Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 13:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Қазақстан атын әлемге әйгілі еткім келеді»

24.11.2021

2070 0

Ғани ӘДІЛСЕРІК, Панкратионнан әлем чемпионы:

Сырбойылық спортшылардың жеткен жетістігі мен шыққан белесі аз емес. Соның бірі, әлемнің небір мықтыларымен түрлі додаларда бақ сынасып, ел мерейін асырып жүрген панкратионнан әлем чемпионы – Ғани Әділсерік. Бүгін біз Қазақстан және әлем чемпионаттарында қарсыластарына дес бермей, биік тұғырдан көрініп жүрген спортшымен сұхбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.

– Ғани Әділсерікұлы, осы кезге дейін талай додада топ жарып келесіз. Жалпы осы спорт түрін таңдауыңызға біреудің ықпалы бол­ды ма? Спортпен қай кезден бастап айналыстыңыз?

– Мен Шиелі ауданына қарасты Алмалы ауылының тумасымын. Бес ағайындымын, өзім үйдің кенжесімін. Спортпен бесінші сыныбымда айналыса бастадым. Өзім о баста футболшы болсам деп армандағанмен үлкен ағамның айтуымен самбо деген күреске қатыстым. Сөйтіп, тоғызыншы сыныбыма дейін осы спортпен айналыстым. Бірақ аса бір ынтам ауған емес, икемім келе қоймады. 10 сыныпта оқып жүргенде ауылдан аралас жекпе-жек залы ашылды. Қара домалақ балалардың басын біріктіріп, әлгі залды ашып, басы-қасында болған менің алғашқы бапкерім – Қайрат Әбжамалов. Сонда дайын­далып жүріп, республикалық және облыстық жарыстарға қатысып, жеңіске жете бастадым. Күрестен келген балаға ұру-тебудің әдіс-тәсілін меңгерткен ол кісінің көмегі көп тиді. 2016 жылы мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне әскери іс және қауіпсіздік жүйелері деген мамандыққа оқуға түстім. Енді қалаға келген соң спортпен шұғылданатын зал іздей бастадым. Сөйтіп жүріп қазіргі бапкерім Арман Мәделханов ағамызбен таныстым. Бірі білсе, бірі білмейді, Қызылордаға панкратионды алып келген сол кісі. Еуразия спорт кешенінде осы жаттықтырушының қарамағында дайындал­дым. Мұнда 15 күн дайындалған соң, ең бірінші жарысыма жолдама алдым. Сол додада бақ пен бап қатар шауып, жүлделі бірінші орынмен оралдым. Міне, осыдан соң бұл спорт түріне деген құлшынысым арта түсті. 2018 жылдың ақпан айында ересектер арасында жүлдеге таласқанмен, жеңілдім. Ол жарыс маған тәжі­рибе әрі сабақ болды. Кемшін тұстарымды көруге мүмкіндік берді. Одан кейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында WMMA-ден өткен әлем чемпионатында бірінші орын иеленіп, жеңімпаз атандым. Бірікккен Араб әмірлігі Бахрейн ко­рольді­гінде ережесіз жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында топ жардым. Одан бөлек былтыр ел чемпионатында жеңімпаз атандым. Соңғы 3-4 жыл көлемінде бұдан бө­лек өзге де үлкенді-кішілі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген сәттерім бар.

«Қазақстан атын әлемге әйгілі еткім келеді»

Қазіргі таңда Қазақстанда панкратионнан өз салмағым бойынша бірінші орында тұрмын. Жалпы үш спорт түрі бойынша дайындалып шығып жүрмін.

– Кез келген спортшы алдыңғы буынға еліктеп өседі. Сіздің спортта кумиріңіз бар ма?

– Нақты мына спортшы деп айта алмаймын. Мен үлкен әлемдік ареналарда қазақ намысын қорғап, ел абыройын асқақтатқан спортшылардың барлығынан үлгі алуға тырысам. Әсіресе аралас жекпе-жекпен айналысатын спортшылардың өнерін көп тамашалап, стилін, жаңа әдістерін үйренуге күш саламын.

– Үлкен спортқа кездейсоқ келгенің жөнінде айттың. Кейде тәжірибенің жетіс­пеушілігі сенімсіздік тудырады. Қарсы­ластан тартынып немесе соның сесі басатын кездер бола ма?

– Спортқа енді кірісіп жүргенде кәдімгідей қорқатынмын. Өйткені небір әлем чемпионы, спорт шебері атағын алған мықтылармен бетпе-бет келетінмін. Бірақ кішкентайымнан мінезді, рух­­ты болғасын ба ешкімге иліге қоймадым. Сөз­дің ашығы, рингке шыққанша жүрек дүрсілдеп, тер­леп-тепшіп біраз қорқыныш болатын. Алайда өзі­ме бір жұдырық тигеннен соң алды-артына қара­май қарсыласты төмпештеп тастайтын сәтім көп.

– Ең қиын және ең оңай жекпе-жегіңізді айтып берсеңіз…

– Осы кезге дейін облыстан бастап әлемдік додаларға дейінгі кездесулерімді санасам, 100-дің үстіне шығады екен.  Ең ауыр да, тәтті де болған – Санкт-Петербургтегі кездесу. Әлі есімде, соған дейін үш ай тер төгіп, үзіліссіз дайындалдым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған спортшылармен әр жерде тәжірибе алмастым. Тіпті үй көрмедім. Университет жайына қалды. Ол соған лайық болды. Елге жеңіспен оралдым. Ал Бахрейін елінің астанасы Манамада IMMAF-тан өткен чемпионатта үшінші орын алдым. Ол жарыстан өкініп қайттым десем артық етпес. Себебі оған үй жаттығуымен бардым. Залда өзіміздің жігіттермен дайындалдым. Оларды жеңу оңай болды. Өйткені қолданатын әдіс-тәсіл, айласының бәрін білем. Ал Қазақстанның барлық спортшыларымен бақ сынасу мол тәжірибе бе­реді. Ол уақытта бізде осыған қаржылай қолдау жетіспеді. Өзіміздің қаржы жол мен жүріп-тұрудан артылмады. Сондықтан шаршы алаңға шыққанда дайындығымның аз екенін сездім.

«Қазақстан атын әлемге әйгілі еткім келеді»

– Сонда біздің өңірде спортшыларды қолдау төмен деңгейде ме?

– Олай деп кесіп айта алмаймын. Бірақ кейде сондай жайттар болып жатады. Қайта соңғы 2-3 жылда қолдау жақсы көрсетуде. Ал 2018-інші жылға дейін жарысқа қажет қаражатты өз қалтамыздан шығарып келдік. Анда-санда ғана облыстан қаржы бөлінетін. Мектеп кезінде де сондай еді. Ата-анамыз бірдеңе шықсын деген шығар. Соның арқасында талай жерді көріп, талай аламанға түстік қой. Ал бүгін үмітін ақтап, нәтижеге жетіп отырмын.

– Өзіңіз бір жарыстан қанша қаржы аласыз?

– Негізі бізге грамота мен медаль ғана береді. Айында-жылында ғана бірнеше рет ақша аламыз. Жаңа айтқанымдай 2018 жылдан бастап көп дүние өзгерді ғой. Маған сол жылы ең алғаш рет чемпион болғаным үшін арнайы айлық дайын­дады. Бұл сол оң өзгерістердің алғашқысы еді. Жалпы спортшы спорттан ақша іздемеуі тис. Сондықтан бұған айтарлықтай алаңдамаймын да. Пайдаға кенелмесем де, қазақтың атын шығарып, өзім де соның бір бөлшегі болып, Отан тарихында қалдым ғой деп қуанамын.

– Қазір үш бірдей спорт түрімен айналы­сасыз. Болашақта қай спорт түрінің ізіне түспексіз?

– Шынымды айтсам, спортты қойып, өз ма­ман­дығым бойынша жұмыс іздестіруді ойлап жүрмін. Мына заманда жалғыз спорттан түскен азын-аулақ ақшамен үй ішіңді асырау мүмкін емес. Оның үстіне жарақат алып қалам ба деп те алаңдаймын. Қанша дегенмен соққы тиеді ғой.

– Жыл санап жетістіктеріңнің саны артуда. Өткен жыл несімен есте қалды?

– Былтыр мен үшін табысты жыл болды. Бағана айтқанымдай 2019-2020 жылы Бахрейнда, сондай-ақ ел чемпионатында топ жардым. 2015 жылы «Жыл спортшысы» атансам, 2017 және 2018 екі жыл қатарынан «Үздік спортшы» атағын алдым. Сондай-ақ 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Самғау сыйлығының» иегері атандым. Осы жылдар аралығында панкратионнан және аралас жекпе-жектен Қазақстанның 6 дүркін чемпионы болдым. 2019 жылы қараша айында IMMAF тұжы­рымы бойынша екінші рет Әлем чемпионы атандым. 2020 жылы наурызда Панкратионнан Қазақстан Республикасының күміс жүлдегері атанып, Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама алдым. Өкінішке қарай карантинге байланысты жарыс болмай қалды. Содан жыл соңында кәсіпқой жекпе-жекке ауысып кеттім. 2020-2021 жылдар ішінде 5 жекпе-жек өткізіп, төртеуінде жеңіске жеттім. Сондай-ақ былтыр желтоқсан айында грэпплингтен ҚР-нің ның чемпионы болдым. Ал биыл панкратионнан ҚР қола жүлдегері атан­дым. Бірақ әлем чемпионатына жолдама ала алмадым. Жалпы панкратионнан Азия және Әлем чемпионы атанғалы, спорт шебері нормативін орындадым. Мұның барлығы үздіксіз жаттығу мен бапкерлеріміздің ерен еңбегі арқасында келген дүние дер едім.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазіргі күні Қызылорда спортшыларының ішінде үздік ондықтың ішіндемін. Себебі ірі тур­нирлердегі жеңістермен қоса қала бойынша «Жыл спорт­шысы» номинациясын алғанмын. Бапкерім де олим­пиадалық спорт түрлерінен озып, үздік он­дыққа ену үлкен жетістік екенін айтты. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Енді осы дәрежемді одан әрі көтеруге және өзімді дамытуға бар күшімді саламын. Алда әлі талай ел абыройын асқақтатуға мүмкіндік алатын үлкен додалар тосып тұр. Бұйырса, сол жарыстардан жүлделі оралып, Қазақстан атын әлемге әйгілі еткім келеді. Әзірге мақсатым да, жоспарым да осы.

– Сұхбатыңыңа рақмет! Жеңісті күн­деріңіз көп болсын!

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: