Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 22:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мақсат – айқын, ұстаным – нық

21.06.2022

869 0

Әлімсақтан тіршілігі жалғасып келе жатқан дөңгеленген дүниенің иіріміне еру, еріп қана қоймай жаһан жаңалықтарының бел ортасында болу оңай шаруа емес. Әркім өз күйін күйттеген заманда өз елінің мақсатын айқындап, ұстанымын нықтап, жаңа даңғылға бағыттау да қиынның қиыны. Әйтсе де республикамыздағы соңғы жаңалықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құруға ұмтылған Жаңа Қазақстанның жәй қиял не бос сөз еместігін айқындай түскендей. Оған заңдық тұрғыда жаңғыруға негіз боларлық референдум мен мемлекет мүддесі үшін жұмыс жасайтын ұлттық құрылтай дәлел бола алады. Ол аз десеңіз Петорбор төрінде Президенттің Қазақстан ұстанымына қатысты сөзін де дәлел етейік. Тіпті Иран жерінде қазақша көсіле сөйлегенін қосайық.

Референдум: ҚАЙ БАПҚА ӨЗГЕРІС ЕНДІ?

Қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөз бар. Референдум туралы айтыла бастағанынан-ақ ел ішінде «тағы не шығарайын отыр?», «мұның халыққа қаншалықты пайдасы бар?», «бүкіл заңды билік өзіне ыңғайлап алмай ма?» деген сыңайдағы әңгіме жүрді. Әйтсе де республика көлемінде арнайы штабтар құрылып, халықпен кездесіп, Ата заңға енгелі тұрған өзгерістер түсіндірілді. Нәтижесінде ел халқының басым бөлігі Жаңа Қазақстанды құруға негіз боларлық референдумға барып, дауыс берді.

Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша жасаған үндеуінде Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіретінін атап өтті.

– Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негі­зінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-тең­дік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаң­ғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді, – деді Қазақстан Президенті.

Күні кеше Парламенттің бірлескен отырысы өтіп, онда Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми республикалық референдум нәтижесінде мақұлданған конституциялық түзетулер қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалағанын атап өтті.

Еліміздегі орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлімдеуінше, референ­думға қатысу құқығы бар республика азаматтарының жалпы саны 11 734 642 адамды құраса, дауыс беруге 7 986 293 азамат қатысқан.  Бұл референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,06 пайызын құрайды. Дауыс берген азаматтардың басым бөлігі жаңғыру мен жаңаруды, өзгерісті қолдаған.

Референдум арқылы Конституцияға қандай өзге­ріс енді? Көпшілік қауым әлі де дұрыс біле бермеуі мүмкін. Біз сол себепті де  қай бапқа өзгеріс енгенін жаза кеткенді жөн көрдік. baq.kz таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұдан былай Конституциямыз 99 баптан тұрады. Сондай-ақ референдум қорытындысы бойын­ша Ата заңдағы 4, 6, 15, 23, 24, 42, 43, 44, 46, 47, 50, 51, 52, 53, 54, 55, 56, 57, 58, 61, 62, 71, 72, 73, 74, 78, 82, 83, 87, 88, 91-баптарға өзгеріс енді.

Заңгерлер жекелеп талдап қандай өзгеріс болғанын айта жатар, дегенмен қолданыстағы Конституцияға осыншама өзгеріс енгізу оңай шаруа емес. Десе де бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Президенттің өз сөзімен айтсақ, мұның бәрі Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасалған. Ал Жаңа Қазақстанды құру жолында ел болып жұмыла білуіміз керек.

ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ ҚИСЫНДЫ СӨЗ

Ұлт ұясы саналатын Ұлытау төріндегі құрыл­тайдың өткеніне де әлі он күн тола қойған жоқ. Қандай мәселе көтеріліп, не айтылғанын газетіміздің өткен санына жариялаған бола­тынбыз. Сол себепті де егжей-тегжейлі тоқ­талмасақ та Президент қозғаған бірлі-жарым мәселені сөз еткенді жөн көрдік.

Несін жасырамыз, Жаңа Қазақстан туралы бастама көтерілісімен ел ішінде «ескі кадрлармен Жаңа Қазақстанды қалай құрады?» деген сыпсың әңгіме жүрді. Ұлытаудағы құрылтайда Президент бұл сауалға былайша жауап берді.

– Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған  революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыс­тырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қыз­метте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз, – деген Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесіне де тоқталды.

– Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN» телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілі­мізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңа­лықтар бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Президент жауапкершіліктен жұрдай бло­герлер мен масылдық пиғылдағы айқай шыға­ратын адамдар жайлы да пікір білдірді.

– Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақы­лары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Құрылтайда қазақтың Мұхтар Шахановтай заңғар ақынына «Қазақстанның Еңбек ері» ата­ғы беріліп, кеудесіне «Отан» ордені тағылды. Президенттің бұл шешіміне бүкіл республика жұрты разы болды.

ПЕТЕРБОР ФОРУМЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Петербор қаласында өткен халық­аралық экономикалық форумға қатысты. Дәл осы форумда кейбір ресейлік азаматтардың Қазақстанға қатысты мәлімдемелеріне наразы­лығын білдірді.

– Мен бірқатар ресейлік депутаттардың, белсен­ді­лердің Қазақстанға қатысты айтқандарына, мүл­дем дұрыс емес мәлімдемелеріне байланысты наразы­лығымды білдіргім келеді. Шынында да, бізде дабыра қылатындай ешқандай мә­селе жоқ. Мұндай орынсыз пікірлер біздің халықтарымыздың арасындағы қатынасқа және Ресей федерациясының өзіне зиян келтіреді. Бұл мәлімдемелер маған мүлдем түсініксіз. Бұл қайраткерлер кейде Қазақстан басшылығының шешімдеріне немесе елімізде болып жатқан оқиға­­ларға оғаш пікір білдіргенде «бұлар кімнің диірменіне су құйып жүр?» дегің келеді, – деп біздің еліміз хақында теріс пікір білдіретіндерге қатысты ойын батыл жеткізді.

Форумда Қазақстан Президентіне Луганск пен Донецкке қатысты да сұрақ қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев жымысқы сұраққа сұңғыла саясаткердің биігінде жауап қайтарды.

– Біздің қоғам ашық. Сондықтан түрлі пікір бар. Қазіргі халықаралық құқық БҰҰ Жарғысын негізге алады. Бірақ БҰҰ-ның екі қағидаты бір-біріне қарама-қайшы – олар мемлекет аумағының біртұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға қатысты құқығы. Егер солай болса, бұл қағидаттар бір-біріне қарама-қайшы, түрлі түсіндірме бар, – деп атап өткен Мемлекет басшысы ұлттың өз таңдауын жасау құқығы жүзеге асырылатын болса әлемде 500-600 мемлекет пайда болатынын алға тартты.

– Бұл өз кезегінде дүние жүзінде бей­берекетсіздік тудырады. Дәл сол себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек біздің көзқарасымызға сәйкес бұл принцип квази­мемлекеттік құрылымдар саналатын Луганск пен Донецкке де қатысты қолданылады, – деп мемлекет ұстанымын жеткізді.

Қазақстан Президентінің батыл ұстанымды сөзінен кейін жиында оған қарсы дау айтқан, пікір білдірген жан болмады. Республика жұрты ормандай орыстан ықпайтын басшысын мақтан тұтатынын әлеуметтік желі арқылы айтып жатты.

ИРАН САПАРЫ

Ресейден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға сапар шекті. Журна­листерге берген брифингте қазақ тілінде сөйлеген Тоқаевтың ана тіліміздің мәртебесін тағы бір мәрте асқақтата түскені анық. Бұл сапарда екі ел арасындағы байланысты нығайта түсу мақсатында сыртқы саясат, мәдениет пен спорт, сауда, тау-кен, ауыл шаруашылығы, мұнай, темір жол салаларына қатысты  9 түрлі құжатқа қол қойылды.

Осы 9 түрлі құжаттың ішінде «Хабар» Агент­тігі» акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Телерадио хабарларын тарату компаниясы арасындағы ынтымақтастық жөнін­дегі өзара түсіністік туралы меморандум бар екенін айта кеткен абзал.

Р/с.: Айналасы бірнеше күннің ішінде осыншама қыруар тірлік пен төрткүл дүние түгел көз тіккен ғаламдық жаңалықтардың бел ортасында жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақсаты айқын, ұстанымы нық екенін аңғаруға болады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: