Бейсенбі, 26 желтоқсан, 16:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Айып добы ашқан жеңіс жолы

28.03.2023

866 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аралас жекпе жек шебері

Шавкат Рахмоновты қабылдады.

Президент даңқты спортшыны таяуда Лас-Вегаста өткен UFC турнирінде жеңіске жетуімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Рахмонов секілді  мықты атлеттердің жеңіске деген ерік-жігері мен жетістігі өскелең ұрпақты жігерлендіретінін, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратынын айтты.

Сонымен қатар Президент спортшының алдағы уақытта биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Өз кезегінде Шавкат Рахмонов арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол жанкүйерлердің үмітін ақтап, еліміздің мерейін асқақтата беретінін жеткізді.

Осы ретте Шавкаттың соңғы жекпе-жегі мен ол туралы ақпараттарға шолу жасағанды жөн көрдік.

Күллі әлем назарын аударған UFC сайыстарында Қазақстанның жарық жұлдызы Шавкат Рахмонов кезекті жарқын жекпе-жегін өткізді. «Номадтың» америкалық Джефф Нилды жеңгеніне біраз күн өтсе де бұл кездесу сыйлаған шаттық әлі басылар емес.

5 наурызда «UFC 285» турнирі аясында қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Рахмонов керемет жекпе-жек өткізіп, соның нәтижесінде тамаша көрсеткішке қол жеткізді. Лас Вегастағы кездесу тартысты өтті.

Жұдырықтасуды қош көретін Нилді қазақстан­дық файтер партерге жыға алмады ма, әлде Шавкаттың өзі тік тұрып жұдырықтасуды жос­парлады ма, белгісіз. Бірақ бұл жекпе-жек жар­қын сәттер мен жойқын соққыларға толы болғаны анық. Ең кереметі – күллі әлемді таңғалдырған Шавкаттың әдісі. Орнында тұрып-ақ амери­кандықты қылқындырып, жеңіске жеткен «Номадқа» бұл күні таңғалғандар аз болған жоқ.

«Бұл Шавкаттың үш раундқа созылған екінші жекпе-жегі ғана. Оның Нилмен жекпе-жектен қорытынды шығарғанына сенімдімін. Рахмоновқа мұндай дуэль керек болды, ол өзі алға ұмтылады, оған жауап бергенін қалады. Нәтижесінде драма болды. Бұл оның мансабындағы ең жақсы жекпе-жек, жақсы сынақ деп ойлаймын. Ол өзінің дамуы үшін жұмыс істейтін болады. Бұл жекпе-жек оның дамуына серпін береді, ол бірнеше деңгейге кө­терілді», − деді «Naiza» лигасының президенті Нұрбек Қарабала «MMA Metaraitings»-ке  берген сұхбатында.

Осылайша Джефф Нил «UFC» сапында алғашқы рет уақытынан бұрын жеңілді. Ал «Номад» Рахмонов октагонда тұрып Колби Ковингтонға «шақырту» таста­ды. Себебі Шавкат бұл жекпе-жегі ар­қылы өзінің бұдан да жоғары дең­гейдегі қар­сыласқа лайықты екенін дәлелдеген еді.

UFC титулына Шавкаттың жақын қалғанын көпшілік жанкүйер сезіп-біліп жүр. Спорт сарапшылары да бұл ойдан алыс емес. Мәселен, танымал ресейлік комментатор және жекпе-жек сарапшысы Ян Баранчук Sports.kz порталына берген сұхбатында жартылай орта салмақтағы қазақстандық Шавкат Рахмоновтың титулдық жекпе-жекке жақын екенін айтты.

«Меніңше, Шавкат Рахмоновтың Белал Мұхаммедке қарсы жекпе-жегі – ең болуы ықтимал кездесудің бірі. Шавкат үшін жақсы кездесу болары анық. Белал қазір төртінші орында және жеңіске жеткен жағдайда Шавкат титулдық жекпе-жекке жақындайды. Сондай-ақ күні кеше Чимаевтың орта салмақта өнер көрсетпейтінін, яғни ол жерде тағы бір орын бос екені анықталды. Белал Мұхаммедке қарсы жекпе-жекте Шавкат жеңсе, титулдық белдесуге басты үміткер атанады. Шавкат күзде титулға таласатын адам болуы мүмкін», − дейді Ян Баранчук.

Алайда бұл пікірге Белал Мұхаммед қарсылығын білдірді. Ол өз сөзінде Шавкатпен төбелесу ол үшін төменгі сатыға түсу болып саналатынын айтты.

«Мен өз қарсыласым ретінде көріп отырған жалғыз файтер – Усман. Ал Дана Уайт айтып отырған Шавкат Рахмоновпен жұдырықтасу мен үшін төменгі сатыға түсумен бірдей. Ол әлі ешқандай нәтиже көрсеткен жоқ. Ал мен кеше ғана алынбас қамалды құлаттым. Сондықтан менің келесі жекпе-жегім Усман немесе Гилбертке қарсы болсын», − деді Белал Мұхаммед.

Қалай болғанда да Шавкат әзірге тынығып, содан кейін жаттығуды жалғастыратынын айтты. Оның келесі кездесуі шамамен күзде өтеді деп болжануда. Әрине, біз де қазақстандық спортшының титулға иелік еткенін, қазақ жанкүйерлерін қашанда жеңісімен шаттандырып жүргенін қалаймыз. Бірақ әзірге әліптің артын бағып, Шавкат карьерасын болжай аламыз. Ең бастысы қай кездесуде де «Номадтың» бәсі басым болып, жеңіс тұғырынан көрінсе дейді, Қазақ елі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: