Жұма, 26 сәуiр, 21:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Он баланы тапқан ана, бәрін жеткізіп баққан ана

06.03.2022

1484 0

Көпбалалы ана Саракүл Төлегенова: «Әлем ана мейірімінен жаралған», – дейді.

Ананы қадірлеу, асыл жанға құрмет көрсету өз алдына бөлек әңгіме. Әйелдің миссясы – ана атану, ал көп баланың ана болу – нағыз ерлік. Көпбалалы отбасы – бақыт пен байлықтың үйлескен жері. Мұнда береке мен бірлік бар. Бауырмалдық деген қасиеттің де иісі сезіліп тұрады.

Қызылорда қаласында тұратын Саракүл Төлегенова – дүниеге 10 перзент әкелген ардақты жан. Алтын құрсақты ананың үлгілі өнегесін көпшілік біледі. Отағасы Ержан Бәкіров екеуі 1968 жылы шаңырақ көтерген.

– Жылулық деген осы үйленген жылдан басталды. Қанша жыл бірге болып, сөзге келген емеспіз. Ата-ана атанбас бұрын сыйластық қажет екенін түсіндік. Алғашқы сәбиіміз 1970 жылы дүниеге келді. Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында өсіп-өнгенбіз. Балаларымыз да сол жерде оқып, білім алды. Ауылда еңбек етіп, жұмыс істедік. Балаларға берген тәрбие мен пайым-парасатымды бүкіл ауыл біледі. Шүкір елге сыйлы болдық, – деп бастады әңгімесін алтын алқалы ана.

Осы уақытқа дейін көрген тәжірибесін келіні мен қыздарына үйретіп отырған ананың айтары да көп. Өмірлік серігі Ержан Бәкіровпен бірге 9 қыз, 1 ұлды өсіріп, тәрбиеледі. 1999 жылы жолдасы қайтыс болғаннан кейін Саракүл анамыздың мойнына ауыр жүк міндеттелді. Алайда анамыз бұл сынаққа мойымады. «Ұрпағыңның басынан сипап, мейірлене иіскеуден артық бақыт жоқ» дейді ардақты ана. Сол ұрпақтан тараған 50 немере мен 20-дан аса шөбере анамыздың көз қуанышына айналып отыр.

– Нәпақамды адалынан тауып, ұрпағыма дұрыс тәрбие беруді мақсат еттім. Солардың болашағынан басқа ешнәрсе ойлаған жоқпын. Аздаған қиындық көрсем де сәбидің күлкісі менің мұңымды жеңіп отыратын. Олардың арасы жақын болды. Бір-біріне еріп, өздері-ақ өсіп кетті. Бұрынғы кезде ешкім баланың бетіне қарап отырмайтын. Күй талғамай-ақ, отын жинап, мал бағып жүріп-ақ өсірдік. Ауылда жұмыс істеп жүріп 10 баланы дүниеге әкелдім. 35 жасымда алтын алқа алып, зейнетке шықтым. Қазіргі жастар секілді 1-2 бала туып, үй-күй іздейтін заман емес еді ол кез. Бүгінде сол көп баланы берген Аллаға шүкіршілік етемін. Қолымды жылы суға малып отыр. Қартайғанда зейнетін көріп жүрмін. Он бала он жақтан қаумалағанда шағын мемлекет боламыз. Шүкір, бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасымыз. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Әкені, ер азаматты құрметтеуді рөлі биікте екенін қыздарым да түсінген, – дейді алтын құрсақты ана.

Саракүл анамыздың мақтанышы – қыздары да көпбалалы ана. Қоғалыкөл ауылында тұратын Ләззат есімді қызы күміс алқаның иегері, 6 баланы дүниеге әкелген. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ұлбосын атты қызы да 6 баланың анасы. Ол тігіншілік кәсіпті игеріп, өз ісінің білікті маманы болған. Ал Бесарық ауылында тұратын Перизат есімді қызы алтын құрсақты ана атанған. Перизат та мектепте мұғалім. Отбасының қыздары өнерден де құр алақан емес. Жанат есімді қызы облыстық филармонияда бас қобызшы болып өнер көрсетеді.

Айта кетерлігі, қыздарының көбі тігін тігумен айналысып, ісмерлікті қолға алған. Ұлы Қанат жеке кәсіпкер. Кенжесі Айдана да кондитерлік өнім пісіріп, шағын кәсіпті қолға алған. Осыдан-ақ ұл-қыздары өнегелі тәрбиені алып шыққаны байқалады. Ананың тәлімі бүкіл баласының саналы болып өсуіне ықпал еткен. Қазақта «баламен сынамасын» деген сөз бар. Саракүл ананың ұрпағы тек жақсылыққа ұмтылды. Қыздары өзінің ізін қуғанына қуанады. Себебі «отбасында баланың көп болғаны жақсы», – дейді кейіпкеріміз.

– Қазіргі жас келіндер 1-2 баламен шектеледі. Бұл – дұрыс емес. Әр бала несібесімен келеді. Көп бала болса, бір-біріне қарайласып, тез өседі. Бір төсекте құшақтасып өскен бала мейірімді болады. Сондай-ақ енемен тұруды қала-

майтын келіндер де бар. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» екенін келіндер ұғыну керек. Өнегелі отбасы болудың алғы шарты – сыйластық, – дейді алтын құрсақты ана.

Он баланы тауып, жетілдіру де, бағып-қағу да оңай емес. Өмірдің, отбасының қиындығына шыдап, ауыр жүкті жеңген Саракүл анаға деген құрметім арта түскендей. Асыл жандарды қадірлеп, құрмет жасауымыздың бір себебі осыдан да шығар. Мереке құтты болсын, аналар!

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: