Украина билігі Ресейдің Винницаға жасаған зымырандық шабуылы салдарынан 22 адам қаза тапқанын хабарлады. Олардың арасында балалар да бар. Көз жұмғандар саны әлі де көбейіп келеді. Әзірге 30-дан астам адам із-түзсіз жоғалғаны мәлім болған. Бұл туралы ВВС арнасында «Винница орталығына шабуыл: қаза тапқан 22 адам ішінде балалар бар, оннан астам адам жаралы» атты ақпарат жариялады.
Винница орталығына жасалған зымыран шабуылынан кемінде 22 адам, оның ішінде үш бала қаза тапқан. Бұл туралы Украина президенті кеңсесі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко хабарлады. Жараланғандар мен зардап шеккендер саны әзірге 90-ға жуық екені белгілі болды.
Зымыран соққысы жергілікті уақыт бойынша 10:45-те жасалған. Алдын ала мәлімет бойынша, үш зымыран кеңсе ғимаратына, офицерлер үйіне, тұрғын үйлер мен «Юбилейный» сауда үйі жанындағы автотұраққа түскен.
«Бомбаланған жерде өрт шығып, тілсіз жау көлік тұрағына дейін жайылған. Қазір онда 50-ге жуық көлік жанып жатыр. Құтқарушылар өртті сөндіруге кірісті», – делінген қалалық кеңес хабарламасында.
Украина әскери-әуе күштері қолбасшылығының өкілі Юрий Игнаттың айтуынша, Винницаға шабуыл «Калибр» қанатты зымырандарымен жасалған. Оның айтуынша, зымырандар Қара теңізден сүңгуір қайық арқылы ұшырылған. Екі зымыранды Украина әуе қорғаныс күштері атып түсірген.
Президент Зеленский Винницаны атқылауды ашық террорлық акт деп атады.
«Ресей күн сайын бейбіт тұрғындарды қырып жатыр, украиндық балаларды өлтіруде, азаматтық нысандарға зымыран жіберуде. Әскерилер жоқ жерге шабуыл жасауда. Бұл ашық террорлық акт емей немене? Ресей – адам өлтіруші ел. Террористік ел», – деп жазды Украина президенті өзінің телеграмдағы ресми арнасында.
Ресей билігі мен қарулы күштерінің өкілі азаматтық нысандарға шабуыл жасады деген айыптауларды жоққа шығарып, мұндай соққылардың нысанасы әскери инфрақұрылым болып табылатынын мәлімдеді. Ал Украинаның мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі Винницадағы қираудың фотосуреттерін әлі де жариялауда.
Винницадағы ВВС қызметінің штаттан тыс тілшісі қаланың орталық бөлігіндегі зымырандық шабуыл кезінде алаңда көп адам болғанын және олардың ешқайсысы әуе шабуылының сигналына қарамастан тығылмағанын хабарлады.
Оның айтуынша, соғыс қимылдары жүріп жатқан басқа аймақтардағы украиндықтар Винницаны «қауіпсіз қала» ретінде таңдайды екен. Ресейлік зымырандар ұшып келген көше үлкен жол айрығында орналасқан, Бұл жерден одан қаланың кез келген жеріне жетуге болады. Мұнда адамдар көлік күтіп, кофе ішіп немесе өз істерімен айналысады екен.
Алаңда орналасқан орталық кеңседе емхана, дәмхана, киім тігу цехы, балалардың шығармашылығы мен бос уақытын өткізуге арналған үйірме орталығы болған. Сол үшін де ол жерде адам үнемі көп шоғырланады.
Тілшінің айтуынша, жарылыс болған алғашқы сәтте адамдар жан-жаққа қашқан. Одан бөлек көп адам жарылыс кесірінен шағылған әйнек ұшқынынан зардап шеккен. Жарылыс болған жерде такси тұрағы бар. Журналистің айтуынша, қаза тапқандардың едәуір бөлігі де такси жүргізушілері. Бір такси жүргізушісі жарылыс болардан бірер минут бұрын досы телефон соғып, шақырып алғандықтан аман қалғанын мәлімдеді.
Полицияның мәліметінше, ішінде дәрігерлер де, науқастар да болуы мүмкін жеке клиника толығымен өртеніп кеткен. Алайда бұл ақпарат әлі ресми расталған жоқ.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!