Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Қарияларымыз даналықтың алтын кілті секілді

05.10.2021

2338 0

«Үйіңде қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» дейді халық даналығы. 1 – қазан халықаралық қарттар күніне орай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевпен сұхбаттасып, қазыналы қарттарымыздың тыныс-тіршілігі турасында әңгіме өрбіткен едік. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Аға, мерекелеріңіз құтты болсын. Қазір облыс бойынша қанша ардагер бар? Ардагерлер ұйымының негізгі міндет-мақсаттары қандай? Әңгіме әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Облыс бойынша зейнетке шыққан 75 мыңға жуық ардагердің 62 мыңнан астамы бастауыш ұйымдарға тартылған.

Әрине, ардагерлер қауымының басты міндеті – үлкендік жолмен елді бірлікке шақыру, кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге көрсету, елдің тыныштығын сақтауға шақыру, мемлекеттің саясатын елге насихаттау, олардың жүзеге асуына ықпал жасау. Облыс аумағындағы ардагерлер ұйымдарына жүктелген жұмыстар мен міндеттемелерді жоғарғы деңгейде атқарып жүрген Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш, Қазалы аудандарының ардагерлер ұйымдарын атап өтуді жөн деп санаймын. Бүгінгі күні назардан тыс қалған айрықша қамқорлықты қажет ететін ардагерлерді (кезінде жұмыс орындары жабылып жұмыссыз қалған жандар, әртүрлі топтағы мүгедектер, елеусіз қалған еңбек ардагерлері) есепке алу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмей отырғанын айтуымыз қажет. Зейнеткерлерді бастауыш ұйымдарға тартып, тіркеп, ардагерлерді топтастыру, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жүйелік құрылымдарын жетілдіру мен олардың белсенділігін арттыру ардагерлер ұйымының назарында.

– Ардагер деп кімдерді атауға болады? Қария сөзінің құндылығы неде?

– Сөзіңнің жаны бар, айналайын. Ардагер дегеніміз – кезінде ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен өз саласының аға буын өкілі. Ал қария сөзінің құндылығы тым тереңде жатыр. Халқымызда «қазыналы қария» деген сөз бекер айтылмаған. Ол елдің өткені мен бүгінінен шежіре айтатын көргені мен түйгені көп ұлағатты ғұмыр иесі.

– Сіздер екі дәуірдің өкілісіздер. Бұрынғы мен бүгінгі замандағы қарияларда айырмашылық бар ма?

– Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Дегенмен өткен дәуірдің қарттары ел ішінде түрлі деңгейдегі орын алған мәселелерді шешуде белсенді болған. Әсіресе, жетім мен жесір тағдыры, мал ұрлығы, ағайын араздығы секілді дау-дамайлардың барлығында аузы дуалы, сөзі уәлі қарттарымыз жүрген. Қандай жағдай орын алса да қара қылды қақ жарып, әділ бағасын берген. Олар сол өн бойындағы тектілігін жоймаған жандар. Бүгінгі қарияларымызды да жаман деуге болмайды. «Заманына қарай адамы» дегендей, бүгінгі күні де қазақы қалпын сақтаған, әдептілікті жақтаған үлкендеріміз көп. Біз соған бек қуаныштымыз.

– Қазіргі қоғамда «Қарттар үйі» неге көп? Оның себебі неден деп ойлайсыз?

– Жасыратыны жоқ, бұл қазір қоғам дертіне айналып отырған үлкен мәселе. Бұрындары біз мұндай нәрсені естіген де, көрген де емеспіз. Оның түрлі себебі бар деп сылтауратуға болмайды. Бұл – азғындық. Ауыз айтқанға ақыл сенбейтін заман болып тұр. Болмаса өзін бағыпқағып өсірген ата-анасын қандай адам көзін мөлдіретіп өзге ортаға тастайды? Ойласам жүрегім ауырады. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп бекер айтпаған. Осындай ойсыз жастардың тірлігіне тұсау салатын кез келген сыңайлы. Бұл ел, қоғам болып шешетін күрмеулі мәселе.

– Тәуелсіздіктің ең басты теңдессіз сыйы деп нені атар едіңіз?

– Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсап өткен арман тілегі. Азаттық жолында қанша жас қыршын кетті. Бұл атаның қаны, ананың сүтімен келген ұлы құндылық дер едім. Тәуелсіздіктің ең басты сыйы тіл еркіндігі, ел бостандығы.

– Туған топырақ несімен қымбат?

– Қазақта «Кіндік қаны тамған жер» деген сүбелі сөз бар. Бұл байыбына барсаң тағылымы терең тақырып. Туған топырақ ең алдымен ата-бабаңның сүйегі жатқан қастерлі мекен. Өзіңнің өніп-өскен өлкең. Одан адамзат баласы алыстай алмайды. «Қасиетті болмаса топырағы, жайқатылып өспейді жапырағы» деген өлең жолдарында көп мән жатыр. Мен осыны айтар едім.

– «Ел ертеңін білгің келсе, сол елдің жастарына қара» деген тәмсіл бар. Ел болашағы жастардың қолында. Ал жастардың болашағы жарқын болуы үшін не істеу керек?

– Алдымен білім керек, сосын дұрыс тәрбие берілуі қажет. Сонда ғана жастардың болашағы жарқын болады деп сенемін. Бүгінгі заман қазақтың алтын дәуірі. Шабамын дегенге ат берген, жанамын деген жүрекке от берген кемелденген кезеңіміз. Мағжан сенген жастардың болашағынан көп үміт күтемін. Қазір жастарға жасалып жатқан жеңілдіктер көп. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі.

– Мерекелік лебізіңіз…

– Даналықтың алтын кілті саналған қарияларымызды мерекелерімен құттықтаймын. Өмір өзенде ғибратты ғұмыр иелеріне денінің саулығын тілеймін. Алла оларды әрдайым бақ берекесімен жарылқағай. Ұлағатты ұрпақ өрбіткен өнегелі өмір иесі өздеріңізсіздер. Сіздердің ел игілігі жолында жасаған жұмыстарыңыз әрдайым ел есінде. Сіздерге қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Аман болыңыздар, ардақты ардагерлер!

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: