Сенбі, 27 сәуiр, 19:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Ердос ӘБДІСАТТАРОВ, қалалық мәслихат депутаты: «Қосшыңырауға газ барады»

03.08.2021

2987 0

Жыл басында өткен сайлауда қалалық мәслихат депутаттығына өткен 22 мандат иесі бүгінгі күнге дейін қандай іс атқарды? Нендей мәселелер шешімін тапты? Осы орайда «Депутат мінбері» айдарында қалалық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Ердос Әбдісаттаровпен сұхбаттасқан едік. Айта кетейік, Ердос Ғаниұлы – қалалық мәслихаттағы ең жас депутат. Ол жас та болса ел ішіндегі елеулі істерді назардан тыс қалдырмай, бұқара мұңының билікке жетуіне және оның орындалуына атсалысып жүрген жалынды жас.

– Ердос Ғаниұлы, сізді әзірге ең жас депутат ретінде танимыз. Депутат болудағы басты мақсатыңыз қандай?

– 2020 жылы «Nur Otan» партиясының атынан Қызылорда қалалық мәслихатына депутат болып сайландым. Депутат ман­датын иеленудегі басты мақсатым – халықтың әл-ауқатын көтеруге, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қо­ғамның өзекті мәселелерін шешуге ат­салысып, өз үлесімді қосу. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолымнан кел­генінше түйткілді мәселелердің оң шешілуіне ықпал жасау, қолдау көрсету. Жаңа өзіңіз атап өткендей бойымдағы жастық жігеріммен жинаған тәжірибемді, алған білімімді ел игілігі жолына жұмсау азаматтық парызым деп санап, соны өзіме мақсат еттім. Халық қалаулылары білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларда сапалы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауымыз керек.

– Халық қалаулысының міндеті қандай?

– Халық қалаулысы болу – ең біріншіден, сенім артқан сайлаушылардың алдындағы үлкен жауапкершілік. Де­путат сайлаушылардан келіп түскен өтініш­терді қарауға, азаматтарды жеке қабылдауды тұрақты түрде ұйымдас­тыруға міндетті. Сондай-ақ өз округіндегі сайлаушылармен үнемі кері байланыс жасап, оларға мәслихатта атқарылып жатқан жұмыс барысын, тұрақты ко­мис­сиялардың қызметі, мәслихат ше­шім­дерінің орындалуы жөнінде ха­барлап отыруы керек. Сонымен қатар мәслихат шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруға және ұдайы бақылау жасап отыруға қатысуы тиіс. Өз өңірінің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселе­лерін шешуге атсалысуы керек деп есептеймін.

– Мәслихаттағы жарты жылды қалай өткіздіңіз? Біткен іс туралы айтсаңыз…

– Халықпен кездесу талапқа сай карантиндік режимді сақтай отырып ұйымдастырылуда. Канвассинг кездесу­лерде және қоғамдық қабылдауларда халықтың ұсыныс-пікірлері өз шешім­дерін табуда. Қосшыңырау ауылдық округі, Абай ауылының тұрғындарының бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан ең өзекті мәселесі – ілеспе газға қол жеткізу. Қазіргі таңда облыстық энергетика бас­қармасы мен қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне газдандыру бойынша жобалау сметалық құжаттарына 11 млн 688 мың теңгеге өтінім беріліп, облыстық мәс­лихатта мақұлданды. Қазіргі уақытта мердігер мекеме жұмысты бастап жатыр. Қалған қаражат келесі сессияларда кезең-кезеңімен қаралып, бөлінетін болады.

– Қарауылтөбе ауылында да әлеу­меттік мәселелердің бірі жол, жарық мәселесі. Бұл жағдай қалай шешілуде?

– 2020 жылы қалалық бюджеттен 81,8 млн теңге қаржы бөлініп, Ж.Әбдіхалықов көшесінің бас жағына және А.Құнанбаев көшесінің аяғына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілсе, А.Құнанбаев кө­шесі (ұзындығы 1,3 шақырым) мен Ж.Әбдіхалықов көшесіне (ұзындығы 1,6 шақырым) орташа жол жөндеу (асфальт) жұмыстары толығымен аяқталды. Соны­мен бірге үнемделген қаражат есебінен 1,5 млн теңгеге А.Құнанбаев көшесінің бас жағына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,9 млн теңгеге Абай тұйығына қиыршық тас төселді. Елді мекеннің кіреберіс жолында орналасқан округ атауы жазылған аркаға үнемделген қаражат есебінен безендіру жұмыстары жүргізіліп, түнгі жарықпен қамтамасыз етілді.

– Халық арасында екпе салдыруға байланысты екі ұдай пікір айтылуда. Осыған азаматтық көзқарасыңыз қалай?

– Иә, бұл індет адамзаттың өмірге деген көзқарасын өзгертті деуге болады. Көптеген сұрақтарға басқаша қарауға мәжбүр етті. Басты құндылық – адамның өмірі мен денсаулығы екенін түсіндік. Біздің еліміз де, әлемнің басқа да елдері секілді үлкен қиыншылықтарға тап болды. Осы қиыншылықтарға қарамастан, халықтың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін күресуіміз керек. Елдің эко­номикалық тұрақтылығын сақтауымыз керек. Жұмыс жасап тұрған кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалмауына ықпал жасауымыз керек деп ойлаймын. Әрине, ұзақ уақытқа дейін пандемияның зардабы болады. Бұрынғы қалыпты өмірімізге қайта келудің бірден-бір жолы екпе ектіру деп ойлаймын. Біз жақындарымызға жанашыр болуымыз керек. Сондықтан қоғамды екпе сал­дыруға шақырамын.

– Ал Аралдағы төтенше жағдайға халық қалаулылары қандай үн қосуда?

– Биыл облысымыз үшін айтарлықтай ауыр жыл болып отыр. Өздеріңізге белгілі Сырдария өзеніне келіп құятын су көлемі едәуір азайды. Осыған байланысты ауыл­шаруашылығы саласы, жалпы облыс халқы көптеген мәселелерге бетпе-бет келді. Су жетіспей жатыр, оның үстіне биыл жауын-шашын аз түсті. Осының салдарынан қазіргі уақытта қуаңшылық орын алды. Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Құрғақшылықтың салдарынан жүздеген ірі қара мал қырылып қалды. Шаруаларымыз ты­ғы­рыққа тіреліп отыр. Қазіргі уақыт­та облыстық, қалалық мәслихат депу­таттары кәсіпкерлермен кездесіп, кө­мек көрсетуде. Біз Аралмен біргеміз. Әрқашан қолдау жасаймыз.

– Мағжан сенген жастардың бірі өзіңізсіз. Ұлы тұлғалардың өмір жол­дарын қарап отырсаңыз елге аян ерліктерінің барлығын жас кезінде жасаған. Жастардың бойынан қандай қасиеттер көргіңіз келеді?

– Жастар – еліміздің келешегі. Қазір білімді, ақылды жастар өсіп келе жатыр. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген емес пе? Қазіргі уақыт білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді тұрмыс игілігіне жарата білуіміз қажет. Сонымен қатар жастардың бойында азаматтық пен қазақстандық патриотизм, халық дәстүрлерін дәріп­теу, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге деген құштарлықты көргім келеді. Алған білімін, тәрбиесін еліміздің өркендеуіне жұмсаймын деген жастар көп болса екен деген тілегім бар.

– Алдағы сессияға қандай ұсы­ныстар әзірлеудесіз? Құпия болмаса оқырманмен бөлісе отырсаңыз…

– Ешқандай құпиясы жоқ. Қазір ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барлығы халықтың көз ал­дында болғаны дұрыс. Алдағы болатын сессияда Қарауылтөбе ауылдық округі бойынша өзекті мәселе болып келген жайылымдық жер телімдерін бөлу туралы және қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімімен келісім жүр­гізіп, жаңа қоныстанушы аймақтарға электр желілері бағаналарын стандартқа сәйкес етіп орнатуға, жалпы айтқанда инфрақұрылымын толық жүргізуге ұсы­ныстар жасалады. Досан ауылында электр желілері бағаналарын стандартқа сәйкес етіп орнатуға, дәрігерлік амбулатория салуға, жол мәселесі бойынша қиыршық тас төсеуге бюджеттен қаражат бөлінуіне ықпал жасаймыз.

– Депутат Ердос Әбдісаттаровты ел жақсы біледі. Отбасындағы Ердос қандай?

– Айтарлықтай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Сол өздеріңіз көрген қал­пымнан өзгерген емеспін. Отбасын­да – жұбайыма тірек, балаларыма қамқор әке, ата-анама, ағайын-туыстарыма қайы­рымды болуға тырысамын. Жұмыстан қолым босай қалған кезде, ата-анамның жағдайын сұрап, балаларымның тәрбие­сі­не көңіл бөлуге тырысамын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Суретке түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: