Сенбі, 21 желтоқсан, 21:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

12.12.2020

78447 0

Биыл көк туы желбіреген, еңсесі биік егемен елімізде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Абай жылына орай жан-жақта түрлі шаралар өтуде. Соның ішінде қазақ кино әлемі де қалыс қалмады. Жақында Тәуелсіздік мерекесіне орай есімі елге белгілі режиссер Мұрат Бидосов түсірген «Абай» сериалы көрерменге жол тартады.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

Осы фильмді әсіресе қызылордалықтар асыға күтіп жүр. Өйткені мұнда біздің жерлесіміз Мұрат Жарылқасынов Құнанбайдың інісі Майбасардың рөлін сомдайды.

Бала кезден кино актеры болуды армандаған кейіпкеріміз бүгінде «Project`s House» ЖШС атқарушы продюсері. Мереке қарсаңында жерлесіміз

Мұрат Болатұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

– Мұрат аға, келе жатқан Тәуелсіздік мере­кесі құтты болсын! Биыл елімізде жария­ланған қазақтың дара ақыны Абай жылына орай «Абай» сериалы да түсірілді. Оның ішінде сіздің өзіндік рөліңіз бар бол­ғандығы бізді қуантты. Тарихи фильмді көруге асығып жүрміз. Әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Иә, мерейлі мереке баршамызға құтты болсын! Бұл сериалда Абай ақынның бала кезден басталған өмірі қамтылады. Өздеріңізге белгілі, бала Абайды жастайынан Құнанбай жанына алдыртады. Өйткені оның дарындылығы, ақылдылығы, мі­нез-құлқы әкесіне ұнайды. Келе­шекте өзінің жолын жалғастырсын деген ниетпен баласын тәрбиелеу­ді қолға алады. Жанына алған кезде түрлі жағдайларды көзбен көреді. Себебі Құнанбай аға сұлтан болып тағайындалған болатын. Сұлтан дегеніміз қазіргі сөзбен айтқанда, ел билеушісі. Яғни елдегі жағдай, дау-дамай бәрін шешуге атса­лысып жүреді. Сол сәт­тен бастап ұлы Абай бар қиын­шылықты көріп өседі. Әке­сі ше­шім шығар­ғанда үнемі ізінде жү­ріп, біраз нәрсені бойына сіңіріп ержетеді.

Сөйтіп Абай атамыз өмірдің ақ-қарасын ер­те­ден-ақ біле бас­тайды. Сон­дай-ақ Абайдың махаббаты, бауырларына, жақындарына, хал­қына деген сезімі бәрі баяндалады. Негізі бұл кино ХХІ ғасырдың көзқарасымен түсірілген. Тарихи сериал болып қалатыны сөзсіз. Басқа фильмдермен салыстыруға келмейді. «Абай жолы» кітабында жоқ кейбір хикаялар қосылғандығы байқалады. Оған өз ісінің мықты майталманы, кинорежиссер Мұрат Бидосовтың еңбегі зор. Ол әр актердің іс-қимылынан бөлек, әрбір сөзіне мән берді. Талап қойды. Актер болған соң режиссердің талабын орындау керек. Сол кездегі Құнанбайдың Майбасарға айтқан жолдамасы да өзінше бөлек болып шығады. Мұнда Абай әкесінің, ағаларының, бауырларының арқасында өзінің өмірлік жолын табады. Жалпы фильм өте мазмұнды, жаңаша әрі қызықты деп айтар едім.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

– Құнанбайдың інісі Майбасарды сомдау қиын болған жоқ па?

– Маған Құнанбайдың бауыры Майбасарды сомдау бұйырды. Құнанбай Майбасарды ауыл­дың старшины етіп тағайындайды. Інісі аға­сының әр сөзін жерге тастай алмайды. Өйткені Құнанбай өте қатал кісі болған. Алдына қойған мақсатына жететін тұлға. Ауыл арасында ше­шілмей тұрған кикілжің болған сәтте Құнанбай араласып отырады. Кейбір кісілер қарсылық білдірген кезде Майбасар ағасының ұрда жық қолшоқпары секілді болған. Өйткені інісі ірі, қайратты, айтқанынан қайтпайтын ер мінезді болды. Ол жағынан Құнанбайға ұқсас.

Негізі кез келген актерге кейіпкердің рөлін сомдау оңай болмайды. Себебі сол образға ену керек. Кейіпкердің бейнесін көрсетіп, аша түсу қажет. Басында айтып өткендей, Майбасар бірқырлы емес, әртүрлі қыры бар азамат. Кино түсірілімі барысында атпен де шауып, қарсы келген кісіге қатты да сөйлейтін тұсы бар. Бастысы, дайындық керек болды. Тексті айту барысына мән беру қажеттігілі тағы бар. Сонымен қатар физикалық тұрғыда денсаулық та керек. Онсыз болмайды. Арасында көтеріліске шығу сияқты көріністері кездеседі.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

Майбасар рөлін ойнау аса қиындық тудырмады. Құнанбайдың рөлін актер Бауыржан Қаптағаев ағамыз сомдады. Кино барысында түр-келбеті жағынан екеуміз ұқсас болдық. Режиссер сол жағына да мән берді деп ойлаймын. Бірақ көрермен әртүрлі қабылдауы мүмкін. Жалпы кастинг барысында маған осы рөл бұйырды. Бағасын халық береді.

Қысқа сұраққа нақты жауап:

– Өмірлік ұстанымыңыз?

– Ар, ұят, намыс.

– Адам бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?

– Шыншылдық, тазалық, өтірік сөйлемесе…

– Сіз үшін өмірдің мәні?

– Өмірлік мәнім – менің анам. Алты баланы тәрбиелеген мықты жан. Үлкен мектеп. Жылы ұя. Нағыз байлық мен үшін. Алладан кейін сол анама бас иемін.

– Актер Мұраттың бойындағы біз білмейтін қасиет?

– Суретші, спортпен шұғылданамын, музыкаға да қабілетім бар.

– Қалай демалғанды ұнатасыз?

– Табиғат аясында балық аулап, аңшылыққа шығып, атқа мініп серуендегенді ұнатамын.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

Бас директорлықтан бас тарттым

– Кино әлемі сіздің жаныңызға жақын болғандығы байқалып тұр. Тіпті «Астана моторс» компаниясындағы Subaru орталы­ғының бас директорлығынан бас тартыпсыз…

– Иә, ондай жағдай кездесті. 2007 жылы туған інім Самат Жарылқасынов әншілікпен айналысты. Содан Ташкентке барып, клип түсіруге барады. Қазақтың әні болғаннан кейін сол клипке өзіміздің қазаққа ұқсайтын актерді таба алмайды. Інім маған ұсыныс айтты. Бауырым үшін Ташкентке жол жүріп, ұсынысын қабыл алдым. Сол кезден бастап мен камераның, сахнаның не екенін, түсірілімнің қыр-сырын білгендей болдым.

Ал киноға келсек, 2008 жылы ең бірінші фильмім «Обратная сторона» деп аталды. Онда ресейлік дарынды актер Дмитрий Дюжевпен бірге Баха деген криминалды рөлді сомдауға тура келді. Кастинг барысында көп адам өте алмай қалды. Менің даусым, түр-әлпетім осы рөлге сәйкес келсе керек. Режиссер Қуат Исаев пен директор Марина Құнарованың көңілінен шықты. Сөйтіп сол рөлмен алғашқы тұсаукесерім кесілді десем де болады. «MG продакшн» компаниясының арқасында кино әлемім басталды. Өте жоғары деңгейде түсірілген фильм де жүлдеге ие болды. Одан кейін «Мың бала» фильміне түстік. Онда Басықара батырдың рөлі бұйырды. Солай жалғаса берді.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

Қызылордада жүргенде «Best» автоком­пания­сында бірнеше жыл бойы басшы­лық қызметте істедім. Сегіз жылдан аса мен автобизнес саласында болдым. Бірақ киноға қызығушылығым арта түскені соншалық, көлік бизнесінен өз еркіммен бас тарттым. Қазір оған еш өкінбеймін.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

– Сізге қазақтың алтын баласы Бекзат Саттархановтың әкесінің рөлі де бұйырды, иә?

– Қысқы кез болатын. Түркістан қаласында режиссер Мұрат Бидостың Бекзат сериалы түсіріліп жатыр екен. Маған телефон шалып, ұсыныс айтты. Бекзатты дүйім жұрт жақсы біледі. Ол – қазақтың баласы. Өмірі қысқа болса да жарық жұлдызы болды. Мен мұндай ұсыныстан бас тартпадым. Қайта құрметпен қабылдап, Бекзаттың әкесі Сейілхан ағаның рөлін ойнап шықтым. Ойдағыдай болды деп ойлаймын. Себебі көпшілікке ұнағаны белгілі. Бірақ фильм түсіріліп болғаннан кейін Бекзаттың өмірдегі әкесі көп ұзамай дүниеден озды. Өте жақсы кісі болатын.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

– Жаныңызға қандай образды сомдаған ұнайды?

– Маған көбіне қозға­лыста, іш пыстырмайтын рөлдер ұнайды. Табиғатым да сондай болар. Соны­мен қатар тарихи кино­ларға түскен тіпті жаныма жақын. Арасында коме­дия­лық жанрды ойнап көрдім. Жас келе бастаған соң біреудің әкесі немесе бас­шылық қызмет секілді рөлдер бұйыра бастады. Жалпы актер сегіз қырлы бір сырлы болуы керек. Режиссер қандай рөлді береді, соны ойнап шығу – біздің міндет. Сондықтан көбіне образды таңдай бермеймін. Бұйырғанын көремін.

– Қазақ актерінен кімдерді үлгі тұтасыз?

– Орынды сұрақ. Ең әуелі біздің үлгі тұтар тұлғамыз Асанәлі Әшімов ағамыз деп айтар едім. Кезінде театрда да жұмыс істедім. Сол кезден бастап Дулыға Ақмолданы тани бастадым. Мықты актер, жақсы дос, сыйлас аза­мат деген баға беремін. Ол «Ең үздік актер» номинациясына ие бол­ды. Міне, еңбек жолын­дағы – үлкен жетістігі.

– Алдағы уақытта сіз­ді қандай фильмнен көре аламыз? Әлде құпия ма?

– Құпия емес. Осы күні «Замандастар» деген сериал түсірі­ліп жатыр. Онда маған Қайыркелді деген образды сомдау бұйырды. Бірақ ол да жағымсыз кейіпкер болса да өзіме ұнады. Одан кейін де біраз фильмдерге түсіп жатыр­мыз. Біртіндеп көрсетіле бастайды.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

Тыртықпен қорқыттым

– Кино түсірілімі барысында басыңыздан өткен қызықты оқиғаңыз болса…

– Киім ауыстырып алу, текст оқу барысында кездесіп жатады. «Обратная сторона» фильмін­де Баханың мойнында тыртық болады. Ал ол рөлде мен болғандықтан мойныма сондай тыртықты жапсырып қойды. Оны алып тастауды ұмы­тып, үйге барып, отбасыммен дастарқан басында отырғанмын. Бір кезде жанымдағылар мойнымдағы тыртықты көріп шулап кетсін. Олар шынымен қорқып кетсе керек. Мен болсам, әбден күліп алған едім. Сондай оқиғалар бастан өтіп тұрады. 

Мүлдем қатал емеспін

– Байқап отырсақ, сізге жағымсыз рөл бұйырады. Оған қоса актерлік бейнеңіз де қатал көрінеді. Ал өмірде қандайсыз?

– Жақсы сұрақ… Шыны керек, режиссер қолына сценарий алып қарағанда актерді таңдай бастайды. Біздің Қазақстанда екі тілді жетік меңгерген түр келбеті бәріне сай келетін дарынды актерлер жағы санаулы. Кейде жетпей жатады. Әрине, арасында мықты мамандар да бар. Мүлдем жоқ деуге болмайды. Бір жағынан киноның жақсы шығуы актерге де байланысты. Өмір болған соң жағымсыз рөлді де сомдай білу қажет деп ойлаймын. Бірақ арасында жағымды рөлдер де бар. Аллаға шүкір, бұйырғанын ойнап, аман-есен алып шығудамын.

Асанәлі Әшімов ағамыздың айтқан сөзі бар: «Мұратжан, егер өзіңді мықты актермін деп санайтын болсаң, кейіпкер жағымды немесе жағымсыз бола ма, сен бәрін сомдап, жақсылап алып шығуың керек» деген еді. Негізі көбіне өзіме осындай қатал кейіпкерлер сәйкес келіп қалады. Ал өмірде мүлдем қатал емеспін. Қайта күліп, әзілдеп жүремін. Қатал болғанды ұнатпаймын.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

Арманым – Қызылордаға қатысты кино түсіру

– Туған қалаңызға жиі келіп тұрасыз ба? Қызылорда қалай өзгеріпті?

– Өзім Тасбөгет кентінің тумасымен. Әрине, келіп тұрамын. Кейде уақыт жеткізе алмай қаламын. Туған қалам – өте қасиетті мекен. Барынша жақсы көремін. Әр келген сайын №11 мектепте бірге оқыған сыныптастарыммен, достарыммен жиі бас қосып тұрамыз. Жасымыз елуге келсе де басқосуларда балаша мәз болып, өткенді еске алып қайтамыз. Сыйластық ара­мыздан ажыраған емес. Бір келгенімде сынып жетекшім Қатима Қыдырәлиева апайыммен кездесіп, ерекше сезімге бөлендім.

Бала кезден өнерге жақын болдым. Сыр елінде композитор Сәбит Қорабаев деген ағамыз бар. «Мереке» деген топ құрып ансамбльде ән айттым. Жастық шақтағы осы кездер мен үшін ұмытылмас сәттер.

Ал Қызылордаға келсек, жыл артқан сайын өзгеріп келеді. Шыны керек, арасында кел­генде танымай қалатын кездер де болады. Сол жағалау, жаңа ғимараттар, әдемі үйлер бой көтерді. Бас­шы­ларға алғысым зор. Қолтаңбалары көрініп тұр.

– Шәкірт тәрбиелеп жүр­сіз бе? Алдағы жоспар­ларыңыз…

– Әзірге кино сала­сынан шәкірт тәрбиелеп жатқан жоқпын. Бірақ өнер мектебін ашқа­лы жүрмін. Актер­лік шеберлікті дамыта­тын орта­лық болса деген жоспарым бар. Оған қоса екін­ші ма­мандығым автосервис саласына маман даяр­лау. Екі мамандық бір мектепте бола­ды деп отырмын. Ал авто саласынан екі шәкіртім бар. Екеуі өз ісінің майталмандары. Арманым – біздің Қызыл­ордадан да өнер мектебін ашып, дарын­ды жастарды даярлау. Өйткені біз жақта өнер­лілер өте көп. Кейбірі кө­рінбей жатады. Бала­лардың киносы өте аз. Соны қолға алсам деп жүрмін. Болашақта шетелдік актерлармен бірге жұмыс істей­тіндей мүмкіндік жасау керек деген ниет­темін.

Тіпті Қызылорда қаласына қатысты кино түсіргім келеді. Әсіресе Арал жайында фильм түсірсем деп ойлаймын.

Мұрат Жарылқасынов, кино актері: «ҚЫЗЫЛОРДА ЖАЙЛЫ КИНО ТҮСІРГІМ КЕЛЕДІ»

– Шағын мемле­ке­тіңіз жайлы айтсаңыз. Яғни отбасыңызға тоқталсақ…

– Әкем қайсар кісі болған. Алайда дүниеден өтті. Асқар тауымыз кеткен соң бар ауыртпалық анама түсті. Біз – алты ағайындымыз. Әрқайсысымызды оқытты, тәрбиеледі, жол көрсетті. Мен өмірімде анамды бірінші орынға қоямын. Кейде адамның мінезі  азан шақырып қойған есіміне сейкес келіп жатады. Анамның аты-жөні – Ақалтын Мыңбаева. Қазір 73 жаста. Алладан ұзақ ғұмыр тілеймін. Өзі де, жаны да әппақ алтындай кісі.

Мен ерте шаңырақ көтердім. Негізі жас үйленген дұрыс деп ойлаймын. Ата-анаңа қуанышыңды сыйлай аласың. Егер мүмкіндік болса, жігіттің тезірек екеу болғаны абзал. Келіншегімнің есімі – Ұлжан Алдабергенова. Шиелі ауданының тумасы. Қазір дене­шынықтыру пәнінің мұғалімі. Үш бала­ның әке-шешесі, үш немеренің ата-әжесіміз. Аллаға шүкір, осындай берекелі шаңырағым бар.

– Әңгімемізді мерекелік тілегіңіз­бен аяқтасақ…

– Еліміз көркейіп, халқымыз аман болсын деймін. Себебі амандықтан артық байлық жоқ.

– Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет! Жолыңыз ашық, сәттілік серігіңіз болсын.

Сұхбатты жүргізген

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: