5 маусымда еліміздің барлық аймағында Конституцияға түзетулер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Дауыс беру үшін Қазақстанда және шетелде жүрген азаматтар үшін 25 елде барлығы 10 012 сайлау учаскесі белгіленді. Таңғы сағат 8.00-де жұмысын бастаған сайлау учаскелеріне қызылордалықтар да барып, таңдау жасауда белсенділік танытты.
«Осы жылдың 6 маусымында таңғы 08-00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі барлық 10 012 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Конституциялық түзетулер бойынша дауыс беру жалпыхалықтық сипатта болды. «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 31-бабына сәйкес, егер дауыс беруге құқығы бар осындай азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп саналады», − деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстанда сайлау құқығы бар азаматтардың 68 проценті референдумға қатысқан. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық комиссиялары ұсынған алдын ала деректері бойынша азаматтардың референдумға қатысу статистикасы жаман емес. Мәселен, тұрғындары ең жоғары белсенділік танытқан өңір ретінде 80,66 процентпен Түркістан облысы көш бастады. Ал Қызылорда облысында дауыс беру құқығы бар азаматтардың 79,89 проценті референдумда өз таңдауын жасаған. Негізінен, еліміз бойынша референдумға қатысу мүмкіндігі және құқығы бар азаматтардың тізіміне 11734642 адам енгізілген.
Қызылорда қаласында жалпы саны 120 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлау басталған 1 сағаттың ішінде облыс бойынша дауыс берушілердің 28,87 процент референдумға қатысты. Оның ішінде Қызылорда қаласындағы дауыс беру құқығы бар азаматтардың 25,87 проценті өз таңдауын жасады. Айта кетейік, №101 мектеп-лицейде орналасқан №263 референдум учаскесіне барып, дауыс берген азаматтардың қатарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Асылбек Шәменов те бар. Сондай-ақ дәл сол күні шаңырақ көтерген Әлібай Сапар мен Әйгерім Шахмарданова да №263 дауыс беру учаскесіне келіп өз таңдауларын жасады.
Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО Ағарту ісінің үздігі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Марк Подольский – дауыс беруге ерте келген азаматтар қатарында. Білім саласының ардагері референдум маңызын айта келе, саяси маңызды шараға сәттілік тіледі. 90-ның төріне шыққан сала ардагеріне алғашқы дауыс беруші ретінде құрметпен сый-сияпат көрсетілді. Сонымен қатар дауыс беруге ертемен келген бірнеше адамға сыйлық табысталды.
Дауыс беруге келген азаматтардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да белсенділік танытты. Қызылорда қаласында арнайы №366 дауыс беру учаскесі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қызмет етті. Одан бөлек учаскеге келе алмағандарға көшпелі жәшік апарып, дауыс беруіне жағдай жасалды.
Жергілікті уақытпен 20.00-де аяқталған сайлау нәтижесінде облыс орталығына аумақтық референдум комиссияларынан келіп түскен мәліметтеріне сәйкес, тізімге енгізілген дауыс берушілердің жалпы санының 79,89 проценті өз таңдауын жасаған. Аса белсенділік танытқан аудан ретінде Арал ауданы тіркелді. Референдумға аралдық сайлау құқығы бар азаматтардың 90,22 проценті қатысқан. Ал облыс орталығында өз таңдауын жасағандар саны 66,09 процентті құрады.
«Exit poll» Қазақстандағы Конституциялық түзетулерге байланысты референдум нәтижесін шығарды. «Социс-а» кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының экзитполының нәтижелері бойынша, сайлауға қатысқан қазақстандықтардың 76,7 проценті Конституцияға енгізілетін түзетулерді қолдаса, 23,3 процент таңдаушы «жоқ» деп дауыс берген.
«Қоғамдық пікір» зерттеу институты экзитполының мәліметтері бойынша қатысушылардың 74,8 проценті «иә» деп дауыс берсе, 25,2 проценті қарсы дауыс берген. Зерттеуге сәйкес, сайлауға 70,1 процент адам келген.
«Демократия институты» жүргізген экзитпол нәтижелері бойынша сайлаушылардың 79,4 проценті қолдау білдірсе, қатысушылардың 20,6 проценті түзетуге қарсы дауыс берген. Дауыс берушілердің 66,3 проценті сайлауға келген.
Айта кетейік, экзитпол – әлемдік әлеуметтанулық тәжірибеде пайдаланылатын, дауыс беруден кейін сайлау учаскелерінен шығу кезінде әлеуметтік қызметтер жүргізетін азаматтарға сауалнама жүргізу рәсімі.
Еске салайық, 5 маусымда таңғы 07.00 мен 20.00 аралығында Конституциялық түзетулерге байланысты референдум өтті. Референдумда қазақстандықтар Конституциядағы түзетулердің болу не болмауына дауыс берді. Яғни бюллетенде тек «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ болды. Тиісінше сұраққа «иә» не «жоқ» деп жауап беруі керек болды.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!