Жұма, 04 қазан, 07:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78-2088
01.10.2024
PDF мұрағаты

Қала жылу маусымына дайын

10.09.2022

2121 0

Жылдың сегіз айын артта қалдырдық. Қазір қыркүйектің шуақты, жанға жайлы болғанымен көп ұзамай күн салқындайды. Бас-аяғы бір айдан асар-аспас уақытта жылу беру маусымы басталады. Осы орайда облыс орталығының сәулеті мен құрылысы, ауыз суы, жылуы мен электр жарығына жауапты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғалымжан Әлекбарұлы Қайназаровпен сұхбаттасқан едік.

– Ғалымжан Әлекбарұлы, алғашқы сұрақты алдағы жылу маусымына дайын­дықтан бастасақ…

– Қалада жылу беру маусымына дайын­дық жұмысы жаз мезгілінен басталды. Бұл ретте арнайы үйлестіруші қалалық штаб құрылды. Жалпы қала бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 711 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал  104 үй автономдық блокты модульдік қазандықтар арқылы (қатты, сұйық және газ отынымен) жылытылады. Соған сәйкес «Қызылорда жылу электр орталығы» мемлекеттік коммуналды кәсіпорны жылу беру маусымына дайындық  жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес жүргізуде. Яғни жылу қазандықтары ағымдағы және күр­делі жөндеуден өтуде. Атап айтсақ, №6, 9 қазандықтарға ағымдағы жөндеу, №3 турбогенераторына күрделі жөндеу, №1, 3, 4, 5, 6 күштік трансформаторына,   Оңтүстік қазандығындағы №4 КЕ-25-14С типті бу қазандығына күрделі жөндеу, №1, 2, 3, 5, 6, 7 мен №1-17 АБМК қазандықтарына және ДЕ-16 маркалы №1-4 бу қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Бүгінгі күнге станция бойынша барлық жоспарланған жөндеу жұмыстары 91 процентке орындалды.

– Тозығы жеткен жылу құбырла­рының жайы қалай?

– Жалпы қаладағы жылу желілерінің ұзындығы 190,02 шақырымды құрайды. Оның ішінде магистральдық жылу желілері 35,744 шақырым болса, кварталаралық  жылу желілері 154,276 шақырым болады. Одан бөлек 3 сорғы станциясы жұмыс істейді. Бүгінгі күні жылу желілерінің тозуы 48,7 процентке жетіп отыр.

– Биыл тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз етудегі қажеттілік 37 мың тонна деген едіңіздер. Баға шегі де белгі­ленген еді. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Иә, қатты отынның мөлшері биыл 37 мың тонна болып белгіленді. Бұған дейін тұрғындарды тиісті көмір қорымен қам­тамасыз ету үшін көмір тасымалдаушы «KHAS COM» және «Қарымсақов» жеке кәсіпкерлерімен меморандум жасалған еді. Дегенмен жылу беру маусымы кезеңінде қала аумағындағы көмір тасымалдаушы жеке кәсіпкерлер тарапынан барлығы 66 мың тонна көмір әкелу жоспарлануда. Қазіргі таңда «KHAS COM» жеке кәсіпкерлігіндегі 188 вагон, яғни 13800 тонна «Шұбаркөл» көмірі 14 400 теңгеден сатылуда. Ал «Қарымсақов» жеке кәсіпкерлігінде әзірге қатты отын қоры жоқ. Сондай-ақ қалаға қарасты кент және ауылдық окргутегі тиісті мекемеге жылу беру маусымы кезеңінде дүрбелең туындамас үшін қатты отын қорымен осы кезден қамтамасыз етуі керектігі жөнінде тиісті хаттар жолданды. Көмір отынының тапшылығын болдырмау мақсатында арнайы кесте әзірленіп, бөлім тарапынан тұрақты түрде қадағалануда.

– Жаз  бойы судың қысымы төмендеп, түрлі ақаулар орын алып жатады? Бұл өз кезегінде тұрғындар наразылығын тудыруда. Осыған байланысты не айтасыз?

– Орынды сұрақ. Бұл жыл сайын болатын жағдай. Себебі көктем, жаз мезгілдерінде тұрғындар ауыз суды көп мөлшерде пайда­ланады. Оның ішінде бау-бақшаны суаруға көп мөлшерде су жұмсайды. Соның сал­дарынан су қысымы төмендейді. Осыған байланысты «Қызылорда су жүйесі» МКК мамандары есепсіз суаруға пайдаланып жатқан ауыз су құбырларын анықтау мақсатында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Негізі Ұлттық экономика министрінің 28.02.2015 жылғы №163 бұйрығымен бекітілген «Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидалары» ережесінің 1 – параграф 17 – тармағында ауыз суды жасыл желектерді суаруға пайдаланатын уақытты қызмет көрсетуші белгілейді деп көрсетілген. Соған сәйкес, «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны жеке сектор тұтынушыларына ауыз суды тиімді пайдаланып, жасыл желектерді суаруға арнайы су өлшеуіш құралдары арқылы түнгі 23:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін рұқсат берген. Аталған талап орындалмаған жағдайда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың 141 бабына сәйкес әкім­шілік іс қозғалып, айыппұл салады. Тұр­ғындар осыны ескерсе дейміз.

– Қоғамдық көліктер жайына тоқ­талсақ. Жаңа автобустар қашан келеді?

– Қызылорда автобус паркін жаңалау мақсатында биыл 150 дана үлкен сыйым­дылықтағы автобус алу жоспарланған. Бү­гінгі күні «Өндірісті дамыту қоры» АҚ-мен келісім шарт жасау жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес қыркүйек-қазан айларында 150 автобус толық келеді деп күтілуде. Жаңа үлгідегі автобус келгеннен кейін электрондық билеттеу жүйесін енгізіп, халыққа қолайлы жағдай жасалатын болады.

– Жолақысы 150 теңгеге дейін қым­баттайды деген сөз рас па?

– Қазіргі қолданыстағы тариф 2020 жылы қалалық маслихат шешімімен бекітілген, ересектерге 90 теңге, (электрондық билеттеу жүйесін қолданған жағдайда – 85 теңге), оқушыларға 40 теңге. Әзірге бұл тарифті көтеру жоспарда жоқ.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: