Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 13:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Адалдық

23.11.2021

972 0

Шілде айының шуақты күндерінің бірі еді. Жайлау етегіндегі шұрат–шұраттан шапқан шөбін баулап, жинап болып, көңілі көншіген бұрынғы  мектеп мұғалімі, қазіргі зейнеткер Атабек мотоцикліне екі баланы мінгестіріп, қайдасың ауыл деп зырлап келе жатқан. Кенет көзі жол шетіндегі әлденеге түсті. Күміс түймедей күнге шағылысып, жылт-жылт етеді. Мотоциклді тоқтатып, әлгі затты алды. Әмиян екен. Жемге тойған құстың бөтегесіндей бұлтиып, қомақты көрінеді. Әрі құмартып, әрі қызыға қарап қалған екі баланың көзінше санады.

– Екі мың төрт жүз теңге екен. Атабек екі балаға қарап күліп қойды да мотоциклді от алдырды.

Кенет ұстазға бір ой келді.Осы тауып алған ақшаны желеу етіп, екі баланы сынап көрсе қайтеді?  Екеуі де жасты, бірақ адал­дығы қандай екен?

– Балалар, – деді үнсіз отырған Атабек ойлы пішінмен, – сонымен біз ақша тауып алдық. Енді сол ақшаны не істеуіміз керек? Қане, өз ой­ларыңды айтыңдаршы.

Әрқашан саспай, салмақпен сөйлейтін Сатай ұстаздың өзіне қайыра сұрақ қойды.

 – Өзіңіз қандай шешімге келдіңіз? Әуелі сіз айтыңыз.

– Жоқ, сендер айтыңдар.

– Онда мен айтайын, – деді мотоциклдің қобдишасында шыдамсыздана отырған Қойшыбек,– тең бөліп алалық.

Сатай дауласа кетті.

– Тапқан екенсің тең бөлгенді.

– Енді не істейміз?

– Оны Атабек ағай біледі.

–Тауып алдық, ұрлағанымыз жоқ. Енді бөліп алмағанда қайтеміз?..

– Бұл – біреудің табан ақы, маңдай терімен тапқан ақшасы. Иесіне қайтаруымыз керек.

– Айталық, осы ақша басқа емес, өзіңнің жақын туысқаның не болмаса досыңдікі болса қайтер едің?

Бала не дерін білмей күмілжіп қалды.

– Оны қойшы,– деді күлмең қағып,– мына ақша бізге бұйырған. Бөліп алу керек.

Осыны айтып, ол ұстазға қараған. Ол үндемеді. Өйткені ол ренжулі еді. «Дүние үшін туған бәтшағар екенсің- ау» деп түйді ішінен.

Бұлар ауылға таяп қалғанда алдарынан бір салт атты көрінді. Жақындай келе үшеуі де тани кетті. Қойшыбектің апасы Күлзипа екен. Бұлар жамырай амандасты. Әйел сәлемді селсоқ, салқын қабылдады. Қабағы қатыңқы, көңілсіздеу екен.

– Иә, деніңіз сау ма? – деді Атабек қайталай амандасып, – қоржыныңызды толтырып қайтқан боларсыз.

– Қоржыны құрысын,– деді әйел жасық үнмен,– әмиянымды жоғалтып алдым.

– Қашан?

– Бүгін. Бағана осы жолмен келе жаттым. Өзеннен өткенде бар еді. Содан дүкеннен зат алып, енді ақшасын төлейін десем жоқ.

 – Табылып қалар,– деді Атабек, – бұйырған дүние жоғалмас.

Қойшыбектің екі беті ду ете түсті…

Әйел қош айтысып, жүріп кетті. Атабек ештеңе болмағандай мотоциклді оталдыра бастағанда Қойшыбектің көзі бағжаң ете түсті. «Шынымен-ақ кеткені ме, міне, кетіп те барады». Сәл жүрген соң шыдамы таусылған Қойшыбек:

– Ағай, мен түсіп қалайыншы,– деді.

– Неге?

– Тәтеме барам.

– Мм, қалай екен адалдық пен арамдық? – деді ұстаз көлігін кері бұрып жатып,– Ақшаны бөліп алайық па?

– Қойшыбектікі дұрыс, бөліп алайық,– деді Сатай кекетіп.

– Кешіріңіздер,– деген сөзді ол зорға айтты.

Ұстаз бен серіктес досының алдында ұяттан жерге кіріп кете жаздады.

– Адалдық керек, балалар, – деді ұстаз әйелдің алдын орай тоқтаған мотоциклден   табылған әмиянды иесіне бергелі түсіп жатып, – қашанда адал болыңдар.

– Адалдық,– деп Қойшыбек осы сөзді іштей өзінше бір қайталады. Сөйтті де үнсіз қалды…

Дәнеш  АХМЕТҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: