Жұма, 22 қараша, 06:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Депутат үшін сессиядан қиын сынақ жоқ

10.07.2021

3280 0

Бүгінде қалалық мәслихаттың 22 депутаты тұрғындар аманатын арқалап жүр. Олардың мақсаты – халық пен билік арасын жалғап, күрмеулі мәселелердің шешімін табу. Әрине, депутаттың да депутаты бар. Бұл қызметтің жауапкершілігін ұғынғандар халық қалаулысы болу тек төсбелгіні кеудеге тағып, сессия жиынына қатысу еместігін біледі.  Осы орайда халық пен депутат арасын етене байланыстыру, олардың атқарып жатқан байыпты бастамаларын елге насихаттау үшін газетімізде «Депутат мінбері» айдары көпшілік назарына жол тартып жүр. Мұны біздің тұрақты оқырман­дарымыз жақсы біледі. Бұл жолы «Қазақстан Халық» партиясының облыстағы төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Талғат Телеубаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Осы уақыт ішінде депутаттық мандат сізге не берді немесе нені ұғындырды?

– Біріншіден, депутаттық мандат мен үшін атақ пен абырой емес, ол – халықтың аманаты. Екіншіден, мәс­лихатқа абырой жинау үшін емес, оны сақтау үшін келдім. «Адамға билік бер, сосын оның кім екенін білесің» дейді ғой. Өзімді осы жолда сынап, одан әрі шыңдағым келеді. Қаншама жыл осы саясаттың төңірегінде жүріп, партияда қызмет еттік. Дегенмен де­путат болудың да өз ерекшелігі бар екен. Депутат – халықтың биліктегі сенімді өкілі. Сондықтан олар өздеріне артылған сенім жүгінің зор екендігін әрдайым  естен шығармайды. Бүгінде біз халықтың игілігі жолында биліктің өзге буындарымен ынтымақтастықта, бүтін бір құрылым ретінде халыққа қызмет етудеміз. Бұл ретте мәслихат одан әрі шыңдалуыма және халықпен етене жұмыс жасаудағы тәжірибемнің артуына үлес қосуда. Қазіргі уақытта халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауапкершілік жүгі соншалықты артты. Сондықтан қала тұрғындарымен жиі кездесіп, тол­ғандырып жүрген мәселелерінің шешімін табуға барынша атсалысып жүрмін. Менің түсінігімде депутат сөздің емес істің адамы болуы керек. Сайлаушы мен депутат арасындағы байланыс қоғамдық қабылдаулар арқылы орнайтындығы белгілі. Қазір жергілікті тұрғындар көбінесе әлеуметтік желілер арқылы мәселелерін көтеріп отырады. Барынша сол мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысамыз.

Депутат үшін сессиядан қиын сынақ жоқ

– «Қазақстан Халық» партиясы­ның негізгі мақсаты қандай? Сай­лауалды бағдарламаңыз туралы және оның орындалу барысы жөнінде айтып өтсеңіз?

–  «Қазақстан Халық» партиясының басты құндылығы – адам. Ал негізгі мақсаты – әділетті әлеуметтік қоғам құру. Біздің ұранымыз – халық, жер және әділдік. Партия бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтсақ, әлеуметтік әділдік, әлеуметтік мемлекет, халықтық экономика, ұлт қауіпсіздігі, сыртқы саясат. Осылайша түрлі саланы қамтып отыр. «Халық – Құдайдың бір аты». Қашанда қарапайым халықтың әлеуметтік ахуалы мен тұрмыстық  жағдайы назардан тыс қалған емес. Бүгінде әр қазақтың алдынан шығатын мәселе ол – жұмыссыздық. Сонымен бірге баспана мәселесі де өзекті болып тұр. Бір байқағаным жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздықты жою мақсатында түрлі бағдарлама жүзеге асуда. Атап айтсақ, «Еңбек1», «Еңбек2» бағдарламасы аясында қайта даярлау курстары бар. Осының барлығына мем­лекеттен қаншама қаражат бөлінеді. Бірақ нәтижесі қандай? Мәселен, мұнда мың адам оқыса, оның 10 проценті ғана жұмыс табады. Міне, осы жағдай алаңдатады. Өйткені бюджеттің қара­жаты айналып келгенде халықтан түсіп жатқан ақша ғой. Сондықтан бағдарламаға салғырт қарамай, жауап­кершілік танытып, нәтижелі жұмыс ұйым­дастыру керек. Осыған орай жұмыспен қамту бойынша үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлеуметтік жобаларды қолға алуды ұсындым. Мәселен, онда жұмыспен қамти отырып, орта және шағын кәсіпкерлікті жіті түсіндіріп, психологиялық тринингтер өткізуді қолға алу қажет. Нәтижесінде 50 адамның 25-не жұмыс табылса, үлкен жетістік болар еді. Қазіргі кезде бұл ұсынысым қолдау тауып, байқау жарияланып, үкіметтік емес ұйымдар құжаттарын тапсыруда. Біз осы бағытта тегін кеңес беріп, көмек көрсетуге қашан да дайынбыз. Ал баспана мәселесіне келсек, қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Өткен жылдары 40 пәтерлі үйді салу үшін шамамен 500 млн-дай ақша кетті. Ал қазір бұл қаражаттың екі есесі жұмсалады. Аталған бағдарлама бойынша екінші деңгейлі үйлерді де алуға мүмкіндік бар. Сессия барысында мен осы мәселені көтеріп қозғап жүрмін. Неліктен біз 40 адамға үй бергенше, сол қаражатқа 100 адамды баспаналы етпеске?! Мамандардың айтуынша бұл мемлекеттік сатып алудың заңына қайшы екен. Себебі екінші нарықтағы баспананың иелері жеке тұлғалар бол­ғандықтан келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Соған байланысты комиссия құрып, заңдылығын жан-жақты зерттеп, оны реттеп, қырық емес, жүз отбасын қуантсақ деймін. Қазір біздің партиядан қалалық мәслихатта екі депутат бар. Бірі мен, енді бірі осы салада тәжірибесі мол Қайрат Ерназаров. Ол да  мұқтаж жанға көмек қолын созуға әрдайым дайын тұратын азаматтың бірі. Алайда «судың да сұрауы бар» , қандай істің де нәтижелі болғанын қалайды. Бүгінде екеуміз бірігіп, осы мәселелер төңірегінде біраз жұмыстарды жоспарлап жүрміз.

– Дәл қазіргі уақытта күйіп тұрған қандай мәселелерді атайсыз?

– Біз неге азық-түлікті басқа мемлекеттен сатып аламыз? Осы сұрақ мені қатты мазалайды. Бұрын картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат секілді бақша өнімдерін өзіміз егетін едік. Алайда қазір жастар ауылдан қалаға келуде. Содан келіп жұмыссыздық мәселесі күрделеніп, түрлі қылмыстар көбейді. «Ауылда береке бар» деп бекер айтпаса керек. Себебі ауылда егін, мал шаруашылығын қолға алуға мүмкіндік зор. Бүгінде бұл шаруа тұралап қалды. Өйткені қазір ауылда тек үлкен кісілер ғана тұрады. Ал жұмысқа жарамды апталдай азаматтар қалада жұмыссыз жүр. Солар елге барып, егін егіп, мал ұстаса тапшылық емес, молшылық болар еді. Әрине, сырттан келген өнім­нің сапасы сын көтермесе де бағасы шарықтайды. Өйткені оған сұраныс көп. Қалалық әкімдіктің қаладағы әлеуметтік дүкен­дердің, келісім-шартқа отырған сауда үйлерінің ғана бағасын реттеуге құқығы бар. Қазір азық-түліктің бағасы күн сайын шарықтауда. Қарап отырсақ, халықтың күнкөріс дең­гейі төмен. Оған бірден-бір себеп  айлықтың аздығы. Сондықтан ауыл шаруашылығына баса назар аударып, жауапкершілікті арттырып, егін шаруа­шылығын қайта қолға алған жөн.

–  Халық қалаулылары қандай мәселе­лерді шешуде ұзақ талқылауға барады?

– Өкілеттік мерзімде депутаттық корпус тиісті салалар бойынша ең маңызды мәселелерді зерделеп, сессия қарауына шығарып, оның орындалу барысын бақылауда ұстаймыз. Осы орайда депутаттар тарапынан көтерілген кез келген мәселеге жауапкершілікпен қарап, шешімін табуға ықпал жасаған қала басшылығына ерекше алғыс біл­діргім келеді. Жалпы қала бюджетін бекіту мен нақтылау ұзақ әрі қызу талқыланады. Себебі әрбір депутат сайлаушылар аманат еткен мәселелердің бюджетке енуіне бар күш-жігерін салуға тырысады. Ол орынды да. Дегенмен барлығын бір мезетте шешу мүмкін емес. Бірақ мәселелердің ұзақ және қысқа мерзімге бағытталған жоспарларға ен­гізілуіне барынша күш саламыз.

– Өзіңізге мәлім, жолақының жыры бітпейді. Осыған дейін жетпіс жастан асқандар қоғамдық көлікте 45 теңге төледі. Ал қазір бұл жеңілдік жоқ. Себебі неде?

– Жолақының бағасы өсетін кезде қоғам белсенділері бірігіп, әкімдік қыз­меткерлермен кездесіп, жан-жақты талқыға салдық. Сол кезде жолақы 90 теңге болып бекітілді. Бұл сұрақты әлі күнге дейін қозғап келемін. Жақында ғана депутаттарға бөліп-жармай зейнет­керлердің барлығына жеңілдік қарас­тыруды ұсындым. Оны сессияда тал­қылау үшін арнайы хат дайындалып жатыр. Алдағы уақытта барлығы бір ауыздан мақұлдаса, бұл мәселе де өз шешімін табады деген ойдамыз.

– Қала тұрғындарының ең көп көтеретін мәселесі қандай?

– Біз айына бір рет қала әкімімен кездесу өткіземіз. Сонда көпбалалы аналарға берілетін көмек қызу тал­қыланады. Әр депутат өз ұсыныс-пі­кір­лерін ортаға салып, жан-жақты са­ралайды. Мен де бұл мәселеде қалыс қалмаймын. Біраздан бері зерттеп жүр­ген тақырыбым болғандықтан өз ұсы­нысымды ортаға тастадым. Расында мемлекет қолдауына шын мұқтаж от­басылар бар. Дегенмен баласының ауруын сылтау етіп, басқа нәрсеге ақша сұрайтындар да кездеседі. Сондықтан оларға ақшалай бермей, мұқтажын заттай алып берген жөн. Сондай-ақ азық-түлікті де үйіне жеткізіп беру қажет. Алдағы уақытта қолына ақша емес, заттай беру керегін ұсындым. Себебі әр адам өзі үшін өмір сүру керек. Қоғам психологиясын осы­лай өзгертуіміз қажет. Жоғарыда айтып өткенімдей мемлекет қаржысы қарапайым халықтың, яғни, сіз бен біздің қаражатымыз. Сондықтан оның орынды жұмсалғанын қалаймын. Бү­гінде отбасы институты жоғалып бара жатыр. Аймағымызда қаншама қо­ғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Солар халыққа отбасы құндылығы туралы кеңінен  дәріптесе екен. Сондай-ақ қазір билік пен халық арасында өркениетті байланыс жоқ. Осы мәселенің де өз ше­шімі та­былса, басқа да көп мәселелер кезек күттірмес еді. Сөзімізбен ісіміз бір болу керек. Өкінішке орай қазір олай емес.

– Сессияда шешімге келіспей, қа­лыс қалған кездеріңіз болды ма?

– Шынымды айтайын, осы уақытқа дейін қалыс қалған кезім болған жоқ. Бірақ кейбір басшылар өз есебін оқығанда, ақпараты дұрыс болмаса, толық дайындалмаса кейінгі сессияға «пісіріп» келіңіз деп кері қайтарамыз. Бұл мәселеге немқұрайлы қарауға бол­майды. Себебі біздің артымызда қаншама халықтың аманаты тұр. Менің ойымша, мәселе қалыс қалу, қалмауда емес. Бас­тысы ел игілігіне лайық шешім қа­былдауға атсалысу. Депутат үшін сес­сиядан қиын сынақ жоқ. Өткенде бір сессияда бір депутаттың қалыс қал­ғаны есімде. Оның шешімге неліктен келіспегенін өзі сұхбат бергенде айтады деген ойдамын.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: