АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайваньға жасаған сапары бір тәулікке де созылмаған. Алайда көптің талқысына түсіп, әлем бақылаған жайтқа айналды. Алайда америкалық саясаткер Қытай әскерін Тайвань маңына оқу-жаттығу үшін жақын әкелгенімен, аралдан еш кедергісіз кетіп қалды, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Нэнси Пелосидің ұшағы Тайбей әуежайына қона салысымен, Қытай әскери операция өткізетінін және зымыран ұшыратынын мәлімддеді.
«Теңіз, әуе және құрлық әскері тартылды. Біз дәлдігі жоғары қарудан оқ атып, әскердің кез келген штаттан тыс жағдайға дайындығын тексереміз», – деді Қытай Халықтық-азат етуші әскерінің шығыс қолбасшылығы штабы басшысының орынбасары Гу Чжун.
Қытай билігі қандай жағдай болмасын бірінші болып ядролық қаруды қолданбайтынын хабарлады. Алайда Шығыс Қытай теңізіндегі әскери қозғалыс өзге Жапон аралдарында да алаңдаушылық тудырды.
Қытай мен Тайвань 1949 жылы бөлініп кеткен. Арал демократиялық жолмен дамығанымен, Қытай Халық Республикасы әлі күнге дейін аралды өзінің провинциясы ретінде санайды. Ал Тайвань тәуелсіздігін тек 14 ел мойындаған. АҚШ, Ресей мен Қазақстан бұл тізімге енбейді.
«Егер әр ұлт өз тәуелсіздігін өздері анықтайтын болса, әлемде 193 мемлекет емес, 500 немесе 600-ден аса ел болады. Әрине, бұл хаосқа алып келеді. Сондықтан біз Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да мойындамаймыз», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал саясаткерлердің сөзінше, Қытай-Тайвань мәселесі 73 жылдан бері шешілмей келгендіктен, жағдай кез келген уақытта ушығып кетуі мүмкін. Егер әскери жанжал болса, бұл әлемге және Қазақстанға да әсер етпей қоймайды.
«Қазақстанға нақты сауда тұрғысынан әсер етеді, яғни металл, газ және мұнай сынды өнімдерді сату деңгейі төмендейді. Бәлкім, Оңтүстік Қытай теңізіндегі Тайвань маңынан өтетін транспорт дәліздері өзгеріп, құрлық маршруты Азия арқылы өтуі мүмкін», – деді әлемдік экономика және саясат сарапшысы Ерсұлтан Жансейітов.
Пекиннің мәліметінше, Пелоси 181 мемлекет пен БҰҰ ұстанатын «біртұтас Қытай» принципін бұзған. Америкалық саясаткер келіссөз жүргізіп, чип өндірісі саласындағы Америка-Тайвань серіктестігін талқылады. Сондай-ақ АҚШ-тың Тайваньмен парламенттік ауысуды дамытатынын мәлімдеген.
Бұған қарамастан арал тұрғындарының пікірі екіге бөлінді. Біртоп Пелосидің келуіне ризашылығын білдірген. Тіпті зәулім ғимаратта оның сапарына орай «Тайвань АҚШ-ты жақсы көреді» деген жазба пайда болған. Ал екіншілері «ұсқынсыз америкалық мыстан» деп атап, көпшіліктің көзінше Америка туын жыртып, таптаған.
«Спикердің сапары Пелосиге де, АҚШ-қа да емес, Тайвань мен тайваньдықтарға әсер етеді. Себебі бірінші кезекте арал тұрғындары зардап шегеді. Бұған қатысты бірнеше сценарий бар. Бірінші, ҚХР әскери қуатын арттырып, десант операциясын жүргізеді. Екінші нұсқа, ҚХР бұғаздағы әскер санын көбейтсе, Тайвань өзі-ақ беріледі”, – деп қосты Ерсұлтан Жансейітов.
Нэнси Пелосидің тарих оқулығына енері сөзсіз. Себебі Қытайдың ескертуі мен әскери жанжал қауіпіне қарамастан, ол Тайваньға барды. Ал ұшағын үш миллионнан аса адам бақылап отырды. 3 тамызда Пекин Вашингтонның бұл сапар үшін жауап беруі керек екенін мәлімдеген. Алайда Ақ үй бұл үшін жауапкершілік алудан бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мінген америкалық Boeing C-40C ұшағы Тайбэй қаласына қонғаны туралы хабарлаған едік.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!