Сейсенбі, 16 шiлде, 02:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№56-2066
16.07.2024
PDF мұрағаты

Қант диабеті жасарып барады

15.11.2022

665 0

Жыл сайын 14 қараша – дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні ретінде аталып өтеді. Бұл аурудың өріс алғаны соншалық инфекциялық емес пандемия сипатына ие болған. Елімізде бұл әлеуметтік маңызды ауру түріне жатады. 

         Кез келген індеттің пайда болуы күнделікті тұрмыс салтымен байланысты. Сол сияқты дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі, семіздік, ашушаңдық, ішімдікке әуестік сынды факторлардың әсері де ел арасында қант диабеті атап кеткен сусамыр дертіне итермелейді. Соның салдарынан ұйқы безінен бөлінетін инсулин гормонында ауытқу пайда болады. Бұл өз кезегінде қандағы қант мөлшерінің артуына әкеледі. Ал оның шектен тыс көбеюі ағзаның улануына, соңында инфаркт, комаға әкеп соғуы мүмкін. Инсулинсіз ағзадағы қант түйіршігін өңдеу мүмкін емес. Мұндай жағдайда науқас оған тәуелді болады.

         Қазіргі таңда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары бұл дерттің белең алуына алаңдаушылық танытуда. Статистикаға сүйенсек әлем халқының шамамен 6 проценті осы дертке шалдыққан. Жыл сайын олардың қатары көбейіп келеді. Олардың көпшілігі – әйелдер әрі соның салдарынан көру қабілеті нашарлаған, инфаркт алғандар. Тіпті ауру әсерінен мүгедектік халге жеткендері де кездеседі. 

Балаларда инсулинге тәуелділік басым

         Көпбейінді облыстық аурухананың эндокринолог дәрігері Елена Цхайдың айтуынша,  аймақта он мыңға тарта науқас осы дерт негізінде тіркеуде тұр. Жыл сайын облыстың мыңнан аса тұрғынынан сусамыр белгісі анықталады екен. Олардың 90 пайызы ІІ-типтегі, яғни инсулинге тәуелсіз түрімен сырқаттанған. Ал қалғаны аталған гормон жетіспеушілігінен зардап шегеді. Оған әсіресе, балалардың тәуелділігі жоғары. Мұның себебін маман бүлдіршіндегі иммунитеттің әрі гормональды қызметтің толық қалыптаспауымен түсіндірді. Сондай-ақ жасөспірімдер вирустық аурумен жиі ауырса да ағзада инсулиннің бөлінуі тоқтайды-мыс. Сол себепті оларда сусамырға бейімділік басым. Өкініштісі, сол диабеттің инсулинге тәуелді түріне шалдыққандар уақытылы емін алып, екпесін салдырмаса өміріне қауіп төндіреді.

         Эндокринолог мамандар бұл аурудың жыл санап жасарып бара жатқандығына алаңдайды.

         – Бұрын бұл дертпен 40 жастан асқандар сырқаттанса, бүгінгі күні ол 30 жасқа дейінгі жастар арасында да белең алған. Біздің бөлімде үлкендерден бөлек 15 жасқа толған балалар да ем қабылдайды. Балдәурен балалық шақта олардың инсулинге тәуелді болып, өмір үшін күресуі жүректі қынжылтады. Қант диабеті жұқпалы емес. Десе де салдары өте ауыр. Онымен сырқаттанғандар салауатты өмір салтын ұстанып, дәрігер кеңесіне құлақ түргені жөн. Арнайы диетаға отырып, дұрыс тамақтануды қалыптастыру керек. Сонда ғана оны асқындырмай қалыпты ұстауға болады. Ал, асқынған жағдайда көз торындағы қан тамырының, жүйке жүйесінің, бүйрек қызметінің зақымдалуына, мүгедектікке, инсульт пен инфаркттің орын алуына әкеледі – дейді маман.

Скринингтік тексеру кеселдің алдын алады

         Қант диабеті ауруы тұқымқуалаушылық қасиетке де ие. Егер ата-ананың бірі сырқат болса, баласының 50 пайызға ауру қаупі бар. Сол себепті тұрғындардың жыл сайын медициналық тексеріс кезінде қандағы қант мөлшерін тексергені абзал. Өкінішке орай бұл шара жастар арасында бәсең көрінеді. Осылайша сырқат дер кезінде анықталмайды, оның асқынуына жол беріледі.

         – Бізге келген науқастардың көпшілігінен бұл дерттің бірнеше жылдан бері бар екені анықталады. Алайда өздері одан хабарсыз. Оның белгілері қалыпты жағдайға ұқсас. Сол себепті оған баса мән бермейді. Егер денені ұйқы басып, әлсіздік пайда болса, түн мезгілінде кіші дәретке шығу жиілеп, көп шөлдесе мұның сусамырдың белгісі болуы әбден мүмкін. Артық салмақтан, күйзелістен зардап шегетіндер үшін де диабеттің ықпалы басым. Мұндайда дене қозғалысын арттырған дұрыс. Дұрыс тамақтануды қолға алу керек. Әрбір адам ауырмаудың жолын іздеген жөн – деді Елена Цхай.     Бір өзі бірнеше аурудың тууына себеп болатын сусамырдың екі түрі де өмірге қауіпті. Сондықтан эндокринолог мамандар азаматтарға барынша салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді. Оған қоса диабетке шалдыққан науқастың диетаға отыруы міндеттеледі. Калориясы аз тағамдарды тұтыну, дене шынықтырумен айналысу – онымен күресудің бірден-бір жолы.

         Білуімізше, бұл сырқаттан толықтай айығу мүмкін емес. Тек күнделікті белгілі бір уақыт аралығында қант мөлшерін тексеріп отыру тиіс. Қажет жағдайда тиісті ем-дом шарасы жасалады. Осылайша диабеттің қалыпты жағдайын сақтауға әрі ұзақ өмір сүруге болады.

Психологиялық көмек қажет

         Қатерлі ісік пен жүрек қан тамырлары ауруынан кейін кең тараған бұл дерт жаһандық мәселеге айналған. Бүгінде дүние жүзінде халықаралық диабет күнін жариялаған.  Соған сәйкес оны анықтауда, алдын алуда түрлі акциялар, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Осы орайда көпбейінді облыстық аурухананың эндокринолог дәрігері Елена Цхай халықтың медициналық сауатын арттырудың маңызды екенін жеткізді.

         – Қазіргі таңда аурудың белең алуының бір көрсеткіші тұрғындардың бұл жайында хабарсыздығы. Сондықтан барлық емдеу орындарында науқастарға диабет туралы түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Көпшілік инсулин дегенді естігеннен қорқа бастайды. Ал онсыз өмірге қауіпті екенін түсінбейді. Ол – ағзадағы ұйқы безінен қалыпты бөлінуі тиіс гармон. Соның жеткіліксіздігінен осы дертке шалдығады. Осыны кеңінен түсіндіру керек. Кез келген науқасқа әуелі психологиялық тұрғыдан көмек беру қажет – дейді маман.

         Р.S: Әлсіздік, тез шаршау, тершеңдік бүгінгі күні көпшілікке тән құбылыс. Бұған ұйқының қанбауы не ауа-райының әсері деп мән бермейтініміз рас. Ал мамандар оның салдары қауіпті дертке шалдықтыруы мүмкін дегенді айтады. Яғни мұны денсаулықтың сыр білдіргені деп түсініңіз.

         Қазір ақпараттық-технологияның дамыған заманы. Адамда бұрынғыдай қимыл-қозғалыс азайған. Жұмыс барысы да компьютер алдында отырумен шектеледі. Физикалық белсенділіктің төмен болуы өз кезегінде денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды. Соның салдарынан аурушаң адам көбейіп, тіпті оның жасаруы белең алуда. Мәселен бұрын қант диабетімен ересек адамдар ауырса, қазір ол балалар арасында да асқынып тұр. Мұның алдын алмаса салдары өкінішке әкелуі мүмкін.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: