Жұма, 19 сәуiр, 20:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Адалдықты қағида еткен Ермановтар

13.08.2022

848 0

Бұл отбасы – еңбекпен өсіп, өнген әулет. Әулеттің тірегі болған Ерманов Айтан ақсақал Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылында ұзақ жыл мал шаруашылығымен айналысқан. Төрт түлік мал басын көбейтуде бордақылау ісін жүргізген. Ал отанасы Дәмет әжей сауыншы болған кісі. Еңбекпен есейіп, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, 8 баланы тәрбиелеп,  өсірген жұбайлар өмір жолында тек адалдықты ұстаным етті. Құдай берген 4 ұлы мен 4 қызын оқытып, тоқытты. Әрқайсысын құтты орнына қондырып, бүгінде олардан 36 немере, 52 шөбере, 1 шөпшек тараған.

Ер азамат отбасын құрғанда ақылды сұ­лу­­ды жар етіп, ізінде өнегелі ұрпақ қал­дыруды қалайды. Айтан ақсақалдың бұл жағынан жолы болды десек артық болмас. Сүйген жарымен бірге қолұстасқан жұ­байлық өмірдің талай сынынан сүрінбей өтті. Бір-біріне сүйеу болды. Бүгінде ақ­сақал өмір­ден озса да, оның орнын жоқтатпай отанасы Дәмет әжей әулет­тің ақылшысы болып отыр.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы әуелден осын­дай өнегелі отбасыны көп­шілікке үлгі ету, жастарға на­сихаттау арқылы от­басы ұғымының маңы­зын, құндылығын ұғын­дыруды мақсат еткен жоба. Байқауға қатысуға Тасбөгет кенті әкімді­гінен ұсыныс түсіпті. Әулеттің үлкен ұлы Алтынбек Ерманов пен келіні Базаркүл Ниятова бұған ке­ліскен. Әке жо­лын жалғап, мал шаруашы­лығы саласында еңбек етіп жүр­ген отбасы ра­сымен де көп­ке үлгі болар­лықтай.

– Жолдасым екеуміз мамандық бойынша біршама уақыт жұмыс іс­тедік. Бірақ ата-анамыздың айтуымен әкеміздің жолын жалғап осы мал шаруашылығы саласын қолға алдық. Фазендамыз бар. Одан бөлек жеке кәсібіміз бар. Аянбай еңбек еткен жанға қай кәсіп болсын жемісін береді. Аллаға шүкір, күндіз-түні еткен еңбек­тің нанын жеп отырған жайымыз бар. «Несібең өзіңнен артылса, айналаңа көмектес» деп дінімізде айтылған ғой. Өмір болған соң небір жағдай болады. Ол сынаққа төзе білу де екі­нің бірінің қолынан келе бермейді. Әсіресе баласы ауыратын аналарға өте қиын. Сол үшін қолымнан келгенше мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек беруге тырысамын. Қайырымдылық шарасынан тыс қалмауға тырысамын. Байқаудың бір талабы да осы екен ғой. Кент әкімдігінен ұсыныс түсті. Өзгеге үлгі болардықтай ісіміз болса неге бақ сынап көрмеске деп ойладым. Солай қажетті құжаттарды жинақтап, тиісті орынға өткіздік, – дейді Базаркүл апай бізбен әңгімесінде. 

Аталған байқауға қала бойынша 14 отбасы өтінім бергені белгілі. Сол отбасылар ішінен үздік деген 5-еуі озып шығады. Ал байқаудың қалалық кезеңінің ақтық сынында Ермановтар отбасы жүлделі І орын­ды иеленді. Мара­паттау кешін­де сахна төрінде Дәмет әжей бастаған әулет бой көрсетті. Осы бір сәтте бас жүлдеге лайықты таңдалған отбасы екен деген көзқарастың болғаны рас. Жұрт қызыға қараған әулеттің бұл бір бөлігі ғана болатын.

Тасбөгеттік Ермановтар отбасының отағасы Алтынбек аға мен Базаркүл апайда 8 баланы дүниеге әкелген. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Өздері де немере сүйген ата-әже.

– Отбасы құндылығы – шаңырақ көтерген екі жастың сыйластығы, бала­ларының өнегелі тәрбиесі, адам­гер­шілік қасиеті деп білемін. Ата-енеміз еңбекпен өнген жандар бол­ғасын, балаларын да соған баулыды. Адал қызмет ету, өзгеге қиянат қылмау – ең басты қағидамыз.  Отбасында ене мен келін, күйеу мен әйел қарым-қатынасы дұрыс болғаны жөн. Балалар сенің сөзіңнен гөрі ісіңнен үлгі алады. Сондықтан ісіңмен үлгі болу керек. Сондай-ақ еңбекқор болған дұрыс. Әр адамның өзінің сүйікті ісі болса, көңілін соған бөлсе, артық ауыз әңгіме, өсек-аяңға уақыты болмайды. Мақсаты бар адам  соған жетуді ойлайды. Ал отбасында тек сыйластық, махаббат, ауызбірлік бірінші орында болуы қажет, – дейді Базаркүл Ниятова.

Бүгінде бұл отбасының балалары өз алдына жеке мамандық игеріп, таңдаған саласында еңбек етуде. Әрқай­сысы өмірден өз орнын тауып, ата-ана, әулет атына кір кілтірмей қызмет қылуда. Ата-ана үшін осының өзі бақыт емес пе?.

«Мерейлі отбасы – 2022» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде жеңімпаз болған Ермановтар отбасы облыс­тық кезеңге жолдама алған. Бұл кезеңде олар тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Бас жүлдені шиелілік Байжановтар отбасы алса, жүлделі І орынды тасбөгеттік Ермановтар отбасы иеленді.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: