Сәрсенбі, 24 сәуiр, 18:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жер-Ана, сен еңсеңді тіктеші!

05.06.2021

2158 0

5 маусымда күллі дүние жүзі қоршаған ортаны қорғау күніне орай табиғатқа назар аударып, түрлі шара ұйымдастырады. Көшеттер отырғызылып, қоқыстан тазарту жұмысы белсенді жүргізіледі. Себебі дәл осы күні адамзат баласы өзінің қоршаған ортаға тәуелді екенін бір сәт еске түсіреді. Бүгінде Табиғат-Ана қазіргі кезде көмекке зәру екенін ұмытпау керек. Жалпы бізде экологияға қаншалықты көңіл бөлінуде?

Өңірде экологиялық ахуалды реттеу мақсатында жұмыс істейтін арнайы департамент бар. Аймақтағы экология департаменті қоршаған ортаның сапасын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жұмыс жасайды. Сонымен қатар, экология басқармасы тексеріс жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаға залал тигізгендерді  жауапқа тартады.

Облыстық экология департаментінің мәліметінше, 2021 жылдың І тоқсанында 12 нысанға бақылау шаралары ұйымдастырылған. Оның 3-уі профилактикалық бақылау және қадағалау бойынша, 9-ы жоспардан тыс тексеріс жұмыстары. Осының нәтижесінде 13 экологиялық заңнама актілерін бұзу фактісі анықталып, 15 әкімшілік құқық бұзушылық  дерегі жөнінде анықталып, айыппұл салынған. ҚР Экологиялық кодексінің талап­тарын бұзған 1 нысанның қызметі тоқтатылған. Қоршаған ортаға ти­гізген залалы үшін 247 500 теңгені құрайтын 2 нұсқама мемлекет пай­дасына өндірілген. Одан бөлек пайдалы қазбаларды заңсыз пайдалану бойынша 2 заң бұзушылық анықталып, бүгінде ол жерлерге рекультивация, яғни қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Департаменттің зертханалық-тал­дамалы бақылау бөлімі 12 ны­санды тексеріп, 98 қоршаған орта объектісіне мониторингтік бақылау жасаған. Нәтижесінде нор­мативтік шектен асудың 21 дерегі тіркелген. І тоқсандағы сараптаманың нәтиже­сінде атмосфералық ауаға шығын­дылар 1030,76 тоннаға азай­ғаны анықталған. Оның ішінде «Байқоңыр» кешенінде 18 нысанға жоспарлы тексеріс жүргізілмек. Қазіргі кезге дейін 3 мекеме тексеріліп, экологиялық заң бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама берілген. Бұдан бөлек, 2 кәсіпорын жоспар түрде тексерілуде.

Сонымен қатар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қызылорда облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасын» бекіткен. Жол картасында ауаны ластаушы заттарды азайту, су ресурстарын реттеу, қалдықтарды басқару, көркейту мен көгалдандыру, қоршаған ортаның жай-күйіне тексеріс және ақпараттық жұмыстар қарастырылған. Бүгінде 2020 жылға бекітілген 6 іс-шараның 5-уі, биылғы жылдың 1 шарасы жүзеге асырылған.

Шынтуайтында, бұл жай ғана цифрлар еместігін бірі түсінсе, бірі түсінбеуі мүмкін. Дегенмен «Жер-Анаға» зардабын тигізіп жатқандар аз емес. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп бекер айтылмаған. Адамдар таза ауа мен табиғаттың құндылығын әлі де болса түсінбей келе жатқаны ащы болса да шындық. Экологияны қорғау − тек белгілі бір топтың емес, күллі адамзат баласының міндеті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020  жыл­дың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында қоршаған орта мәселесіне «Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау» тақы­рыбында тоқталған болатын. Күллі әлем жұртшылығы айналысып жатқан мәселемен бізді де бұл үрдістен шет қалмауға шақырды. 2021 жылы 2 қаңтарда арнайы «Экология кодексі» қабылданды. Бес жылда орман алқабында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуды тапсырды. Ұлттық саябақтарды қорғау мен ол жерде заң бұзушыларды жауапқа тарту да Жолдауда айтылды.

Президент өз Жолдауында «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде жүзеге асыру керек екенін айтты. Себебі бұл жоба халыққа экологиялық тәрбие беруде үлкен септігін тигізіп, жауапкершілікті түсінуге көмектеседі. Десе де бұл жоба әзірге ойдағыдай жүйелі түрде атқарылып жатыр деуге келмейді. Ағаш отырғызу тапсырмасы орындалып жатқанымен, оны күтіп-баптау шаралары бар екенін кейбірі естен шығарып та алған секілді. Сондай-ақ Президент тапсырған «Жануарларды қорғау туралы» заң да Қазақстанға аса қажет. Себебі соңғы кездері жануарлар әлемінің тіршілік иелеріне адамның тигізіп жатқан зардабы көбейді. Міне, осы мәселелер уақыт күттірмей шешімін табуды қажет етеді.

Тапсырмаға орай атқарылып жатқан жұмыстарды да жоқ­қа шығаруға болмайды. Мысалы, Арал теңізін аман алып қалу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бар. Бұл мақсатта 5 қаңтарда өткен онлайн брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев былай деді:

− Бұл өте күрделі мәселе, 2002 жылдан бастап 2008 жылға дейінгі кезде осы бағдарламаның бірінші кезеңі іске асырылды. Жобаны сәтті іске асырудың арқасында су айдыны 870 шаршы метрге немесе 40%-ке ұлғайтылды, судың минералдануы төмендеді, соның арқасында Солтүстік Аралда балықтың 20-ға жуық түрі мекендейді. Бұл жұмыс екі бағытта жалғасатын болады, су айдынын одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерттеу және Арал теңізінің құрғаған түбіне ағаш отырғызу», − деді министр М.Мағзұмов. 

Министр өз сөзінде соңғы онжылдықта шамамен 270 мың гектарға сексеуіл отырғызылғанын, 5 жыл ішінде Президент тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған табанына 160 мың гектар ағаш отырғызылатынын айтты. Бұл жоспарлар жүйелі түрде жүзеге асса тұз және құммен күресуге оң әсерін тигізер еді.

«Біздің өңірден ғарышқа ұшып жатыр», − деп көкірек кергенімізбен, оның ар жағындағы қарапайым халыққа тиіп жатқан залалды да ұмытпау керек. Аспанға ұшқан кеменің әсерінен далада шөп шықпай, мал-жан қырылып, адамдар жазылмас дертке шалдығуда. Мемлекеттің басты байлығы – адам дегенмен, жалға берілген сол жерден адамдар зардап шегіп жатқаны шындық.

Аралдағы қуаңшылық ондағы жұртшылыққа оңай тимейді. Күнін малмен көріп отырған халық азығынан айырылуда. Бұл аз болғандай мал азығының балансын ұстап қаламыз деп төл басын азайтып жатыр. Десе де Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары Арал үшін арнайы жем-шөп апаратын болды.

Жаз басталмай жатып Өскемендегі ағаштардың құл­пырудың орнына қурап жатқаны да жай емес. Мұны мамандар өндірістік шығынның әсері деп топшылады. Ал «Қазгидромет» өткен бейсенбіде Өскеменде ауадағы күкірт диоксиді шекті мөлшерден 9 есеге асқанын тіркеген. Мұның барлығы сол алпауыт зауыттардан шыққан түтіннің зияны болуы әбден мүмкін.

Қысқасы, қоршаған ортаны қорғау күні жақындған сайын Жер-Ана жағдайы жақсы еместігін осылай жеткізуді жөн көргендей. Әйтпесе, күнделікті табиғатқа келіп жатқан зардапты елемейтін күйге жеткеніміз рас.

Жер шарының «ауруға шалдыққанын» айтып шыр-пыр болып жүргендер де бар. Олар экологиялық проблемаларды көтеріп, шешімін табуы үшін барын салуда. Оның қатарында біздің өңірдегі «Эко-қамқор болашақ» қоғамдық бірлестігі де бар. Бірлестік экологиялық проблемаларды анықтап, оның шешу жолдарын қарастырумен айналысады. Сонымен қатар мемлекетке көкейкесті мәселелерді ұсынып, жұмыс жасауға, олқылықты реттеуге өз үлесін қосалы.

− Өңір экологиясын реттеу үшін ауа мен су жөніндегі мәселелерді реттеу керек. Ол үшін жасыл желекті көбейтіп, судың ластануының алдын алған жөн. Менің ойымша бізге ұзақ жылдық арнайы тал егу жобасы керек. Себебі біз әзірге тек бір жылдық қаражатты игерумен келе жатырмыз, − дейді Эко-қамқор болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ыбырайхан Мұсабайұлы.

Ал тұрмыстық қалдықтарды реттеу мәселесі өз жолымен шешімін табатын екінші кезектегі мәселе дейді Ыбырайхан Мұсабаев. Оның сөзінше тұрмыстық қалдықтың алдын алу үшін ең алдымен барлық жағдай жасалып, кейін заң бұзғандарды жауапқа тарту керек.

Бүгінде әлемнің алпауыт елдері экологияны реттеуге білек сыбана кірісіп кетті. Мәселен, АҚШ арнайы заңның арқасында зауыт-фабрикалардың зардабын азайтуда. Мысалы, АҚШ үкіметі кәсіпорындарға ең тиімді, ауаға әсерін аз тигізетін жолдарды қарастыруды талап етіп отыр. Сонымен қатар химиялық орындардың иесі жарылыс пен қызметтік ақаудың алдын алуға міндетті. Мұндай шешімдердің нәтижесінде бұл мемлекетте экологиялық ахуал едәуір жақсарған. Ал Жапония қоршаған ортаға көңіл бөлуді бастап кеткелі қашан. Бүгінде жапондықтар қарапайым қоқысты тастау мәдениетін меңгеріп, елде мейлінше табиғатқа зиян келтірмеу шаралары қарастырылған. Электр энергиясын күннен алатын үйлердің саны көп. Мұның барлығы таза табиғаттың қамы үшін жасалған дүниелер.

P.S. Адам баласына ең керегі – дөңгеленген дүниедегі нұрлы өмір. Баурайын гүлмен көмкерген, әсем табиғатымен өрлеген, биік тауларымен сәндеген, ағаштарын саялаған Жер-Ананың адам баласын әлдилеген алтын бесік екенін баршамыз жақсы білеміз. Сол алтын бесігіміз жақсы болса, бейбіт күн кешіп, нұрлы өмір сүретін уақытымыз да көп болады. Сондықтан да, Жер-Ана, сен еңсеңді тіктеші!

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: