Жұма, 10 мамыр, 06:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Қазақстан түбегейлі өзгерді»

12.03.2022

1012 0

Ел сенімін арқалап, ҚР Парламент Мәжіліс мінберіне көтерілген депутаттармен ашық сұхбат жүргізіп, көптің көкейінде жүрген мәселелер төңірегінде егжей-тегжейлі әңгіме қозғап келеміз. Бұл жолы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихпен әңгімелесіп, Қазақстанның бүгіні мен болашағы және Сыр өңірінің тыныс-тіршілігі аясында жасаған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Қазіргі үкімет «Жаңа Қазақстан» құруға қауқарлы ма? Алғашқы әңгімемізді осыдан бастасақ…

– 2022 жыл еліміз үшін оңай басталған жоқ. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда «Қасіретті қаңтар» оқиғасы орын алып, елімізді есеңгіретіп тастады. Соның салдарынан мемлекетіміз айтарлықтай шығынға ұшырады. Осыдан соң кезінде ескерілмеген кейбір жайттар қайта қаралып, Президент пәрменімен жаңа Үкімет құрылды. Премьер министр Әлихан Асханұлы қаржы саласының білікті маманы. Сондықтан Үкімет тарапынан жұмсалатын қаржының тиынына дейін есеппен жұмсалып, мұқият қадағаланады деп сенемін. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бәрімізге сабақ болады деп ойлаймын. Біріншіден, еліміздің қауіпсіздігі үшін. Одан кейін әлеуметтік мәселелер басты назарда болуы тиіс. Осының барлығын ескере отырып, алдағы уақытта Үкімет басшысы да, Үкімет мүшелері де «Жаңа Қазақстанның» көркеюіне жұмыла жұмыс жасайды деп сенемін.

– Жаңа Үкіметтің Министрлері Президент пәрменін қалай орындауда?

– Жыл басынан бері Қазақстан түбегейлі өзгерді. Халықтың да көзқарасы дұрыс. Жаңадан тағайындалған Үкімет мүшелері де жаңа идея, тың тәсілмен жұмыс істеуде. Үкіметтің қазіргі талабы қойылған мәселені сол мезетте шешу жолдарын қарастыру. Жаңа Үкіметтен нәтиже күту әлі ертерек деп ойлаймын. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған мем-лекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік мәселелер енді іске асуда. Бұл көп кешікпей жемісті нәтижесін береді деп есептеймін.

– «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін азаптаулар туралы ақпарат көбейіп кетті. Бұл азаптаулар полиция мен халықтың арасын алыстатып жібермей ме?

– Бұл жөнінде көптеген ақпараттар айтылуда. Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапарында ішкі істер министрлігінің бөлімшелеріне барып, тексеру жүргізілуде. Одан бөлек бас прокуратура да осы жұмыстармен айналысуда. Бұл мәселенің барлығы яғни тергеудің әділетті өтуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатаң қадағалауында. Сондықтан бұл мәселе ҚР Парламент Мәжілісінің де басты назарында екенін атап өткім келеді.

– Сырдарияның тартылуы қазіргі таңда түйткілді мәселеге айналды. Сырдария суы тартылса қызылордалықтар қалай күн көреді?

– Сырдарияның тартылуы тек қызылордалықтардың емес, күллі қазақстандықтардың мәселесі. Неге десеңіздер, өкінішке орай Сырдарияның тартылуы экологиялық апатқа айналып бара жатқан сыңайлы. Расыменде, су – тіршілік нәрі. Су болған жерде береке болады. Ал су болмаған жағдайда үлкен қиындықтар туындауы ықтимал. Мәжіліс депутаттары Парламент отырысында осы мәселені көтердік.

Сырдарияға байланысты атап өтетін екі мәселе бар. Біріншіден, бұл – трансшекаралық өзен. Өздеріңіз білесіздер, көптеген мемлекет арасында су тапшылығына байланысты жолдан бөгеп алу жайы орын алуда. Ол Сырдарияның төменгі жағында орналасқан біздің мемлекетімізге кері әсер етуде. Біз осы мәселелерді ескере отырып, кезінде сыртқы істер министріне және экология министріне ұсыныс айттық. Қазақта «Қыстың қамын жаз ойла» деген сөз бар. Сондықтан бұл мәселені болдырмау үшін алдын ала сыртқы істер министрлігі мен экология министрлігі тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, мәселені алдын ала шешу маңызды. Сырдария өзенімен шектесетін мемлекеттер басшыларымен ақылдаса отырып, Қазақстан үшін тиімді шарт құрған абзал. Екіншіден, бұл жерде табиғи мәселелер бар. Одан бөлек жоғарыда атап өткенімдей өзге елдер өздерінің арналарын толтырып алуға жұмыс жасауда. Сондықтан осы мәселелерді ескере отырып, Мәжіліс депутатары табиғатты қорғау комитеті мүшелерімен бірлесіп Сырдария мәселесін басты назарда ұстауда.

– Сыр өңірін дамыту үшін не істеу керек? Сіздің ойыңыз?

– Қызылорда қаласы қашанда қарқынды даму үстінде. Жыл сайын жаңадан көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Инфрақұрылым жобасы қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік нысандар салынуда. Мұның барлығы халықтың қажетіне сай орындалуда. Одан бөлек осы бағыт бойынша үлкен өндіріс орындарын ашу керек. Сыр өңіріне жақында іс-сапармен бардым. Қала көркі көз тартады. Адамға жақсы әсер етеді. Былтыр ашылған Шыны зауыты жақсы істің бастауы деп ойлаймын. Сондай-ақ әр ауданның өз ерекшелігі бар. Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарын алып қарайтын болсақ, ең үлкен потенциалы – күріш егу. Ал күріш егу мәселесі тағы да суға келіп тіреледі. Сондықтан Сырдария суының мәселесін тез арада шешу қажет. Ол – күрішімізді экспортқа шығаруымызға және халқымызды жұмыспен қамтамасыз етуге сеп болатын басты фактордың бірі. Арал мен Қазалы ауданында балық өнеркәсібін іске асыруға міндеттіміз. Яғни балықшыларға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Жаңақорған мен Шиелі аудандары бақша дақылдарымен айналысуда. Міне, осы азаматтарға субсидия жағынан болсын мемлекет тарапынан қолдау керек.

– Жаңа Қазақстан құру үшін мәжіліс депутаттары қалай әрекет ету керек деп ойлайсыз?

– Қазіргі таңда мәжіліс депутаттары заңнамалық жағынан өз бағыттарын дұрыс қалыптастыруда. Халықпен кері байланыс орнатуды басты мақсат етуде. «Жаңа Қазақстан» құру заман талабы деп ойлаймын. Қазір әлем өзгеріп жатыр. Соған сай біздің еліміз де бейімделуде. Осы бағытта тиімді заң жобалары қабылданып, ол ел игілігі жолында іске асады деп ойлаймын. Тағы бір атап өтерлігі, еліміздің болашағы бұданда биік әрі жарқын екеніне сенім білдіріп, сол жолда еңбек ете беретін боламыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: