Қатерге ұшырағанды құтқару – азаматтық борыш. Ал мұндай маңызды істі кәсіби қызметіне айналдырып, адам өміріне араша түсуге ұмтылатын жандардың ерлікке толы жұмысы көңіл аударуға тұрарлық. Себебі өрт, суға кету, авариялық жағдай кезінде көмекке жететін мамандар өздеріне жүктелген міндетті қатесіз орындап, барынша көмекке мұқтаж азаматтарды құтқаруға талпынады. Биыл да аймақтағы құтқару қызметінің жұмысы дабылсыз өтпеді. Жүздеген адамды қауіптен арашалаған мамандар талмай еңбек етіп, ел амандығына үлес қосты. Осыған орай Қызылорда облысы Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрсұлтан Ибрагимовпен саладағы жаңалықтар төңірегінде аз-кем сұхбат құрған едік.
– Нұрсұлтан Жаңабайұлы, құтқару қызметінің қауырт жұмысынан уақыт тауып, тілдесуге келіскеніңізге рақмет. Алғашқы сауалды жыл басынан бері тіркелген өрт жағдайынан бастасақ.
– Расында, саладағы жұмыс қауырт әрі маңызды. Мәселен, соңғы 8 айдың өзінде Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» КММ бөлім мамандары дабыл бойынша 6571 рет шақыртуға шықты. Оның ішінде өртке 268 рет, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізуге 18 рет, өртке жатпайтын жану оқиғасына 990 рет, іздестіру-құтқару жұмыстары 51 рет, тұрмыстық сипаттағы шығыстарға 108 рет және жол-көлік оқиғалары бойынша 7 рет шақыртуға барған. Осыдан-ақ сала мамандарының жұмысының жауапты екенін аңғаруға болады.
– Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі десе, алдымен көз алдымызға көмекке мұқтаж азаматтар, құтқарушылардың жанкешті әрекеті елестейді. Жалпы жыл басынан бері мамандар қанша азаматты құтқарды?
– Біз үшін азаматтарға көмек көрсету – адамдық және кәсіби міндет. Әрбір азаматтың өмірі қымбат. Сондықтан үнемі кәсіби біліктілікті көтеру шарасы, оқу-жаттығу жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Нәтижесінде биыл қызмет бабында өрттен 20 адам, авариялық құтқару қызметі бойынша 160 адам құтқарылса, 200-ге жуық адам эвакуацияланды. Алдағы уақытта әлі де қажет болған құтқару шараларын белсенді жүргізетін боламыз.
– Мекеменің материалдық-техникалық базасы қай деңгейде? Соңғы жылдары жаңа құтқару көліктері мен құралдар алынды ма?
– Жалаң қолмен күрделі құтқару жұмысын жүргізу мүмкін емес. Арнайы құралдардан бөлек, оқиға орнына жедел жету үшін қызметтік көліктің сапалы болғаны маңызды. Осыған байланысты соңғы жылдары мекеме теңгеріміндегі автотехника санын арттыру, қажетті құрылғыларды алу секілді қадамдар жасалды. Оған қоса мамандар жүзу құралдары, авариялық-құтқаруға арналған жабдықтармен, байланыс құралдары, сүңгуір құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде автотехника саны 146-ға жетіп, техникамен қамтылу көрсеткіші 78 процентті құрады. Тарқатып айтар болсақ, негізгі автотехника саны – 56, арнайы автотехника саны – 12, көмекші автотехника саны – 46.
Өткен жылы бұл бағытта республикалық бюджеттен 6 негізгі, 1 арнайы өрт сөндіру автокөлігі алынса, жергілікті бюджет есебінен 2 негізгі өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. Оған қоса сүңгуірлік құрал-жабдықтарымен жабдықталған «Газель» автокөлігі алынды. Сондай-ақ өткен жылы техникалық база сүңгуірлерге арналған 3 жиынтық дымқыл гидрокостюмі мен бір гидравликалық құтқару құрал-жабдықпен толықты. Ал биыл жергілікті бюджеттен тағы 1 өрт сөндіру автокөлігі алынды.
– Биыл суға кету жағдайы бойынша қанша шақырту болды? Әсіресе, Сырдария өзеніне суға кету оқиғасы азайды ма?
– Суға кету жағдайы түбегейлі тыйылды деп айтуға болмас. Суға түсу маусымында қайғылы оқиғаның қатары артты. Мәселен, 2021 жылы құтқару жасағына суға кету жағдайы бойынша 49 шақырту түскен. Атқарылған жұмыстар барысында құтқарушылар суда қаза болған 20 адамның денесін тауып, шығарды. Оның ішінде 9-ы бала. Сондықтан қайғылы оқиға толастамай отыр.
Ал құтқаруға мүмкіндік болған оқиғаларға келсек, осы уақытқа дейін құтқарушылар суға кеткен 17 адамды ажал аузынан аман алып қалды. Қызылорда қаласында 5 адам, Арал ауданында 8 адам және Шиелі ауданында 4 адамды құтқарды.
Жыл басынан бері судағы төтенше жағдайлардың орын алған аумақтарды айтатын болсақ, Қызылорда қаласында 13 жағдай, Арал ауданында 6 жағдай, Қазалы ауданында 3 жағдай, Қармақшы ауданында 4 жағдай, Жалағаш ауданында 2 жағдай, Сырдария ауданында 6 жағдай және Шиелі ауданында 3 жағдай, Жаңақорған ауданында 8 жағдай орын алған.
Негізгі қауіп көзі су айдындарынан келетіні жасырын емес. Мысалы, өткен жылы Сырдария өзенінде 12 суға кету жағдайы тіркелсе, су арналарында 23 адам суға кеткен еді.
– Халық арасындағы сақтық шарасын сақтауға байланысты түсіндірме жұмысы қаншалықты нәтиже беруде?
– Құтқару шарасынан өзге, түсіндірме жұмысы да тұрақты жүргізіледі. Суға түсу маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жасақ құтқарушылары мен Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері күнделікті аралау жұмысын жүргізеді.
Қызылорда қаласында Сұлтан Бейбарыс көшесі маңындағы Сырдария өзеніндегі көпір, Арай, Мерей, Күрішмаш шағын аудандары, Тәуелсіздік көшесінде, дарияның сол жақ жағалау тұсында аралау-түсіндіру жұмысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ Арал ауданы Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан құтқару бөлімшесінің мамандары Қамбаш көліндегі «Аққұмшық» жағажайында патрульдеу жүргізуде.
Бүгінде облыс аумағындағы су айдындарында суға түсуге қауіпті жерлерде ескерту тақтайшалары қойылып, адамдар көп жүретін орындарында көрнекі стендтер мен билбордтар орнатылған.
Қазіргі уақытта облыс аумағында және Қызылорда қаласында суға түсуге арналған төрт коммуналдық және екі жеке жағажай бар. Жасақ құтқарушылары Шиелі ауданындағы «Ханқожа» көлі демалыс орнының, Қызылорда қаласындағы «Арай» жағажайының және «Абай» шаруа қожалығының ерікті құтқарушыларын судағы құтқару әдіс-тәсілдері мен алғашқы медициналық көмек беру бойынша оқытты. Жылда суға түсу маусымы басталар алдында, облыс аумағындағы су айдындарында суға түсуге қауіпті жерлерде ескерту тақтайшалары жаңартылып, тақтайшалар жоқ жерлерге орнатылады. Жыл басынан бері облыс бойынша 815 қызметкер 7691 үй аралап, 26021 адамға түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 8262 үнпарақ таратылды.
Алайда мұндай шаралар үнемі нәтиже бере бермейді. Мысалы, биыл суға түсу маусымы ашылғалы жағажайлардағы тәртіпке құлақ аспаған азаматтарға құзырлы органдар 427 хаттама толтырып, айыппұл салынды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!