Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мұз үстіндегі із

25.09.2021

1851 0

Отбасы мүшелері ойласа келе бүлдіршінді күн сайын мұз айдынына жаттығуға апаруға келісті. Ағасы Тимурмен бірге барады. Әлжуаз да нәп-нәзік бүлдіршіннің ширауына спорттың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Осылайша 4 жастағы титімдей қыз аяғына коньки киді. Осындай шешім қабылдаған ата-ана кішкентай бүлдіршіннің бір кезде әлем назарын өзіне аударып, тамсана тәнті болар мұз ханшайымына айналарын сол сәтте білген жоқ. Тіпті оны ойламады да десек артық болмас. Себебі сол кезде ата-ананы алаңдатқаны тек оның денсаулығы еді…

Анасы Падишахан қызын аман-есен бауырына алғанда сүйікті актрисасы Элизабет Тейлордың есімін қояды. Ананың аппақ ниеті мен тілегі ғой бұл. Мәскеуде 2000-шы жылы дүниеге келген сәби Элизабет есімі аз уақыт ішінде әлемге танылып, қазақ елінің туын биікке көтеретінін ешкім де білмеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей бүлдіршіннің денсаулығына алаңдап оны спортқа жетектеген ата-ана 4 жастағы Элизабеттің аяғына коньки байлап, мұз үстіне жібергенде болашақ чемпионды спортқа дайындап жатқанын да аңдамаған болар. Ата-ана үшін көз қуанышының амандығы ғой. Сөйтіп, ең әуелі Мәскеудегі қарапайым сек-цияларға қадам басқан кішкентай Элизабеттің қабілеті үшін бұл аздық ете бастады. Жаратқанның да жәрдемі болар, ол кішкентай болса да атақты бапкер Этери Тутберидзенің тобына келді. Баланың бойындағы қабілетін ә дегеннен танитын Тутберидзе де таңдауына өкінбеді. Себебі Элизабет алғашқы қадамынан-ақ жеңіске ұмтылды. Жас сырғанаушының спорттағы жетістігі көп күттірмей, жеңіс бірінен кейін бірі үздіксіз жалғаса берді. Түрлі жарыстар, үнемі жеңіс, жеңімпаз Элизабет!.

Мұнан соң отбасы жағдайымен Элизабет спорттық азаматтығын ауыстырды. Сыр топырағында дүниеге келген әкесі Байтақты әлемді шарласа да туған топырақ өзіне тартты. Осылайша туған жерге оралу спортшының жаттығу орнын да өзгертуге мәжбүр етті. Канадағы Брайон Орсердің тобында жаттығуды жалғастырған Элизабет спорт шыңын бағындыра бастады. Дегенмен Орсер шәкірті ересектер жарысына ауысқаннан кейін өзінің бұған дейін бағындырған белесі өз қабілет-қарымына сай еместігін іштей сезді. Себебі сол кезде әлем чемпионатында 9-шы орын, олимпиадада 12-ші орын ол күткен нәтиже емес.

Ізденімпаз Элизабет алғашқы жаттықтырушы Этери Тутберидзеге қайта оралуды ойлап, анасы екеуі қоңырау шалды. Қайтадан алғашқы бапкері Тутберидзеге оралу жас сырғанаушыға серпін берді. Тағы да үздіксіз жеңіс пен қуанышты сәттер. Оның жетістіктерін санамаласақ, шатасып кетуіміз мүмкін. Дегенмен елеулі дегендерді санамалап көрелік. 2016 жылы Норвегияның Хамар қаласында өткен жасөспірімдердің дүниежүзілік олимпиада-сында қола медаль иеленді. 2017 жылы Саппородағы Азия ойындарында да жеңіске жетті. 2018 жылы Пхенчханда алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысып, 12-ші орынға табан тіреді. 2019 жылы төрт құр-лықтың чемпионаты мен дүниежүзілік универсиадада күміс жүлдені олжалады. Жалпы, республикалық және ха-лықаралық жарыстарды қоса алғанда, қазақтың шынашақтай қызы 39 медаль иеленген екен.

2019 жыл. Бұл қазақ қызы Элизабеттің спорттағы ең үлкен жеңісі. Барша қазақ шынашақтай қыздың өнеріне қол соққан күн, әлем тамсанған сәт. Жапонияның Сайтама қаласындағы дүбірлі додада Элизабет мұз үстінде қабілет-қарымын да, шеберлігін де көрсетті. Қысқа бағдарламада ол Людиг ван Бетховеннің «Ай сонатасын» мінсіз орындады. Айтпақшы, ол мәнерлеп сырғанау шебері ғана емес, скрипка мен фортопианода ойнауда қабілетті екенін жанкүйерлері бұл кезде жақсы білетін. Әлем чемпионатындағы тарихи жетістік! Ол әлем чемпионатында төрттік сальховты орындады. Осылайша Элизабет Тұрсынбаева төрттік секіруді орындаған әлемдегі алғашқы мәнерлеп сырғанаушы болып спорт шежіресіне жазылды Айта кетейік, бұл күміс медаль тәуелсіз қазақ елінің әйелдер арасындағы сырғанау тарихындағы әлем чемпионаттарындағы алғашқы медаль еді.

Осылайша мұз үстінде із қалдырған Элизабеттің спорттағы үзілісі оның денсаулығына байланысты болды. Дегенмен жанкүйерлер оны асыға күтіп жүрген, мұз айдынының ханшайымы спорттағы мансабын осымен тәмамдайды деген ешкімнің ойына келмесе керек. Бір өкініштісі, сырғанаушының арқасынан алған жарақаты оны мұз үстіне қайта шығармады. Жақында ғана спортсүйер қауыммен, жанкүйерлерімен әдемі қоштасқан Элизабеттің спорттағы мансабы енді жаттықтырушы ретінде жалғаспақ.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында спорттағы мансабын аяқтағанын жария етті. «Құрметті жанкүйерлер, кәсіби спортшы ретінде өз карьерамды аяқтадым. Осындай шешім қабылдау маған оңай болған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, ұзақ уақыт бойы арқамнан алған жарақат қатты мазалады. Өкінішке қарай, сырқаттан

толықтай айыға алмадым. Соның салдарынан толыққанды жаттығу жасау мүмкін болмады. Қазіргі кезде мен Қазақстандамын. Жылдың соңына дейін елде болып, осы спорт түрін таңдаған балаларға көмектесіп, тәжірибеммен бөлісемін. Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды дамытсам деп мен үнемі армандайтынмын. Міне, енді сондай мүмкіндік туды,– дей келе, өзінің ата-анасы мен бапкерлеріне, қолдау көрсеткен азаматтар мен жанкүйерлерге, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитетіне және Қызылорда облысының әкімшілігіне зор алғысын білдірді.

Оның жанкүйерлерінде қимастық бар. Әрине, мұз үстінде әсемдік пен сұлулықты, өнерге деген тазалықты көрсете білген, сол арқылы барша жұртқа қуаныш сыйлаған қазақ қызының мұз үстінде ізі қалды. Ендігі үміт – оның өзі сияқты жүздеген шәкірт баптаса деген көптің тілеуінің орындалғаны. Әлі талай қарлығаштар Элизабет мектебіненмін дейтініне күмән жоқ.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: