

Адам капиталын дамыту, халық арасындағы әлеуметтік теңгерімсіздікті жою басты назарда болуы тиіс. Жаңа әлеуметтік саясатты әзірлеу мен жаңарту қажеттігі туындап отыр. Қазіргі уақытта қалыптасқан жүйелі және жаһандық проблемаларды, оның ішінде пандемияны да ескере отырып, мемлекеттің әлеуметтік саясатын шынайы жағдайға бейімделген Әлеуметтік кодекстің қабылдануын қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондықтан біз Үкіметпен бірлесіп осы жұмыстарды жоғары деңгейде жүзеге асыруға атсалысамыз.

– Қарапайым халық жиі айтатын мәселенің бірі – бағаның қымбаттығы. Үкімет пен әкімдер бағаны төмендету, нарықтағы бағаны көтермеу үшін не істеу керек? Базар аралаумен баға мәселесі шешіле ме?

– Бұл мәселенің күрделі және кешенді екенін атап өткім келеді. Шынында да, бағаның өсуіне, оларды тұрақтандыру үшін күрес – халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылатудың негізгі нүктесі. Нарықтық тетіктің өзі бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды. Осыған байланысты мемлекеттің экономикалық саясатының негізгі нүктесі – бағаны ұстап тұру және оларды тұрақтандыру. Мәселенің күрделілігі мынада: жаһандану жағдайында бағаның ұдайы өсуінің біржақты үрдісі қалыптасты. Бұл инфляцияның ішкі және халықаралық тетігінің өзара әрекеттесуі нәтижесінде қалыптасты. Бұл қазақстандық экономикаға да толықтай қатысты.

Қалыптасқан жағдайды талдау бағаны тұрақтандыру проблемасын, оның ішінде стратегиялық маңызды тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге қатысты проблеманы шешуге қабілетсіз болған, бұрын қабылданған бағдарламалардан өзгеше, түбегейлі жаңа шараларды көздеуге тиіс екендігін көрсетеді. Осы кезеңде қазақстандық инфляция «сұраныс қысымымен» емес, «шығындар қысымымен» түсіндіріледі. Инфляцияны дұрыс емес диагностикалау және соңғы жылдары инфляциямен күресудің дұрыс емес әдістерін қолдану салдарынан нақты инфляция деңгейі ресми деңгейден едәуір асып түседі. Мұны күнкөріс минимумының құны ресми инфляцияға қарағанда тез өсетіндігінен көруге болады.

Қазіргі жағдайда бағаның өсуі мен өндірістің құлдырауының нақты проблемаларын шешу үшін бірқатар аралас бағдарламаларды енгізуге болады. Бұл бағыттағы жұмыс инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеуге назар аудара отырып жүргізілуі тиіс. Инфрақұрылымды дамыту тауарлардың өзіндік құнының төмендеуіне ықпал етіп, бұл өз кезегінде бағалардың арзандауын қамтамасыз етеді. Базарларға бару – бұл тиімді шара, бірақ ол уақытша және көбінесе нарықтағы нақты бағаларды көрсетпейді.

Сондай-ақ бағаны тұрақтандыру шараларының бірі – өңірлік бөліністе стратегиялық тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге шекті бағаларды белгілеу. Өздеріңіз білетіндей, көптеген тауардың бағасы өз бағаларын «орап» жатқан делдалдардың көптігіне байланысты өсуде. Мысалы, ауылшаруашылық өнімдерінің бөлшек сауда бағасы мен өндірушілердің бағасы бірнеше есе дерлік. Мұндай жағдайда экономикалық ықпал ету құралдары мен шараларының жеткілікті арсеналын қолдануға болады (кіріс саясаты – бағалар мен жалақы деңгейін тікелей бақылау; маңызды экономикалық немесе әлеуметтік маңызы бар жекелеген салалардағы бағаларды реттеу; бәсекелестік ортаны қолдау және ынталандыру; валюталық және монополияға қарсы саясаттағы мемлекеттік әсерді нығайту; шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау; артық делдалдықты және импортқа тәуелділікті азайту сияқты т.б).

– Шынын айтайық, қарапайым халық ең алдымен өз аймағынан сайланған депутатты іздейді. Халық арасында теледидардан жиі көрініп, жиі сөйлейтін депутаттар ғана жұмыс істеп жатыр деген түсінік бар екені жасырын емес. Депутат ретінде даусыңыз естілмегенмен, қоғамда «депутат Кесебаева заң шығару, жазу ісінде кәсіби маман» деген жағымды пікір бар. Жалпы заң шығару, дайындау процесі үлкен жауапкершілік екені сөзсіз. Бұл жай ғана құжат емес, адамның, мемлекеттің тағдыры. Бүгінге дейін қай заңдарды қабылдауда қолтаңбаңыз қалды?

– Парламент депутаты ретіндегі қызметімнің мазмұндылығы мен нәтижесі қоғамдық және тұрғындардың өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталған заңнамалық жұмысты сапалы жүргізу, тиімді заңнамалық шешімдерді қабылдау арқылы көрінетіндігін атап өткім келеді.

Сонымен қатар заңгер ретінде «депутаттар теледидардан жиі көрініп, проблемалар айтуы» депутат қызметінің негізгі формуласы еместігін айтқым келеді. Өйткені депутат тек проблемаларды айтып қана қоймай, негізделген, пысықталған заңнамалық шешімдер ұсынуы қажет.

Бұл ретте депутаттық қызметте бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екені даусыз. Мәселен, барлық жұмыс топтары, ғылыми-тәжірибелік талқылаулар, парламенттік тыңдаулар, үкімет сағаттары бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады.

Заң жобаларына бастамашылық жасауда да, Мәжіліске енгізілген заң жобаларын қарау кезінде де әрбір депутат қаралатын заң жобаларының сапасы мен нақтылығы үшін ерекше жауапкершілікті сезінетіні сөзсіз. Көбінесе үкіметтік жобалардың мәтіндері қайта қаралып, Парламент Палаталарының жұмыс топтары аясында айтарлықтай пысықталады. Сонымен қатар өкінішке қарай, Үкіметтің оң қорытындысының болмауына байланысты депутаттар ұсынған нормалар кейде қолдау таппайды.

Ағымдағы заң жобалау жұмыстарына қатысты айтар болсақ, сессия басталғаннан бері Мәжіліс жұмысында 92 заң жобасы болды, оның 45-і мақұлданып, Сенатқа жіберілді, 40 заңға ел Президенті қол қойды.

Олар ең алдымен экономиканы қалпына келтіруге, елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды дамытуға және, әрине, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Осы мәселелердің барлығы өзекті күн тәртібін қалыптастырады және еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

Адам құқықтарын қорғау, сот және құқық қорғау органдарының жүйесін дамыту бағытында мәжіліс депутаттары сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы, құқық қорғау органдары, прокуратура мен сот арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырататын үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша, адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы, азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша заң жобаларын мақұлдады.

Мемлекеттің экономикалық саясатын заңнамалық қамтамасыз ету одан әрі жетілдірілді. Мақұлданған заң жобаларының қатарында – өнеркәсіптік саясат туралы, бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша, мемлекеттік сатып алуға, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуына қатысты заң жобалары бар.

Сондай-ақ мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлуді, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізуді, биржалық сауданы дамыту мен жасауды, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерін көздейтін заң жобалары мақұлданды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес заң шығару бастамасының субьектісі ретінде Парламент депутаттарының бастамашылығымен 25 заң жобасы әзірленді.

Қазіргі таңда 10-нан астам бастамашылық заң жобалары әзірленуде: Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «жасыл» мемлекеттік сатып алуды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, «Астық туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне формальды емес жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы заңдарының жобасы.

Мемлекеттік жастар саясаты, ғылым, қылмыстан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу, ақпараттық қауіпсіздік (теріс ақпараттық контентке: буллингке қарсы іс-қимыл), цифрлық активтер, интернаттан кейінгі сүйемелдеу, генетикалық түрлендірілген организмдер (ГТО) мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізілді. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша тиісті заң жобалары әзірленуде.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше дамыған елдерде заңнамалық шешімдер қабылдау процесінің барлық кезеңдері: реттеуді талап ететін проблеманы айқындау, заңнамалық актілердің жобаларын дайындау, мүдделі тараптарды тарту, сондай-ақ тиісті актілерді қабылдау және олардың әсерін мониторингтеу бойынша оң тәжірибе қалыптасқаны белгілі.

Осы элементтердің барлығы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген. Мәселен, біздің «заңдар туралы заң» болып табылатын «Құқықтық актілер туралы» заң, заңға тәуелді актілер заң жобалау жұмыстарын жоспарлаудан, заң жобаларын әзірлеуден, ғылыми сараптамалар жүргізуден, барлық мүдделі мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдарды, ғалымдарды, мамандарды заң жобаларын әзірлеуге тартудан, құқықтық актілерді қабылдаудан, қол қоюдан және жариялаудан, сондай-ақ қабылданған заңнамалық актілерге мониторинг жүргізуден бастап заң жобалау жұмысының барлық осы кезеңдерін көздейді.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылғы желтоқсанда Парламентаризм институты құрыл-ғандығын атап өткім келеді. Парламентаризм институтының миссиясы – Республика Парламентінің өкілді және заң шығарушы рөлін күшейту арқылы парламентаризмді дамыту.

Президенттің 2021 жылғы 15 қазандағы № 674 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының қабылдануымен заң жобаларының тұжырымдамалары, нормативтік құқықтық актілердің жобалары «Ашық НҚА» интернет-порталында жарияланады. Алайда азаматтардың талқылауға белсенді қатысуы байқалмайды. Сан жағынан жеткіліксіз болуына, ал жекелеген жағдайларда жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасаудың сапасыз құрамдас тетіктеріне байланысты, мемлекеттік органдар тарапынан кері байланыстың төмен деңгейі мүдделі топтардың көңілін қалдыруға, сондай-ақ қатысуға деген ынтаны төмендетуге себеп болып отыр. Құқықтық саясаттың сапасы сенімді және объективті деректердің болуына мейлінше дәрежеде тәуелді екенін назарға ала отырып, деректерді жинаумен, сақтаумен, өңдеумен, талдаумен және басқарумен байланысты мәселелерге назар аудару маңызды.

Заң жобалары жұмысының жариялығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Мәжіліс жұмыс топтарына барлық мүдделі уәкілетті органдарды, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сарапшыларды, ғалымдарды шақырып отырады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «кері байланыс» тұжырымдамаларын іске асыру мақсатында заң жобалары Мәжіліс сайтында жарияланады. Осылайша, Палатаның заң шығару процесіне барлық азаматтық қоғам белсенді қатысады.

Халықаралық оң тәжірибені ескере отырып, қазір заңдардағы сілтемелік және бланкеттік нормаларды барынша азайту, парламенттік бақылау тетіктерін күшейту қажет. Көптеген заң жобалары сілтемелік және бланкеттік нормаларға толы, бұларды іске асыру заңға тәуелді актілер (Үкімет қаулылары, министрлер бұйрықтары және басқа заңға тәуелді актілер) деңгейінде жүргізіледі. Яғни, көбінесе заңдарды, тетіктерді іске асыру заңға тәуелді деңгейде белгіленеді және қабылданған заңның бастапқы тұжырымдамасына әрдайым сәйкес келе бермейді. «Әзәзіл оның түбінде жатыр» дегендей. Сондықтан парламенттік бақылау шеңберінде Парламенттегі жұмыс топтары барысында заңға тәуелді деңгейде одан әрі іске асыру тетіктерін қарау өте маңызды. Бүгінгі күні регламентте заңға тәуелді актілер тізбесін ұсыну қажеттігі көзделген. Алайда заң жобаларын іске асыру

үшін әзірленген заңға тәуелді актілердің жобаларын және оларға жүргізілген ғылыми сараптамалар топтамасын бір мезгілде енгізу практикасын қолдану қажет. Бұл заң жобаларын қабылдаудың ықтимал әлеуметтік салдарын бағалауға және болжауға мүмкіндік береді.

Қоғам дамуының осы кезеңінде қазақстандық мемлекеттіліктің стратегиялық міндеті – заңның үстемдігін бекіту, бұл азаматтық қоғамның (ғылым, саяси партиялар мен қозғалыстар, кәсіподақтар, кәсіпкерлер одақтары, өзге де қоғамдық бірлестіктер, БАҚ және т.б. сияқты институттары) белсенді мүдделі қатысуынсыз шешілмейтін болады. Қоғамды заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне тарту қабылданған заңнаманы іске асыру сатысымен ғана шектелмеуге тиіс. Бұл мынадай өзекті бағыттар бойынша қарқынды ілгерілеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

– қоғамның зияткерлік әлеуетін пайдалану, әлеуметтік мүдделердің барлық спектрін анықтау және есепке алу, заң жобалау жұмысын ғылыми қамтамасыз ету деңгейін біршама көтеру есебінен заңнаманың сапасы мен тиімділігін арттыру;

– заң шығару процесінің барынша ықтимал ашықтығын қамтамасыз ету, заң шығару қызметін корпоративтік ету үрдісін, оның қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне, жеке, топтық, партиялық мүдделерге бағынуын еңсеру арқылы билік пен қоғам арасындағы иеліктен шығару дәрежесін төмендету;

– әртүрлі мүдделі тараптардың ұстанымдарын қоғамдық талқылау және келісу, заңда ортақ ерік пен келісілген ортақ қызығушылықты білдіру нәтижесінде қоғамдық келісім деңгейін жоғарылату және әлеуметтік қақтығыстар шиелінісін төмендету;

– адамдарда заң шығару процесіне қатысу және оның нәтижелері үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыру, заң шығарушы мен заңға деген сенімді арттыру арқылы құқықтық нигилизмнің қалыптасқан дәстүрлерін еңсеру.

Мәселен, депутаттардың өңірлерге шығуымен қатар халық арасында заңнаманың сапасы және азаматтар оны қолдану кезінде кездесетін проблемалар туралы әлеуметтік зерттеулерді әртүрлі тәсілдермен жүргізуді және дәйекті деректер (онлайн және офлайн) алуды қамтамасыз ету өте маңызды.

Құқықтық мониторинг заңның іске асырылуын жедел бақылауға, сондай-ақ нақты қоғамдық қатынастарды реттеудің тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін заң шығару жұмысының маңызды кезеңдерінің бірі екені даусыз. Сонымен қатар заңнамалық актінің сапалы іске асырылуына кедергі келтіретін ескірген және тиімсіз іске асырылатын нормаларды анықтау да маңызды.

Тұтастай алғанда, құқықтық мониторинг нәтижелері кейіннен ұлттық заңнаманы жетілдіру құралы ретінде қызмет ететін нақты заң жобалары шеңберіндегі талдамалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін негіз болады.

– Жаңа Үкіметтен не күтесіз?

– Біз жаңа Үкіметтен Президент қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған белсенді және жүйелі жұмысты күтеміз.

Мемлекет басшысы өз сөзінде экономиканы, қоғамның әлеуметтік стратификациясын төмендетуге бағытталған әлеуметтік бағдарланған саясатты терең трансформациялау қажеттігін атап өтті.

Үкімет капиталды елден қайтарымсыз шығаруға байланысты проблемалар ерекше маңызға ие болып отырғанын түсінуі тиіс. Қолданыстағы бақылау жүйесі қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге жауап бермейді және жаһандану мен барлық процестерді цифрландыру жағдайында айтарлықтай дамуды талап етеді. Қаражатты шетелге заңсыз шығарудың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша сапалы мониторинг қажет.

Президент деолигополизация қажеттігін атап өтті, өйткені заңды және жеке тұлғалардың шағын тобының ғана үстеме пайда салаларынан табысы бар, ал халықтың жартысында ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайды. Осыған орай, Үкімет халықтың нақты табысының өсуін қамтамасыз етуі, жалақы мен әлеуметтік төлемдердің өсуі тұтыну бағасының өсуінен артта қалуына жол бермеуі қажет.

Президент «жарияланған әлеуметтік-экономикалық күн тәртібі мен істердің нақты жағдайы арасындағы диссонанс сыни массаға ие болғанын» атап өтті. Сондықтан да біз жедел түрде экономикалық саясатты қайта жүктеу бойынша бірлескен жұмысқа кірісуіміз керек. Жаңа «ойын ережелерін» анықтау керек. Бұл адал, таза және әділ болуға тиіс.

– Президент Мәжіліс депутаттары мен әкімдердің айлығын көтеруге 5 жылға дейін мораторий жариялады. Қалай қабылдадыңыз?

– Әрбір депутат жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың маңыздылығын түсінеді, сондықтан экономикалық саясатты қайта жүктеудің, әлеуметтік саясатты іске асырудың маңыздылығын сезіне отырып, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бұл хабарын түсіністікпен қабылдайды, қолдайды.

– Қоғам «Жеке тұлғаларды банкрот деп тану туралы» заңды үлкен үмітпен асыға күтіп жүр. Қарызға батқан елдің үмітін ақтар заң болар ма екен?

– Қазіргі уақытта осы заң жобасын белсенді әзірлеу және талқылау жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, жеке тұлғалардың банкроттығы – бұл азаматтардың қарыздарын төлеудің, коллекторлардың қауіп-қатерлерінен арылудың өркениетті тәсілі, оның нәтижесі – борышкердің қарызды өтеу мүмкін болмаған жағдайда толық есептен шығару.

Осыған байланысты қазіргі уақытта бір топ депутаттар әзірлеген Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар жеке тұлғалардың, кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіздігі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталатынын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жеке тұлғалар банкроттығының мақсатын, негізгі қағидаттары мен құқықтық негіздерін, оны жүзеге асырудың тәртібі мен шарттарын айқындайтын заң жобасын Үкіметке жібергенін атап өткен жөн.

Соңғы уақытта қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтардың саны ұлғайып келеді. Ал бұл қиындық оларды шектен тыс шараларға: санкцияланбаған наразылық акцияларын өткізуден бастап суицид жасауына дейін мәжбүрлейді. Бұл, әрине, қоғамда ауқымды резонанс тудырады.

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары әзірлеген заң жобасы кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндігі жоқ жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің қолайлы әрі сенімді жүйесін енгізуге арналған.

Осылайша, заң жобасы жеке тұлғалардың қарыздарын жаппай жоюға (есептен шығаруға) бағытталмаған және халық арасында масылдық көңіл-күйге ықпал етпеуі қажет.

Уәкілетті органның шешімі бойынша жоспар негізінде жеке тұлғаның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін (соттан тыс тәртіп) және соттың шешімі бойынша мүлікті өткізуді (төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындау мүмкін болмағанда) көздейтін механизм ұсынылады.

Уәкілетті орган (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті және қазіргі уақытта заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді оңалту және олардың банкроттығы саласындағы уәкілетті органның функцияларын орындайтын оның аумақтық бөлімшелері) шешім қабылдау кезінде жеке тұлғаның банкроттығы процесін ашуға кедергі келтіретін негіздердің болуын айқындайтын болады:

– өтініш беру кезінде борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғау;

– борышкерде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6, 8-тарауларында көзделген, сондай-ақ алдауға, сенімді теріс пайдалануға негізделген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болуы;

– соңғы 10 жылда борышкерге қатысты банкроттық рәсімдерін қолдану;

– заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысу (жеке кәсіпкер);

Жеке тұлғаның банкроттық рәсімі (төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі жоспарға негізделген) азаматтың қаржылық жағдайын жақсартуға бағытталған түрлі шараларды көздейді, олар: ақшалай міндеттемелерді орындау мерзімдерін өзгерту (борышты төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу), өсімпұлдарды, айыппұлдарды есептен шығару, борыштың бір бөлігін кешіру, алдымен негізгі борыш бойынша, содан кейін сыйақы мен өсімпұл төлеу бойынша міндеттемелерді орындау, жұмысқа орналастыру, борышкердің тұрғын үйін құны төмен үйге айырбастау, ал қымбат баспанасы болса, оны жалға беру және т.б.

Банкрот деп жарияланған жеке тұлға оңалту жоспарының 5 жылдан аспайтын мерзімі аяқталғанға дейін оның талаптарын орындауға міндетті. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын орындамаған (орындау мүмкін болмаған) жағдайда, кредиторлар уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы, ол өз кезегінде, төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің соттан тыс рәсімін тоқтатады және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне борышкердің мүлкін мәжбүрлеп өткізу туралы сотқа өтініш береді.

Мүлкі болмаған жағдайда (тұру үшін қажетті алаңнан асатын жалғыз тұрғын үйді қоспағанда) және борышкер тарапынан адал мінез-құлық болған кезде берешек толық есептен шығарылуы мүмкін.

Президент алғаш сайланған жылы несиелерге рақымшылық жасағаны белгілі. Мемлекет басшысының бұл жақсылығын көпшілік әлі ұмытқан жоқ. Тағы да рақымшылық жасала ма деп күтіп жүргендер де бар. Бұл орайда, азаматтар несие аларда саналы түрде оны қайтарудың жауапкершілігін ескерсе екен деймін. Егер бұл заң қабылданып, нақты орындалар болса, қарызға шынымен батқан азаматтардың үмітін ақтар еді.

– Егінмен күн көрген ел үшін биыл да оңай болмайтыны айтылуда. Сырбойылық диқандар алдағы көктемде алаңдаулы…

– Қазақстанда су ресурстарын басқару және оларды тиімді пайдалану, сумен қамтамасыз ету мәселелері Мәжіліс депутаттарының тұрақты бақылауында. Осы саладағы мәселелер депутаттармен жүйелі түрде депутаттық сауалдар шеңберінде жиі көтеріледі. Осы жылдың наурыз айында сумен қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өткізу жоспарлануда.

Қызылорда халқы егін, мал шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан суармалы жерлерге сұраныс жоғары, аяқ суды молынан қажет етеді. Өткен жылы диқандар үшін оңай болмағанын білеміз. Егін егу басталар шақта Сырдарияның суы сарқылып қалатыны да жасырын емес. Өңіріміз бұл мәселенің зардабын көріп келе жатқанына 3-4 жылдың көлемі болды.

Жылдан-жылға су мөлшері азайып жатқанын мамандар мойындап отыр. Көктемде басталатын егін науқанына осы бастан дайындалып, былтырғыдай диқандардың «шырылдамауы» үшін жедел тиісті шараларды қолға алу қажет.

Біріншіден, Сырдария өзенінің су мөлшері табиғи-климаттық жағдайлардан және көрші мемлекеттердегі өзен су қорына тікелей тәуелді болғандықтан, ең алдымен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен келісу арқылы арқылы суды мемлекеттер жеткілікті деңгейде алуы үшін ынтымақтастыққа келу қажет.

Екіншіден, Қазақстанның барлық аймақтарына суды бөлуді дұрыс жоспарлау. Яғни әр өңірдің ерекшеліктеріне, судың қажетті мөлшеріне дұрыс болжам жасап, соған қарай судың жеткілікті болуын қадағалау.

Үшіншіден, үкімет, әкімдіктер диқандармен, кәсіпкерлермен бірлесе, уақыт оздырмай суды үнемдеу механизмдерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізу қажет.

Мәселен, автоматтандырылған есепке алу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету, насостарды орнату, магистралды және шаруашылықаралық су каналдарын механикалық тазарту, суды заңсыз пайдаланушылармен күрес, суды көп қажет ететін дақылдарды егу көлемін азайту тәрізді шараларды жасау қажет.

Қызылорда қаласындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары суды үнемдеу мақсатында суды аз қажет ететін вегетациялық қысқа кезеңдегі күріш сорттарын шығарып, өндіріске енгізумен қатар, ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлесін азайтып, әртараптандыру дақылдарын егу жөнінде ұсыныстар енгізді. Бұл – өте құптарлық жағдай.

Су – тіршілік көзі. Ал Сыр елінің тағдыры Сырдария өзенімен тағдырлас. Десе де, биылғы жылы су тапшылығы былтырғыдан да қатты сезіледі деген қауіп те жоқ емес. Сондықтан «Бірлігі күшті ел озады» демекші, бірлескен шараларға дереу кірісуіміз қажет.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: