– Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жас зерттеушілерге қолдау көрсетілуде. Осы мүмкіндіктер жас мамандардың ғылымға келуіне және оның сапасына қалай әсер етіп жатыр?
– Мемлекеттік қолдау – ғылымды дамытудың басты тетіктерінің бірі. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қызметін, сондай-ақ жас зерттеушілерге серпін беріп жүрген Есенов қоры, Қапенов қоры және «Асылтас» қоры секілді ұйымдардың жұмысын ерекше атап өткен жөн. Жас ғалым үшін ең маңыздысы – мүмкіндіктерге жол ашу, заманауи зертханалық базамен қамтамасыз ету және кәсіби ғылыми орта қалыптастыру. Соңғы жылдары гранттық қаржыландыру, докторантура бағдарламалары, шетелдік ғылыми орталықтардағы тағылымдамалар секілді бастамалар жастардың ғылымға қадам басуына кең жол ашты. Өз тәжірибеме тоқталсам, Түркияда IsDB бағдарламасы аясында Германияда DAAD бағдарламасы бойынша халықаралық тағылымдамалардан өттім. Қазіргі таңда «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы Гарвард университетінде ғылыми зерттеу әдістері мен ғылым мәдениетін меңгеріп жүрмін. Осындай ортада ғылымға деген көзқарас өзгереді. Тәртіп пен жоғары талап адамның кәсіби деңгейін көтеріп, ойлау аясын кеңейтеді. Мұндай мүмкіндіктер жас ғалымдардың дүниетанымын байытып қана қоймай, оларды әлемдік стандарт деңгейінде жұмыс істеуге бейімдейді. Сондықтан ғылымды дамыту жолында мемлекет қолдауы мен қоғамдық қорлардың бастамалары айрықша маңызға ие.
– Отандық инновациялық өнімдерге бизнестің қызығушылығын арттыру үшін қандай қадам жасалу керек?
– Ғылым қоғам игілігіне қызмет еткен кезде оның құны арта түседі. Бұл үшін ғылым, бизнес және мемлекет арасында өзара үйлескен, тиімді байланыс қалыптасуы қажет. Бүгінде университеттер, ғылыми орталықтар мен бизнес құрылымдары арасында технологиялық бәсеке мен серіктестік қатар жүретін орта қалыптастыру – уақыт талабы. Әсіресе, пилоттық жобалардың санын көбейту маңызды. Өндіріс орындарын ғылыми әзірлемелерді сынақтан өткізуге және өндіріске енгізуге ынталандыратын салықтық жеңілдіктер мен институционалдық қолдау тетіктері қажет. Сонда ғана ғылыми идея нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижеге айналады. Дегенмен ғылымның құндылығын тек материалдық тиімділікпен өлшеу жеткіліксіз. Оның интеллектуалдық, гуманитарлық, рухани және мәдени маңызы да айрықша. Ғылым – қоғамның ойлау сапасын арттыратын, дүниетанымын кеңейтетін, өркениеттік деңгейін айқындайтын маңызды күш. Сондықтан бизнес ғылымға, ал ғылым бизнеске тек пайда көзі ретінде емес, стратегиялық серіктес ретінде қарауы керек. Ғылым мен бизнес зайырлы, саналы, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыру миссиясына ортақ жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ал жастарды ғылымға тарту мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Мектепішілік олимпиадалар, ғылыми жобалар, хакатондар, дебат клубтары, кітап оқу мәдениеті секілді бастамалар жас буынның ғылымға қызығушылығын оятып, ізденіске жетелейді. Осындай жүйелі қадамдар арқылы ғана ғылымға бейім, ойы сергек, білімді ұрпақ қалыптастыруға болады.

– Отандық ғылымның әлемдік кеңістіктегі орны қандай? Шетелдік жетекші ғылыми орталықтармен тәжірибе алмасу жас ғалымдардың көзқарасын қалай өзгертті?
– Бүгінде Қазақстан ғылымы әлемдік деңгейге көрнекті ғалымдар мектебінің, яғни қалыптасқан ғылыми мектептердің арқасында көтеріліп келеді. Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларында жарияланған мақалалар арқылы еліміз жаһандық ғылыми кеңістіктегі өз орнын айқындап, беделін нығайтып отыр. Әсіресе, математика, физика, энергетика, химия, экология, ІТ, агротехнология және материалтану бағыттарында бәсекеге қабілетті зерттеушілер аз емес. Бұл салаларда отандық ғалымдардың әлеуеті жоғары екенін нақты ғылыми нәтижелер көрсетіп келеді. Осы орайда халықаралық тағылымдамалардың маңызы ерекше. Өйткені зерттеуші шетелдік ғылыми ортада тек жаңа білім алып қана қоймай, уақытты тиімді басқару, академиялық адалдық қағидаларын сақтау, дерекпен жүйелі жұмыс істеу және ғылыми пікірталас мәдениетін меңгереді. Мұның бәрі ғалымның кәсіби қалыптасуына тікелей әсер етеді. Мәселен, Гарвард университетіндегі ғылыми ортада пікір алмасуға айрықша мән беріледі. Бұл жерде пәнаралық көзқарастың, сапалы талдаудың және ғылымның алдыңғы шебіндегі мақалаларды тұрақты оқудың қаншалықты маңызды екені анық сезіледі. Осындай тәжірибе жас ғалымдардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, өз мүмкіндігіне деген сенімін арттырады. Ең бастысы, мұндай орта жас зерттеушілердің санасында «біз де әлемдік деңгейде зерттеу жүргізе аламыз» деген сенімді бекемдейді. Ал бұл – ұлттық ғылымның болашағы үшін аса маңызды фактор.
– Қазіргі ғылымды IT технологияларсыз елестету мүмкін емес. Цифрландыру үдерісі дәстүрлі ғылыми бағыттардың (физика, энергетика т.б.) дамуына қандай серпін беріп отыр?
– Цифрландыру дәстүрлі ғылым салаларын жаңа деңгейге көтерді деп нық сеніммен айтуға болады. Бүгінде физика мен энергетикада компьютерлік модельдеу, үлкен деректерді талдау, машиналық оқыту әдістері күрделі жүйелерді бұрынғыдан әлдеқайда дәл болжауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл ғылыми зерттеулердің сапасын арттырып қана қоймай, олардың қолданбалы маңызын да күшейтті. Менің зерттеу бағытымда да осы үдерістің ықпалы айқын байқалады. Атап айтқанда, энергия жүйелерін модельдеу, жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау, ресурстарды үнемдеу және оңтайландыру секілді маңызды міндеттер бүгінде заманауи цифрлық құралдардың көмегімен жүзеге асуда. Бұл – цифрлық технологиялардың ғылым үшін тек қосымша мүмкіндік емес, негізгі құралға айналғанының көрінісі. Жасанды интеллект пен деректерді өңдеуге негізделген серверлік орталықтар да жоғары қарқынмен дамып келеді. Соның нәтижесінде ІТ саласы қазір ғылымның барлық бағытына дерлік ықпал етіп отыр. Бүгінде ақпараттық технологиялар тек техникалық қолдау құралы емес, ғылыми жаңалықтың өзегіне айналды деуге болады. Мұны биотехнология мен генетика саласындағы жетістіктерден де көруге болады. Тіпті Нобель сыйлығына ие болған зерттеулердің арасында ІТ бағытындағы мамандардың болуы кездейсоқ құбылыс емес.
– Ғылымға жаңа келген жастарға қандай кеңес бересіз?
– Ғылым жолы – инемен құдық қазғандай ұзақ, қиын, бірақ мағынасы терең, қадірлі және игілігі мол сара жол. Бұл жолда сабыр, тәртіп, еңбекқорлық және үздіксіз ізденіс қажет. Жас ғалымдарға ең алдымен мықты академиялық әдет қалыптастыруға кеңес берер едім. Ол үшін көп оқу, сыни ойлау, орынды сұрақ қоя білу және өз зерттеу тақырыбын терең меңгеру аса қажет. Әрбір зерттеуші өз саласының нағыз маманына, білікті сарапшысына айналуға ұмтылуы керек. Ғылыми ізденіс үлкен мақсаттан қорықпауды талап етеді. Бүгінде әлемдік ғылыми ортаға енуге, халықаралық деңгейде зерттеу жүргізуге толық мүмкіндік бар. Ең бастысы – сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ғылымды шын ниетпен сүю, елге пайдалы болуды өмірлік мұратқа айналдыру. Ғылым – тек жеке жетістікке жетудің жолы емес, ұлттың болашағына қызмет ететін үлкен миссия. Сондықтан жас ғалым өз еңбегінің қоғамға, ел дамуына қосар үлесін әрдайым терең сезінуі керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!