Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық жобада ел дамуы көзделген

06.08.2022

796 0

Республика Премьер-Министрі Әлихан Смайылов­тың төрағалы­ғымен үкімет отырысы өтіп, онда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлт­тық жобасын іске асыру барысы қаралды. Үкімет басшысының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, жоба бағыттары бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов және Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз баяндамасында тұрғындардың базалық қызметтерге тең қол­жетім­ділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағ­дайды әрі көлік байланысын жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске асырылып жатқанын айтты.

Ұлттық жоба 2 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр, олар: «Базалық қызметтерге тең қолжетімділік» және «Көлік­тік байланысты қамтамасыз ету». Бұл ретте 4 міндет, 20 көрсеткіш және 96 іс-шара айқындалған. Министрдің айтуынша, ұлттық жобаның 2021 жылға арналған іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,1 трлн теңге қарастырылған. Осы соманың 1,4 трлн теңгесі немесе 93% игерілді.

«2022 жылы Ұлттық жобаны іске асыруға 1,8 трлн теңге, оның ішінде бюджеттен тыс 709 млрд теңге қарастырыл­ған», – деді Ә.Қуантыров.

Оның айтуыша, 1 тамыздағы жағдай бойынша 528 млрд теңге немесе 30% игерілді. Ұлттық жобаны 2021 жылы іске асыру мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96% құрады, моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6%-дан 45,5%-ға дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік жай-күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ға дейін, ал жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 80%-ға дейін өсті.

Тағы бір атап өтерлігі, 112 мыңға жуық тұрақты және уа­қытша жұмыс орындары құрылды. Бұл ретте 2021 жылға жос­парланған 20 көрсеткіштің төртеуі орындалмаған, олар – тұр­ғын үйді пайдалануға беру, ҚР аумағы арқылы транзит кө­лемі, Транскаспий бағытындағы контейнер ағыны және «Дип­ломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру бойынша көрсеткіштер. Осы жылғы көрсеткіштерге қол жет­кізу мақсатында Ұлттық жобаның іс-шараларын орындау одан әрі жалғасуда.

Ведомство басшысы ауылдық аумақтарды дамыту бойын­ша жаңа шаралар қабылдау әрі оларды үйлестіру мақсатында министрлікте ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді.

Ұлттық жобаны іске асыру барысында жасалып жатқан шаралар бойынша индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 4 негізгі міндет бойынша 14 көрсеткішке қол жеткізуге бағыт­талған 88 іс-шараны іске асыруға жауапты.

Министр мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың қорытынды­сы бойынша сумен жабдықтау қызметтерімен 18,4 млн адам қамтамысыз етілді, жоспар 18,2 млн адамды сумен жабдықтау болған. Атырау және Қызылорда қалалары сумен 100% қамтамасыз етілді. Қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі жоспарланған 74,9%-дан 75,7%-ды құрады. Үйге ортақ жылу және су есептегіш құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі, сондай-ақ 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоспарлы көрсеткіштері толық орындалды.

«Биыл ұлттық жобаны іске асыруға 1 тамыздағы жағдай бойынша 650,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде респуб­ликалық бюджет 440,4 млрд теңгені, бюджеттен тыс қаражат 155,8 млрд теңгені және жергілікті бюджет 53,9 млрд теңгені құрайды. Жоспар кестесіне сәйкес барлық бюджет толық көлемде игерілді», – деді Қ. Өскенбаев.

Жалпы жұмыспен қамтылған азаматтардың 55 пайызы немесе 163 мыңы тұрақты жұмыс орындарына ие болды. Премьер-Министр тапсырмасы бойынша жұмыспен қамту шаралары толық цифрландырылды.

«Бүгін өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстар монито­рингі электронды форматта жүргізіліп жатыр. Жұмысқа орналастыру жөніндегі мәліметтер міндетті зейнетақы жарналары түсімдерінің негізінде сарапталып жатыр», – деді Т.Дүйсенова.

Әрі қарай министр ұлттық жобалардағы тағы бір бағыт жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру екенін атап өтті. Бұл үшін азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару бойынша шаралар іске асырылып жатыр.

«Бүгінгі таңда белгіленген өңірлерге 3,8 мың адамнан тұратын 1147 отбасы қоныс аударды. Бұл – осы жылға жоспар­ланған көрсеткіштердің 47 пайызы. Қоныс аударылғандардың ішінде 540 адам шетелден келген қандастар», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Министр өңірлер бойынша қандастар мен қоныс аудару­шы­ларды қабылдауда Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін Қара­ғанды және Ұлытау облыстарында артта қалушылық бар екенін мәлім етті.

Баяндамашыларды тыңдап болғаннан кейін Премьер-Министр Ұлттық жобаны іске асырудың елді мекендердегі инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға, 480 тірек және серіктес ауылды жаңғыртуға, тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік бергенін айтты. Жұмыс істейтін жастарға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына, көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің назарын «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру жөніндегі кейбір көр­сеткіштердің орындалмағанына аударды.

«Жыл соңына дейін көп уақыт қалған жоқ, сондықтан осы жұмысты жандандыру қажет. Жобалардың іске асырылуы әкімдер мен жауапты орталық мемлекеттік органдар басшы­ларының ерекше бақылауында болуы тиіс»,– деді үкімет басшысы.

Сондай-ақ Премьер-Министр 1 қазанға дейін ауылдық аумақ­тарды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді және Ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, орналастыруды және қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: