Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында өткен дүбірлі додаға әлемнің 107 елінен 500-ден астам былғары қолғап шебері қатысты. Халықаралық бокс ассоцациясы 2021 жылы Өзбекстан мемлекетіне әлем чемпионатын өткізу бірінші рет рұқсат берді.
Ташкенттегі тартысты дода басталмай жатып-ақ қызық оқиғаларға толы болды. Соның ішінде кей мемлекеттердің бұл турнирге қатысудан бас тартуы. Ресейдің Украина жерінде соғыс ашуына байланысты Халықаралық олимпиада комитеті ресейлік және белоруссиялық спортшыларға өз туымен жарысқа қатысуға шектеу қоюды ұсынған еді. Алайда «AIBA»-ның қазіргі басшысы ресейлік Умар Кремлев бұл шектеулерді аталған чемпионатта ұстанған жоқ. Осыған байланысты 19 елдің 21 бокс федерациясы бұл әлем біріншілігіне бойкот жариялады. Оның ішінде АҚШ, Украина, Англия, Ұлыбритания, Германия және тағы басқа мемлекеттер бар.
Өзбекстан жерінде өткен әлем чемпионатындағы қызықты сәттер мұнымен тоқтаған жоқ. Қазақстан құрамасының үкілеп қосқан үміті – 51 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Сәкен Бибосыновтың жеңілісі көпті таңғалдырды. Одан бөлек бұл сайыстың ең маңызды жекпе-жегі – Қамшыбек Қоңқабаев пен Баходир Жалолов кездесуін көпшілік финалға жоспарлаған болатын. Алайда соқыр жеребеге байланысты бұл екі спортшы жарыстың 1/4 финалында кездесті. Міне, осы секілді бірнеше қызықты жайт пен оқиғаларға спортсүйер қауым осы әлем біріншілігінде куә болды.
СӘКЕННІҢ СӘТСІЗДІГІ
Сәкен Бибосыновтың үміт артар спортшы екенін көпшілік біледі. Жеңіл салмақта өнер көрсететін 1997 жылғы былғары қолғап шеберінің болашақта жарық жұлдызға айналатынын қазақстандықтар 2019 жылы Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында-ақ болжаған еді. Өзінің ерекше стилі және техникалық шеберлігімен талайды тамсандырған Сәкен екі-үш жылда керемет нәтижелерге қол жеткізді.
2020 жылы Токио олимпиадасында қазақстандық былғары қолғап шебері қола медальді еншіледі. Ол бұл жарыста Пуэрто-Рико, Франция мен Испания боксшыларын тізе бүктірді. Алайда жартылай финалда ұлыбританиялық Галал Яфайға есе жіберді. Кейінірек осы бір Ұлыбритания спортшысы олимпиада чемпионы атанған еді. Ал Сәкен Бибосынов мұнымен шектелген жоқ.
Сербия астанасы Белградта өткен 2021 жылғы әлем чемпионатында Сәкен сөзсіз чемпион атанды. Алайда мұнда ол осы жарыстың басты фавориті саналатын Хасанбой Дусматовты тізе бүктіріп, күллі әлем назарын өзіне аударды. Жарыстың 1/4 кезеңінде қазақстандық спортшы төрешілердің бірауыздан шешімімен өзбекстандықты жеңді. Міне, осы кезеңнен бастап бұл екі спортшы бір-бірінің негізгі бәсекелесіне айналды.
Көпшілік осы чемпионатта бұл екі спортшының ақтық сында қолғап түйістіретініне сенді. Бұл туралы өзбекстандық Хасанбой Дусматов та айтқан болатын. Ол бұл жарысқа ең біріншіден өзінің бұған дейін жетпеген жетістігі – әлем чемпионы атағын алу үшін, екіншіден Сәкеннен есесін қайтару үшін барын салатынын жеткізді. Дегенмен спорт, әсіресе бокс қашанда сенсацияға толы болады. Ташкенттегі чемпионатта да солай болды.
Сәкен Бибосынов біріншіліктің 1/16 кезеңінде Үндістаннан келген Дипак Кумардан жеңіліс тапты. Алғашқы раундтарда есеп қазақстандық боксшының есесіне жазылғанмен, жекпе-жек қорытындысында төреші үнділік спортшының қолын көтерді. Бұл нәтижеге келіспейтіндердің де қатары көп болды. Тіпті ұлттық құрама «AIBA»-ға шағым жолдаған еді, бірақ ассоцация жеңіс Үндістанда екенін мәлімдеді. Ал Сәкен Бибосынов өз қателігін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады.
«Осымен әлем біріншілігі мен үшін аяқталды. Дегенмен мұнда келген мақсатым қазақ боксының тарихында есімімді қалдыру еді. Мойындаймын ұтылдым, кінәні өзімнен іздеймін. Қателіктер болды. Себептер көп, бірі білсе, бірі білмес. 2022 жылдың аяғында қатты жарақат алып, ота жасатқан болатынмын. Отадан соң үйде 1,5-2 ай емделдім. Жарыстарға шыға алмадым. Мүмкін жекпе-жек тәжірибесі аз болған шығар», – деп жазды Сәкен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сонымен қатар Сәкен өзінің жанкүйерлеріне енді қателіктермен жұмыс істеп, шаршы алаңға мықты болып оралатынын жеткізді. Ол бұл жеңілістен сынбайтынын да айтып, жарыста қалған қазақ спортшыларына сәттілік тіледі.
МАХМҰД АЙТТЫ, МАХМҰТ ОРЫНДАДЫ
Махмұд Сабырхан. Бұл есімді қазақстандықтар ғана емес әлемдік бокс жанкүйерлері жақсы жаттап алған. 51 және 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүрген ұлттық құраманың спортшысын бүгінде көбі «Қазақ Ломаченкосы» деп атап кеткен. Алайда Махмұд дара, ерекше спортшы.
Ол өзінің шеберлігін қазақстандықтарға 2020 жылғы ішкі біріншілікте дәлелдеген. Қазақстан Республикасының чемпионаты аясында 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, ақтық сында сол кездегі олимпиада жолдама иесі атанып үлгерген Сәкен Бибосыновты жеңген еді.
Ал 2021 жылы Белградта өткен чемпионатта Махмұд Сабырхан біраз боксшыға мастер-класс көрсетті. Өзінің физикалық және техникалық шеберлігінің арқасында бұл әлем біріншілігінің финалына дейін ол оңай жетіп барды. Жарыстың 1/16 финалынан бастап қарсылас шақ келтірмеген Махмұд ақтық кезеңде жапониялық Томоя Цубойға ғана есе жіберді. Айта кетерлік жайт, жапонияда кеткен есені Сәкен Бибосынов Аммандағы Азия чемпионатында Цубойды тізе бүктіріп, қайтарды.
Иордания астанасы Амманда өткен Азия чемпионатында Махмұд Сабырхан тағы да екінші орынға жайғасты. 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол финалдық кездесуде төрешілердің 4:1 есебімен филиппиндік Карло Пааламға есе жіберді. Осы сайыстан кейін көп жанкүйер Махмұдты «күміс» балаға айналып кете ме деп алаңдаған еді. Алайда Махмұд сөз берді және сөзінде тұрды да.
Ташкенттегі әлем чемпионатының 1/4 финалында шымкенттік спорт шебері Венгрия спортшысы Иштван Шакаға еш мүмкіндік бермей жеңіске жетті. Төрешілер түгелдей жеңісті Махмұд Сабырханға беріп, қазақстандық сайысты сәтті бастады. Алғашқы кездесуінен кейін берген сұхбатында ол барша қазақстандықтарға негізгі мақсатын айтып, сөз берген болатын.
«Алғашқы жекпе-жекте жеңіске жеттім. Дәл осы қарқынмен ақтық мәре – финалға дейін барғым келеді. Бұл сайысқа келгенде тек бір ғана мақсатым бар – ол әлем чемпионы», − деп Махмұд сөз берген болатын.
Жарыста сондай-ақ Махмұд үндістандық әлем чемпионы Сачин Сачинді тізе бүктірді. Бойы ұзын спортшы Махмұдқа біраз қиындық тудырып, қабағын жарып алды. Дәл осы жарақат көпшілікті алаңдатып қойды. Себебі мұндай жарақаттан кездесуді тоқтатуы немесе дәрігерлер келесі жекпе-жекке шығуға рұқсат бермеуі мүмкін еді. Дегенмен құрама сапындағы дәрігерлердің еселі еңбегі мен Махмұдтың шеберлігі нәтижесінде ол Гана, Куба боксшыларын жеңіп, финалдық кезеңге жолдама алды.
Осылайша бағы мен бабы арқасында Махмұд Сабырхан финалдық кезеңге оңай жетті. Дегенмен қазақ спортшысы үшін сынақ мұнымен аяқталған жоқ. Финалдық жекпе-жекте оны жарыс қожайыны, өзбек боксшысы Ойбек Джураев күтіп тұрды. Әлем чемпионатындағы 14 күн өзбекстандықтар есеппен жеңу қиын екенін бірнеше әділетсіз шешім арқылы көрсетіп берген болатын. Мұны Махмұд та білді. Сондықтан финалда бір сәтке де тұралап қалмай, бар шеберлігін көрсетті. Алаң иесіне ешқандай мүмкіндік қалдырмаған Махмұд өзбек спортшысын нокдаунға жіберіп те үлгерді. Осылайша, Махмұд айтты, Махмұд уәдесін орындады, Махмұд Сабырхан әлем чемпионы болды.
48 КЕЛІ ДЕ «ҚАЗАҚТЫҢ» САЛМАҒЫ
Бокстағы ең жеңіл 48 келіге дейінгі салмақ та қазіргі кезде «қазақтың» салмағына айналып бара жатқандай. Бұл салмақта Алматыда өткен 2013 жылғы әлем чемпионатында Біржан Жақыпов алтын медаль иеленген еді.
Кейін осы салмақта қазақстандық Теміртас Жүсіпов 2013 жылы Странджада, 2018 жылы халықаралық «ҚР Президенті кубогінде», 2021 жылы Белградта әлем чемпионы атанған болатын.
Теміртас 2013 және 2019 жылдардағы Азия чемпионатының алтын медаль иегері атанды. Көпшілік Ташкентке бұл салмақта кімнің өнер көрсететінін білуге асықты. Себебі әлем чемпионы атағының иегері, қазақстандық Теміртас Жүсіповтің артынан еріп келе жатқан жас шебер Санжар Тәшкенбай бар еді. 2003 жылғы қазақ боксшысы бұған дейін 2021 жылы Польшада жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы және БАӘ-де Азия чемпионы атағын иемденді. 18 жасқа толған соң Санжар алғаш рет ересектер арасында сынға түсіп, Аммандағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Осылайша, құрамадағы жеңіл салмақтағы екі спортшы да шебер атанды. Бірі әлем чемпионы атағын қорғағысы келсе, екіншісі әлем чемпионы атанғысы келді. Нәтижесінде бокстан ұлттық құраманың жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов жас спортшыға мүмкіндік берді. Осы тұста Мырзағали Құланұлы өзінің шеберлігін тағы да дәлелдеді. Себебі Қазақстан құрамасының қоржынына 2023 жылғы әлем чемпионатында алғашқы алтынды дәл осы Санжар Тәшкенбай салды.
Санжар Тәшкенбай алғашқы күннен-ақ Ташкенттегі әлем чемпионатының жұлдызына айналды. Бокстағы «Эль-Классико» саналып кеткен Қазақстан-Өзбекстан дербиінің алғашқы жекпе жегі Санжар мен Шодиержон Меликузиев арасында өтті және бұл жекпе-жек Қазақстанның пайдасына жазылды.
Әлем чемпионатының 1/8 финалында кездескен қазақ-өзбек арасындағы текетіресте Санжар Тәшкенбай қарсыласын нокдаунға да жіберіп үлгерді. Ең жеңіл салмақта өнер көрсететін жас спортшы бұл жеңіспен шектеліп қалған жоқ. 1/4 финалда 19 жастағы қазақ спортшысы жапониялық Казума Аратакені де нокдаунға жіберіп, үш раунд есебі бойынша таза жеңіске жетті. Чемпионатта өзіне жүлдені кепіл еткен Санжар жартылай финалда ресейлік Эдмонд Худоянды тізе бүктірсе, финалдық жекпе-жекте Грузия боксшысынан басым түсті. Осылайша Санжар Тәшкенбай әлем чемпионы болды және құрамаға 2023 жылғы әлем чемпионатында алғашқы алтын медальді сыйлады. Санжардың ізімен қоржынға тағы үш алтын мен бір күміс медаль түсті.
АЛТЫНМЕН АПТАП, КҮМІСПЕН ҚАПТАП…
Бұл әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы өзге елдегі біріншіліктердегі рекордын жаңартты. Финалдық кезеңге 5 спортшы жолдама алып, оның 80 пайызы алтын алды. Үшінші орынға үміт артпаған қазақ спортшылары тек қана биіктен көрінуді басты мақсат етті және сол мақсатына жетті де.
Ташкент төрінде Қазақстанның әнұраны төрт рет шырқалды. Ұйымдастырушылар тарапынан қателік орнап, әнұранымыз соңына дейін қойылмады. Бірақ қазақстандық жанкүйерлер бұл қателікті де өз пайдасына пайдаланды. Хумо аренаға көптеп жиналған қазақстандықтар әнұранды жанды дауыста шырқап, қазақ елінің және қазақ спортшыларының мерейін үстем етті.
Ақтық сынның алғашқы күнінде Санжардан кейін көпшілікке жаңадан таныс болған Дулат Бекбауов қолғап түйістірді. Чемпионатты ұйымдастырушы Өзбекстан сынға қосқан Асадхуджа Муйдинходжаев финалда Дулаттан басым түсті. Дегенмен ұлттық құрама сапына жақында ғана қосылған Дулат үшін бұл жүлде де маңызды еді. 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жаңа жұлдыз Дулат Бекбауов чемпионатта финалға дейін Румыния, Үндістан, Мексика, Грузия спортшысынан басым түсті.
Жарыстың финалдық кезеңінің екінші күнінде Махмұд Сабырхан әлемді мойындатса, құрама капитаны Асланбек Шымбергенов арманын орындады.
2013 жылы 19 жасында алғаш ел біріншілігінде төбе көрсеткен Асланбек Шымбергенов ұлттық құраманың спортшысы Абылайхан Жүсіповтің шын қарсыласына айналды. Бірнеше рет ҚР чемпионы атанған Асланбек Шымбергенов 2018 жылы Венгрияда «кіші әлем чемпионаты» Иштван Бочкаи атындағы халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. ҚР Президенті кубогында Абылайхан Жүсіповті ұтып, Азия чемпионатына жолдама алды. Кейін 2018 жылғы Индонезиядағы азия чемпионатында күміс медальді ұтты.
2021 жылы Белградтағы байрақты бәсекеде Асланбек біраз боксшыны жайратты. Әлем чемпионатында ол ирандық, өзбекстандық боксшыларды жарыстан шығарып, 1/8 финалда германиялық Моради Аташгахты техникалық нокаутпен жеңді. Алайда 1/4 финалда сол әлем чемпионатының жеңімпазы атанған украиналық Юрий Захариевтен айласын асыра алмады.
Асланбек 2022 жылы Аммандағы Азия чемпионатында кеткен есесін қайтарып, чемпион болды. Ал Ташкенттегі әлем чемпионатына Асланбек бір ғана мақсатпен Белградтағы сәтсіздіктің орнын толтыру үшін барды. Жартылай финалда үнді боксшысын жеңген капитан қуанышын жасыра алмаған тұста бас бапкер Мырзағали Айтжанов оған бұл чемпионатқа не үшін келгенін еске салды. Нәтижесінде Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты жеңіп, алтыннан алқа тағынды.
Ташкентте 80 келі салмақта сынға түскен Нұрбек Оралбай да шеберлігін көрсетті. Шыны керек, жанкүйерлер дәл осы Нұрбек Оралбайдың алтын медаль алатынына күмәнмен қарады. Себебі Нұрбектің техникасын мойындағанмен, физикалық мүмкіндіктеріне сенімсіздік көп еді. Алайда Нұрбек Оралбай бұл чемпионатқа мықтының мықтысы болып оралғанын дәлелдеді. Ол Әзірбайжан, Түркия мен Иордания спортшыларын жеңді. Сондай-ақ жартылай финалда ресейлік Имам Хатаевті шеберлікпен психологиялық тұрғыдан да тізе бүктірді. Бас сала алға ұмтылатын Имам Хатаев Нұрбектің тактикасынан асып түсетін айла таппады. Ал финалдық кезеңде Нұрбек Қытай атынан шыққан этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды жеңді.
Осылайша, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы бірнеше қиындыққа қарамастан жарысты сәтті аяқтады. Финалдық кезеңде Өзбекстаннан – 7, Қазақстаннан – 5, Кубадан – 4, Ресей мен Франциядан – 2 спортшы өнер көрсетті. Одан бөлек Грузия, Моңғолия, Әзірбайжан, Қытай, Италия мен Бразилияның бір боксшысы алтын медальға таласуға мүмкіндік алды.
Қорытынды кезеңде жарыс қожайындары Өзбекстан 5 алтын, 2 күміс пен 2 қола медаль еншілеп, кестеде бірінші орынға жайғасты. Ал Санжар, Дулат, Махмұд, Асланбек пен Нұрбек Қазақстан құрамасына жалпы есепте екінші орын сыйлады. Үшінші орында 2 алтын, 4 қола медальмен Ресей тұрса, 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медалі бар Куба төртінші орын иеленді.
«Жалпы Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына былғары қолғап шеберлерін жіберді. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы әлем чемпионаты тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3-орынға көтерілді. Ұлттық құрама осыған дейін тек 2013 жылы Алматыда өткен дүниежүзі бәсекесінде 4 алтынға ие болған», − деп Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі қуана жазды.
Әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (АIBA) 200 мың АҚШ долларынан алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 миллион. Оның 900 мың доллары қазақ боксшыларына тиесілі.
Ташкенттегі тартысты додада топ жарған боксшыларды құттықтағандар көп болды. Алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жылы лебізін жеткізді.
«Бокстан Әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектерін зор қызығушылықпен тамашаладым. Жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен боксшыларымыз Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын!
Қазақтың төрт жігіті – әлем чемпионы!» – деп жазды Президент өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Одан бөлек Қазақстан бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышев та «Хумо» аренада қолдау білдіріп, алғашқы болып құттықтады. Сонымен қатар Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген секілді қазақтың жарық жұлдыздары былғары қолғап шеберлеріне жылы лебіздерін жеткізді.
P.S. Бұл әлем біріншілігін біз де бірінші күннен бастап қызығушылықпен тамашаладық. Жарқын сәттер, түрлі эмоция сыйлаған бұл чемпионатта шын жүректен қазақ спортшыларына қолдау білдірдік, сенім арттық. Ел мерейін үстем етіп, көк туымызды көкте қалықтатқан қазақтың былғары қолғап шеберлеріне айтар алғысымыз зор!
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!