Жексенбі, 24 қараша, 14:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«Сын жеке адамның емес, қоғамдық ойдың өзегі болуы тиіс»

29.06.2021

4444 0

Тілшілік тірліктің қыр-сырына қаныққан аға буынның қашан да айтары бар. Алдыңғы толқынның қол жеткізген өмірлік тәжірибесі мен кәсіби кеңесі саланың салмағын еселеп ғана қоймай, жас тілші үшін де таптырмас ой-көмбеге айналары анық. Төл мерекеге орай «ҚР Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» атағының иегері, ардагер-журналист, облыстық «Сыр бойы» газетінің бұрынғы редакторы Жұматәлі Әбдіраманмен тілдесудің сәті түсті.

– Аға, мереке құтты болсын! Сізді Сыр елі аймақ журналистикасына із қалдырған белгілі жазушы-журналист ретінде таниды. Оған қоса ата басылым – «Сыр бойы» газетінің тізгінін ұстаған редакторлық кезең де жұртшылыққа жақсы таныс, әрине. Қазір құрметті еңбек демалысына шығып, уақыттан кеңшілік болған сәт екен. Сондықтан алғашқы сауалды шығармашылық төңірегінде қойғым келіп отыр. Бүгінде қай тақырыпқа қалам тербеп жүрсіз?

– Ой адамы ешқашан жазудан жырақ­тамайды. Көңілді қозғайтын сан сауал, санаға салмақ салатын түрлі ойлар түбі қолыңа қалам алғызады емес пе. Қазір тарихи тақырып пен тұлғалардың өмірдерегіне құрылған шығармаларға қалам тербеп жүрмін десем болады. Мысалы, 2019 жылы туған жерім – Бөген ауылындағы мектептің 100 жылдығына байланысты «Бөген мектебі ғасыр биігінде» атты тарихи-танымдық кітап шығардым. Келер жылы оны толықтырып, мерейтойдың қорытындысымен «Ғасыр ғиб­раты» атты кітабым жарық көрді. Оған қоса биыл пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балықшыларына арнаған тарихи үндеу хатына 100 жыл толды. Осыған орай Еділ бойындағы аштықтан зардап шеккен халыққа 14 вагон балық жөнелткен аталарымыз туралы «Бөген» деген тарихи-танымдық кітабым оқырманға жол тартты. Кітапта осы оқиғаға қатысушылармен қатар, осы топырақтан шық­қан батырлар мен билер, әулие-әмбиелер туралы және Отан  соғысына қатысқан ардагерлер мен белгілі ауыл азаматтары туралы мақалалар жинақталған. Аталған кітаптарды дайындау барысында мұрағаттағы деректерді жинақтап, сараптап, құнды ақпарды кітаптан қалыс қалдырмауға тырыстым. Сонымен бірге белгілі азаматтардың өмір жолын зерттеп, бірнеше кітап құрастырдым. Міне, осындай бағытта жұмыс істеп, ізденіп жатырмын. Алда өзге де жоспар жетерлік.

«Сын жеке адамның емес, қоғамдық ойдың өзегі болуы тиіс»

– Сыр журналистикасының кеше-бүгінін көзбен көріп,  ой елегінен өткізген маман есебінде саланың ахауалына берер бағаңыз қандай? Бүгінгі журна­лис­тиканың ұтымды тұсы қайсы, олқылығы неде?

– Тілшілердің жазған-сызған дүниесін көзден таса қалдырмай, үнемі оқып отырамын. Қазір жақсы ғой, газет қашан келеді деп күтіп отырмайсың. Бәрін сайт пен порталдардан көріп, кез келген сәтте оқуға мүмкіндік бар. Сондағы байқағаным, аймақ баспасөзі жыл өткен сайын заман талабына сай  түрленіп, өркендеп келеді. Жылдамдық, дәлдік, жан-жақтылық артқан. Ол дұрыс та. Өйткені, баспасөз – уақыттың тамыршысы. Уақытынан кешіккен ақпарат, мезгілінде көтерілмеген мәселе кемшін болуы мүмкін. Сондықтан ұтымды тұс деп осы артықшылықтарды атар едім.

Ал кемшілікке келер болсақ, қазір баспа­сөзде бұрынғыдай сын жоқ деп жиі айтылады. Бірақ оның кедергі жолы басқаша. Біздің сын туралы ой-санамыз әлі де өзгеруі қажет. Сын бұрынғыдай жеке адамдардың емес, қоғамдық ойдың өзегі болуы тиіс. Кәсіби тілші сынды проблемалық мақала арқылы, өзекті мәселені көтеру арқылы жеткізуге талпынса ғана табысты болмақ. Әрине, басқа да жолдары, тәсілдері бар. Бірақ осы ұстаным сақталған жағдайда ғана қоғамдық ой мен журналистің көзқарасы ұштасар еді.

Сондай-ақ қазіргі газеттерден «ойтүрткі», «ойтамызық» деген секілді шағын да, тастай ой салатын, қоғамның көкейіндегі мәселені қозғайтын айдарлар жоғалып кеткен сияқты. Бірде басылымға сенатор Мұрат Бақтиярұлы­ның «Жыртық шалбар» деген ойтүрткі мақа­ласын жарияладық. Өмірде күнде көріп жүрген жастардың әрекетін қоғам деңгейі­не көтерген тың тақырып болды. Еркін жазы­лып, кең тарқатылған. Оқырман да жылы қа­былдады. Ал оны мақала етіп жазсаң, ондай ұтымды шықпас еді. Сондықтан қасаң мақала­мен шектелмей, еркін ізденіске де орын беру керек.

Тағы бір басымдық берер бағыт – оқырман қатарын көбейту. Бүгінгі журналистика әлем­дік бағыттарға ден қойып, дамуы қажет. Байқасақ, шетелдің байырғы газеттерінің мил­лиондаған тиражы бар. Газеттен бөлек, сайтқа жазылған оқырман қаншама. Себебі олар оқырман сұранысына сәйкес қызмет етіп отыр. Бізге де болашақтағы ақпарат көшінен қалыс қалмау басты бағыт болары анық. Сондықтан оқырман сұранысы мен талабын ескеруді естен шығармаған абзал.

Осы тұста сын мәселесіне қатысты кейбір тілшіде кездесетін олқылықты да атап өткен жөн секілді. Мәселен, бүгінде тәуелсіз жур­налиспін деп біреулердің сойылын соғып жүрген әріптестеріміз де кездесіп қалады. Мұндай қадам кісінің де, кәсіптің де қадірін кетірмесе, арттырмайтыны анық. Сондықтан қаламыңа адалдық таныту басты мақсат болуы керек. Сонда  ғана мамандығың да, адамдығың да биікте болады.

– Бірнеше жыл облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы қызметін атқардыңыз. Өзіңіз басшылық жасаған кезең баспасөз үшін немен ерекшеленді? Осы аралықта  оқырман көңілінен шыққан жаңа айдар, тың тақырып болды ма?

– Негізінен аймақтың дамып, өркендеуі облыс басшыларының қызметіне де байла­нысты. Қырымбек Көшербаевтың өңірге басшылық жасаған кезеңі осындай серпінмен ерекшеленеді. Аймақтағы индустрияландыру жобалары, газдандыру, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», құрылыс секілді салаларда айтарлықтай ілгерілеушілік болды. Біз осы бастамаларды халыққа жеткізуде, насихаттауда көп жұмыс атқардық деп ойлаймын. Газет бетінде «Бозой-Қызылорда-Шымкент» газ құбыры, «Жезқазған-Сексеуіл» темір жолы, аудан орталықтарын «көгілдір отынмен»   қам­тамасыз ету туралы мақалалар тұрақты жарияланды. Кезінде «Күре жолдарға керуен сарайлар керек», «Сырдың газы Сарыарқаға жете ме?» деген секілді тақырыптар көптеген игі бастамаларға түрткі болды. Мысалы, басылым өңірде алғаш болып Сарыарқаны газдандыру туралы жиын өткенін, оның Қызылордадан бастау алатыны жөнінде, мақала жариялаған еді. Сонда газет шыққан күні түстен кейін әкімдікте осы мәселеге байланысты тиісті сала мамандарымен жиын өтіп, аталған жобаның жай-жапсары талқыланған-тұғын. Осындай сәтте халықтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне байланысты жоспарланған жобалар­ды іліп алып, халыққа жеткізу арқылы газеттің беделі артатыны айқындала түсетіндей. Жалпы аймақ әлеуеті жоғары, қуатты болса, газеттің де мазмұны бай, оқырманға жақын болатынын өмір дәлелдеп отыр.

Тағы айта кетерлігі, Қызылорда қала­сының сол жағалауын насихаттап, тренд-тақырыпқа айналдырған да «Сыр бойы» газеті болатын. Мен оны мақтанышпен айта аламын. Бүгінде шһардың көркі ғана емес, аймақтың әлеуметтік дамуына жаңа серпін берген бастама бүгінде көптеген тұрғынның қуанышына айналды. Қаншама отбасы баспаналы болып, зәулім нысандар бой көтерді. Сондықтан ел өмірінде елеулі орынға ие болған басылымның абырой биігінен аласармауының ең басты құпиясы үнемі халықтың көкейіндегі мәселені дөп басуы дер едім.

– Басылымда қызмет еткен жылдары көптеген тілшімен қатар, танымал ақын-жазушылармен де қызметтес болдыңыз. Осы орайда замандас қаламгер аға-іні тура­лы естелікпен бөліссеңіз.

– Менің замандастарым аймақ баспасөзінің үлкен шоғыры десем болады. 80 жылдардан бастап ҚазМУ-дың журналистика мамандығын бітіріп, оншақты жас туған жерге келдік. Олардың қатарында Серік Пірназаров, Бейбітбек Бүркітбаев, Жолтай Әлмешов, Жолдасбек Ақсақалов, Алтай Үсенов секілді қарымды қаламгерлер бар.

Мен әдетте сол кездегі ағаларымыздың қам­қорлығын жиі айтамын.  Студент кезімізде жоғарыда аталған жігіттердің бәрі бұрынғы «Ленин жолында» тәжірибеден өттік. Бір жылы газет редакторы Қалқабай Әбенов ағамыз бәрімізді жинап алып: «Болашақта осы газетті сендер шығарасыңдар, біздің ісімізді жалғастыратын сендер боласыңдар» деп, шыққан-шықпаған мақалаларымызды жи­нақтатып, 200 сомнан қаламақы берген болатын. Бұл ақша сол кездегі бір сиырдың құнымен пара-пар еді. Оның үстіне студентке қаржыдан артық қиындық болсын ба, бір жырғап қалдық. Кейін «Қалқабай Әбеновтің қаламақысы» деп мақтанып жүрдік. Сол кезде редактордың жомарт та қамқор көңіліне бүкіл журналистика факультеті тамсанғаны бар.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге  айтар лебізіңіз болса…

– Әріптестерімді төл мерекесімен құт­тықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына береке тілеймін. Әрқашан адал еңбек, ардың жолынан айнымай, әділдік пен теңдік­тің жаршысына айналуға жазсын. Сыр жур­налистикасының қадамы қарыштап дамып, өркендей берсін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: