Жұма, 22 қараша, 18:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда облысы соттарының қызметкерлері арасында спартакиада өтті

29.09.2021

1814 0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» Ресубликалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толу мерейтойларына орайластырылып, 2021 жылдың 25 қыркүйегі күні Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда Қызылорда облысы соттарының қызметкерлері арасында спартакиада өтті.

Шараның ашылу рәсіміне Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы С.Сүлеймен, ҚР Судьялар Одағының Қызылорда облысы бойынша филиалының хатшысы, Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Г.Мырзатаева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж.Тажымаханов және сот қызметкерлері қатысты.

Ашылу рәсімінде сөз алған басшы С.Сүлеймен егемендіктің алғашқы жылынан бастап спортпен жаппай айналысу қолға алынды, өз саңлақтарымыздың көк туымызды әлемнің ірі додаларында желбіретуі Тәуелсіздігіміздің арқасы, спорт жігер мен рухты тәрбиелейді дей келе, мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиаданы өткізу сот жүйесіндегі спорт пен дене шынықтыруды дамытуда маңызы зор екендігін атап өтті. «Мұндай жарыстар ұжымда сыйластықпен қатар достықтың одан әрі жандана түсуіне үлесін тигізеді», – деді.

Мұнан соң, Г.Мырзатаева ҚР Судьялар Одағының да сот саласында спортты дамыту үшін әрқашан да қолдау көрсететінін және олардың жеңісімен мақтанатынын тілге тиек етті.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ж.Тажымаханов өз сөзінде бүгінде елімізде спортпен айналысуға барлық жағдайлар жасалғанына тоқталып, спартакиада қатысушыларына алдағы ойындарда сәттілік тіледі.

Спорттық шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту, сот қызметкерлері арасында достық пен өзара ықпалдастықты арттыру.

Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қалалық сотынан құралған білекті «Барыс», Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық соттарының сұңғылалы «Сұңқар», Қызылорда қалалық және Қызылорда қаласының №2 сотының намысын қорғаған «Қанағат», мамандандырылған соттардың жасындай жарқылдаған «Найзағай» және Қызылорда облыстық сотының абыройын асқақтатқан «Айбын» командалары спорттың сегіз түрінен өзара кім мықтыны анықтады.

Атап айтқанда шағын футбол, қол күресі, гір көтеру, арқан тарту, шашка, қашықтыққа жүгіру (60/100) және эстафета.

Жарыстың шымылдығы алғаш болып жасыл алаңда төселген аяқдоп шеберлерінің тартысты ойындарымен ашылды. Миллиондардың сүйікті ойынына айналған футбол бәсекесінің көркін қыздырған командалар сайыстың басты бәйгесін қолдан оңай бергісі келмеді. Алайда спортта бір

ғана жеңімпаз болатыны анық. Финалда текетірескен қос мықты «Айбын» мен «Қанағат» көрерменге естен кетпес ойын сыйлап, «Айбынның» асығы алшысынан түссе, ақтық сайыста сүрінген «Қанағат» жігіттері екінші орынды қанағат тұтты. Жүлделі үшінші орын «Барыстың» қоржынында кетті.

Сонымен қатар спорттың бұл түрінен жекелей номинациялар да үлестіріліп, нәтижесінде «Үздік қақпашы» болып – Ш.Аманқұлов, «Үздік қорғаушы» – Қ.Қайназаров, «Үздік шабуылшы» – А.Арғынұлы және «Үздік ойыншы» – И.Кокчиев танылды.

Сайыс «күш атасын танымас» деген алып білекті, арыстан жүректі қол күрес шеберлерінің айқасымен жалғасты. Кешегі өткен Балуан Шолақ пен Қажымұқанның апайтөс ұрпақтары жарыс алаңын қиқулаған у-шуға айналдырды. Жігіттер мен қыздардан құралған командалық сында «Барыс» бірінші орынды иеленсе, кейінгі орындарды «Найзағай» мен «Айбын» өзара бөлісті. Т.Тілеубаева, Л.Гриценко, М.Жүгінісова, Т.Әмір, А.Мусаев пен Д.Смаиловтар өз командаларының үздік нәтиже көрсетуі үшін бар күшін салды.

Алыптардың айқасы мұнымен тоқтамай, гір көтеру сайысына ұласты. Бел мен білектің күші сыналатын толағайларды тоғыстыратын, спорт сүйер қауымның делебесін қоздыратын айтулы додада сайдың тасындай іріктелген алып күш иелері кезекпен өнер көрсетіп, алғашқысынан кейінгісі басым түсіп жатты. Нағыз ерлер бәсекесінде «Найзағай» үшінші, «Айбын» екінші, «Барыс» бірінші орынды қанжығасына байлады. Алып күш иелері С.Жүзбай мен Д.Айтбаев үздіктер көшін бастады.

Ерік-жігерін қайраған сайыпқырандар бәсекені арқан тарту сайысымен қыздыра түсті. Не бел, не белбеу кететін күш пен бірге топтық рух та жұмыс жасайтын спорттың бұл түрінен мықтыны анықтау оңай болмады. Алайда қарсыластарын қапыда қалдырған «Айбынның» айбынды өрендері қарсылас шыдатпаса, «Қанағат» пен «Сұңқар» мықтылары екінші және үшінші орындарда місе тұтты. Б.Римов, Г.Султанова, Ж.Сырғабаева, Е.Жетпісбайлы, Ж.Оспановтың жеңіске деген ұмтылыстары көпшіліктің көңілінен шықты.

Сайыстың келесі түрі есептен құралған шашка ойыны еді. Ақ-қара тастарды шаршы тақтада оңды-солды ойқастата жүргізетін, ой мен саусақты қатар қимылдатып, тұтқиылдан шабуыл жасай салатын сабырлылар ойыны да қызыққа толы болды. Шақпақ тақтайды жандарына серік қылғандардың сиқырлы сайысында «Айбынға» тең келер қарсылас табылмады. Чемпионнан сәл ғана жеңіліс тапқан «Сұңқар» екінші орын алса, «Найзағайлық» есепшілер үштікті тәмамдады. Үстел ойынының осы түрінің майын ішіп, жілігін шаққан Н.Нұрбайқызы, Ф.Мыңжасаров, А.Тасмағанбет пен Е.Раушанбекұлының тактикалық ойындарының арқасында командалары ауадай қажет ұпайларға қол жеткізді.

Желмен жарысқан жүйріктер жарысы да көрермендерге керемет көңіл күй сылады. Алдымен 100 метрге жүгіруден ерлер сайысы өткізіліп, атына заты сай «Барыстық» желаяқ қарсыластарынан оқ бойы озық келді. Мәреде қатар шыққанымен сөреге адым ғана кеш келген «Айбын» мен «Найзағай»

кейінгі орындарға жайғасты. Сайыстың осы түрінен 60 метрге жүгіруден «Айбындық» ару командаласының кеткен есесін қайтарып, жеңіс тұғырынан көрінсе, «Найзағай» мен «Сұңқар» сызықты екінші, үшінші болып қиды. Атап айтқанда, Д.Махамбетов, А.Алмасов, Ә.Жұмахан мен Т.Алтынбековалардың жылдам қимылдары естен кетпес әсер қалдырды.

Қаланың қақ ортасын азан-қазан қылған байрақты бәсеке командалық эстафетамен аяқталды. Жылдамдық пен айлакерлік, күш пен есеп қатар көрінетін аламан бәйгеде, топқа қосқан торы аттай тулаған «Найзағайлық» сайыпқырандар қарсыластарын шаң қаптырса, «Айбын» екінші келді. «Барыстықтар» өздерін қанша қамшыласа да, үшінші орыннан ары аса алмады. Желмен құсша жарысқан, алтын аяқ М.Тобалықовтың жеке шеберлігінң арқасында командасы жеңістің биік тұғырынан көрінді.

Осылайша, тарих қойнауына кеткен алғашқы сайыста жалпы есепте «Айбын» командасы спартакиаданың басты бәйгесін жеңіп алды. Екінші орынды «Найзағай» иеленсе, одан бір ғана ұпайға артта қалған «Барыс» командасы үшінші орынмен марапатталды.

Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар арнайы дайындаған кубоктармен, грамотамен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Жарысты қорытындылаған Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімішісінің басшысы С.Сүлеймен жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтап, сайыс алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалағасын табатындығын атап өтті.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: