Бейсенбі, 26 желтоқсан, 07:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңа Қазақстан: Сөзден гөрі іс керек

17.03.2022

1631 0

Осы аптаның сәрсенбісін ел елеңдей күтті. Алдын ала хабарланғандай ел Президенті Жолдау жариялайтынын естіген жұртшылық үлкен үмітпен күтті. Бұл Жолдау ел күткендегідей болды ма? Шынын айталық, қоғамда түрлі көңіл-күй байқалды. Тұрмыс түйткілінен қажыған қарапайым елдің күткені басқа екен. Әдеттегідей жалақы жайы, зейнет жасы, несие мәселесі, қымбатшылық секілді әлеуметтің тұрмысын түзейтін мәселелер қамтылар ма екен деген алаңдаушылық болғанын жасыра алмаймыз.

Алайда Президент жаңа Қазақстандағы саяси жаң­ғыруды арқау еткен бұл Жолдау ең әуелі елдік мәселелерді бірінші кезекке шығарды. Мұның өзі тұрмыстық түйткілден әріге аса алмауға бейімделіп бара жатқан қоғамдық санаға сілкініс туғызғандай болды. Елдің жағдайын түзеу үшін ең әуелі билік басы түзелу керегін көрсеткен Жолдаудың жақсы жаңалығы аз болмады.

Бұған дейін де атап айтылғандай, «Күшті Президент, ықпалды Парламент, халыққа есеп беретін Үкімет» ұста­нымындағы өзгеріске ұмтылған жаңа Қазақстанның елге қызмет ететіндерге қояр талабы қатаң. Бір ғана мысал, енді Президенттің туған-туысына лауазымды қызметтер атқаруға рұқсат жоқ, Мемлекет басшысы мен әкімдер ешқандай партияға мүше бола алмайды. Демек, саясат сахнасында барлық партияға мүмкіндік бірдей. Бұрынғыдай билік партиясы деген ұғым келмеске кетті. Мәжіліс пен Сенаттың да рөлі қайта қаралады. Осы тұста халыққа ұнайтыны – уәдесін орындамайтын депуттатты «отырған орнынан» қайтарып алуға болатыны. Демек, «іс бітті, қу кетті» деп, уәдесін ұмытатын депутат болмайды. Ел сеніміне ие болған соң, ақтау керек. Жергілікті мәслихаттардың мәртебесін арттырып, мәслихат төраға­сын сайлау, сондай-ақ мәслихаттардың облыс, қала әкім­дерін жанама сайлауға қол жеткізуі де жергілікті мәслихаттың рөлін күшейте түспек.

Билік пен халық арасындағы алтын көпір қызметін атқаратын БАҚ-тың да пәрменді әрі еркін болуы уақыт талабы. Жолдаудан түйгеніміз елдегі көкейкесті мәселе ашық айтылу керек. Соған сай тиісті жауап та болуы тиіс. Ашық та, жариялы, демократиялық қоғамға тәуелсіз, пәрменді БАҚ керек. Алдағы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгеріс енетіні қалам ұстаған қауымға үлкен үміт сыйлады.

Сондай-ақ Жолдауда айтылған жаңалық – Семей аймағында Абай облысының, Жезқазғанда Ұлытау облысының құрылатыны алты алашты қуанышқа бөледі. Сонымен қатар Қапшағайды Қонаев есімімен атау да көп көңілінен шықты. Тағы бір атап өтерлігі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына ауқымы кең ұлттық құрылтай құрылатыны да ел болашағына игі шешім қабылдауға сеп болар деген үмітке жетелейді. Бұл орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова: «Өз құрамына сан алуан пікір иелерін топтастырған Ұлттық Құрылтай құру тәжірибесі Ұлы Дала демократиясының жалғасы іспеттес. Осынау мәртебелі құрылымның билік пен халық арасындағы алтын көпір, мықты дәнекер болатынына сенімдіміз. Мемлекет басшысы тарихи өзгерістерді бастауда халықты бір кісідей жұмылуға шақыра отыра, «..Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы бәрінен қымбат. Қазақстан тек бізге керек. Мемлекеттілігіміз­ді қорғау мен үшін аса маңызды. Бабалар аманатына адал болып, ұрпаққа табыстау қастерлі парыз» деп ағынан жарылды. Жолдау әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапты, халқымыздың өзінің жарқын болашағына деген сенімін еселей түсті» деген пікірін білдірді.

Бүгінгі Жолдау көпірме сөздің уақыты емес екенін, Жаңа Қазақстанға сөзден гөрі іс керек екенін байқатты.

Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: