Сейсенбі, 23 сәуiр, 20:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сайлау: сырбойылықтар белсенділік танытты

21.03.2023

697 0

Өткен жыл саяси өзгерістерге толы жаңашылдыққа бет бұрған, жаңа реформалар мен билікті қайта құруға бағытталған бастама жылы болды. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында алдағы орындалуы тиіс тапсырмаларды айқындап берді. Бұл қоғамның қажеттілігі мен сұранысына негізделген еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған бағдарлама еді.

Жаңашылдыққа, халық үшін тиімді өзгерістерге бетбұрыс жасауды қолға алған тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында енді бәрі бұрынғыдай болмайтынын, болашаққа қадам жасауда түбегейлі өзгеріс керектігін айтып, «Әділетті Қазақстанның» іргетасын қалаймыз деген еді.

Осы орайда 19 наурыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау күні болып бекітілді. Бұл саяси науқан елімізді түбегейлі өзгеріске бастайтын қадам болды. Жаңа науқанның бұрынғы сайлаудан өзгешелігі – депутаттарды халық өзі сайлады. Сайлаушылар өз округінен сайлаған депутат міндетін дұрыс атқармаған жағдайда мандатын кері қайтаруға құқылы. Бұл халық қалаулыларының елмен етене байланыс жасап, халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөлуде жауапкершілік жүктейтінін сезіндірді.

Өткен аптаның соңында, яғни 19 наурыз күні ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Сайлаушылар таңғы сағат 7.00-ден дауыс беруді бастады. Таңдау жасау кешкі 20.00-ге дейін жалғасты. Бұл науқанда «AMANAT», «Ақ жол», «Respublica», «Baytaq», «Qazaqstan Halyq», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл» сынды 7 партия өзара бақ сынады.

Маңызды науқан облыста да өз деңгейінде ұйымдастырылды. Аймақта 373 сайлау учаскесі бойынша 486002 сайлаушы тіркелген болса, қалада 120 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлаушылар өз сайлау округі бойынша лайықты кандидатқа дауыс беріп, еліміздің болашағы үшін таңдау жасады.

Саяси дода Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілгендіктен әр сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күй сезілді. Киіз үйлер тігіліп, сайлаушыларға ұлттық дәм ұсынылды. Өнерпаздар ән айтып, би билеп келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық ойындар ойнатылды. Кейбір сайлау учаскесінде тұрғындар жасару мен жаңарудың белгісі ретінде көшет отырғызды. Сондай-ақ дауыс беруге бірінші келіп, арнайы жәшікке алғаш бюллетень салған сайлаушыларға, 18 жасқа толып алғаш рет дауыс беруге келген жастарға естелік сыйлықтар берілді.

Сырбойылылықтар саяси науқанға белсенді қатысты.

Сайлау учаскелерінің комиссия мүшелері заңдылықтар мен ереже-талаптарын сақтап, қала тұрғындарына сайлау күні дауыс беруге жылжымалы жәшіктер арқылы мүмкіндіктер жасады. Осы орайда Ұлы Отан соғысының ардагерлері де сайлау күні мүмкіндікті пайдаланып, үйден дауыс берді. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектеулі азаматтардың таңдау жасауы үшін арнайы 13 инвотакси қызмет көрсетті. Сонымен қатар сайлаудың заңға сәйкес өтуін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келген байқаушылар бақылады.

Жалпы сайлаушылардың дауыс беру көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы республикада бірінші орынға шықты. Бұдан кейінгі орынға Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы тұрақтады. Маңызды науқан жергілікті уақытпен кешкі 20.00-де аяқталды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: