Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Өмірлік ұстанымым – адамға ақыл айтпау

04.02.2023

3344 0

Қазіргі қазақ айтысының су тайпалмас жорғасы – Мейірбек Сұлтанхан. Ол жастайынан қазақтың қасиетті өнерін бойына сіңіріп, баба мұраның дәріпті жалғасындай дүйім елдің көзайымына айналды. Талай аламан айтыста аузымен құс тістеген жыр жүйректерімен иық тірестіріп айтысып келеді.

«Республикалық айтыста үздік үш ақынның бірі – Мейірбек» деп Жүрсін Ерманның жоғары бағалауы да сондықтан болар. Сыр елінің мақтанышына айналған жас жыр жүйрігімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Өлеңге деген құштарлық қалай пайда болды? Ата-бабаңызда сөз ұстанған адам бар ма? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ…

– Қай қазақты алып қарасаңыз да ақындықтан, өлең шығарудан кенде емес. Әулетінде ақын жоқ дегенмен, әріде ата-бабасында сөз ұстанған адамдар болады. Үлкен атам темір ұстасы болған. Одан кейінгі Нақып деген бабам үлкен Қарнақты бітірген, бала оқытқан ұстаз болған діни білімі бар. Одан кейін Сұлтанхан атам әкесінің ізін жалғап имам болды. Тәуелсіздік жылдары Шиелі ауданының алғашқы бас имамы болған. Балтабай атамыз «Казатомөнеркәсіп» компаниясында темір ұстасы болды. Слесарь мамандығымен «Үздік қызметкер» атанып, күміс медалмен марапатталып, зейнетке шыққан. Атамыз домбыра тарту білмесе де өлең­мен ұйқастырып, ауылдағы ағайындарды қосып әзілдеп, беташардың көрігін қыздырады екен. Жармақан деген ағайымыз болды. Марқұм жарықтық атамыздан сәл кішкен­тайлау келетін. Мектепте физикадан сабақ берді. Сол ауылда бір келін түсіп, атам соны былайша өлеңге қосыпты: 

– Тойдан қалмай тойлаған,

Ойға терең бойлаған.

Балаларымен мектептің,

Ләңгі теуіп ойнаған.

Жармақан атаңа бір сәлем деген шума­ғын ауылдың кісілері әлі күнге дейін айтып жүреді. Міне, сондай жандар болды. Өзімнің әкем өлеңдер, мысалдар жазатын. Әулетімде алты ағайындымыз. Барлығы домбыра тартады. Үлкен ағаларым, баян, домбырада шебер ойнайды. Бірақ өнердің соңына түскен ешкім жоқ. Кезінде ақын Есенғали Раушановтың 50 жылдық кешінде Әбіш Кекілбаевтың айтқан сөзі бар екен. «Қазақтың сөзі де өзі секілді бірін-бірі құшақтағысы келіп тұрады» депті. Сол секілді қазақтың барлығы ақын, бауырмал халық десек болады ғой. Өйткені адам аттарының өзін ұйқастырып қойып жаттауы да бір керемет үйлесімділік тауып тұрғандай. Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі деп тегін айтылмаса керек-ті.

– Адам бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсың?

– Адамның ең бірінші адамгершілігін бағалау керек. Адамгершілігін жоғалтқан адам­ның дарыны да, қарым-қабілеті де адамгер­шілікпен бірге бағасын жоғалтады. Абзал Бөкеновтің:

– Таумын деп жүретұғын таныс кілең,

 Тары боп, түскенім бар сан үстінен.

Мықтыға ұмтылады ел, ал өз басым,

Көрмеуге осал тұсын алыс жүрем, – деп айтқаны бар еді. Сол секілді сыртынан сүйсінген адамның жақыннан араласып, жанына барғанда жабырқап қайтатын сәттер де болады. Сондықтан қандай өнер иесі болсын бірінші адамгершілік қасиеті жоғары болуы керек деп ойлаймын.

– Өмірде ең қуанышты сәтіңді айтып берсең…

– Өмірдің өзі қайғы мен қуаныштан алмасып тұрады ғой. Әрбір қуанған сәтің өмірде есіңнен кетпейтіндей көрінеді. Әр қайғырған сәтің жүрегіңде өшпейтін секілді. Бірақ барлығын уақыт өзгертеді. Кешегі қайғы­ны бүгін күліп еске алатын, кешегі қуанышты сәтіңді бүгін мұңайып еске алатын кез де болады. Өмірдің әрбір күні бағалаған адамға қайталанбас сәттерімен құнды деп есеп­теймін. 2011 жылы анамыз қатты ауырып қалды. Астанада ұлттық нейрохирургия орталығында үлкен опреация жасал­ды. Сонда анамыз немерелерін ойнатып отыратын күнге жетсе екен деп тіледік. Екі жыл бұрын әкем де дәл сондай жағ­дайда болды. Онда да сол әкеміз ауруханаға түскенде ертең немерелеріңіздің атын қоясыздар. Олар­ды еркелетіп, тәр­бие беруіңіз керек деп айтқаным есімде. Алла­ға шүкір, бәрі­нің сәтін салып жақсы болды. Қазір немере­лерін ойнатып отыр­ған ата-әжесін көргенде ерекше қуанамын. Осын­дай дүние­лер көп қой адамда. «Қуана білмегенге құт қонбайды» дей­ді ғой. Сол сияқты өмірдің әрбір сәтінен қуаныш іздеуге болады.

– Өмірлік ұстанымың қандай?

– Өмірдегі ұстанымым – адамға ақыл айтпау. Ақыл айтқың келе ме, өзің жа­саған дүниені кемеліңе келіп, осы дәрежеге жеттім-ау дегенде барып айтсаң болады. Ал бізде өзі жасамаған нәрсені өзгеге үйретіп, ақылына ақы сұрайтындардың дәуірі жүріп тұр. Көңілім толмайтын дүниенің бірі осы. Кәсібі құрдымға кеткендер, біреуге кәсіп жасау туралы үйретеді. Бұл туралы айтыста да айтып едім. Балаға тәртіпті бол, жаман нәрсеге жолама деп мың айтқаннан өзің сол үлгіні көрсетсең бала соны көріп өседі. Жақсылықты алдымен өзің жаса, сол үлгіні көрген адам онсыз да сенен үйренеді. Кісілік болмысыңды таза ұстасаң, көрген адам содан санаға түйіп алуы керек.

– Басқа адам болсаң, Мейірбекпен дос болар ма едің?

– Бұл жерде қандай адам болғанына байланысты. Мүмкін, Мейірбек менімен дос болғысы келетін, менімен дос болуды аңсайтын адам шығар. Әлде Мейірбекті танымайтын адам болатын шығармын. Достықтың өлшемін уақыт көрсетеді.

– Жаңа Қазақстанда не көргің келеді?   

– Жаңа Қазақстаннан жаңарған дүниені көргім келеді. Біз ескі, жаңа деп бөліп алып, өткеннің бәрін жоққа шығаруымызға болмайды. Өйткені ескінің өнегесін де, есті дүниелерін де алуымыз керек. Жаңа Қазақстан деген жалаң ұран, желіккен науқандардың жетегіне кетпеуіміз керек. Әділетті Қазақстан деген сөзді жан ­дүниемізбен түсініп, соның қалып­тасуы­на қалтқы­сыз қызмет етсек, сонда ғана оң өзге­рістер болады. Менің ойымша, ескі Қазақстанның ескегімен Жаңа Қазақстанның жа­ғалауына жете алмай­мыз. Одан кейін ең бастысы ха­лықтың тұр­мысы түзелгенін қалаймын. «Әр қазақ ме­нің жалғы­зым» деген сөз тек мін­белерде ғана ай­тылмауы керек. Әрбір мемлекеттің бас­ты қазынасы азаматы деп қарасақ, жалғызыңа жанашырлықпен қарайтын­дай мемлекеттің әрбір мүше­сінің болашағын ойлануымыз керек.

– Астанадан ауылға келген­де қандай әсерде боласың?

– Ауыл барлық қызықты сәттеріңнің куәгері ғой. Сондықтан ерекше ыстық көрінеді. Бірақ қала­ның тіршілігіне қарғыс айтып, ауылды аңсап жыр жазатын ақын­дардың қатарынан емеспін. Заман­ның кең кезі кез келген уақытта ұшаққа мініп, ауылға баруға болады. Ауылға барғанда ең бірінші жетістіктеріне қуанамын. Кемшіліктерін көргенде жауапты адамдарға жеткізуге тырысамын. Ауылға қаланың жетістіктері келіп жатқанына көңілім толады. Бірақ қала­дағы қазақтың қапылысы ауылдағы ағайынға да сіңіп бара жатқанына қынжыламын. Кешегі үй арасында шарбақ жоқ, көршің төріңе келіп көсіліп, емін-еркін шайыңды ішіп, әңгімесін айтып отыратын көршілердің сирегені көңілге кірбің салады. Ал бірақ ауылдың исі, ауылдың қасиеті бәрібір бойымыздан кетпейді ғой. Сондықтан мен үшін ауыл әрқашан ыстық.

– Шиеліні «ақындар ауданы» дейді. Осының сыры неде?

– Шиеліде айтыс ақындары өте көп шықты. Оның арғы жағын айтатын болсақ, Бұдабай, Мансұр молда, Нартай, Арзулла, Махамбетқали, Кенжебай, Мұхтар, Талғат, Еркін, Иран­ғайып ағала­рымызға осы өнер аманат болып жүктел­гендей. Одан бергі Бекжан, Мейрамбек, Шыңғыс секілді қан­шама талант­ты өнерпаз шығып жатыр. Бұл тек қана Шиелінің мықты­лығы деп айтуға болмайды. Барша Сыр жұртшылығының қасиеті. Арал мен Жаңақорғанға дейінгі аралық жыр қонған өлке ғой. Сыр елі – жыр елі деген сөздің өзінде үлкен ұғым жатыр. Қармақшыдан жүз жыраудың шыққаны бар. Ол жерде де ақындардың легі азайған жоқ. Шиелінің айтыс өнерінде қалыптастырған өзіндік мектебі бар. Сіз айтқан ой осыған саятын секілді. Ілгеріде Кенжебай Жүсіпов ағамыз айтып еді:

«Бесіктегі балада біз жақтағы,

Жылағанда жылайды өлеңдетіп», – деп. Сол сияқты кешегі бес ғасыр адамы шыққан өлке. Иманжүсіптің әкесі Құтпанның да туған жері осы аймақ. Сыр елі қашанда қасиетті жер ғой. Оның ішінде құдайдың назары түскен, ақындықтың ақ туын жықпаған аудан Шиелі деп білемін. Мен үшін Сыр өңірі Қорқыттың қобыз үнімен тербеліп тұрған секілді.

– «Кімнің есінде?» бағдарламасы кімнің идеясы?

– «Хабар» агенттігі оның ішінде «Ел арна» бұрыннан өнердің насихаттаушысы болды. Қазір Берік Уәли ағамыз басшылыққа келді. «Ел арна» арнасына Нұрбол Алманов ағамыз жетекшілік етеді. Нұрбол Мейірханұлы бірде жоспарымен бөлісіп, ойын айтқан болатын. «Біздің мұрағатымызда қаншама айтыс бар. Соны халыққа қайта жариялап, ел көретіндей бағдарлама жасасақ» – деген ұсынысын жеткізді. Міне, содан бірден іске кірісіп, айтыстың жанрларына байланысты он алты бағдарлама түсірдік. Мәселен, өтірік өлең айтысы болса кешегі Замадин көкелерімізден бастап, Қалихан Алтынбаев, Қаныбек Сарыбаев, Әбдікерім Манапов секілді ақындарды қазіргі жастар білмеуі мүмкін. Біздің алдымыздағы үлкен аға буын ақындарды қазіргі көрермен түгілі, жас ақындар да танымауы ықтимал. Міне, соларға насихат болсын деп осындай жобаны қолға алдық. Бұл – авторлық жоба. Баян Арыстанова деген режиссер апайымыз бар. Бұл – ұжымдық жұмыс. Көзге көрінген дүниенің артында ұжымдық еңбек тұрады.

– Журналистикаға қадам басып жатсың. Бұл қадам шығармашылығыңа қалай әсер етуі мүмкін?

– Қазіргі жұмысым шығармашылықтан алыс емес. Мақсатым – айтыс өнеріндегі бізге дейінгі ақындардың есімін экран арқылы елге жеткізу. Қазір кейбір жас ақындар өздеріне дейінгі ақындардың өмір жолын, өнер жолын білмеуі мүмкін. Міне, сол мақсатта дәріптеп, өнерге аз да болса үлесімізді қоссақ деген ниеттен туған ой. Маманды­ғым – филолог болғандықтан тіл тазалығын бақы­лау. Бұл бұған дейін айтыстарда да айтылып жүр. Сондықтан аса бір шығармашылыққа кедергі келтірмейді. Керісінше шығармашылық ізденіске зор ықпалын тигізіп жатыр. Өйткені айтыстың архивін ақтарған сайын қаншама қазынаны тауып жатырмыз. Тіптен өзім білмейтін ақындардың өнерін көріп, үйренеріміз көп екенін түсіндім.

– Айтыста жеңілгенін мойындау ақындарға жетіспей жататын секілді. Өзіңнің осал түскен сәттерің кездесті ма?

– Айтыста сөзге тоқтау бұл бұрынғы салт екені рас. Кейінгі кезде шынымен бұл үрдіс жоғалып бара жатыр. Өйткені қазіргі айтыстың өзінде бірінші мәселе баяғыдай емін-еркін ақындарды айтыстырмайды. Бұрынғыдай өзі жеңіліп сөзге тоқтайтындай ұзақ уақыт берілмейді. Әрі кетсе жарты сағат айтыстырып, жеңімпазды балл беріп анықтай саламыз. Ол кезде ақынның шабыты ашылмауы мүмкін, қарым-қабілетін көрсете алмауы мүмкін. Ақынның шабыты шарықтайтын тұстары болады. Сүйінбай мен Қатағанның айтысында Сүйінбай басында Қатағанның қарқынынан қорқып көсіле алмай отырады ғой. Сол секілді бір сәтте ақынның бойындағы жігері маздайтын уақыт болады. Уақыт тығыздығынан көсіліп шабатын тұлпарлар белгілі бір шеңберде қалып қойғаннан кейін көрінбей де жататын тұстары бар. Одан кейінгі дәстүр өз басымда да болды. 2013 жылы Ринат Зайытовпен айтысқанымда қазылар екеумізге тең балл берді. Оны мен кейіннен сұхбаттарымда да айттым. Ринаттан ол кезде жеңілдім. Одан кейін көп көрермен біле бермейтін тұстар да болады. Алған балың жоғары боп тұрады. Бірақ қарсыласыңның балы төмен болған кезде қазыларға да барып айтқан кездерім болған. Ертеректе Сырдария ауданында Еркебұлан Қайназаровпен айтысып, финалға мен шығатын болдым. Содан Еркебұланға барып, «Ереке, негізі сенің шығатын ретің еді. Мен сенің шыққаныңды қалаймын. Қазылар осылай шешім шығарыпты. Қазыларғада барып сенің шығатыңды айтайын» дедім. Еркебұлан «Жоқ, мен финалға шықпаймын» деп өзі бас тартты. Міне, осындай сәттер көптеп кездеседі. Семейдегі айтыста да мен солай қарсыласыма жолымды бердім. Өйткені өзіңнің өнерің басым болып тұрмаса, қарсыласыңның бағы жанып тұрған кезде оның жолы орта жолда тұсалып қалғаны өзіңе де ыңғайсыз.

– Жүрсіннің үздік үштігіне енген ақын «Алтын домбыраны» неге ала алмай жүр?

– Үздік үштік, үздік бестік, үздік ондық деген уақытша дүниелер сияқты. Әр ақынның өз көрермені бар. Ол көрерменнің үздік үштігі басқа ақын болуы мүмкін. Тіпті нөмір бірінші ақын деп жүргені ол көрерменнің үздік ондығына кірмей қалуы мүмкін. Сондықтан бұл сырттай бағалау деп білемін. Жүрсін ағамыздың бала күнімізден ерекше ықылас танытып, осылай сұхбаттарында айтып жүргеніне қуанамыз. Ең бастысы, Жүрсін ағамыздың амандығын тілейміз. Ортамызды толтырып, айтыстың төрінде отыруын тілейміз. Ал енді «Алтын домбыра» деген мен ала алмадым деп өкінетін дүние емес. Алла бұйыртса алдағы уақытта ала жатармыз. Бекарыс Шойбеков ағамыздың өзі былтыр алған кезде бәріміз тілекші болып қуандық. Біздің алдымыздағы ағалар алса деген ниетім бар. Айбек Қалиев, одан кейін Ринат Зайытов бар. Сол секілді басқа да ақын ағаларымның алғанын қалаймын. Бізге де кезек келе жатар. Кезек келмесе тіптен өкінетін ештеңе жоқ. Ақындықты тек «Алтын домбырамен» бағалауға болмайды. Бірақ шүкір, ең бірінші «Алтын домбыра» айтысында Мұхтар Ниязов ағамыз бас жүлдесін, мен бірінші орын алдым. Содан бері қаншама «Алтын домбыра» айтысына қатыстық. Жүлделі орындардың барлығын алдық. Кейде бақ келсе, бап келмей, бап келсе, бақ келмей жатқандықтан болар. Бірақ болашақтан үміт көп.

– Оқырманға тілегіңіз… 

– Шығармашылық ұжымға үлкен табыс тілей­мін. Осындай өнегелі сұхбат жасап, өнерді дәріптеп жатқан журналистерге алғыс айтамын. Газет, кітап оқитын қазақтың саны көп болсын.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұқхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: