UFC лигасының екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы ирландиялық Конор Макгрегор мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альваресті жекпе-жекке шақырды.
РИА Новости ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл туралы аралас жекпе-жек шебері әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған. «Канело, сен кіп-кішкентай шұжықсың. Сені қолдың көмегінсіз-ақ, ұратын едім. Бұны ұмытпа», – деді Конор Макгрегор. Айта кетейік, UFC лигасының екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы 2021 жылдың шілдесінен бастап жекпе-жекке шықпаған. Ол Дастин Порьеге қарсы кездесуде аяғын сындырып, ұзақ уақыт емделді. Конор Макгрегордың келесі қарсыласы АҚШ өкілі Майкл Чендлер болмақ.