Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кім қалай өнер көрсетті?

08.02.2022

1422 0

Бейжіңде өтіп жатқан қысқы олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары кестеге сәйкес өнер көрсетулерін жалғастыруда. Бүгінгі мақалада жарыстың соңғы жаңалықтары мен Мемлекет басшысының Олимпиада өтіп жатқан елге сапары туралы баяндамақпыз.

5 ақпандағы жарыс күні Қазақстан құрамасының конькишісі Надежда Морозова қысқы Олим­пиада ойындарында 3000 метр қашықтықта өнер көрсетті. Алайда 4:04,97 уақытта мәреге жеткен спортшының нәтижесі медаль жеңіп алуға жетпеді. Енді ол 17 ақпанда Екатерина Айдовамен жұптасып, 1000 метр қашықтықта өтетін жарысқа қатысады.

Сол күні фристайлшы спортшы­мыз Дмитрий Рейхерд та жарыс алаңына шықты. Бірінші финалда Рейхерд 76,90 балл жинап, то­ғызыншы орынға тұрақтады. Осы­лайша ол үздік он екі спортшының қатарына кірді. Ал Екінші финалда 76,77 балл жинап, сегізінші орынға тұрақтады. Оның бұл нәтижесі үшінші финалға шы­ғып, медаль үшін күресуге жетпеді.

6 ақпанда сондай-ақ Бейжің Олим­пиадасында шаңғымен жарысудан ерлер арасындағы скиатлон бәсекесі аяқталды. Бұл жарыста спортшылар 15 шақырым классикалық әдіс және 15 шақырым еркін әдісте өнер көрсетеді. 30 шақырымға созылған жарысқа Қазақстан атынан екі шаңғышы қатысты. Қазақстандық Виталий Пухкало төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 32-орынға тұрақтады. Ол жеңімпаздан 7 ми­нут 35 секундқа кейін келді. Ал қазақстандық Евгений Величко жарысты аяқтай алмады.

Қазақстан командасының үздігі Юлия Галышева да Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында жүлдесіз қалды. Галышева жарыс жолында қате жіберіп, қорытынды есепте негізгі финалдан тыс қалды. 29 жастағы спортшы 49,74 ұпаймен биылғы Олимпиада ойынында 11-ші орынға тұрақтады.

Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің «Олимпиадалық дипло­матия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты» атты мақаласы «Егемен Қазақстанда» жарық көрді. Мақалада көрсетілгендей, Мемлекет бас­шысы Қытайға ертерек, яғни 3 ақпан күні ұшып келген. Президентті әуежайдан ҚХР Үкіметінің Еу­ра­зия істері жөнін­дегі арнаулы өкілі, Тоқаевтың 40 жыл­дық саяси таны­сы Ли Хуэй күтіп алған.

Қазақстан делега­циясы Бейжіңнің батыс бөлігінде орналасқан «Дяоюйтай» мемлекеттік ре­зиденциясына орналасқан. Бұл резиденцияның 800 жылдан астам тарихы бар. Бұрын бұл тарихи әрі көрікті жер Қытай императорларының демалысы үшін арнап салынған сарай болған. Одан бөлек бұл резиденцияға Владимир Путин мен Пәкістан Премьер-Министрі Имран Хан ғана тоқтаған. Ал өзге делегациялар қонақүйлерге тұрақтаған. Берік Уәли бұл туралы «Әрине, бұл Қытай тарапының Қазақстан басшысына, жалпы біздің елге деген ерекше құрметін, айрықша көзқарасын біл­діреді», – деп жазады.

Мақалада сондай-ақ Президенттің ашылу салтанатына қалай қа­тысқаны туралы да жазылған. «Қасым-Жомарт Тоқаев VIP қонақтарға арналған мінберден қазақстандық олимпиадашыларға қол бұлғап, қолдау көр­сет­ті. Президенттің жеке фотографы түсір­ген су­реттердің бірінен спорт­шыларымыз шыққан сәтте Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның делегациясы біздің Мемлекет басшысына ерекше құрметпен қарағанын көруге болады. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те ілтипат білдірді», – деп жазады Президенттің баспасөз хатшысы өз мақаласында.

Ашылу салтанатынан бөлек мем­лекет басшылары кездесу өт­кізді. Олар екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратын нәтижелі келіссөз жүргізген. ҚХР төрағасы бұл кездесу мемлекеттер арасындағы алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне жол ашқанын айтқан. Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді де Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырған.

Кездесуден кейін Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, ДДСҰ Бас директорымен, сондай-ақ Польша, Сингапур, Қатар, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшыларымен әңгімелескен. «Олар Мемлекет басшысының «қасі­ретті қаңтар» кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған шешімдеріне қолдау білдірді», – деп жазады Б.Уәли.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: