Сейсенбі, 24 желтоқсан, 01:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық спорттың жайы қалай?

22.03.2022

1677 0

Ұлттық спортты айта қалсақ, ең әуелі ойға атадан балаға мұра болған, осы кезге дейін үзілмей келе жатқан қазақ күресі, садақ ату, бәйге түсері талассыз. Алайда осы спорт түрлері бүгінде өкінішке қарай ауылдың деңгейінен ары аса алмай жүр. Дүние жүзіндегі әр халық өз спортын әлемдік деңгейге дейін көтеріп, онымен қоймай ыңғайына қарай қысқы немесе жазғы олимпиада ойындарына қосуда. Ал біз ше? Біз болсақ күресімізді де дамыта алмай келеміз. Ал жапонның дзюдосын білмейтін әлемде жан жоқ шығар.

Қараңызшы, 4 жылда бір рет өтетін олимпиада ойындарына енген спорттың әрбір түрі алғашында бір ғана мемлекеттің шеңберінде ойналары анық. Дейтұрғанмен ебін тауып, әр ел өзінің ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дүбірлі доданың бағдарламасына енетіндей дәрежеге жеткізген. Олимпиада ойындарының құрамына ену үшін ұлттық спорт түрі кеңінен насихатталуы тиіс. Мәселен, Азия ойындарының құрамына ену үшін бүкіл Азия елі сол ұлттық спорт түрін мойындауы қажет. Алайда көбінесе біздің ұлттық ойындарымызға насихат жағы жетіспей жататындай. Ал басқа елдер ұлттық спортының насихатталуына көп көңіл бөледі. Осының өзі біздің үлкен кемшілік сынды.

Иә, барлық ел өздерінің ұлттық ойындарын кеңінен насихаттауға тырысады. Мәселен, жапондар дзюдо күресін әлемге таныту үшін 1970 жылдары күреске арналған киімдері мен күресетін татамилеріне дейін дүниежүзіне тегін таратты. Жаттықтырушыларды дзюдоны тегін үйрету үшін жержерге аттандырды. Дзюдодан халықаралық жарыстарды жиі өткізді. Сөйтіп, дзюдо күресінің халық арасына кең тарауына жағдай жасады. Осылайша уақыт өте дзюдо олимпиадалық ойындардың қатарына енді. Біздің де қазақ күресіміз басқа күрес түрлерінен еш кем емес. Егер күресімізді біз де жапондардай насихаттасақ, әлемге танылып, мойындалар ма еді, кім біледі?!

Хош. Жеке «бренд» сияқты қылып, «Қазақстан барысын» қолға алдық. Естеріңізде болса, алғашқы пәтте бұл жарыстың жүлде қоры 300 мың АҚШ доллорына жуықтаған. Алайда кейін 100 мыңға қысқартылды. Бұл әлеуметтік желіде біраз дау болған. Дегенмен одан өзгерген ештеңе жоқ. Бұл бір.

Енді ата-бабамыздан мұра боп қалған ат спортына тоқталайық. Аттың құлағында ойнап, жауға шапса, сенімді серігі қылған, тұлпарын жеті қазынаға теңеген қазақтың бүгінгі жайы көңіл көншітерлік емес. Қазіргі таңда қазақ асыл тұқымды тұлпарды ұмытты десек болады. Оны күнделікті өмірде айналаңызға зер салып қарасаңыз, анық байқауға болады. Ертеректе қазақ жері мен орта Азияны нағыз асыл тұқымды жылқының отаны деп есептеген. Қазіргі таңда сол жылқылар Еуропаның ипподромдарында шауып жүр. Жай шауып жүрген жоқ, өнер көрсетіп жүр. «Алтынның қолда бар да қадірі жоқ» деген осы шығар. Ипподром дегеннен шығады-ау, мәселен, осы қаламызда жылына неше рет бәйге ұйымдастырылады? Екеу, бәлкім үшеу… Әйтеуір аз екені анық. Одан бөлек қазір еліміздегі ат орталықтары жекеменшікке айналып, қызметі үшін ақша алатын «сауда орнына» айналған. Хош, біздің мақсат біреуді күндеу емес, басқа. Мынаны қараңызшы, еуропалықтар осынау ат спорты түрінен әжептәуір пайда тауып, кәдімгідей оны кәсіпке айналдырып отыр. Өйткені әр додаға көп мөлшерде ақша қойылады. Жеңген жылқының иесі сол ұтысты алады. Осы ат жарыстарынан үлкен пайдаға кенеліп, нөмірі бірінші спортына айналдырып отырған мемлекеттің бірі – Швеция. Бұл елде жылда жоғары деңгейдегі үлкен бәйгелер өтуі әдетке айналып, бір ізге түскен. Қыстың суығына қарамай қала шетіндегі ипподромдары халыққа толы болады екен. Оған 300 мыңнан әрі АҚШ доллары тігіледімыс. Өкінішке қарай біздің спортшыларымыз осындай тәуір жарыстардан шет қалып жүр. Тағы айта кететін жайт, қазіргі таңда Франция бюджетінің 25 процентін осынау ат спортынан түскен пайда құрайды деген ақпарат бар. Ал көрші елдегі аты жер жарған, талай еуропалық футбол және баскетбол клубтарының демеушісіне айналған «Газпром» компаниясы Ресейдегі ат спортының негізгі демеушісі екен. Біздің елде неде болса, ат спортын қолдау мәселесі әлі де ақсап тұр. Жарыс аз өтеді. Еуропа елдерінде ат спортынан жарыс бізге қарағанда 4-5 есе көп болады. Олардың артықшылығы да осында болып тұр ғой.

Тіршілікке жан бітіп, адам өз нанын өзі тауып жеген тас дәуірінен бері келе жатқан садақты қазақ қыз-жігіттері ата алатыны анық. Құралайды көзге атқан талай мерген бізден шықты емес пе?! Тәуелсіздік алғалы 30 жыл уақыт сырғып өтті. Қанша олимпиадаға барсақ та, садақ ату жарысынан үздік ондыққа да кіре алмадық. Осы салада жүрген сала басшылары уақыт өте бәрінің ретке келетінін айтып, жылда сұхбат беріп, жағы талады. Ал спортшыларымыз болса, жағдай жасамағанын алға тартады. Ел ішінде спортты дамытуға, оның ішінде ұлттық спортты көтеруге жыл сайын қаржы бөлінері анық. Кейде осы спорт түрлерінен ақсап жатқанымызды көргенде сол миллиондаған ақша тиісті жерге, өз уақытында жетіп жатыр ма екен деп ойланып қаласың. Ұлттық спортты дамытамыз десек, бізге қаржылық қолдау, ауылдық жерлердегі спорт мектептерін дамыту, жылқыны бабын жасайтын кадрлар даярлау қажет. Әрине, бұл іс ұзақ уақытты керек етері де анық.

Педагогика ғылымының кандидаты Елемес Әлімханұлы бір кездері «Алаш айнасына» берген сұхбатында:

«Бізді ұлттық спортта артқа тартатын кедергі ол – арнайы насихаттың жоқтығы. Қазақтың ұлттық ойындары Наурыз мерекесінде ғана ойналатын дәстүр түрінде ғана қалмай, жаппай халық арасына кең тараған ұлттық ойынға айналса деп тілеймін. Жалпы біздің ұлттық ойындарымыздың 300-дей түрі бар көрінеді. Соның қазір 20-дай түрі ғана халық есінде сақталған. Халқымыздың басынан өткен қилы-қилы кезеңдерге орай, ұлттық спорт ойындарының көбісі ұмытылып кеткен. Дәл қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерін дамытуға көңіл бөлетін жағдай бар. Жазушы Герольд Бельгер: «Егер біз ұрпағымызға ұлттық идеяны насихаттайтын болсақ, ол қолға таяқ ұстатқандай дәл, анық болуы керек», – дейді. Осы секілді ұрпағымызға ұлттық ойындарды насихаттар болсақ та, ол дәл, анық ережелерімен болуы керек деп санаймын. Әйтпесе әркім әр жаққа тартқыштап, ұлттық ойындарымыздың негізгі мазмұнынан айырылып қалуымыз мүмкін. Егер балалардың санасына осы бастан ұлттық ойындардың маңыздылығын сіңіре бермесек, ұлттық ойындар маңыздылығын жойып, қолданыстан шығып қалу қаупі бар» – деген еді.

P.S. Ауыр атлетика мен бокстағы жетіс­тіктерге қуанып жүріп, ұлттық ойындарымыздан айрылып қалмасақ болды. Әйтпесе, қымыз да, ою-өрнек те, киіз үй де кешеге дейін қаймағы бұзылмай қазақтікі болды. Алайда сол насихаттың, көңіл бөлудің аздығынан қолда барды қадірлемегесін шетелдіктер соның бәрін патенттеп алды ғой.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: