Сенбі, 21 желтоқсан, 20:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Футзал: Қазақ баласы да доп тебеді

01.02.2022

1330 0

Тәуелсіздік алғалы еліміздің спорт әлемінде шыққан шыңы, жеткен жетістігі аз емес. Оның ішінде бокс, күрес, ауыр атлетикадан соңғы он жылдықта талай биікті бағындырдық. Талай мәрте алтыннан медаль тақтық. Дегенмен әлемде алдыңғы қатардағы спорттық ойын саналатын футболдан бір бағымыз жанбай қойды. Еңбекқор футболшылардың аздығы ма, әлде табиғатымызға сәйкес келмей ме, әйтеуір, жеңіс тұғырына шыға алмай келеміз. Алайда үлкен футболда нәтижелі ойын көрсете алмасақ та, футзалдағы нәтиже жаман емес. Еңсе тіктеп, мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі мақаламызда осы футзалдан Қазақстан құрамасының өткені мен бүгініне көз жүгіртсек дейміз…

Расымен, біздің футзалшылар әлемдік аренада тәуір ойынымен танымал. Еуропа мен Америка құрлығының белді командаларымен бақталасып, ел абыройын асқақтатып жүр. Тіпті осы спорт түрінен ең мықты саналатын еуропалық құрамаларды тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан да көрінген еді. Футбол әлемінде бәсі жоғары бәсеке – Чемпиондар лигасы. Осы додада «Қайрат» командасы екі рет чемпион атанды. Ал құрамамыз үздік дода саналатын Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңген. Әрине, осы шағын футболдан.

Енді осы жетістіктерге қалай жеттік, әуелгі бастамамыз қалай болды? Сол жайында бірер сөз. Жалпы шағын футболдың негізгі сүйенетін, бағынатын ережелерінде өзгешелік бар. Бұл жылдам қимылды қажет ететін спорт түрі. Мұнда 90 минут ойнамайды. Тез шешім қабылдап, асығын алшысынан түсіруге тырысу қажет. Командаласы қайда жүгіреді, қай жерде ашылады, бәрін ойша оқып тұру керек. Әрі жылдам. Негізгі талап – осы.

Өзі бізде бұл спорт түрі 2000 жылдан бастап дами түсті. Бірақ ол кезде қазіргідей емес, тәжірибе аз болатын. Сол тұста шетелден легионерлер тартып, ойын жан-жақты дами бастады. Осы кезде барлығы сырттан футболшы тарту үлкен қателік екенін айтып, қаржының шетелге кетіп жатқанын даулаған. Бірақ қазір сол кездегі тың жоба қазақ футзалының бүгінгі жетістіктерге жетуіне тікелей ықпал еткенін анық байқауға болады.

Мәселен, сол кездері отандық емес, шетелдік аяқ допшыларды тартқан «Қайрат» командасының жетістіктеріне шегініс жасап, бір тоқталып көрелік. Өйткені әлемдік додаларда топ жарған жалғыз командамыз осы алматылық «Қайрат» қана. Сонымен талай додада қазақ намысын қорғаған бұл команда УЕФА-ның чемпиондар лигасында 17 мәрте бақ сынапты. Бұл Еуропадағы командалар арасында рекорд саналады. 17 мәрте ел чемпионатын, 16 мәрте ел кубогын, 5 мәрте суперкубогын жеңіп алғаны бір бөлек әңгіме. Бұлар да ел ішіндегі рекордты көрсеткіштер болып саналады. Ал чемпиондар лигасындағы жеңісті жолы мүлде бөлек әңгіме.

«Қайрат» алғаш рет чемпиондар лигасында 2004-2005 жылғы маусымда өнер көрсетті. Тәуір құраммен келесі жылы жартылай финалға өтті. Алайда мәскеулік «Динамодан» жеңілді. Араға уақыт салып, 2009 жылы байрақты бәсекеде тұңғыш рет жеңіс тұғырынан көрініп, қола жүлдемен елге оралады. Бұл – жеңісті жолдың бастамасы еді. Жұлдызды сәт әлі алда болатын.

УЕФА кубогының төрттік финал ойындары тұңғыш рет 2011 жылы Алматыда өтеді. Жеңіс үшін осы тұста оңтайлы сәт туғандай. Жартылай финалда Роналдудың Отаны Португалиядан келген «Спортинг» командасынан жеңіліс тапса да, сол

елдің тағы бір белді командасы «Бенфикамен» қола жүлдеге таласта басым түседі. Тағы да қола жүлде. Чемпиондар лигасының кубогын алғаш рет 2013 жылы жеңіп алдық. Жартылай финалда атынан ат үркіген испаниялық «Барселона» командасын ұтып, финалда Мәскеуден келген «Динамодан» айламызды асырдық. Осынау тарихи жеңіс әлі күнге дейін көптің есінде болар. Төккен тер, еткен еңбек осы тұста ақталып, ел абыройы асқақтады. Келесі жылы да алматылық команда осынау жетістігін қайталап, тұғырдан көрінді. Кейінгі жылдары кубок алмасақ та, бірнеше рет үшінші орын алып, қола иелендік. Жалпы мақтанып айтарлық жетістік футзалда аз емес.

Енді ұлттық құрамаға келейік. Кезінде бразилиялықтардың ойын өрнегін көріп, тәжірибе алмасқан қазақ жігіттері бүгінде мықты ойыншыларға айналды. Еуропада танылмалдыққа ие болды. Қазір біздің құрамамыз әлемнің үздік ұжымдарымен тең дәрежеде ойнап жүр. Оған дәлел жетерлік. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Еуропаның елу командасының ішінде УЕФА рейтингісінің топ үштігіне кіреді. Енді осы құрамамыздың жетістіктеріне тоқталып өтелік.

Бүгінге дейін әлем чемпионатына 2 рет қатысыппыз. Алғашқысы 2000 жылы. Ол уақытта алғашқы кезеңнен-ақ сүрінгенбіз. Әріге бара алмадық. Кейінгісі 2016 жылғы дода. Онда әупірімдеп жүріп 1/8 финалға жеттік. Бірақ сол 2016 жылы алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдаманы жеңіп алып, қола жүлде алдық. Сол кезде бұл додаға тұңғыш рет қатысқан біз ғана екенбіз. Тәжірибесі мол, мықты ұжымдардың өзі біздің командаға төтеп бере алмады. Ұлттық құрама тек Испания мен көршілес Ресейге ғана есе жіберген. Бұдан кейін Еуропа чемпионаты 2018 жылы өтті. Ол кезде бап келіспеді ме, бақ шаппады ма, жүлдеге қол жеткізе алмадық. Төртінші орынға тұрақтадық. Жалпы бүгінде футзалдың аяқ алысы жаман емес.

Биыл ұлттық құрама Еуропа чемпионатына қайта аттанды. Бұл жолғы додадан күтеріміз көп. Біздің футболшылардың басқалардан бәсі жоғары екенін топтық кезеңге дейін, іріктеу ойындарында да байқаған едік. Күткендей-ақ болып жатыр, осы додада төккен тер, футзалға құйылған миллиондаған қаржы ақталатындай. Бұлай деуімізге салмақты себебіміз де бар. Ұлттық құраманың ойындарына бір зер салайық.

Қазақстан құрамасы осы Еуропа чемпионатында алғашқы ойынын Словенияға қарсы өткізді. Гронингенде (Нидерланды) өткен ойын 4:4 есебімен аяқталды. Екінші ойын құрамамызға ешқандай қиындық туғызған жоқ. Финляндиямен болған ойында біздің жігіттер ірі есепке қол жеткізіп, қарсылас команданы 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Сөйтіп «В» тобында екі турдан кейін 4 ұпаймен көш бастады. Бірақ негізгі қарылас алда еді. Ол азуын айға білеген, тәжірибелі ұжымымен, үздік сұрмергендерімен Еуропаны мойындатқан Италия құрамасы болатын. Өйткені бұл елдің командасы әлем чемпионатында 5 рет бақ сынап, 2004 жылы күміс жүлдегер атанды. Еуропа чемпионатына 8 рет қатысып, 2003, 2014 жылдарда әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Кейінгі нәтижелері де жаман емес. Осы тұста көптеген сарапшылар біздің құраманың италиялықтардан айласын асыра алмайтынын айтып, болжам жасаған. Алайда біздің құрама айды аспаннан бір-ақ шығарып, топтағы басты қарсыласы Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша Қазақстан 7 ұпай жинап, плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты. Ал «А» тобында Украина екінші орынмен шықты. Енді Қазақстан мен Украина арасындағы ширек финалдық ойын өтеді.

Ендігі мақсат – жеңісті жолды жалғастыру, кубокты жеңіп алу. Бұған біздің құрамадағы футзалшылардың қауқары жететіндей. Оны осыған дейінгі ойындардан байқадық. Тек енді босаңсымай, бақ пен бап қатар шауып, соңғы сәтке дейін беріспесе болғаны.

Байқап отырғанымыздай, жалпы футзалдан күтер үміт зор. Жыл санап, жанкүйерлердің де қатары көбейіп келеді. Салған ақша да, еңбек те ақталып жатыр. Алар асуымыз алда әлі. Ендігі тілек – осы спорт түрін одан әрі дамытып, ел намысын қорғайтын қазақтың қарадомалақ балаларының жағдайын жасау. Өз кезегінде бұл тәжірибе кейінгі байрақты бәсекелерде ұлттық құрамамыздың жеңіс тұғырынан көрінуіне ықпал етері сөзсіз.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: